• Басты
  • Білім беру саласындағы ашықтық пен объективтілікті қамтамасыз ету қалай жүргізіліп жатыр

Білім беру саласындағы ашықтық пен объективтілікті қамтамасыз ету қалай жүргізіліп жатыр

27 Сәуір, 2021 14:19

Бүгін ҚР Білім және ғылым министрлігінің аппарат жиналысында мектепке дейінгі білім беруді ұйымдастыру, білім және ғылым саласындағы жемқорлыққа қарсы саясаттың жүзеге асырылуы және дебаттық қозғалыстың жүзеге асырылуы және студенттердің өзін-өзі басқаруды ұйымдастыру туралы мәселелер талыланды, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.


Бала-бақшаға тіркелу үшін бір ғана құжат қажет

Білім және ғылым министрлігінің вице-министрі Каринова Шолпан өз баяндамасында бала-бақшаға тіркелу толық автоматтандырылғанын мәлімдеді. Осы күнге дейін ата-аналар бала-бақшаға жолдаманы қағаз түрінде алатын. Енді алдын ала еш жерге жазылмай, онлайн түрінде ала алады.

БҒМ әр жұмысында объективті, ашықтықты қамтамасыз етуге қамтылған.

«Қағаз түрінде тапсырған кезде әр ата-анадан 4 құжат талап етілді. Сондай-ақ басқа категория бойынша кезектен тыс орын алу мәселелеріне немесе арнайы білім мекемелеріне баруға байланысты тағы бөлек құжаттар талап етілетін еді. Сондай-ақ әлеуметтік деңгей туралы анықтама қағаз түрінде сұралатын. Бүгінгі таңда осы процесстің бәрі автоматтандырылған», – деді вице-министр Шолпан Каринова.

Жүйелер біріздендіріліп, электронды үкімет арқылы бағыттама алынады. Ата-аналар тек бір ғана өтініш жазып тапсырады. Баланың ЖСН номері арқылы барлық мәлімет жүйеге шығады.

Қазіргі уақытта бала-бақшаға кезек 82 мыңға шегерілді. Қазір кезекте 364 206 бала кезекте тұр. Өткен жылы 107 мыңнан аса өтініштің 105 мыңы электронды түрде жасалған. Демек, ата-аналардың басым бөлігі онлайн жүйеге жағдыланған.

Шолпан Таңатқызы бала-бақша қызметіндегі ашықты туралы айтты. Оның айтуынша, қазіргі уақытта барлық бала-бақшаның ресми сайты мен әлеуметтік желілерде парақшалары бар. Жергілікті жердегі жүйелер автоматтандырылған.

1 сыныпқа қабылдану өтініштері онлайн тапсырылып жатыр

Орта білім деңгейіне келсек, 1 сыныпқа қабылдау 1 сәуірден бастап тамыз айына дейін жалғасады. Құжаттар қағаз түрінде тапсырылатын болса, қазіргі уақытта 95 пайыз ата-аналар құжатты онлайн тапсырады. Өтініш берген соң 15 минут ішінде құжат қабылданғаны туралы хабарлама келіп түседі.

1 сәуірден бастап мектепке қабылдауға 120 554 өтініш келіп түсті. Оның 114 539-ы онлайн келді. Демек, ата-аналар үшін онлайн режим қолайлы болып отыр. Гимназия мен лицейлерге бала қабылдау арнайы емтихандармен жүзеге асады.

Орта мектептерде «күнделік жүйесі» іске қосылған. Күнделік жүйесі оқушылардың білім сапасын анықтауға көмектеседі. Бұл – ашық жүйе. Ата-аналар үшін қолжетімді, олар балаларының оқу үлгерімін кез келген уақытта қарап отыра алады.

Мұғалімдерді жұмысқа қабылдау мен олардың біліктілігін тексеру автоматтандырылды

Шолпан Каринова мұғалімдер мен директорларды жұмысқа қабылдайтын жаңартылған ережелермен де таныстырды. Бұл шара да автоматтандырылған.

Педагогтарды жұмысқа қабылдау, директорларды тағайындау ротациялау бойынша процестер автоматтандырылған.

Қазіргі уақытта мұғалімдерді жұмысқа қабылдау бойынша ережелер біріздендірілген. Ол заңмен бекітілді. Мемлекет басшысы тиісті заңға қол қойды. Заңға енгізілген өзгерістерге байланысты мектеп директорларының, басқа білім мекемелерінің басшыларын ротациялау ережелері жасалып жатыр. Сонымен қатар ережеге мектеп директорларына кадрлық резервті тағайындау жұмыстары енгізілді.

