• Басты
  • Бір адамның ақпараты бүкіл елді адастыруы мүмкін – Аида Балаева
11 Қараша, 2020 12:04

Бір адамның ақпараты бүкіл елді адастыруы мүмкін – Аида Балаева

Нұр-Сұлтан қаласында Astana Media Week 2020 медиаапталығы басталды, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

Бір адамның ақпараты бүкіл елді адастыруы мүмкін – Аида Балаева

Ауқымды шараның басты мақсаты – отандық медиасаланы дамыту мен индустриядағы іскерлік қарым-қатынасты аймақтық және халықаралық деңгейде ілгерілету. Медиаапталық биыл төртінші рет өткізіліп отыр. Пандеияға байланысты шара онлайн форматта өтіп жатыр. Әлемнің түпкір-түпкірінен жетекші сарапшылар байланысқа шығып, өзекті тақырыптар талқылап, пайдалы кеңестер айтылады.

Апталықтың кіріспе сөзін ҚР ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева айтты. Министр өз сөзінде қазіргі ақпараттық кезеңде желіде тараған ақпараттың адамдарды адастыратынын айтты.

Қазір адамның жалғыз өзі ақпарат көзі бола алады. Өкінішке орай, кейде осындай адам шынайы ақпарат бермей, бүкіл елді адастыруы мүмкін. Сол үшін кәсіби журналистиканың дамуына мүдделіміз. Осынау міндет жаңа тегеуріндерге қарай күрделеніп бара жатқанын да атап өту керек. Мен ең алдымен журналистер шынайы әрі шұғыл ақпараттың қаншалықты маңызды екенін түсінсе деймін. Жалпы пандемия ақпарат саласына өз әсерін тигізді. Яғни, жарнама берушілер азайып, шығарылымдардың данасы түсіп кетті. Осындай жағдайда көптеген бұқаралық ақпарат құралдары жабылуға мәжбүр болды, - деді министр.
Министр қазіргі таңдағы БАҚ арасында бәсекелестік күннен күнге артып келе жатқанын айта кетті.

Пандемия кезінде жарнама берушілер азайып, шығарылымдардың данасы түсіп кетті. Осындай жағдайда көптеген бұқаралық ақпарат құралдары жабылуға мәжбүр болды. БАҚ-тар арасында оқырман мен көрермен назарын аудару үшін бәсеке жүріп жатыр. Сондықтан әрбір арна сапалы әрі қызықты контент жасауды ойлайды. Әлеуметтік желілер арқылы жұмысын көрсетуге тырысады. Бұл ретте біздің БАҚ жоғары біліктілігі мен бәсекеге қабілеттілігін көрсетіп келеді. Олар өздерінің аудиториясы әр уақытта қызықты болуын тілеймін, - деді Аида Балаева.

Медиаапталықтың алғашқы күні сөз алған «Қазақстан» ТРҚ төрайымы Ләззат Танысбай өз сөзінде пандемия кезінде телеарналардың көрермені артқанын мәлімдеді.

1598589491112.jpg

«Қазақстан» корпорациясының құрамына бірнеше республикалық телеарна, радиостанциялар және өңірлік телеарналар кіреді. Барлығына тоқталу мүмкін емес. Десе де, карантин енгізген негізгі өзгерістер жөнінде айтып өтсем. Шыны керек, менеджер ретінде дәл осы сәтте екі үлкен міндет-миссияның арасында қалдық. Біріншісі және ең бастысы - қызметкерлеріміздің қауіпсіздігін сақтау. Білесіздер, ұжым өте үлкен, сондықтан да алдымен мүмкін болған редакциялардың жұмысын қашықтыққа ауыстырып, кейбір бөлім қызметкерлерді ауысымдарға бөлдік. Журналист, режиссер, редакторларымыз хабарларын тұтастай болмаса да, онлайнда жасауға дағдыланды, - деді Ләззат Танысбай.
Сонымен қатар төрайым желтоқсан айында ҚР Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Ұлы Абайдың 175 жылдығына арналған "Абай" сериалының, Әл-Фарабидің мерейтойына арналған "Әл-Фараби" сериалдары «Қазақстан» телеарнасынан көрерменге жол тартатынын хабарлады.
Медиаапталық аясында «Медиаконтентті қолданудағы жаһандық трендер» тақырыбында Қазақстандағы ең ірі медиахолдинг директорлары мен жарнама агенттіктері басшыларының пікірталасы өтті.

 «Атамекен Channel» телеарнасының басшысы Қанат Сахарияның айтуынша, қазіргі таңда әлеуметтік желілер БАҚ-тың жұмысын өзгертті.

Қазір контент маңызды ма, әлде коммуникация маңызды ма деген сұрақ туындайды. Телеарна «Digital» платформаның айналасында дамып келеді. Мен Деллойд компаниясы ұсынған сценариймен келіскім келеді. Ол телеарна контент жасайтын фабрикаға айналады деп болжаған еді. Бірақ телеарна шығаратын телеөнімдер аудиторияға үстемдік ете алмайды. Қазір тым жас аудитория телеарна қарамайды. Бұлар 5-6 жылдан кейін негізгі аудиторияға айналатын көпшілік. Сол кезде телеарнаның көрермендері күрт азаяды. Сондықтан біз ақпаратты коммуникациялық тұрғыда таратуды қолға алуымыз керек. Осы орайда «Атамекен бизнес» холдингі интернет арна болып дамуды көздейді. Әлеуметтік желілермен жұмыс жасайтын департаментті басты назарда ұстап отырмыз. Жарнама берушілер де телеарна эфирінде емес, арнаның коммуникациялық желілері арқылы өз аудиториясын, клиентін табуға тырысады. Сондықтан біз маркетинг және пиар қызметінің де жұмысын күшеттік. Тікелей жарнама бұрынғыдай эффект бермейді. Әр платформа бірегей алаң болып танылады. Біз әр әлеуметтік желіге жеке жауапты адамдарды сайлап қойдық. Қазір телеграм – бизнес, қаржы саласындағы аудитория үшін қолайлы платформа. Бұл жерде сылдыр сулы ақпарат қажет емес, тек қысқа-нұсқа, шынайы, нақты ақпарат жазылу керек, - деген ойымен бөлісті Қ. Сахария.

