• Басты
  • Білім министрі: 1-11 сынып онлайн оқиды
14 Шілде, 2020 14:14

Білім министрі: 1-11 сынып онлайн оқиды

Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Білім және Ғылым министрі Асхат Аймағамбетов пандемия кезіндегі оқу процессін ұйымдастыру Мемлекет Басшысының тапсырмасына сәйкес қызу жүргізіліп жатқанын айтты. Брифингте көтерілген білім беру мәселелері жөнінде толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің мақаласынан білуге болады.

Білім министрі: 1-11 сынып онлайн оқиды

ҚР Денсаулық сақтау министрінің мәліметінше, Қазақстанда 1700-ден астам бала ауырып жатыр. Егер күндізгі оқу іске қосылса, ауру өршуі мүмкін. Сондықтан министр қашықтықтан оқытуды ұсынды.

Бұл ұсынысқа құлақ түрген Білім және Ғылым министрі қыркүйекте басталатын жаңа оқу жылы қашықтықтан оқыту арқылы жүзеге асатынын мәлімдеді. Мұндай шешімге келмес бұрын Білім министрі сарапшылар және ата-аналармен ақылдасыпты. Аймағамбетовтың айтуынша, халықаралық тәжірибеде де ең бірінші орында балалардың, педагогтардың денсаулығы тұрады. Қазіргі эпидахуал күрделі болып тұрғанда білім беру орындарына топ болып жиналу қауіпті. 1-11 сынып тұтас қашықтықтан оқитын болады. Қазір министрлікте дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тоқсандардан кейін болатын оқу демалыстары өзгеріссіз қалады. Індеттің тарауы аяқталса, мектептер мен жоғары оқу орындары штатты режимге көшеді.

Қашықтықтан білім беру мен білім алу оңай емес. Шалғайдағы елді-мекендерде 5,10,15 баладан оқитын мектептер бар. Ондай мектептер қауіпсіз болып саналады. Балалар өздері жаяу барып келе алады. Министр осындай мектептерге штатты режимде әдеттегідей жұмыс істеуге мүмкіндік беріпті.

Бастауыш сыныпта оқитын балалардың ата-аналары өтініш айтса, санитарлық талаптарды орындай отырып, уақытша кезекші сыныптар ашылады. Бір сыныпта 15 баладан артық болмайды. Сыныптардың сабаққа келу, үзіліске шығу уақыттары әр түрлі болады. Музыка сияқты пәндер қашықтықтан оқытылады. Мектепте тек жазу-сызуды үйрететін маңызды пәндер оқытылады. Кезекші топтарда тамақтандыру болмайды. Мұнын себебін министр былай түсіндірді:

Біріншіден, жұмыс қатаң карантин шаралары бойынша жүргізіледі. Екіншіден, қызметкерлер тамақтандыру қамын жасағанда, балалар ас үй арқылы өткенде қауіп басым боларын ойладық. Оның үстіне сабақтардың жартысы онлайнға ауысады. Сондықтан, балаларға түсетін жүктеме ауыр болмайды, - деді ол.
 5f0d44f411aa4601027655.jpg

Егер эпидахуал жақсаратын болса, Денсаулық сақтау министрлігімен ақылдасып, 1-5 сыныптар штатты түрде оқуға көше бастайды. Уақыт өте келе ахуал одан сайын жақсаратын болса, 6-11 сыныптар да күндізгі оқу режиміне ауысады.

Министр колледждер мен университеттің студенттері де қашықтан оқитынын мәлімдеді.

