• Басты
  • Биліктегі 2 жыл: несие амнистиясы, жер мәселесі және саяси-әлеуметтік реформалар

Биліктегі 2 жыл: несие амнистиясы, жер мәселесі және саяси-әлеуметтік реформалар

14 Маусым, 2021 10:53

2019 жылғы 12 маусымда Қазақстан Республикасының президентін сайлау процесі аяқталып, ресми президент лауазымына кіріскен Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты ұлықтау рәсімі өтті. Бүгінде осы маңызды оқиғаға екі жыл толып отыр. Бүгінгі мақаламызда тәуелсіз Қазақстанның екінші президенті өз лауазымына кіріскенінен кейінгі екі жылда атқарылған істеріне тоқталуды жөн көрдік.

Сарапшылар президенттің соңғы екі жылда атқарған істеріне түрлі баға беруде. Оның ішінде Мемлекет басшысының либералдық бағыттағы реформалар азаматтық қоғам өкілдері тарапынан оң бағаға ие болуда. Енді осы өзгерістердің ішінен ең маңызды деген бірқатарына аз-кем тоқталсақ.

Жер мәселесі

Жер мәселесі қазақ халқы үшін өте маңызды. «Жер дауы, жесір дауы» деген тақырып ерте замандардан бүгінге дейін жібі үзілмей келе жатқан көкейкесті мәселе. Талай соғыс, қантөгіс, дау-дамай осы жер үшін болғаны белгілі. Өйткені мал және жер шаруашылығымен айналысқан халқымызға жердің әрбір шаршы метрі құнды.

Тәуелсіздік жылдары Қазақстанның көршілес бес мемлекетпен шекарасын делимитациялау процесі жүргізіліп, қазіргі таңда демаркация процесі аяқталу үстінде. Бұл үлкен маңызды іс. Өйткені тарихқа көз жүгіртсек те, бүгінгі таңда да әлемдегі көптеген мемлекетаралық дау-дамайлар ортақ шекараны анықтай алмау себебінен туындап отыр.

Қазақстан сыртқы саясатта шекара мәселесінде оңды өзгерістер жасай алғанымен ішкі мәселеде әлі күнге шешілмей келе жатқан проблемалар бар. Олардың ішінде жерді жеке меншікке беру, оны сату сияқты тақырыптар легі өзекті. Бұл ретте шет мемлекет азаматтарының Қазақстанның жерін иелену, жалға алу немесе белгілі бір мерзімге сатып алу сынды мүмкіндіктерінің заңдық тұрғыдан регламенттелмегені қоғамда түрлі алып-қашпа әңгімелер мен наразылық көңіл-күйдің туындауына да себеп болуда.

2016 жылы сәуір-мамыр айларында тәуелсіз еліміздің тарихындағы ең ірі қоғамдық наразылықтың бірі – Жер митингісі деуге болады. Атырау қаласында басталған наразылық акциясы еліміздің бірнеше қалаларында болып өтті. Осыған байланысты Қазақстан Республикасы Үкіметі жанынан арнайы Жер комиссиясы құрылып, оған мемлекеттік құрылымдардан өзге азаматтық қоғам өкілдері енгізілді. Комиссияның бірнеше отырысы өтіп, ол жерде халықты толғандырған мәселелер қызу талқыға салынды.

2016 жылғы 18 тамызда Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы – Н. Назарбаевтың төрағалығымен Комиссия қорытындылары қаралған жиналыс ұйымдастырылды. Басқосудың соңында Н. Назарбаев «Жер кодексінің бірқатар нормаларына мораторий енгізілген кезден бастап комиссия маңызды жұмыс жүргізді, елдің барлық өңірінде кеңес өткізіп, азаматтардың пікірін тыңдады. Жұмыс барысында олар жақсы ұсыныстар айтты, атап айтқанда, жалға беретін телімдердің шекті көлемін, жерді пайдалану тәсілдері мен оны тиімсіз пайдаланған жағдайда қабылданатын шараларды анықтау туралы ұсыныстар енгізілді. Осылайша, бәрі жерді 49 жылға дейін жалға беру институтын сақтау қажет деген ортақ шешімге келді. Сонымен бірге, әлемдік тәжірибені тағы да зерттеп, қосымша уақыт қажет екені туралы тұрғындарға біліктілікпен түсіндіру керек. Сондықтан Комиссияның мораторийді тағы 5 жылға ұзарту туралы ұсынысын қабылдаймын» деген сөзімен мәселеге бес жылға нүкте қойды.

