• Басты
  • Бейбіт Атамқұлов коммуналдық қызметтерге қарызы көп өңірлерді атады
23 Маусым, 2020 18:06

Бейбіт Атамқұлов коммуналдық қызметтерге қарызы көп өңірлерді атады

Өткен жылыту маусымында өңірлерде жеке және заңды тұлғалардың коммуналдық қызметтер алдындағы дебиторлық берешегі 13 млрд теңгені құрады. Бұл туралы үкімет отырысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов айтты, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі. 

Бейбіт Атамқұлов коммуналдық қызметтерге қарызы көп өңірлерді атады

Министрдің айтуынша, жалпы алғанда 2019-2020 жылғы жылыту маусымы тұрақты режимде өтті.

"Аталған кезеңде 24 технологиялық бұзушылық болды. Бұл 2018-2019 жылғы тиісті кезеңімен салыстырғанда 33 жағдайға аз. Барлық технологиялық бұзушылықтар нормативтік мерзімде жойылды. 2019 жылы көмір өндіруші компаниялар көмір концентратын есептемегенде 111,1 млн тонна көмір өндірді. Энергетикаға 57,2 млн тонна, коммуналдық тұрмыстық кәсіпорындарға және халыққа 10,6 млн тонна көмір жөнелтілді", - деді Бейбіт Атамқұлов.

Сонымен қатар оның сөзіне сүйенсек, қазақстандықтардың коммуналдық қызметтерге қарызы былтырғы кезеңмен салыстырғанда биыл бірнеше млн-ға көп.

"Өткен жылыту маусымында өңірлерде жеке және заңды тұлғалардың коммуналдық қызметтер алдындағы дебиторлық берешегі 13 млрд теңгені құрады. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 780 млн теңгеге көп. 2019 жылы - 12 286 млн теңге болған. Берешегі ең көп өңірлер, атап айтсам, Алматы қаласында - 2 млрд 177 млн теңге,  Нұр-Сұлтан қаласында – 1 млрд 928 млн теңге, Шымкент қаласында – 1 млрд 924 млн теңге, Маңғыстау облысында – 1 млрд 525 млн теңге", - деді министр.


Сондай-ақ министр 2020-2021 жылғы жылыту маусымына дайындық мақсатында Министрлік әкімдіктерге барлық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, әлеуметтік сала объектілерін және тұрғын үйлерді жылыту маусымына дайындау үшін жұмыс жоспарын жібергенін тілге тиек етті.

"Жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, өңірлер бойынша  ай сайынғы қажеттілікті көрсете отырып, коммуналдық-тұрмыстық мақсатқа және халыққа арналған көмірдің қажеттілік жоспары жасалды. Жалпы жылыту маусымына дайындық қызу жүріп жатыр. Көмір тапшылығы болмауы тиіс. Қыркүйек-қараша айларында дүрлігуді болдырмау үшін әкімдіктермен бірлесіп халыққа арналған көмірді ертерек сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Биыл оқу жылы басталғанға дейін 10 мыңдай білім беру объектісін дайындау жоспарланған. Денсаулық сақтау объектілері мен тұрғын үйлердің дайындығына баса назар аударылады. 6 мыңдай денсаулық сақтау объектісі мен 47 мың тұрғын үйді дайындау жоспарланған", - деді ол.

Сонымен қоса ол халықты жылумен және сумен үздіксіз қамтамасыз ету үшін 10 мыңнан астам автономдық қазандықты, 5 мың шақырым жылумен жабдықтау желісін және 13 мың сумен жабдықтау желісін дайындау керегін атап өтті.

"Сондай-ақ автономдық қазандықтарды көмір және мазутпен қамтамасыз ету керек. (1 млн 200 мың тоннадан астам көмір және 52 мың тонна мазут). "Қазақстан темір жолы" көмір разрезінен өңірлердің темір жол тұйықтарына дейін вагондарды уақытында жеткізіп, көмір тасымалын жүзеге асырады. Көмір дайындау бойынша мониторинг Министрліктің тұрақты бақылауында", - деді министр.

Бұдан бөлек Бейбіт Аатамқұлов алдағы жылыту маусымына уақытылы дайындалу үшін жергілікті атқарушы органдар жүзеге асыруы тиіс шараларды атап өтті.

"Біріншіден, ағымдағы жылдың 1 қыркүйегіне дейін барлық білім беру объектілерін дайындауды аяқтауы тиіс. Сонымен қоса 2020 жылғы 15 қазанға дейін барлық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, тұрғын үй, денсаулық сақтау және әлеуметтік сала объектілерінің толық дайындығын қамтамасыз етуі керек. Сондай-ақ 2020 жылғы 15 қазанға дейін автономдық  қазандықтарда отынның нормативтік қорын қамтамасыз етуі тиіс", - деп түйіндеді. 

Барлық жаңалықтар