• Басты
  • Білім беру саласын цифрландырудың маңызы

Білім беру саласын цифрландырудың маңызы

10 Қазан, 2021 12:43

Қазіргі уақытта әлемде орын алып жатқан төртінші өнеркәсіптік революция – қарқынды ақпарат ағыны мен жоғары технологиялық инновациялар өмірімізге сан қырлы жолмен ықпал етіп, осы өзгерістерге бейімделуді және жаңа шарттар жағдайында дами білуді талап етіп отыр. Осыдан ширек ғасыр бұрын атауы мен мазмұны көпшілікке бейтаныс болған цифрлық технологиялар бүгінде барлық салаға терең еніп, индивидтердің дағдыларын түрлендірді. Мемлекеттегі цифрландыру деңгейі мен оның азаматтарының мұндай технологиялар туралы сауаттылық көрсеткіші елдің әлемдік аренадағы бәсекелік қабілетін, халықтың әл‑ауқатын айқындайтын факторлардың қатарына енді. Осыған байланысты, цифрлық жүйе мен сауаттылықты дамыту барлық қоғамдар үшін өзекті мәселелердің біріне айналды.

Цифрлық технологияларға кең мағынада электронды құрылғылар, жүйелер мен мәліметтерді өңдейтін бағдарламалар жатады. Мұндай жағдайда компьютер мен смартфондар, әлеуметтік желілер, жасанды интеллект, түрлі бағдарламалар осы түсініктің ішіне енеді. Цифрлық сауаттылық дегеніміз осы технологияларды меңгеру және қолдана білу. Цифрлық технологиялардың аз мерзім ішінде өмірімізді трансформациялап, күнделікті тіршілігіміздің бір бөлігіне айналғаны жасырын емес. Олар еңбек нарығын да өзгертіп, бірқатар мамандықтарды жойып, орнына жаңа қызмет түрлерінің пайда болуына әкелді. Сол себепті жаңа шарттарға бейімді болу мен оған қажетті дағдыларды білу ең керекті қасиеттердің қатарында қарастырылады.

Бүгінде ғылым мен технология  қарқынды даму жолында көптеген жұмыс орындарына барлық салаларда жаңа технологияны жетік қолдана алатын тұлғалар шақырылады. Сондықтан, бұл  мәселелерді шешу үшін білім беру жүйесін жаңа форматта, цифрлық технологияларды қолдану жолымен дамыту маңызды. Білім беру ұйымдарын жаппай цифрландырудың маңызы болашақ ұрпақтың кез келген салада ақпараттық сауаттылығын арттырып, шеберліктерін шыңдап, жан-жақты іскерлігін дамытып, бәсекеге қабілетті етіп, білім кеңістігінде өз мүмкіндіктерін тиімді пайдалануға жағдай жасайды. Сонымен қатар, бұл – білім сапасын арттыру, оқыту үдерісін қолжетімді ету, мұғалімдердің, оқушылардың, ата-аналардың байланыстарын жеңілдету тұрғысынан да өзекті. Осы мақсатта білім саласын цифрландыру жұмыстары кең қанат жайып келеді. Атап айтсақ, орта мектептерді жаппай компьютерлендіру, соңғы модельдегі техникалармен жабдықтау, ақпаратты тасымалдаудың ыңғайлы жолдарын дамыту болып саналады. Бұл контекстте қашықтан оқытудың да осы цифрлық жүйеге жататынын айтып өткен дұрыс. Пандемия жағдайында өзекті болған онлайн білім беру алдағы уақытта дәстүрлі форматпен қатар маңызды болады және оның нарықтағы үлесі ұлғаяды деп болжануда.

Ковид‑19 таралуымен әлемнің барлық дерлік елдерінде енгізілген карантиндік шаралар нәтижесінде оқушылардың қашықтан білім алуға мәжбүр болуы, бұл мәселенің өзектілігін арттырды. Карантиндік шектеулер жағдайында оқушылардың білім алудан қол үзіп қалмауы, оларға сапалы білім беру мәселесі ең өзекті және көп талқыланған тақырыптардың бірі болды. Миллиондаған жастардың қашықтықтан оқытуға жүгінуі, бұл салаға үлкен инвестиция керек  екенін аңғартты. Соның нәтижесінде тек мемлекеттік емес, жеке инвесторлардың да қаржысы білім саласындағы технологияларды дамытуға бағытталды. Сондықтан пандемия білім беру саласындағы технологиялардың дамуына импульс берді десек қателейспейміз.