Биыл осы мараторийдің бекітілген бес жылы аяқталды. Осыған байланысты ұзақ зерттеу, талқылау және тыңдаулардан кейін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Игерілмеген және тиімсіз игерілген жерлерді анықтап, оны алып қою мақсатымен ғарыштан мониторинг жасауды заңнамалық тұрғыдан бекіттік. Түгендеу барысында анықталған 12,8 миллион гектар игерілмеген жердің 7 миллион гектары мемлекетке қайтарылды. Жерді алдың ба, оны игеру керек. Қасым-Жомарт Тоқаев: 2021 жылы Жер кодексінің жекелеген нормаларына жарияланған мораторий аяқталады. Осыған байланысты бұл мәселе жөнінде түпкілікті шешім қабылдауымыз керек. Негізгі мәселені айқындап алдық. Жер шетелдіктерге сатылмайды. Бұл мәселеге енді оралмаймыз» деді. Бұл ел азаматтары көптен күткен оң жаңалық болатын.

Несие амнистиясы

Әр түрлі себеппен банктерден несие алып, оны уақытында төлей алмаған әлеуметтік жағдайы төмен 629 мың қазақстандықтың 300 мың теңгеден аспайтын банк алдындағы қарыздары Мемлекет басшысының пәрменімен кешірілді.

Яғни, «Қазақстан Республикасы азаматтарының борыш жүктемесін азайту шаралары туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылғы 26 маусымдағы № 34 Жарлығына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі екінші деңгейлі банктер мен микроқаржы ұйымдарында қарызы бар келесі санаттағы отбасылардың қарызын төлеу жайлы тапсырма алды:

1. Аталған қарыздар бойынша борышкерлер көп балалы отбасылар, асыраушысынан айырылу жағдайына байланысты төлем алатын от басылар, мүгедек балалары бар, 18 жастан асқан бала жасынан мүгедектер бар отбасылар, атаулы мемлекеттік əлеуметтік көмек алатындар, жетім балалар, ата-анасынан кəмелеттік жасқа дейін айырылған, жиырма тоғыз жасқа толмаған, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар.

2. Қарыз бойынша жалпы берешегі 2019 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша 3 000 000 (үш миллион) теңгеден аспайтын болса.

3. Бір қарыз алушыға 2019 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша негізгі борышы мен оған есептелген сыйақыдан тұратын өтелетін берешегінің мөлшері 300 000 (үш жүз мың) теңгеден аспайтын болса, оларды өтеу бойынша біржолғы тəртіпте шаралар қабылданатын болып шешілді.

Қоғамда несиенің кешірілуіне қатысты түрлі пікір қалыптасты. Кейбірі несиені алушылар оны өз еркімен, ешкімнің күштеуінсіз алғанын ескеріп, оны төлеу де міндетті екенін айтады. Бұл пікірді қолдаушылар несиені кешіретін болса барлық сомада алынған өзгелердің де несиесін кешіру керектігін алға тартады. Ал екінші тарап бұл жаңалықты үлкен қуанышпен алды. Өйткені несиені кешіру арқылы қаншама отбасыға үлкен қолдау жасалды. Тұрмыс жағдайы төмен отбасылар үшін мұның өзі үлкен демеу екенін ескерген жөн. Сондықтан бұл бастаманы тәуелсіздік хронологиясында қалатын соны өзгеріс деп қабылдаған жөн.

Саяси реформалар

Қ. Тоқаев президент лауазымына келгеннен кейін қоғамға барынша ашық болатынын, осы бағытта саяси өзгерістер енгізетінін мәлімдеді. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы қабылданды. Мемлекеттік органдардың азаматтармен кері байланыс тетіктері барынша жетілдірілді.

Осы мақсатта Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылды. Оның құрамына қоғамда беделі бар, айтары мол, білімді азаматтар тартылды.

Саяси партияны тіркеу процесі жеңілдетілді. Бұрын талап етілетін құрылтайшылар саны азайтылды. Яғни, бұрын партия құруға 40 мың адам бастамашы болуы тиіс болса, қазір заңға енгізілген соңғы өзгерістерге сәйкес 20 мың адам жеткілікті. Сайлау бюллетенінде «бәріне қарсымын» деген таңдау қатары қосылды. Өйткені кейбір сайлаушыға кандидаттардың бәрі ұнамауы мүмкін. Сондықтан бұл да әлемдік тәжірибеде бар ұстаным екені ескерілді.

Азаматтардың шеруге шығуы бұрын алдын ала келісім арқылы ғана рұқсат етілсе, ендігі уақытта заңнамаға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес алдын ала хабарлама жіберу арқылы шеру немесе ереуілге шығуға рұқсат етіледі.

Мемлекет басшысының пәрменімен елімізде ауыл ғана емес аудан әкімдерін де сайлау процесіне старт берілді. Яғни, 2024 жылдан бастап аудан әкімдері сайланбалы лауазымға айналады деген жоспар бар. Бұл жергілікті атқарушы органдардың орталық мемлекеттік органдарға емес жергілікті халыққа тәуелділігін арттыруға бағытталған оң қадам екені даусыз.