«Бұрын мектеп директоры немесе басқа білім беру мекемелерінің басшысы тек өзінің шешімімен жұмысқа қабылдайтын. Енді алдағы уақытта барлық педагогты мектепке, білім мекемелеріне қабылдау бойынша ортақ ереже қабылданады. Ереже бойынша әр мұғалімді жұмысқа қабылдау бойынша нақты критерийлер, яғни оның кәсібилігін анықтайтын критерийлер мен жүйені автоматтандыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр», - дейді вице-министр.

Вице-министр мұғалімдердің аттестациядан өту шарасы да онлайн форматқа ауысқанан айтты.

«Бұған дейін аттестаттаудан өтуге тапсырылатын құжаттар қағаз т.үрінде тапсырылатын. Оның ішінде бірнеше деңгейден тұратын аттестациялық комиссияларда өтініштерін қарастыру мәселесі болған. Ал мұғалім өз нәтижелерін көргісі немесе өзінің сұрақтарын апеллияцияға бергісі келсе, онда нәтижесін көріп, талдау жасап барып беру мүмкіндігі болмаған», - деп бұрынғы ережеге қысқаша тоқталды.

Ал қазір аттестациядан өту жүйесінің барлық кезеңі автоматтандырылды.

Кез келген мұғалім өзінің аттестациялау жүйесінде қай санатқа тапсыратындығын қарап, тиісті деңгейін анықтап, құжаттарды электронды түрде жібереді. Өтініш жіберу кезінде мұғалім өзіне қолайлы уақытты, күнді таңдайды. Тестілеу «бір камера-бір қатысушы» қағидаты бойынша жүзеге асады. Тест тапсырушы нәтижелерін бірден көріп, талдау жасап, апеллияция берсе, жауаптарын бір күннің ішінде алуға мүмкіндіктері бар.

«Сонымен бірге барлық қазақстандық мұғалім бір жүйеде бір оқу бағдарламалары арқылы осы тестілеуден өтеді. Биылдан бастап мұғалімдер портфолиосын онлайн біріздендірілген жүйеде тапсырады», - деп мұғалімдер портфолиосына тоқталды Шолпан Таңатқызы.

Мұғалімнің курстан өтуі, олимпиада, конкурстарға қатысу сияқты материалдар мұғалімнен сұралмайды. Олардың бәрі біріздендірілген электрондық жүйеден бір батырмамен-ақ алынады. Бұл мұғалімдердің аттестациядан өтуінде ашықтық пен объективтілікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Мектеп директорын тағайындау жүйесі автоматтандырылған

Мектеп директорларын тағайындауға да өзгешеліктер енді. Мектеп директоры болу үшін нақты ұлттық біліктілік тестілеуінен (НКТ) өту міндет екені белгілі.

«Бұл жүйе де мұғалімдердің аттестациясын жүргізу сияқты автоматтандырылған. Осы тестілеуден өткен директорлар ғана келесі кезеңге өтеді. Оның шекті балы бар. Директорлардың алған балдары қолжетімді базада сақталып келеді, - деді спикер.

Мектеп директорларын тағайындау кезінде сол мектептегі қамқоршылық кеңесінің орны ережелерде ерекше белгіленген. Қоғамдық пікір, ой ескеріліп, директорларды қабылдауда ортақ шешімге келуде осы механизмнің орны айрықша.

Баяндама соңында Шолпан Каринова білім беру мекемелеріндегі жемқорлықтың алдын алуға, ашықтық қағидаларын берік ұстануға бағытталған шараларға тоқталды.

«Әр білім мекемесінде арнайы іс-шаралар ұйымдастыру қарастырылған. Олар: «Адал ұрпақ», «Виртуальная приемная», «Ашық тарификация», «Ашық сессия» сияқты жобалар. Барлық облыста бұл шаралар қолға алынған және БҒМ бақылауында», - деп қорытты ол.

Аймағамбетов: Ашықтық қағидалары – күн тәртібіндегі бірінші мәселе

Аппарат жиынының соңында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов білім беру саласындағы ашықтықты қамтамасыз ету маңыздылығына тоқталды.

«Ашықтықты қамтамасыз ету, білім беру саласында жемқорлыққа қарсы саясат жүргізу тек министрлік емес, барлық білім беру мекемелеріне жүктелген ортақ міндет. Бала бақшадан бастап, орта білімді алғанда, колледж, ЖОО-да академиялық ашықтық пен әділдікке назар аударылу керек. Бұл бос сөз емес. Бұл нақты іс! Әріптестерімнің бүгінгі баяндамаларында көрсетілген шаралар – осының дәлелі. Бұл істің әрі қарай тиісті деңгейде жүзеге асуы әрбір білім беру мекемелеріндегі қызметкерлерге тікелей байланысты. Бұл сұрақ күн сайын күн тәртібіндегі бірінші мәселе», - деді Асхат Аймағамбетов.

Барлық жаңалықтар