Дереккөзі: Жанарбек Ж. Қашықтан оқудың артықшылығы мен кемшілігі

Зерттеушілер қазіргі таңда онлайн-білім беру нарығы 240 млрд. АҚШ долларын құрайтындығын есептеген. Ал, 2023 жылы оның көлемі 282 млрд. АҚШ долларына дейін өседі деп болжанған. Бұл статистика онлайн білімнің жыл өткен сайын коммерциялық қана емес, сонымен қатар қамту көрсеткіші де артатынын аңғартады. Сол себепті, барлық елдер білім технологиясын (EdTech) жетілдіруге көп көңіл бөлуде. Мысалы, әлемнің ауқатты елдерінің басын қосқан Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымы (ЭЫДҰ) елдерінің тәжірибесін қарасақ, онда цифрлық білім іс жүзінде оған мүше мемлекеттердің барлығында маңызды стратегиялық тақырыпқа айналғанын көруге болады. ЭЫДҰ кіретін елдердің жартысында арнайы цифрлық білім беру стратегиясы қабылданған. Осы салада орталық үкімет пен жергілікті билік бірігіп іс‑қимыл жүргізудің алгоритмі жасалынған. Германияда Конституцияға өзгерістер енгізіліп, федералды және штат үкіметтері арасындағы DigitalPakt жасалынып, құру цифрлық білім беруді екіжақты қолдаудың негізі қаланды. Жаңалықтар енгізуде әрқашан көп елден бір көш ілгері жүретін Сингапурда цифрлық сауаттылық бойынша білім беру балабақшадан бастау алады. Осыдан‑ақ аталған мемлекеттердің білім беруді цифрландыру мәселесіне зор көңіл бөліп отырғанын түйіндеуге болады.

балабақшадан бастау алады. Осыдан‑ақ аталған мемлекеттердің білім беруді цифрландыру мәселесіне зор көңіл бөліп отырғанын түйіндеуге болады.

Ал, Қазақстанда Білім және ғылым министрлігі цифрландыру бағытында бірнеше міндеттерді айқындады. Олар:

ü    орта білім беру жүйесінде ақпараттандыруды дамыту;

ü    білім беру мен ғылымды басқару процесін автоматтандыру;

ü    Ақпараттық технологиялар мамандарын оқыту. 

Бірінші бағытта (орта білім берудегі ақпараттандыруды дамыту) министрлік орта мектептерде «Ақпараттық коммуникациялық технологиялар» пәнін оқу бағдарламасына ерте оқытуды ұсынды. Сонымен, ведомство бұйрығына сәйкес 2018-2019 оқу жылында 3-сыныптарға, 2019-2020 оқу жылында 4-сыныпқа және 2020-2021 оқу жылында 1-2 сыныпқа енгізу жоспарланды. Жоғары сыныптарға 5-11 сыныптардың оқыту бағдарламаларына STEM бағытын қосу міндеттелген.

Екінші бағытты қарастыратын болсақ, мұнда білім беру мен ғылымды басқару процесін автоматтандыру жатады. Осыған байланысты, балабақшаларға кезекке тұру, жолдама беру автоматтандырылды. Сонымен қатар, мектептерге қабылдау және ауысу электронды түрде жүзеге асырылады. Сондай-ақ, құжаттардың қағаз түрінде жүргізілуін  болдырмауды басшылыққа ала отырып мектептерде электронды журналдар мен күнделіктер жұмыс жасауда. Кез келген ата-ана күнделікке интернет арқылы кіріп баланың алған бағасын көре алады.