Ал күні кеше ел президенті «Қазақстандағы адам құқықтары туралы» жарлыққа қол қойды. Мұның бәрі саяси өзгерістердің бір парасы.

Өзге де өзгерістер толқыны жайлы.

Қазақстан соңғы екі жыл көлемінде іске асырылған өзге бастамалар да аз емес. Олардың арасында келесі өзгерістерді атап өтуге болады:

- Зейнетақы қорындағы жинақтың бір бөлігін пайдалану мүмкіндігін ұсыну. «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» акционерлік қоғамының дерегіне сүйенсек 2021 жылдың 10 маусымындағы жағдай бойынша БЖЗҚ салымшылардың (алушылардың) зейнетақы жинақтарын тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін пайдалануға берген 313 411 өтінішін орындады. Уәкілетті оператор – банктерде ашылған қазақстандықтардың арнайы шоттарына БЖЗҚ 1,4 трлн теңгеден аса қаржы аударды. Біржолғы зейнетақы төлемдерінің орташа сомасы – шамамен 4,6 млн теңге.

Бұл өзгеріс зейнетақы қорындағы қаржысының қызығын зейнет жасына жетпей өмірлік қажеттіліктерге жарата алуға жағдай жасап, көлеңкелі жалақы төлеу жолдарына кедергілер туғызды. Бұл азаматтарды заңды жолмен табыс табуға итермелейтін жақсы мотивация да болды деуге болады.

- Педагогтарды заңдық және материалдық тұрғыдан қолдау шаралары қолға алынды. 2019 жылғы 27 желтоқсанда «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданды. Мұғалімдердің жалақысы сатылап, екі есеге дейін өсуде. Ұстаздармен қатар студент, магистрант, докторанттардың да шәкіртақысы өсуде.

- Әйелдер мен жастарды қолдау бағытында да өзгерістер бар. Атап айтқанда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен жергілікті мәслихат депуттарын сайлауда әйелдер мен жастардың үлес салмағы 30 пайыздан кем болмауы тиіс деген меже белгіленді.

- Заңнамада либералдық өзгерістер орын алды. Атап айтқанда бұрын қылмыс санатына жататын «жала жабу» кінәсі әкімшілік құқық бұзушылық түріне ауыстырылды. Бұдан бөлек балаларға қарсы жасалатын қылмыс түрлеріне жауапкершілік жүгі ауырлатылды.

- Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері салықтан босатылды. Қазақстандағы 1,2 млн ШОБ субъектілері 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап 2023 жылдың 1 қаңтарына дейін салық төлемейді. Алдын ала есеп бойынша үш жылда кәсіпкерлер 380 млрд теңгеден аса қаражатты үнемдейді екен. Сондай-ақ ШОБ субъектілерін тексеруге мораторий жарияланды. Үкімет 700 мыңнан аса бизнес субъектілеріне салық ауыртпалығын азайтып, нәтижесінде дағдарыста 1 трлн теңге үнемделді. Президенттің пәрменімен құрылған Төтенше жағдай жөніндегі комиссия 500-ге жуық мемлекеттік маңызы бар шешім қабылдады. Жалпы алғанда, Қазақстан індетпен күресуге және дағдарысқа қарсы іс-шараларға шамамен 6 трлн теңге (13 млрд АҚШ долларын) жұмсады. Әлемдегі алпауыт елдердің басшылары Қ.Тоқаевтың бұл саясатына жоғары баға берді. 

- Мемлекет басшысының бастамасымен Президенттік жастар кадр резерві қалыптасты. Резерв құрамына ең үздік 300 жас іріктеліп, олардың көпшілігі маңызды мемлекеттік басқару құрылымдарына қызметке қабылданды. Алдағы уақытта аталған құрамға жастардың жаңа толқынын іріктеу байқауы жүйелі түрде өткізіліп тұрмақ. Сондықтан мұны талантты жастарды қолдау мақсатындағы маңызды жоба деп бағалауға болады.

- Адамзатқа төнген індет кезінде халықты әлеуметтік қолдау жағы ұйымдастырылды. Жұмысынан айрылып тұрмысы тұралаған азаматтарға мемлекеттік бюджеттен 42 500 теңге көлемінде бір реттік көмек берілді. Әлемде санаулы мемлекеттердің ішінде коронавирус инфекциясына қарсы отандық вакцина әзірленді. Азаматтарға тегін жаппай вакцина салынуда. Кәсіпкерлер салықтан босатылып, қызметін жолға қойып алуға жеңілдетілген несие алуда т.б.

Қорыта келгенде сынағы мен проблемасы көп екі жылда елді алға жетелеген көптеген бастама іске асырылды. Алда әлі де өз шешімін күткен мәселелер жеткілікті. Олай болса, еліміз тәуелсіздіктің отыз жылдығын табысты еңсеріп, дамудың келесі сатысына, өркендеген қоғамға нық қадаммен адымдай бергей.

Барлық жаңалықтар