- Басты
- Жаңалықтар
- Тамыз кеңесі:Білім беруді дамытудың өзекті мәселелері талқыланды
Тамыз кеңесі:Білім беруді дамытудың өзекті мәселелері талқыланды
Бүгін «Білім және ғылым – елдің тұрақты дамуының кепілі» тақырыбындағы педагогтердің Республикалық тамыз конференциясының пленарлық сессиясында ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов өткен оқу жылын қорытындысын және жаңа оқу жылында болатын өзгерістерді баян етті. Толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің материалында.

Педагог мәртебесі бойынша заң бұзғандар жауапқа тартылған
Асхат Аймағамбетов «Педагог мәртебесі туралы» Заң аясында Білім және ғылым министрлігі педагогтердің еңбек жағдайын жақсарту бойынша жұмыс жүргізіп жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, бұл саладағы қадамдар мұғалімдерді өзге жұмыстар мен тексерулерден босатып, материалдық ынталандыруға бағытталған. Сапаны қамтамасыз ету және педагог құқықтарының бұзылуына жол бермеу мақсатында білім сапасы жөніндегі аумақтық департаменттер тұрақты негізде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, келіп түскен өтініштерді қарайды.
Оның сөзінше, қазір барлық өңірде педагогтердің құқықтары бойынша аумақтық кеңестер құрылып, жұмыс жүргізілуде. Осы орайда министр педагог мәртебесі өте маңызды екенін, сондай-ақ бұл саладағы заң бұзушылықтар айрықша тексерілетінін жеткізді. Оның дерегінше, жыл басынан бері 116 ресми өтініш келіп түскен.
«Өтініш бойынша педагогтердің құқықтарын бұзу фактілері расталды. Олардың көбі Түркістан, Жамбыл және Шығыс Қазақстан облыстарында тіркелді. Педагогтерді өзге жұмыс түрлеріне тарту, білім алушылар мен олардың ата-аналары тарапынан құрметтемеу әрі орынсыз мінез-құлық мәселелеріне қатысты шағымдар түсті», - деді министр.
Оның мәлімдеуінше, педагогтерді жөндеу жұмыстарына, мектеп кабинеттерін тазалауға тарту, газеттер мен журналдарға мәжбүрлеп жазу фактілері анықталған. Сондай-ақ, расталған фактілер бойынша кінәлі адамдар әкімшілік жауапқа тартылған.
Білім алушылардың білім жетістіктеріне мониторинг енгізіледі
Министрдің айтуынша, жаңа оқу жылында оқушылардың білімдеріндегі олқылықтардың орнын толтыру бойынша жұмыс жүргізілетін болады. Ол үшін үлгерімі төмен оқушыларға арналған каникулдық онкүндік және жазғы мектептер бағдарламасын іске қосу жоспарланып жатыр.
Сонымен қатар, «PISA-2018» нәтижелері ауылдық және қалалық мектептер, сондай-ақ өңірлер арасында білім сапасында алшақтық бар екенін көрсеткен. Сол себепті ауыл мектептеріне кешенді шаралар, ресурстық орталықтар әдістемелік көмек көрсететін болады.
Министрдің мәлімдеуінше, қазіргі таңда еліміздегі барлық мектептер оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамытуға бағытталған жаңартылған мазмұн бойынша жұмыс істейді. Сондықтан орта білім беруді сырттай бағалау моделі жетілдірілген.
«Енді ОЖСБ - оқу жетістіктерін сырттай бағалаудың орнына білім алушылардың білім жетістіктерін мониторингтеу (МОДБ) енгізілетін болады. Бұған дейін оқу жетістіктерін сырттай бағалау функционалдық сауаттылықты емес, пәндік білімді өлшеу арқылы жүргізілген болатын», - деді министр.
Сондай-ақ, МОДБ мемлекеттік бақылау нысаны болып табылмайды және білім алушылар, оқытушылар мен білім беру ұйымдары үшін заңды салдары жоқ.
МОДБ мен бұрынғы ОЖСБ арасындағы айырмашылық
Минисрдің айтуынша, МОДБ мен бұрынғы ОЖСБ арасындағы негізгі айырмашылық мониторингке қатысушы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарымен кері байланыс болып табылады. Әрбір мектеп МОДБ қорытындысы бойынша білім алушылардың оқу жетістіктері туралы ақпарат және білім беру ұйымдарында оқыту мен оқытуды дамыту бойынша ұсынымдар алады.
