• Басты
  • Білім беру қызметімен айналысу үшін лицензия беру тәртібіне қандай өзгерістер енгізілді
1 Қазан, 2020 15:14

Білім беру қызметімен айналысу үшін лицензия беру тәртібіне қандай өзгерістер енгізілді

Бүгін елордада өткен баспасөз мәжілісінде Нұр-Сұлтан қаласының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы, Нұр-Сұлтан қаласының білім беру ұйымдары педагогтерінің құқықтарын қорғау және педагогтік әдеп мәселелері жөніндегі Кеңестің төрағасы Бағымгүл Көптілеуова еліміздегі білім беру қызметімен айналысу үшін лицензия беру тәртібіне қандай өзгерістер енгізілгені жөнінде айтып берді, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

Білім беру қызметімен айналысу үшін лицензия беру тәртібіне қандай өзгерістер енгізілді

Eлордадағы қалалық білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті екі мемлекеттік қызмет көрсетеді.

1.     Білім беру қызметімен айналысуға лицензия беру

2.     Білім беру ұйымдары берген ресми құжаттарды апостилдеу


Бағымкүл Көптілеуованың айтуынша, апостиль қоюдың басты мақсаты - Гаага конференциясына қатысушы елдер аумағындағы апостильденген құжаттардың шынайылығы мен тиісті түрде орындалуына кепілдік беру.

«Заңнамаға сәйкес мемлекеттік қызметтерді электронды түрде көрсету «электронды үкіметтің» веб-порталы арқылы жүзеге асырылады. Осылайша, Интернетке қосылу мүмкіндігі болған жағдайда, орналасқан жеріне қарамастан, қызмет алушылар www.egov.kz «электронды үкімет» порталы арқылы жүгіне алады. Бұл қызмет алушыдан тек компьютерлік дағдыларды қажет етеді», - деді департамент басшысы.

Бағымкүл Көптілеуованың сөзінше, көрсетілетін қызмет көрсетушінің мемлекеттік қызмет көрсетуге қойылатын талаптары мен тәртібі заңды тұлғалардың білім беру қызметімен айналысуға лицензия беру тәртібін белгілейтін мемлекеттік қызметтер көрсетудің ережелері мен стандарттарымен белгіленеді. Заңнамалық деңгейде білім беру қызметін лицензиялау үнемі жетілдіріліп отырады. 2020 жылы Білім және ғылым министрінің бұйрығымен білім беру қызметіне қойылатын біліктілік талаптарына және оларға сәйкестігін растайтын құжаттар тізіміне өзгерістер енгізілген.

Бастауыш білім деңгейі үшін енгізілген жаңа талаптар:

- сыныптардың интернетке қосылған компьютерлермен жабдықталуы

- жабдықтар мен жиһаздардың болуы

- жеке пайдалануға арналған жабдықталған шкафтардың болуы

Сондай-ақ барлық деңгейлер үшін edu.kz аймағында үшінші деңгейлі домендік атаудың болуы керек. Сонымен қоса мемлекеттік білім беру ұйымдары үшін білім берудің барлық деңгейлерінде стандартқа сәйкес білім беру ұйымының үй-жайлары мен аумақтарында бейнебақылау болуы қажет. Бағымкүл Көптілеуованың айтуынша, лицензия алуға өтініш берген кезде ұлттық білім беру базасының статистикалық деректері білім беру ұйымының нақты деректерімен салыстырылып тексеріледі.

Бұдан бөлек департамент басшысы жыл басынан бері бөлімде мемлекеттік қызмет көрсетуге 2092 өтініш қаралып, оның 88,3 пайызы қанағаттандырылғанын атап өтті.

«Білім беру қызметіне лицензия беру бойынша мемлекеттік қызметтерді алуға түскен 151 өтініштің 47,6 пайызы қанағаттандырылды. Лицензия беруден бас тартудың негізгі себептері ұсынылған құжаттардың біліктілік талаптарына сәйкес келмеуі және ұсынылған құжаттардың толық болмауы болып табылады», - деді ол.

Білім беру ұйымдары берген ресми құжаттарға апостиль қою мемлекеттік қызметіне 1941 өтініштің 91,6 пайызы қанағаттандырылған. Апостиль қоюдың мемлекеттік қызметін ұсынудан бас тартудың негізгі себебі - стандартқа сәйкес келмеу, атап айтқанда, жөнелтуші елдің Гаага конвенциясының мүшесі болмауына байланысты, ұсынылған құжаттардың және олардағы мәліметтердің сенімсіздігі.

Оның дерегенше, апостиль қою үшін жалған құжаттар ұсыну фактілері бар екен. Сонымен ережеге сәйкес білім беру ұйымдарынан келіп түскен құжаттарды апостилизациялауға келіп түскен екі өтініш бойынша білім беру ұйымына хаттар жіберілді. Алайда жоғары оқу орындарының құжаттар беруі расталмаған. Бұл өтініштер одан әрі қарау үшін Нұр-Сұлтан қаласының полиция бөліміне жіберілген.

«Электронды үкімет» порталындағы жеке кабинет арқылы келіп түскен өтініштерден бас тартуға өтініш берушінің қызметтерге ақы төлегенін растайтын құжаттарды немесе «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы құжаттардың түпнұсқасын ұсынбауы себеп болады», - деді Бағымкүл Көптілеуова.

Сонымен қоса аталған мемлекеттік қызметтерді көрсету барысында Департамент көрсетілетін қызметті беруші мен көрсетілетін қызметті алушы арасындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоятын тікелей байланыс факторын түбегейлі жойғанын баса айтып өтті.

Барлық жаңалықтар