Үшінші бағытта IT-мамандарды даярлау маңызды. Қазақстанда осы мамандық бойынша жоғары білім беру гранттары жыл сайын артып келеді. Сондай-ақ, STEM бағыты бойынша кадрлар даярлауда өзекті болып тұр. Болашақта оқушылардың жан-жақты қабілеттерін дамытып, бәсекеге қабілетті етіп тәрбиелеуге тәжірибесі жетерліктей болуы тиіс. STEM-білім беру жүйесінде осы айтылғандар қамтылады. STEM-білім беру артықшылықтары: оқушының сыни тұрғыдан ойлауы, ғылымитехникалық білімді күнделікті өмірде пайдалануы, командамен жұмыс жасау, жобаларға креативті көзқарас және сенімділігінің жоғарылауы. Бұл жүйеде STEM элементтерін, робототехника, виртуалды шындық, 3d-модельдеу қолдануды және бағдарламалау тілдерін меңгереді. Бұл мамандардың да цифрланған қоғамға әкелер пайдасы зор. Өйткені, қазіргі таңда оқу үрдісінде көптеген жаңа технологияларды қолданудамыз яғни интерактивті тақта, компьтерлік бағдарламалар, мобильді қосымшалар және виртуалды шындық технологиялары. Мұндай әдіспен жұмыс жүргізу сабақты тиімді өткізуге көмектеседі және мұғалімнің жұмысының оң нәтижесі байқалады. Білім берушінің міндеті – жаңа оқу бағдарламаларын ұсынып, жаңа тәсілдерді уақытында пайдаланып, жақсы нәтижеге жету. Осылайша бұл мамандардың оқушылардың цифрлық сауаттылығын дамытуына қосар үлесі мол деп сеніммен айта аламыз

Елімізде «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде Білім және ғылым министрлігі бірқатар маңызды жұмыстар жасағанын айтып өткен дұрыс. Республикамызда мұғалімдердің цифрлы сауаттылық бойынша білімдерін кеңейту және арнайы оқыту курстарынан өтуі жолға қойылған. Бұл мәселе бойынша «Өрлеу» АҚ филиалдары мен Назарбаев Зияткерлік мектептері базасында  мектептердің информатика пәнінің мұғалімдеріне дәрістер тұрақты ұйымдастырылады. Бұл курстарда ұстаздар білім саласындағы соңғы жаңалықтармен, технологиялармен танысып, біліктілігін арттырады. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы бірнеше салаға серпін бергенін айтып өткен жөн.

Заман ағымы бір орында тұрмайды, әрқашан өзгеріп, жаңарып отырады. Онымен бірге адамдардың тұрмыс‑тіршілігі мен қажеттіліктері де өзгереді. Жаңа қажеттіліктерге сай мамандар даярлау үшін білім жүйесі де трансформацияланып, уақыт ағымына ілесіп отырады. Осы жағдайда білім беру технологияларының, форматтарының уақыт өткен сайын жаңарып, жаңғыруы қалыпты құбылыс. Бүгін өзекті болған кейбір құралдар мен нормалар, ертең маңыздылығын жояды. Мысалы, бүгін біртіндеп дамып келе жатқан виртуалды шындықтың білім беру жүйесіне енуі, басқа шарттарды талап етеді. Осындай өзгермелі әлемде мемлекеттегі білім саласына жауапты шешім қабылдаушылардың міндеті өзектілігі артып келе жатқан технологияларды ерте аңғарып, оны басқалардан бір саты бұрын енгізе білу. Бұл азаматтардың да, мемлекеттің де бәсекелік қабілетін күшейтеді.

Жалпы, заман талабына сай, еңбек нарығында бәсекеге қабілетті мамандар даярлау үшін білім беру жүйесін цифрландыру өте өзекті деген тұжырым жасауға болады. Сол себепті әлемнің көптеген елдері арнайы бағдарламалар қабылдап, заманауи технологиялардың білім саласында қолданылуын кеңейтуге ұмтылып отыр. Қазақстан да бұл салада жағымды өзгерістердің жүргізіліп жатқандығы, мемлекеттік қолдау мен инвестицияның жоғарылығы, еліміздің осы бағытта әлемнің кез келген елімен бөлісе аларлық тәжірибесі барлығы анықталды. Бұдан отандық білім жүйесі заманауи технологияларды меңгерген, сапалы кадрлар даярлауға қабілетті деген ой түйіндеуге болады. 

Барлық жаңалықтар