Тек тәжірибе, лабораториялық жұмыстар және т.б. кейбір мамандықтардағы дәстүрлі режимде оқу бойынша ұсыныс қабылдап, мүмкіндік жасаймыз. Бірақ, колледж болсын, университет студенттері болсын қашықтан оқу форматында оқуын жалғастыратын болады, - деді Білім саласының басшысы.
Министрдің айтуынша, алғашқы карантинде қалыптасқан мәселелер тәжірибе жинауға мүмкіндік берді. Компьютер мен интернетке қатысты мәселелердің шешімін табуға тырысып жатқан министр, елімізде бес балаға 1 компьютерден келетінін айтты. Мектептердегі компьютерлердің 60%-ы жұмыс істемейді екен.
«Ауруын жасырған өледі» дейді қазақ. Мұндай мәселе барын жасырмаймыз. Бұл бір жылда қалыптасқан проблема емес. Мектептерде 405 мың компьютер болса, оның жартысы ескірген. Техника әркез ескіріп отырады. Сондықтан, оны жаңарту жұмыстары үзілмеуі керек. Алайда, бұл бағыттағы жұмыстар белсенді түрде жүргізілмегендіктен, қазіргі таңда осындай мәселе туындап отыр. Жалпы, бүгінде компьютерлер сатып алу бойынша қарқынды жұмыс жүргізілуде. Бүгінге дейін 36 000 компьютер сатып алынды, - деді министр.
Министр жаңа оқу жылына дайындық барысын қысқаша айтып өтті.
Телесабақтарға қатысты құзырлы органмен сөйлестік, сабақ түсірілімдері басталып кетті. Денсаулығына байланысты арнайы сабақ алатын балаларға да қашықтан оқуға жағдай жасалады: көзі нашар көретін оқушыларға қаріптер көлемін үлкейту, есту қабілеті нашар балалар үшін арнайы аудармалар, т.б. мәселелері шешімін тауып жатыр, - деп есеп берді Аймағамбетов.
Министр интернет платформаларына қатысты сұраққа жауап бере отырып, қолжетімді платформалардың қарастырылып жатқанын айтты.
 Интернет платформаларын жетілдіруге қатысты педагогтар, ата-аналар мен балалардың ұсыныстарын саралап, IT-компаниялармен келісіп, бүгінде аталмыш интернет платформаларды модернизациялауға қатысты шаралар жүргізілді. Қазір бұл платформалар мейлінше ыңғайлы бола түсті, "Күнделік" және т.б. жүйелермен біріктірілген. Сонымен қатар, бұл платформаларда жаңа оқу жылының бірінші және екінші тоқсандарының материалдары дайын, қазір бұл сабақтардың ерекше білім беруді талап ететін оқушыларға қолжетімді ету жағы қарастырылып жатыр. Біз сурдоаударма, қаріптер көлемін үлкейтуге қатысты тапсырма бердік, - деді ол.
Министр оқушылардың мектеп формасына байланысты сұраққа жауап бере отырып, білім басқармалары мен мектеп басшылығы тарапынан мектеп формасына қатысты қатаң талаптардың болмайтынын айтты.
Біз қазір мектеп формасына қатысты білім министрінің бұйрығына өзгерістер енгіздік. Екі нәрсе аталды: бірінші, мектеп формасы солай қалады. Оны алып тастамадық. Бірақ оған қосымша бармақ қостық. Онда былай жазылған: төтенше жағдай кезінде, форс-мажор немесе басқа да шектеу шаралары болған кезде, білім беру мекемелеріне бекітілген мектеп формасын кимей, таза, классикалық киіммен келуге болады. Тіпті бірінші тоқсаннан кейін де дәстүрлі оқу формасына ауыссақ та, осы кезде мектепте ешкім ата-аналардан мектеп формасын сатып алуы керек деп талап етпейді. Оқушы классикалық үлгідегі жинақы киінген болса жеткілікті. Елімізде 3 млн-нан аса оқушы бар. Оларға арнайы оқу формасын тігетін бизнес өкілдері зардап шегуі мүмкін. Алайда күрделі ахуалға байланысты түсіністік болады деп ойлаймын, - деді министр.
Қашықтықтан оқытатын Жоғарғы оқу орындарының оқу бағасы арзандай ма деген сұраққа Асхат Қанатұлы Жоғары оқу орындары мен студент арасындағы келісімге сай болатынын айтты. Бұл мәселені Білім министрлігі реттемейді. Егер қашықтықтан оқыту жүйесі болса, педагогтің жалақысынан басқа шығындар болмайды деп ойлайтынымыз бар. Қазақтанда қашықтан білім беру тәжірибесі бұған дейін болмаған екен. Сондықтан униврситеттер мен колледждер жаңа әр түрлі оқыту жүйелерін сатып алып жатыр. Эпидахуал жақсарған соң студенттер оқу ғимараттарына келіп оқиды. Коммуналдық шығындар тағы бар.

Айтпақшы, бала-бақшалар карантин мерзімінің созылуына байланысты 2 тамызға дейін жұмыс істемейді.

Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылғы наурыз айының соңынан бастап еліміздегі барлық оқу орындары онлайн оқу жүйесіне ауысқан болатын.


Фото: ашық дереккөз

Барлық жаңалықтар