• Басты
  • Жаңалықтар
  • «Білімді ұлт»: Балаларды мектепке дейінгі тәрбие және біліммен қамту мәселелері

«Білімді ұлт»: Балаларды мектепке дейінгі тәрбие және біліммен қамту мәселелері

21 Қазан, 2021 17:55

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасы туралы баяндады. Ұлттық жоба бес міндет, төрт бағыттан тұрады. Жоба шеңберінде білім саласының барлық деңгейіндегі ең түйіткілді, ең маңызды мәселелер қарастырылған. Толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің материалынан оқи аласыз.

ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша мемлекеттік бағдарламалардан ұлттық жобалар форматына көшу жүзеге асырылғанын жеткізді. Оның айуынша, «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасында жедел шешімдерді талап ететін және халықтың қажеттілігін қамтамасыз етуге бағытталған мәселелер бойынша мемлекеттік бағдарламамен сабақтастық сақталған. Сондай-ақ, ұлттық жобада балаларды мектепке дейінгі тәрбие және біліммен қамту, қалалық және ауылдық мектептер арасындағы оқыту сапасындағы алшақтықты қысқарту, оқушы орындарының тапшылығы проблемаларын шешу үшін мектептер салу, қауіпсіз әрі жайлы білім беру ортасын құру және басқа да мәселелер жалғасын тапқан.

«Ұлттық жобада Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарын және «Nur Otan» партиясының  «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыруға бағытталған жаңа бастамалар бар», - деді Асхат Аймағамбетов.

Жалпы ұлттық жоба сапалы білім алуға қолжетімділікті кеңейтуге мүмкіндік береді. Министрдің сөзінше, ұлттық жоба әзірлеу барысында қоғам өкілдерімен, білім беру саласындағы сарапшылармен талқыланды және барлық мүдделі мемлекеттік органмен пысықталған.

Мектепке дейінгі балаларды біліммен қамту

Министр ұлттық жоба бес міндет, төрт бағыттан тұратынын айтып өтті. Бірінші міндет – мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың қолжетімділігін және сапасын қамтамасыз ету. Аталған міндетті орындау үшін «ақша баламен бірге жүреді» қағидаты бойынша ваучерлік қаржыландыру жолымен мемлекеттік тапсырысты орналастыру арқылы мектепке дейінгі ұйымдар желісін дамыту жұмыстары жалғасатынын жеткізді.

«Нәтижесінде 2025 жылға қарай 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту 95%-ға, 3 жастан 6 жасқа дейін 100%-ға жетеді», - деді Білім және ғылым министрі.

Бұдан бөлек, ол Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында барлық мектепке дейінгі ұйымдарда бала дамуының жаңа моделі енгізілетінін атап өтті. Сондай-ақ, «Ойын арқылы оқыту» қағидаты негізінде мемлекеттік стандарт өзгертіледі.

Білім сапасындағы алшақтықты азайту

Министрдің айтуынша, «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасының екінші міндеті – орта білім беру сапасын арттыру. Атап айтқанда өңірлік, қалалық және ауылдық мектептер (PISA) арасындағы оқыту сапасындағы алшақтықты азайту.Осы орайда, Ұлттық жоба аясында оқушылардың білім сапасындағы алшақтықты азайту бойынша кешенді шаралар қабылданатын жеткізді.

«Ұлттық жоба аясында 12 жылдық оқытуға көшу жоспарланып отыр. Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарына өзгерістер енгізіліп, жаңа оқу жоспарлары мен білім беру бағдарламалары бекітіледі», - деді ол.

Сондай-ақ, ол оқушылардың білімдеріндегі олқылықтардың орнын толтыру үшін мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Цифрлық мұғалім» жобасы іске асырыланын атап өтті.Сонымен қатар, биылдан бастап қосымша білім беруге мемлекеттік тапсырыс орналастыру жоспарланып отыр.

«Бұл процесс конкурстық негізде және жеке ұйымдарда өтеді. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік қысқа мерзім ішінде балаларды үйірмелер мен секциялармен қамтуды 90%-ға дейін ұлғайтуға көмектеседі», - деді министр.

Осы орайда ол, мемлекеттік тапсырысты орналастыру бойынша нормативтер қабылданғанын жеткізіп, енді жергілікті атқарушы органдар осы мақсаттарға қаражат бөлу қажеттілігін атап өтті.

