• Басты
  • Белсенді азаматтық қоғам - білікті мемлекеттік басқарудың кепілі
16 Қазан, 2020 15:14

Белсенді азаматтық қоғам - білікті мемлекеттік басқарудың кепілі

Елімізде тәуелсіздік алған жылдары мемлекеттік қызмет саласын реформалау, оны кәсіби әрі халыққа ыңғайлы ету бағытында біраз жұмыс атқарылды. Кеңес Одағы ыдырап, орнына тәуелсіз мемлекет құру ісі қолға алынды. Кеңестік басқару жүйесінің орнына заманауи қазақстандық басқару моделі енгізіле басталды. Еліміз өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде қалыптастыру жолына көшті. Тиісінше мемлекеттік басқару саласы заң шығарушы, атқарушы және сот жүйесі түрінде үш тармаққа бөлінді. Оның ішінде атқарушы билік саласының тиімді қызметі елдегі реформалардың жеміс беруіне тікелей ықпал етуші фактор.

Қазіргі таңда мемлекеттік қызмет саласын одан әрі дамыту бойынша көптеген ұсыныс-пікірлер айтылуда. Бүгінгі мақаламызда да осы мәселе төңірегінде ой қозғамақпыз.

Белсенді азаматтық қоғам - білікті мемлекеттік басқарудың кепілі

Мемлекеттік қызмет – жауапты да күрделі сала. Қай кезде де елдің дамуы мемлекеттік басқару саласының тиімді қызметіне байланысты болған. Мемлекеттік басқару жүйесінің, реформаның түріне, орын алған аймағына қарамастан осы салаға байланысты жазылған деректер, талдаулар, зерттеулер және сараптамалық пікірлер аз емес.

Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 20 мамырдағы «Ұлт жоспары – бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам» бағдарламасының алғашқы 15 қадамы мемлекеттік қызмет саласын жетілдіру мәселесіне арналып, аталған міндетті орындау бағытында келелі тапсырмалар  алға қойылған болатын. Аталған жоспарда мемлекеттік қызметтің сапасын жақсатумен қатар олардың әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытында нақты іс-шаралар қарастырылды. Оның ішінде меритократия қағидаттарын іс жүзінде кеңінен енгізу, мемлекеттік қызметшінің іскерлік қырына көңіл бөлу, оны дамыту, мамандарды іріктеу жұмысын орталықтандыру, жалақыны факторлық-баллдық шкала бойынша өсіру, қызметтік пәтерлер санын арттыру, мамандардың біліктілігін ұдайы арттырып отыру, жаңа этикалық ережелерді енгізу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту, мемлекеттік қызметшілерді аттестациялау және осы салада жаңа заң қабылдау мәселелері көптің көңілінен шыққан соны өзгеріс болды.

Осы аталған бастамалар бүгінде ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен одан әрі жалғастырылуда. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы мемлекеттік органдар мен халықтың арасында жылы әрі тығыз байланыс орнататын маңызды бастамаға айналды. Қазіргі таңда осы мақсатта мемлекеттік органдардың жұмысында ілгерілеушілік, ашықтық қалыптасуда. Бұған жер-жерлерде мемлекеттік органдарда ашылып жатқан фронт-кеңселер, азаматтарды қабылдау ісінің оңтайландырылуы, мемлекеттік органдардың ресми және басшыларының дербес аккаунттарының пайда болуы, олар арқылы халықтың сауалына дер кезінде жауап берілуі және мемлекеттік көрсетілетін қызмет түрлерінің электрондық форматқа ауыстырылуы айқын дәлел.

Сондай-ақ, мемлекеттік биліктің кейбір тармақтарын қоғамдық ортаға беру де осы бағытта атқарылып жатқан игі бастама. Мемлекеттік басқару саласын реформалаудың ең тиімді жолдарының бірі мемлекеттік органдардың және квази мемлекеттік сектордың атқарып отырған қызметтерінің елеулі бөлігін бәсекелес ортаға беру. Бұл әлемдік практикада бар оңды үдеріс. Сарапшылардың көпшілігі де мемлекеттік басқару жүйесін реформалаудың осы бағыттағы қадамдарын құп көреді. Қазіргі Қазақстанның практикасында мемлекеттік органдар атқарып отырған көптеген қызмет түрлерін азаматтық қоғам институттарына біртіндеп кезең-кезеңімен беруге болады.