Сондай-ақ, білім беру мониторингіне Қазақстанның жалпы білім беретін мектептерінің 4 және 9-сыныптарының оқушылары қатысады. Колледждерде МОДБ жалпы білім беретін пәндер бойынша екінші курс білім алушыларының функционалдық сауаттылығын және кәсіптік модульдер немесе жалпы кәсіптік, арнайы пәндер бойынша үшінші курс білім алушыларының функционалдық сауаттылығын бағалайтын болады.МОДБ қорытындысы халықаралық тәжірибені ескере отырып, білім алушылардың үлгеріміне критериалды талдау жүргізуге мүмкіндік береді. Тестілеудің алынған нәтижелері ТжКБ ұйымдарын одан әрі дамыту және колледждерде оқу процесін жетілдіру бойынша әдістемелік ұсынымдар дайындау үшін пайдаланылатынын айтып өтті.
Жаңа оқу жылында мектепке дейінгі білім берудің жаңа моделі енгізіледі
Министр мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін мектепке дейінгі білім берудің жаңа моделі әзірленгенін атап өтті. Бұл жаңа модельді енгізу жаңа оқу жылынан басталады. Сондай-ақ, тиісті Үкімет қаулысы да қабылданған.
«Бұл үшін ойын арқылы оқыту қағидаты негізінде мемлекеттік стандарт әзірленіп, үлгілік оқу бағдарламалары қайта қаралып жатыр. Балаларды ерте дамыту институтын құру бойынша жұмыстар жүргізіліп, қыркүйек айында тәуелсіз ұлттық бағалау жүйесі енгізіледі» , - деді Аймағамбетов.
Балабақша тәрбиешілерінің біліктілікті арттыру курстары
Министрдің айтуынша, балабақша тәрбиешілерінің біліктілікті арттыру курстарына қолжетімділік артады. Сондай-ақ, цифрлық форматта өтетін курстар да ұйымдастырылады. Арнайы цифрлық әдістемелік құрал енгізу қолға алынған.
«Жеке меншік балабақшаларды да дамытуды қолға алу керек. Бүгінгі күні ауқымды жұмыстар атқарылды. Мемлекеттік тапсырысты орналастыру мен қаржыландыру жүйесін де қайта қарау керек», - деді министр.
«Әліппе» және «Букварь» мектептерге қайта оралады
Сондай-ақ министр, жаңа оқу жылындағы жаңалықтардың бірі — «Әліппе» және «Букварь» оқулықтарының мектеп бағдарламасына қайта оралуы екенін атап өтті. Оның айтуынша, 1 қыркүйекте мектеп табалдырығын алғаш аттаған барлық бірінші сынып оқушылары алғашқы оқулықтарын алады.
Ол «Әліппе» Ахмет Байтұрсынұлының әдістемесі бойынша жасалған, яғни қарапайымнан күрделіге өту екенін атап өтті. «Әліппе» және «Букварь» оқулықтары мазмұны жағынан бірдей және бірінші сынып оқушыларының жас ерекшеліктерін ескере отырып жасалған.
Алдымен дыбыстар, әріптер, содан кейін буындар мен сөздер оқытылады. «Әліппе» оқулығының көмегімен бірінші сынып оқушылары шағын мәтіндерді оқып, түсініп, қарапайым сөздер, сөйлемдер жазуды үйренеді.
Сонымен қатар, оқулықтардың мазмұны технологиялық әзірлемелермен толықтырылған яғни, смартфон камерасын арнайы QR-кодқа апарған кезде оңай «суреттерді сөйлетуге» болады.
«Оқушылар еліміздің әнұранын, әндерін, өлеңдері мен ертегілерін тыңдай алады. Бұл баланың бойында ақпаратты визуалдық және тыңдау арқылы қабылдау дағдыларын дамытады», - деді Аймағамбетов.
Балалардың 98,1%-ы мектепке дейінгі біліммен қамтылған
Министрдің дерегінше, 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту 2021 жылы 98,1%-ға жетті. 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды қамту деңгейі 83,6%-ды құрайды.
Оның айтуынша, жекеменшік балабақшаларды дамытуды ынталандыру ваучерлік тетікті енгізу жолымен жалғасатын болады. Ол үшін бір тәрбиеленушіге жан басына шаққандағы норматив 31 мыңнан 40 мың теңгеге дейін ұлғайтылған.
Сондай-ақ, ваучерлік қаржыландыру кезінде ақша білім беру ұйымына емес, балаға түсетінін атап өтті. Бұл дегеніміз, ата-ана өз баласына жеке немесе мемлекеттік, кез-келген балабақшаны таңдай алады және мемлекет оған бөлетін ваучердің қызметтерін төлей алатынын жеткізді.
«Мектепке дейінгі білім беру сапасын бағалайтын білім басқармасы емес, білім беру қызметін тұтынушының өзі болады», - деді министр.
«Ойын арқылы оқыту» қағидаты
Министр жаңа оқу жылынан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша балабақшаларда мектепке дейінгі білім берудің жаңа моделін енгізу басталатынын жетынын жеткізді. Бұл үшін Мемлекеттік стандартқа өзгерістер енгізіліп «ойын арқылы оқыту» қағидаты негізінде Үлгілік оқу бағдарламалары қайта қаралатынын айтты.
