• Басты
  • Білім және ғылым министрлігі: Мұғалім мәртебесі, жалақы, оқулықтар сапасы, ҰБТ, ЖОО лицензиялары

Білім және ғылым министрлігі: Мұғалім мәртебесі, жалақы, оқулықтар сапасы, ҰБТ, ЖОО лицензиялары

15 Наурыз, 2021 16:06

Бүгін ҚР Білім және ғылым министрлігінің алқа мәжілісінде министр Асхат Аймағамбетов 2020 жылы Қазақстанның білім беру саласында болған өзгерістер мен қабылданған шаралардың нәтижесімен бөлісті, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.


«Педагог мәртебесі туралы» Заң

ҚР Білім және Ғылым министрінің айтуынша, өткен жылы білім беру саласында және оның барлық деңгейінде сапалы өзгерістер болды. Оның ең бастысы әрі негізгісі - «Педагог мәртебесі туралы» Заң жобасы аясында қабылданған шаралар. Осы шаралар нәтижесінде педагогтердің еңбек жағдайы жақсарып жатыр.

«Педагогтерді міндетіне кірмейтін жұмыстарға, есептілікке тартуға жол бермеу шаралары қабылданды. Сонымен қатар, барлық облыста Педагогтердің құқықтарын қорғау жөніндегі кеңестер ашыла бастады. Биыл осы жұмысты соңына дейін жеткіземіз», - деді министр.

Аймағамбетов 2024 жылға қарай педагогтер жалақысы 2 есеге өседі. Бұл мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде жүзеге асырылып жатыр.

Кешенді шаралар мектептерді кадрлармен толық жабдықтауға мүмкіндік береді. Мәселен, педагогтерді жұмысқа қабылдау енді конкурс арқылы, нақты біліктілік көрсеткіштерге сәйкес жүргізіледі.

«Конкурсты электронды форматқа көшіреміз. 2021 жылдан бастап педагогикалық мамандық бойынша жұмысқа алғаш рет тұру үшін енді үміткерлер кәсіби шеберлігі бойынша сертификаттаудан өтеді, яғни дипломға қоса квалификация беріледі», - деп қосты Аймағамбетов.

Педагогикалық мамандыққа тек мықты түлектер қабылданады

Педагогикалық бағыттағы мамандыққа тек мықты түлектерді қабылдау маңызды деп есептейді министр. Оның сөзінше, былтырдан бастап педкадрларды даярлау деңгейін арттыру мақсатында жоғары оқу орындарына қабылдау талаптары күшейтілді.

«Басқа бағыттар бойынша Ұлттық бірыңғай тестілеудің шекті балы 50 баллдан басталса, біз болашақ педагогтер үшін 75 балға дейін көтердік. Ал, осы мамандыққа түсуді ынталандыру үшін болашақ педагогтердің шәкіртақы мөлшері 42 мың теңгеге дейін артты, яғни олар ең үлкен шәкіртақы алып жатыр. Осының бәрі оң нәтиже беріп отыр», - деді ол.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша педагог мамандығын таңдаған «Алтын белгі» иегерлері 2 есеге жуық ұлғайды, ал осы мамандыққа түскендердің орташа балы 90 балға дейін жетті. Бұл мұғалім мамандығына мықты кадрлардың келуін қамтамасыз етеді.

Бұл реформа оң нәтижесін беріп жатыр. Өткен жылы біз оған көз жеткіздік. Бұл жұмыс тоқтамайды, әрі қарай жалғасады», - деп сендірді Бас ұстаз.

Алқа отырысын қатысқан жергілікті әкімдердің орынбасарларына Аймағамбетов үндеу айтты.

«Тағы да айтуыма тура келеді: педагогтерден есеп талап ету және де міндетіне кірмейтін жұмыстарға тарту сынды мәселелерді болдырмау қажет. Бұл – біздің ортақ міндетіміз», - деді ол.     

Қашықтан оқыту форматынан оралу процессі

Биылғы оқу жылы қашықтан оқыту форматында өтіп жатыр. Қашықтан оқыту жағдайында оқушылар мен мұғалімдер компьютерлік техникалармен қамтамасыз етілді. Аймағамбетов берген мәліметке сүйенсек, биыл бюджеттің резервінен де, жергілікті бюджеттерден де ақша бөлінді. Соның арқасында өңірлер бірнеше жүз мың компьютер сатып алынып, оны балаларға таратып берді.

«Жалпы бұл мәселе бойынша әлі де жұмыс көп, әсіресе онлайн жүйесін жетілдіруіміз қажет. Соның ішінде геймификация, персонализация тетіктерін дамытуымыз керек. Бүгінгі таңда онлайн платформалар әлі де жеткіліксіз. Сондықтан әртүрлі даму жолдарын қарастырып, жүзеге асырып жатырмыз», - деді ол.

Мұғалімдерді курстардан өткізу туралы айта келіп, барлық педагогті қысқа мерзімді курстардан өткізгенін айтты. Бұл курстар әлі жалғасын табатын болады.