Кейбір сарапшылардың азаматтық қоғамның бұл функцияларды сапалы атқаруына күмәнмен қарайтынын да айта кету керек. Дегенмен мұның бәрі практикалық тәжірибенің жоқтығына байланысты деуге болады. Сондай-ақ, тиісті мәселемен айналысатын қоғамдық ұйымға техникалық сипаттаманы айқын әрі жан-жақты қарастырылған түрде берілсе, ол істі де жолға қоюға болады. Жыл сайын жарияланатын мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс жобаларын да осыған мысал ретінде келтіруге болады. Тағы бір мысалға тоқталсақ. Елімізде тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласында қызмет ететін арнайы мемлекеттік мекемелер бар. Олардың қызметінен кем түспейтін істі осы бағытта еңбек етіп келе жатқан үкіметтік емес ұйымдар да атқарып келеді. Осы саладағы еңбек өтілі ондаған жылдарға кететін, кәсіби білігі де мемлекеттік мекеменің қызметінен кем түспейтін мекеме барда екеуінің қызметін интеграциялап, көп функцияны неге бәсекелес ортаның өкіліне бермеске? Осылай еткен жағдайда мемлекеттік мекемені ұстап тұратын әкімшілік ресурстардың біраз бөлігін мемлекет пайдасына үнемдеп қалуға болар еді. Осыған ұқсас мысалды көптеген мемлекеттік органға байланысты келтіруге болады. Сондықтан осы салада атқарар іс аз емес.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биыл өзінің Қазақстан халқына жолдауында алдағы екі жылдың ішінде мемлекеттік қызметшілер санын жиырма бес пайызға қысқарту жөнінде тапсырма берген болатын. Сондықтан қысқартуға ілінетін мемлекеттік қызметшілердің атқарып жүрген функцияларын болашақта бәсекелес ортаға беру мәселесін тыңғылықты ойластырған жөн.

Елімізде көптеген салада мемлекеттік органдардың үлесі зор екенін мойындау қажет. Бұл ретте, азаматтық қоғамның белсенділігі мен оның қызмет сапасын арттыру және азаматтық қоғам мен мемлекеттік органдардың өзара тиімді әрекеттестік тандемін қалыптастыру арқылы едәуір жетістіктерге қол жеткізуге болады. Биліктің табиғаты күшті болуға, бар ресурсты өз қолына жинақтауға мүдделі болатынына қарамастан азаматтық қоғамды дамыту, көп ресурстарды бәсекелес ортаға беру арқылы мемлекеттің әлеуетін арттыруға ұмтыла беру қажет.

Қызмет сатысында меритократия қағидаты негізінде азаматтардың тең мүмкіндікте өсуін заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету де билікте білікті кадрлардың шоғырлануына, әділеттілік принциптерінің сақталуына ықпал етеді. Осы тұрғыдан мемлекеттік қызметке алу үдерісіне де өзгерістере нгізілді. Қазіргі таңда бос әкімшілік орындарға жарияланатын конкурс үш кезеңнен тұрады. Бірінші кезең тиісті мемлекеттік органның ішінде қызметшілерге арналады. Егер аталған мекемеден ұсыныс түспесе немесе конкурстың оң шешімі шықпаған жағдайда екінші кезеңге конкурс жарияланады. Бұл жолы аталған орынға жарияланған конкурсқа барлық мемлекеттік қызметшілер қатыса алады. Бұл кезеңде де ешкім өтпеген жағдайда ғана барлық ел азаматтарына арналған үшінші кезеңге байқау жарияланады. Бұл белгілі бір мекеменің ішіндегі білікті кадрлардың меритократия қағидаты негізінде қызметтік өсуіне мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, Президенттік жастар кадрлық резервінің дайындалуы да мемлекеттік басқару саласына талантты жас буынды араластыру ойынан туындаған маңызды бастама болды. Қазіргі таңда аталған құрамға енген жастар мемлекеттік қызметтің түрлі сатыларында қызмет етуде. Осы уақытқа дейін «Болашақ» бағдарламасы аясында шетелдің озық білім ордаларында оқып келген жастар да мемлекеттік басқару саласына араласып келеді. Ең бастысы буындар арасында пікір қайшылығы орын алып, оңды ұсыныстарды орындауға, оны іс жүзіне асыру мәселесінде кері ықпалын тигізбеуі маңызды.

Мемлекеттік басқару саласын реформалаудың тағы бір оңды тұсы – мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді онлайн форматқа көшіру, азаматтарға ашық әрі жедел жауап қататын мемлекеттік аппарат жүйесін қалыптастыру. Төртінші индустриялық революция адамзат баласына жаңа технологиялық мүмкіндіктер сыйлауда. Қазіргі таңда әлемде көптеген коммуникация, сауда, бизнес, банк секторы, білім беру саласы цифрландырылуда. Осы орайда, елімізде Азаматтарға арналған үкімет корпорациясының құрылуы көптеген мемлекеттік көрсетілетін қызмет түрлерін онлайн форматқа ауыстырып, жалпы халыққа қолайлы жағдай жасалды. 2017 жылы қабылданған «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2022 жылы Қазақстанда мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің 80 пайызын электрондық форматқа ауыстыру көзделген. Қазірдің өзінде еліміздегі көптеген қызмет түрлері Электронды үкімет порталы арқылы электрондық цифрлық қолтаңба арқылы беріледі. Бұл да халыққа қолайлы жағдай қалыптастырудың амалы. Ел президенті алдағы уақытта мемлекет пен бизнестің арасындағы қарым-қатынасты да толықтай цифрлық форматқа, онлайн түрге көшіру жөнінде тапсырма берілді. Цифрландыру бағдарламасы толық іске асырылғаннан кейін осы тапсырма да толық орындалмақ. Бұл өз кезегінде бизнестің өркендеуіне жол ашып, сыбайлас жемқорлық фактілерінің алдын алуға мүмкіндік береді.