Қайрат Сахарияның айтуынша, пандемия кезінде ақпаратқа сұраныс артқан. 

Қазақстанда пандемия басталғалы ақпаратқа сұраныс 22 пайызға артты. Адамдарға нақты әрі ресми ақпарат қажет болды. Осы кезде біздің журналистер «home» форматқа көшті. Олар үйлерінен эфирге шықты. Әрине сапа жағынан төмендесек те, ақпарат тарату жағынан алда болдық деп ойлаймын. Біз үшін бәрінен қызметкерлердің денсаулығы маңызды болғандықтан, виртуалды жүргізуші деген айдар бойынша ақпарат тараттыз, - деді холдинг басшысы.

VI Kazakhstan жарнамалық желі басшысы Ильмурад Жұмаев Қазақстандағы жарнама нарығындағы өзгерістерге тоқталды.

Қазақстанның жарнама нарығына ковидтің әсері болды деп айта аламыз. Жарнама нарығы бірінші жартыжылдықта 11 пайызға құлады. Пандемия кезінде жарнама нарығы Қазақстанның жалпы экономикасынан да қатты зардап шекті. Қазақстан экономикасы 2,9 пайызға төмендесе, жарнама нарығы 11 пайызға төмедеді. Радиоларда халықтық жарнама азайды. Өйткені карантиндік шектеу кезінде көлік қозғалысы азайып, радионың қолданыс аясының тарылуына орай жарнама бершілердің тарапынан сұраныс азайды. Кез келген дағдарыста жарнама нарығы ең көп зардап шегеді. Ал экономика өссе, жарнама нарығы да бірден өсе бастайды. Десе де, карантин кезінде интернеттегі жарнама өсті. Жылдың үшінші тоқсанында, телеарналардағы жарнама берушілер өсті. Төртінші тоқсанда да динамиканың бары байқалады. Телеарналарда жарнама сұранысты көбейту үшін контентті жақсарту керек, - деді ол.

 «Алаш Медиа Групп» холдингінің басшысы Батыр Қазыбаевтың мәліметінше «Tengrinews» порталына кірушілер пандемия кезінде күніне 2 млн адам кірген кездер болған.

Біздің холдинг ақпараттық бағытта жұмыс жасайды. Біздің қазіргі уақыт – онлайн кезеңі. Мультимедиялық контент медиа қолданысты өсіріп жатыр. Әр түрлі есептеуіштердегі көрсеткіш бойынша, мәселен, гугл, яндекс есептеулерінде біз пандемия кезінде барлық жағынан жақсы көрсеткіштер көрсете алдық. Жәй күндері тенгриньюс ақпарат порталына 700 000 адам кіреді. Пандемия кезінде бір күнде 2 млн адам кірген кез болды. Пандемияда 50 пайызға өсті. Қазір адамдар жұмысқа шығып, қаралым азайып, бұрынғы қалыпқа түсті. Десе де, пандемияда радиостанциялар 95 пайызға құлады. «Тенгри фм» радиосын «Восток фм» деп ауыстырып, жаңа бағытқа ауыстырдық. Пандемия кезінде жаңа әлеуметтік жобалар жасадық. Ерлерге арналған, ата-аналарға арналған шығарылымдардың әрқайсысы 900 мың қаралым жинап отырды. Кез келген дағдарыс кезеңін тиімді пайдалану керек деп ойлаймын, - деді ол.

Батыр Қазыбаевтың пікірінше, қазір қолданыстағы барлық желіні ұтымды пайдалануға болады. Телеграм, Инстаграм, Тик ток желілерін жас ерекшеліктеріне қарай әр бағытта қолдануға болады.  Мудьтимедия мәтінге қарағанда көп қаралады. Сонымен қатар ол   қазақтілді аудиторияның дамуына назар аударды.

Қазақстан нарығы әлі күнге өзін таппады. Қазақтілді аудиторияға арналған жоба орыс тілдіге қарағанда екі есе, тіпті, бес есе көп қаралым жинайды. Қаралым санына қарай халықтың қызығушылық деңгейін анықтауға болады. Қазақстан медиа нарығындағы аудиторияның дамуы мемлекет деңгейіндегі маңызды жұмыс. Осы себепті мемлекеттің бұл бағыттағы маңызы зор, – деді ол.

 Қазақстандағы медиа холдинг басшылары онлайн форматта медиа кеңестікке қандай жаңашылдық керек деген тақырыпта өз пікірлері мен ұсыныстарын білдірді.

Барлық жаңалықтар
// (function(m,e,t,r,i,k,a){m[i]=m[i]||function(){(m[i].a=m[i].a||[]).push(arguments)};m[i].l=1*new Date();k=e.createElement(t),a=e.getElementsByTagName(t)[0],k.async=1,k.src=r,a.parentNode.insertBefore(k,a)})(window, document, "script", "https://mc.yandex.ru/metrika/tag.js", "ym");ym(34776295, "init", {clickmap:true,trackLinks:true,accurateTrackBounce:true,webvisor:true,trackHash:true});//
5.45.207.98, 192.168.88.100