• Басты
  • Білім министрі 2020-2021 оқу жылында оқу үрдісі қалай жүргізілетінін айтты

Білім министрі 2020-2021 оқу жылында оқу үрдісі қалай жүргізілетінін айтты

4 Тамыз, 2020 10:53

2020-2021 оқу жылында Қазақстанның 7 391 мектебінде 3,3 млн-нан астам адам, оның ішінде 1 сыныпта 396 мыңнан астам бала білім алады. ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкіметтің селекторлық отырысында жаңа 2020-2021 оқу жылының басталуына қатыты қаралған мәселелер Strategy2050.kz тілшісінің материалында.

Елдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты оқу жылының бірінші тоқсаны қашықтан өтеді. Әдеттегідей мектепте оқу барлық санитарлық норманы қатаң сақтай отырып, тек шағын форматтағы мектептерде, сондай-ақ бастауыш мектептің «кезекші» сыныптарында сақталады.

 Үкімет басшысы 20 тамызға дейін ата-аналармен онлайн жиналыс өткізіп, оларға оқу үрдісі туралы ақпарат беру керектігін айтты. Сондай-ақ мұқтаж отбасыларға 500 мың компьютер беруді тапсырды. Компьютер қолжетімділігі мәселесі тек министрліктің емес, жергілікті әкімдіктердің де қарауындағы мәселе екенін екертті.

 Премьер-Министр Білім және ғылым министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, осы жылдың 25 тамызына дейін оқушылар мен педагогтердің оқу жылының қашықтан басталуына толық дайын болуын, мұғалімдердің тиісті оқудан өткізілуін, интернет-платформаларда және теледидарда қажетті контенттің толық көлемде дайындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.

   Цифрлық даму министрлігіне әкімдіктермен және байланыс операторларымен бірлесіп, білім беру ресурстарының қолжетімділігі мен орнықтылығын, сондай-ақ елді мекендерде интернеттің сапасы мен жылдамдығын қамтамасыз ету тапсырылды.

 Әкімдіктер мен Денсаулық сақтау министрлігіне оқытуды дәстүрлі ашық түрде жалғастыратын бастауыш мектептің «кезекші» сыныптарында және шағын мектептерде санитариялық-эпидемиологиялық нормаларды қатаң сақтау бойынша барлық қажетті шараларды қабылдау тапсырылды.

 Асқар Маминнің тапсырмаларынан кейін жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары жөнінде баяндама жасаған Білім және Ғылым министрі Асхат Аймағамбетов қашықтан оқитын және дәстүрлі форматта оқитын оқу орындары туралы айтты.

Қабылданған шешімге сәйкес бұл жерде екі ерекшелік бар. Біріншіден, шалғайдағы елді мекендердегі шағын жинақталған мектептер эпидемиялық ахуалға байланысты оқуды дәстүрлі түрде бастайды. Екіншіден, бастауыш сынып оқушылары үшін, ата-аналардың өтініші негізінде, қатаң санитарлық талаптарды сақтай отырып, кезекші сыныптар ашылады. Кезекші сыныптарға өтініштер қол жетімді байланыс құралдары арқылы электронды түрде қабылданады, - деді министр.

 Аймағамбетовтың алдын ала болжамы бойынша, интернет платформалар мен теледидарды пайдалана отырып, қашықтан оқыту форматында 2,6 миллион оқушы (79%), кезекші сыныптарда - 530 мың бала (17%), штаттық түрде ауылдарда 157 мыңнан астам оқушы (4%) білім алады.

 Бала-бақшаларда бала саны 15-тен аспайтын кезекші топтар жұмыс істейді. Мұндай топтарға балалар ата-аналардың өтініші бойынша қабылданады.