«Жаз айларында балалардың мектепалды даярлығы күшейтіледі, сауаттылық және математика бойынша оқытуға ерекше назар аударылады. Сондай-ақ балаларды ерте дамыту институтын құру және ECERS тәуелсіз бағалау жүйесін енгізу бойынша жұмыс жүргізілетін болады», - деді министр.
Педагогтерді жұмысқа қабылдау жүйесі өзгереді
Асхат Аймағамбетов 2021 жылғы қыркүйектен бастап педагогтерді жұмысқа қабылдаудың жүйесі өзгеретін жеткізді.Сондай-ақ, осыған қатысты пікірталас көп болғанын да атап өтті.
«Біз сарапшылармен талқылап, бір шешімге келдік. Жақында бұйрыққа қол қойылды. Егер осыған дейін педагогтерді мектеп директоры қабылдаса, қазір олар конкурс арқылы электронды форматта өтеді. Нақты талаптар бар. Сол бойынша мектеп пен комиссия педагогтерді жұмысқа қабылдау туралы шешім қабылдайды», - деді ол.
Білім беру мекемелерінің директорларын тағайындау жүйесі өзгереді
Министрдің айтуынша, бұл балалар үйі мен колледждер, мектептерге де қатысы бар екенін жеткізді. Қыркүйектен бастап білім беру мекемелерінің директорларына алғаш рет ротация енгізілетінін жеткізді. Сондай-ақ, бұйрыққа қол қойылған. Ол қыркүйекте өз күшіне енеді екен.
Осы орайда бұған дейін педагогтарды жұмысқа қабылдауды директор жүргізсе, енді бұл қадамдар электронды форматта конкурс артқылы іске асырылады. Бұл ретте нақты көрсеткіштер мен өлшемшарттар бойынша мектеп пен комиссия педагогты қабылдау тұрғысында шешім қабылдайды.
«Бізде бір орында 25-30 жыл істейтін жетекшілер бар. Бұл көп жағдайда тиімсіз болады. Жаңа тағайындау жүйесі жетекшілердің жұмыс тиімділігін арттырады деп ойлаймыз», - деді Асхат Аймағамбетов.
Сондай-ақ, министр 2022 жылдың қаңтарында балабақша мен мектеп, колледж педагогтарының жалақысы тағы 25 %-ға өсетінін мәлімдеді.
«Алтын белгі» үміткерлері үшін талаптар күшейтіледі
Министр алтын белгі иегері атануға үміткерлерге талаптар әрі қарай күшейтілетінін атап өтті. Оның айтуынша, талаптар кезең-кезеңмен өзгеруде. Биыл – екінші кезең. Екінші кезең деген – жылдық бес бағамен қатар, үміткерлердің 5-11 сыныптардағы баға барлық тоқсандық бағаларда 5 болуы керек деген қағида енгізілетінін жеткізді
«Өздеріңіз білесіздер, алдыңғы жылы да бұл мәселені көтердік. Біраз өзгерістер енгіздік. Сондай-ақ ол тек бестік деген баға алған оқушылардың ғана «Алтын белгіге» ұсынылуы туралы қағиданы өте маңызды. Түлектер үшін емтиханды тәуелсіз ұйым өткізетін болады. Бұл реформа оң нәтижесін береді деп сенемін», - деді министр.

-
ТДМ: Климаттың өзгеруі, экологиялық сауатталықты арттыру мен қоқыс тастау мәдениетін қалыптастыру мәселелері
-
«Денсаулық» бағдарламасы: медициналық білім беруді жаңғырту мәселелері
-
Өңірді дамытудың өзектілігі
-
«Білімді ұлт»: Балаларды мектепке дейінгі тәрбие және біліммен қамту мәселелері
-
АШМ: Ұлттық жобаның негізгі міндеттері мен импортты алмастыру мәселелері
-
ІІМ: Жол қауіпсіздігі мәселелері және жедел-қызметтік жұмыс қорытындылары
-
Цифрлы экономиканы дамытудағы деректерді өңдеудің өзектілігі
-
Есірткі қылмысымен күрес: зерханаларды жабу, сайттарды бұғаттау және заңсыз жарнамалау мәселелері
-
Маңғыстау облысының дамуы: Өңірді сумен жабдықтау, газ, мұнай өндіру және экология мәселелері
-
Шетелдердегі қазақтармен жұмыстың өзектілігі
-
Машина жасау: Өндіріс көлемі, экспорт және саланың өзекті мәселелері
-
ІІМ: Жамбыл облысындағы жарылыс және балалардың жолдағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері
-
Алматыда дәстүрлі форматта білім беруді ұйымдастыру қалай жүргізілуде
-
Тамыз айында 854 мыңнан астам адамға АӘК берілді
-
Үздіксіз білім берудің әлеуеті қалай