«Біз жалпы осы педагогикалық университеттерде педагог мамандарын дайындағанда міндетті пәнді және міндетті модульді енгіземіз және біліктілікті арттыру курстарында да осы мәселе бойынша тиісті модульды қосатын боламыз», - деді Асхат Қанатұлы.

«Пандемия аяқталғаннан кейін университеттер, колледждер мен мектептерде үшін қашықтан оқыту тетігі қандай жағдайда қолданылады» деген өте маңызды сұрақ тұр. Бұл мәселені министрлік қарап жатыр. Бірте-бірте мектептер ашылып жатыр.

«Ең қиын жұмыс – мектептерді жауып, қашықтан оқытуға көшіру емес, керісінше қашықтан оқыту форматынан кезең-кезеңмен дәстүрлі оқыту форматына көшу. Сондықтан осы мәселені біз жан-жақты қарастырып, тиісті жұмыстарды атқарумыз керек», - деді ол.

Мектепке дейінгі тәрбие беру мекемелері

Өткен жылдың қорытындысы бойынша, 3 пен 6 жастағы балаларды оқу және тәрбиемен қамту көрсеткіші 98,8 пайызға жетті. Десек те 2-ден 6 жасқа дейінгі балаларды қамту деңгейі әлі де 71%-ды құрайды. Сондықтан жекеменшік балабақшаларды дамытуды ынталандыру үшін ҚР БҒМ ваучерлік тетікті дайындауда. Оны биыл пилоттық режимде бастап, келесі жылы толығымен барлық жүйеге енгізеді деп жоспарланған.

Осы мәселе бойынша пандемия жағдайында мемлекет тарапынан біраз қолдау шаралары да қарастырылған болатын. Пандемия жағдайында осы балалар балабақшаға келмесе де, олар үшін ақы толығымен төленді. Бірақ пандемия біткеннен кейін де төтенше жағдай болмаса да, біз тиісті нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізіп, балалардың келмеуіне байланысты әкімдіктерге тиісті құзіреттіліктер бердік», - деді ол.

Соның арқасында қаншама жекеменшік балабақшаларды біз бүгінгі уақытта жабылудан сақталды.

Министрдің есебі бойынша, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін балабақшалардың 100% бейнебақылаумен қамтамасыз етілген. Жалпы өңірлер нормативті толығымен беруі қажет. Қазіргі таңда Мемлекет басшысы берген тапсырма бойынша осы көрсеткішті 100 пайызға жеткізу көзделген.

«Беріліп отырған қаражатты нормативке сай бермесек, онда бұл мәселені шешу мүмкін болмайды. Сондықтан облыс әкімдерінің орынбасарларына осы мәселені айтқым келеді», - деді министр.

Мектептердегі қауіпсіздік

Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында барлық өңірде мектептерді бейнебақылау жүйесімен 100%, жылы әжетханалармен 99% қамтамасыз етілді.

Орта білім беру жүйесінің негізгі проблемаларының бірі – қала және ауыл мектептері арасындағы білім сапасының алшақтығы.

Қазіргі уақытта «Оқуға құштар мектеп» жобасы іске қосылған. Оның аясында мектептегі кітапханалар қорында мемлекеттік тілдегі көркем әдебиетті айтарлықтай жаңарту міндеті тұр.

«Осы мәселені де біз биыл шешуіміз керек. Бұл тұрғыда біздің кітапханада істейтін әріптестеріміз – кітапханашылардың жалақысын көтеру мәселесі де өте маңызды. Бұл бойынша тиісті тапсырманы Мемлекет басшысы берген болатын. Сондықтан осы жұмысты біз биыл жалғастыратын боламыз», - деді Аймағамбетов.

Дарынды балаларға арналған жобалар

Министрліктің ақпаратына сенсек, 2020 жылы еліміздің дарынды балалары халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жарыстарда 437 медаль жеңіп алды. Ауылдық жерлердегі дарынды балаларды анықтау және қолдау жөніндегі «Мың бала» жобасын іске асыру жалғастырылады.

Дарынды балаларды қолдау жұмыстарын кешенді түрде жалғастырамыз. “Мың бала” жобасы, Республикалық олимпиадының, Президенттік олимпиаданың жаңа үлгілері енгізіледі.

«Оған қоса, жақында қабылданған заңның шеңберінде қосымша білім алуға кең мүмкіндік беру үшін мемлекеттік тапсырыс орналастырылады. Бұл да конкурс негізінде өтеді. Жекеменшік ұйымдарға орналастырылғаннан кейін қосымша біліммен қамту деңгейін әлдеқайда ұлғайтуға мүмкіндік беретіні сөзсіз», - деді министр.   

Орта білімді дамыту үшін латын графикасын енгізе отырып, 2023 жылдан бастап кезең-кезеңмен 12 жылдық оқытуға көшу көзделген. Бұл мақсатқа жету үшін ауқымды жұмыстар атқарылуы тиіс. Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты, үлгілік оқу бағдарламалары жаңартылмақ. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша математика, тілдер және информатика сияқты пәндерге ерекше назар аударылатыны туралы да бүгінгі мәжілісте айтылды. Қазақстан тарихы мен дүниежүзі тарихы бойынша бірыңғай оқулықтар әзірленеді.