Қашықтықтан жұмыс атқару, қызмет түрлерін цифрландыру бүгінгі заманның талабы, технологияның дамуында белді жетістік. Пандемия кезінде көптеген мемлекеттік органдар қашықтықтан жұмыс атқару арқылы да өзіне жүктелген істі ойдағыдай орындап шықты. Демек бұл тәжірибе алдағы уақытта да мемлекеттік аппараттың қысқаруына қатысты және жұмысты оңтайландыру бағытында өз көмегін тигізері анық.

Халықтың мемлекеттік басқару саласына белсенді қатысуын қамтамасыз ететін тағы бір маңызды фактор жергілікті әкімдерді тікелей халықтың сайлауына мүмкіндік беру және билікті децентрализациялау. Сонымен қатар, жергілікті бюджетті аталған әкімдердің халықпен ақылдаса отырып, дербес жұмсауына заңнамалық тұрғыдан рұқсат беру қажет. Осы арқылы шын мәнінде іскер және халықпен қоян-қолтық жұмыс атқара алатын менеджерлерді жарыққа шығаруға болады. Аталған әкімдердің орталыққа қарағанда халықтың алдында есептілігі жоғары болған сайын еңбек тиімділігі де артары сөзсіз. Ең бастысы, аталған әкімдер ұлттық қауіпсіздікке қатысты және мемлекеттік деңгейдегі маңызды мәселелерді өзгертуге бастамашы бола алмауы тиіс.

Жалпы, ауыл әкімдерін сайлау елімізде бірнеше жылдан бері көтеріліп келе жатқан мәселе. Биыл Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаев өзінің 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына арналған жолдауында «Жалпы, алдағы саяси реформалар халықтың басқару жүйесіне белсене араласуына бағытталуы тиіс. Қазіргі сауалнамалар көрсетіп отырғандай, қоғам ауыл әкімдерінің сайланғанын қалайды.

... Бұл – маңызды қадам. Оған жан-жақты дайындалу қажет және біртіндеп іске асыру керек. Біз осы жүйенің қалай жұмыс істейтінін анық білуіміз керек. Алайда бұл мәселені кейінге қалдыруға болмайды. Келесі жылы бірқатар ауыл әкімінің құзыреті аяқталады. Меніңше ауыл әкімдерінің сайлауын өткізу қажет» деп маңызды үрдісті бастауға пәрмен берді.

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің докторанты Еркебұлан Жұмашов осы салада біраздан бері зерттеп жүргенін білеміз. Ол өзінің «Қазақстанда Түркия тәжірибесі негізінде ауылды басқару жүйесін жетілдіру» атты мақаласында «Барлық салаларда жемісті жүргізілген реформалар өкінішке орай биліктің ең төменгі сатысы ауылдарды басқару жүйесіне келгенде сәтсіз шықты. Ал Қазақстан халқының 44 пайызы ауылдарда тұрады. Сәтсіз аяқталған реформалар нәтижесінде ауыл халқының қалаға үдіре көшуі кең қанат жаюда. Бұл еліміздің ауыл шаруашылығының ақсауына алып келетіні сөзсіз. Сондықтан ауылдардың инфрақұрылымын жақсарту, жұмыс орындарын ашу және ең өткірі де ауылдарда ыңғайлы, жинақы әрі әділ бір басқару жүйесін құру қажеттілігі көзге ұрып тұр. Сонда ғана ауыл халқының аяққа тұруына және ауыл шаруашылығы өнімдерімен импортты қанағаттандырып қана қоймай экспортқа шығаруға мүмкіндік туғызамыз» деген болатын.

Мемлекеттік басқару саласын реформалау кешенді түрде, бір-бірімен байланыстыра ұйымдастырылатын өзгерістерді талап етеді. Оның басты қағидасы бәсекеге қабілетті мемлекет қалыптастыруға, азаматтарға барынша қолайлы әрі ашық мемлекеттік аппарат құруға негізделуі тиіс. Бұл мақсатқа жету мемлекеттік биліктен жасалатын қадам мен белсенді азаматтық қоғамның іс-әрекетіне тығыз байланысты болмақ.

Барлық жаңалықтар