Балаларды оқыту үшін қауіпсіз әрі жайлы жағдайлар жасалады

Министрдің сөзінше, үшінші міндет – мектептерді жайлы, қауіпсіз және заманауи білім беру ортасымен қамтамасыз ету. Сондай-ақ, оқушы орындарының тапшылығын қысқарту үшін 2025 жылға қарай 1000 мектеп салу жоспарланған. Нәтижесінде үш ауысымды мектептер жойылып, апатты мектептер үлесі 0,1%-ға дейін қысқартылады деп күтілуде.

«2025 жылға қарай шағын қалаларда, аудан орталықтары мен ауылдарда 5000 мектеп модернизацияланатын болады. Білім беру ұйымдарында балаларды оқыту үшін қауіпсіз және қолайлы жағдайлар жасалады», - деді Аймағамбетов.

Сондай-ақ, ол мектептерге күрделі және кешенді жөндеу жұмыстары жүргізілетінін айтып өтті. Білім беру ұйымдарын жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету, мектеп жиһаздарын жаңарту, мектеп кітапханалары мен асханаларын модернизациялау жоспарлануда. Оның дерегінше, мектептердің 90%-ы пәндік кабинеттермен жабдықталып, мектептердің 100%-ы күзет, бақылау және қауіпсіз кіру жүйесімен қамтамасыз етілетін болады.

«Осы шаралардың барлығы оқушыларды оқыту үшін қолайлы орта құруға, әрбір оқушының әлеуетін іске асыруға және балалардың білім сапасын жақсартуға мүмкіндік береді», - деді министр.

Оны мәлімдеуінше, ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды психологиялық-педагогикалық қолдауды қамтамасыз ету үшін норматив 50 мың балаға 1 психологиялық-медициналық-педагогикалық комиссия есебінен жаңартылады. Ол үшін 43 психологиялық-медициналық-педагогикалық комиссия өз жұмысын бастайтын болады. Бұдан бөлек, мүмкіндігі шектеулі балаларды арнайы психологиялық-педагогикалық қолдау шараларына мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылатын болады.

Жастардың 100%-ы тегін техникалық және кәсіптік біліммен қамтамасыз етіледі

Министрдің мәлімдеуінше, ұлттық жобаның төртінші міндеті – қолжетімді әрі сапалы техникалық және кәсіптік біліммен қамтамасыз ету. Осы орайда, ол 2025 жылға қарай жастардың 100%-ы сұранысқа ие мамандықтар бойынша тегін техникалық және кәсіптік біліммен қамтамасыз етілетінін жеткізді. «Қамтуды ұлғайту нәтижесінде NEET санатындағы жастар үлесінің төмендеуі күтілуде.Колледждердің оқу-өндірістік шеберханаларын заманауи жабдықтармен жарақтандыру бойынша жұмыс жалғасады.

«Жас маман» жобасы шеңберінде колледждер базасында 20 құзыреттілік орталығы құрылатын болады. Барлық колледжде WorldSkills талаптарын ескере отырып, құзыреттілікті айқындау бойынша демонстрациялық емтихан енгізіледі», - деді министр.

Қазақстандық жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігі

Министрдің мәлімдеуінше, бесінші міндет – қазақстандық жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру. Мәселен, ұлттық жоба шеңберінде 20 академиялық ұтқырлық орталығы 15 өңірлік және 5 педагогикалық жоғары оқу орны және Назарбаев Университетінің тәжірибесі бойынша 2 озық жоо құрылатын болады. Сонымен қатар, 2025 жылдың соңына дейін шетелдік жоғары оқу орындарының 5 филиалын ашу жоспарлануда.

«Бұл жастардың шетел асып кетуін азайтуға мүмкіндік береді. Кәсіпорындар, орталықтар базасында дағдылар мен құзыреттерді дамыту бойынша үздіксіз білім беру, сондай-ақ техникалық және кәсіптік, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының түлектерін қолдау қамтамасыз етіледі. ЖОО-ларда зерттеу экожүйесінің жұмыс істеуі үшін жағдайлар жасалатын болады», - деп түйіндеді Асхат Аймағамбетов.
Барлық жаңалықтар