Аймағамбетов білім беру аласында басқаруға өзгерістер енгізілгенін айтты. 2021 жылда бастап аудандық білім бөлімдері облыстан басқарылады. Демек, мектептер мен бала-бақшалар облыс деңгейіне өтеді. Қаржыландыру да облыс деңгейіне өтеді. Соңғы кезде білім беру мекемелерінің басшыларын тағайындауға қатысты сұрақ көбейді. Аймағамбетов бұл мәселеде ротация институты енгізілетінін айтты. Бұл Заң Парламентте қабылданды. Педагогтерді жұмысқа конкурс арқылы қабылдау институты да енгізілді. Өткен жылы мектеп директорылары мен олардың орынбасарларын аттестациядан өткізу туралы шешім шығарылған. Бұл тағайындаулар білім беру мекемелеріндегі басқаруды жақсартуға септігін тигізеді.

Аймағамбетов баяндамасында, балалардың құқығын қорғау, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы шаралар, кәсіптік білім берудегі жаңа жобалар, дуалды білім беру, кадрларды дайындау, жоғары білім мен жоғары білімнен кейінгі білім туралы айтты.

Жоғары оқу орындарындағы өзгерістер

Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беруге тоқталған Аймағамбетов кадрлар даярлауға арналған мемлекеттік тапсырыс көлемі жыл сайын өсіп жатқанын айтты.

«Өздеріңіз білетіндей, бұған дейін грант құны 340-420 мың теңге болған. Біз алдыңғы жылы Мемлекет басшысының қолдауының арқасында осы мемлекеттік гранттың көлемін 1 млн. теңгеге дейін ұлғайттық. Бұл өз кезегінде университеттерге материалдық-техникалық жағдайын жақсартуға және оқытушылардың жалақысын көтеруге мүмкіндік берді», - деді ол.

QS WUR рейтингінде атап өтілген жоғары оқу орындарының саны 5-тен 10-ға дейін артты. Алғаш рет қазақстандық жоғарғы оқу орны (әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) QS рейтингі бойынша әлемнің ТОП-200 үздік университеттерінің қатарына кірді. 2025 жылға қарай QS WUR рейтингінде атап өтілген қазақстандық жоғары оқу орындарының саны 15-ке жетуі тиіс, осы мақсатта жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Аймағамбетов атап өткендей, 2025 жылға қарай республика аумағында 5 жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының кампустарын ашу жоспарлануда. Тұтастай алғанда, бұл дарынды жастардың кетуін қысқартуға мүмкіндік береді және елдегі жоо бәсекелестігін арттырып, оқу сапасын көтеруге де ықпал жасайды.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес білім және ғылым сапасын қамтамасыз ету мақсатында жоғары оқу орындарын оңтайландыру және бейіндеу жұмыстарын жалғастырып жатырмыз. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 2020 жылы 65 мың студент оқып жатқан жоғарғы оқу орындары толығымен жабылды, 33 жоғарғы оқу орны кадрларды даярлаудың бейінді емес бағыттары бойынша 110 лицензияны қайтарып берді», - деді министр.

Бұл жұмыс мұнымен бітпейді, жалғасын табады.

ҰБТ электронды форматқа ауысады

Алғаш рет 2020 жылы Ұлттық бірыңғай тестілеу электрондық сертификаты және грант беру туралы электрондық куәлік енгізілді.

2020 жылы Академиялық адалдық қағидаларын өте жоғары деңгейде орындау үшін жұмыс жүргізілді. Бұның алдында 117 мың бала тест тапсырып, онда 120 мыңнан астам әр түрлі телефондар, тиісті құрылғылар табылатын болса, 2020 жылы, бір жылдан кейін осы қабылданған шешімдердің арқасында 122 мың бала тест тапсырып, сонда 2500 ғана әр түрлі құрылғылар табылды.

«Сол 2500 баланың тест нәтижелерін жойдық. Сондықтан Академиялық адалдық қағидаттарын сақтау бойынша жұмысты биылғы жылы да жалғастырамыз», - деді ол.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биылғы оқу жылында студенттерге стипендия мөлшері 25%-ға, докторанттарға 80%-ға ұлғайды, енді 2025 жылға дейін студенттердің шәкіртақысы тағы 2 есеге, магистранттар мен докторанттарға 1,5 есеге артады.

Студенттерді жатақханалардағы орындармен қамтамасыз ету үшін 2020 жылы 20 мың орындық 75 жатақхана пайдалануға берілді. 2025 жылға қарай кемінде 50 мың жаңа орын пайдалануға беріледі.

Биылдан бастап жоғарғы оқу орындары түлектеріне өзіндік үлгідегі дипломдар берілетін болады. Сондай-ақ педагогикалық мамандықтардың түлектері сертификаттаудан өтеді. Биылғы жылдан бастап осы жоғары оқу орындарының түлектері мектепке жұмысқа қабылданғанда сол сертификатты көрсетуі қажет болады.


Барлық жаңалықтар