 Арнайы білім беру ұйымдарының жұмысы біз үшін ерекше маңызға ие. Осы ерекше бүлдіршіндер қазіргі жағдайда үлкен назарды қажет етеді. Сондықтан ата-аналарының таңдауы бойынша арнайы онлайн кеңес беру немесе мамандардың жеке қабылдаулары ұйымдастырылады. Денсаулығында күрделі проблемалары бар балаларды қабылдау алдын ала жазылу тәртібімен жеке жүргізіледі. Жалпы осы ұйымдардың жұмыс тәртібі санитарлық қауіпсіздік нормаларына сәйкес, жергілікті атқарушы органдардың шешімі бойынша жүзеге асырылады, - деп тоқталды министр.

 Колледждерде педагогикалық, IT, әлеуметтік, гуманитарлық бағыттардағы мамандықтар бойынша қашықтан оқыту, технологиялық, аграрлық, медицина, өнер бағыттары бойынша аралас оқыту ұсынылады. Сәйкесінше зертханалық жұмыстар мен өндірістік тәжірбиені штатты режимде жүргізуге министрдік тарапынан мүмкіндік беріледі.

 Бұған қоса алыс ауылдық жерлерде және шағын қалаларда орналасқан, бір топтағы студент саны 15-тен аспайтын 9 мыңнан аса студенті бар 102 колледж де штаттық режимде жұмыс істейді.

 Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, жоғары оқу орындарында оқыту негізінен қашықтан жүргізіледі.

Бакалавриатта педагогикалық, IT, әлеуметтік және гуманитарлық бағыттар бойынша дәріс және семинар сабақтары көбінесе қашықтан өткізіледі. Техникалық, аграрлық және табиғи бағыттар, медицина және өнер мамандықтары бойынша дәрістер мен семинарлар (70 %) онлайн форматта, ал зертханалық және практикалық сабақтар (30%) күшейтілген санитарлық шараларды қатаң сақтай отырып, өткізіледі, - деді ол.

 Магистратура мен докторантурадағы сабақтар аралас принциппен оқытылады. Ал болашақ дәрігерлер оқитын интернатура мен резидентурада оқу дәстүрлі, штатты формата жүретін болады.

 Аймағамбетов Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп білім беру ұйымдарының қызметін жүргізудің санитарлық талаптарын да әзірлепті.

 Жеке кесте бойынша барлық 7 мыңнан аса қазақстандық мектеп директорына, олардың 12 мыңдай орынбасарына және 2 мыңға жуық әдіскерге қашықтан оқытуды ұйымдастыру бойынша түсіндіру семинарларын өткізілген.

 Министр Білім күні 1 қыркүйекте онлайн режимде өтетінін айтты. Оқу жылының басталуына дейін техника мәселесі де шешімін табуға тиіс.

Жергілікті әкімдіктермен бірлесіп мектептерге техниканы сатып алу бойынша жұмыс жүргізілуде. 4-тоқсанда өз интернет-платформаларын ұсынған IT компаниялар жазғы уақытта айтылған ұсыныстар бойынша, оқу процесіне қажетті жаңа функционалдар жасап, қашықтықтан оқытуды сапаландыру бойынша бірқатар жұмыстар жасады. Бүгінгі күні әр мектеп IT компаниялардың интернет платформаларында педагогтардың сұраныстарына жауап беретін кез келген платформаны таңдауға құқылы. Біз оларды толық таныстырып аяқтадық. Осы қысқа мерзімде бірнеше жаңа платформалар да нарыққа шықты, бәсекелестік пен таңдау бар, - деді министр.

 Телелдидар арқылы көрсетілетін сабақтарға тоқталған министр қазір 6 мыңнан астам телесабақ түсіріліп жатқанын айтты. Олар «Әл-Фараби» мен «Ел-Арна» арналарында көрсетіледі. Кем дегенде әрқайсысында 9 сағаттан эфир берілді. Оған қоса барлық телесабақтар интернетте орналастырылып барлық оқушылар үшін тегін және қолжетімді болады.

 Шілде айынан бастап 1-11 сынып оқулықтары оқушыларға таратыла бастапты. Оқулықтардың электрондық нұсқасы оқушылар мен мұғалімдерге QR-кодтар арқылы қолжетімді болады. Тағы да 11-сынып үшін 160 239 оқулық жиынтығы сатып алынған.

Барлық жаңалықтар