• Басты
  • Бекшин Алматы қаласында шектеу шараларының жеңілдеу себебін түсіндірді

Бекшин Алматы қаласында шектеу шараларының жеңілдеу себебін түсіндірді

5 Сәуір, 2021 19:36

Бүгін Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз алаңында Алматы қаласының бас мемлекеттік санитар дәрігері Жандарбек Бекшин онлайн байланыс арқылы қаладағы эпидахуал мен шектеу шаралары туралы айтты, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.



Алматы қаласының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінде эпидемиологиялық бағалау жүйесі енгізілді. Енді барлық факторды ескере отырып, апта сайын енгізілетін шектеу және рұқсат беру шараларына бағалау жүргізіледі.

«Жаңадан енгізілген әдістер бойынша ауру жұқтырғандардың қайдан жұқтырғанын талдауға мүмкіндік бар. Бұл халықаралық әдіс болып саналады. Олардың үй ошағы, жұмыс орны бойынша байланысы, әуе жолаушылардың инфекция әкелуі, жұқтыруы ықтимал орындар талданып, бағаланады», - деді Бекшин.

Осы әдіс бойынша санитар дәрігерлер қандай карантиндік шектеу шараларының тиімді емес екенін анықтай алады.

Эпидемиологиялық тексеру кезінде науқастармен сауалнама жүргізіледі. Сауалнама барысында олар базарда, дүкенде, не автобуста, метромен жүрген кезде жұқтырғандарын айтады.

«Маска тақпаймын, тойға барғанда маскасыз жүрдік. Нашар желдеткіш болды, 5-6 сағат бір орында отырдық деген көптеген түсініктемелері бар. Соның бәрін талдап, реттейміз», – деді Жандарбек Бекшин.

Алматының бас санитары дәрігері қаланың жабылмайтынын, локдаун енгізілмейтінін айтты.

«Әрине, қазіргі ахуал күрделі. Бірақ қыстан бері жасаған дайындығымыз қазіргі жағдайдан өтуге мүмкіндік беріп отыр. Бүгінде 7 011 төсек-орын бар. Бос төсек-орын саны 44,9 %-ды құрап отыр. Яғни 2 520 орын бос», - деді ол.

Жансақтау бөліміндегі төсек-орындардың 62 % бос. Сондықтан жағдай Қоғамдық денсаулық сақтау ұйымының бақылауында, мәселе күнделікті бақылауда. Спикер алаңдауға себеп жоқтығын алға тартты.

«Алаңдататын проблема жоқ. Себебі бәрі ауруханаға дер кезінде жатқызылып жатыр. Олардың саны 250-270 шамасында, 500-ге жеткен жоқ. Сондықтан қазіргі таңда локдаун, қаланы жабу деген әңгіме жоқ», - деді ол.

Бекшин жаңа қаулы бойынша жалпы білім беретін мектептерде 1-ден 5-ке дейін және халықаралық мектептерде 1-ден 7-ге дейін кезекші сыныптарды ашуға рұқсат берілгендігін атап өтті. Бекшин атап өткендей, қашықтан оқып жүрген оқушылар арасында ауру жұқтырғандар көбірек кездеседі.

«Сондықтан біз сыныптағы балалар санын 25-тен 15-ке дейін қысқартып, әлеуметтік қашықтықты, маска режимін және күшейтілген санитарлық-эпидемиологиялық режимді сақтау қабілетін күшейттік», - деді ол.

Алда келе жатқан Рамазан айында мешітке бару тәртібіне тоқтала келе Бекшин ереже қатаңдатылатынын жеткізді.

«Бұған дейін біз жеке ғибадат етуге, намаз оқуға рұқсат берсек, қазір қатаңдаттық, өйткені діни нысандардың қызметіне тыйым салдық, бүгінде инфекцияның жұқтыру мүмкіндігі жоғары. Басқа елдерде діни нысандар арқылы науқастар көбейген болатын. Қасиетті Рамазан айының қарсаңында алматылықтарға үндеу жасап отырмыз. Естеріңізде болса, өткен жылы ауызашар кезінде науқастар саны артты. Сол себепті біздің отандастар ұжымдық іс-шара өткізуді азайту туралы ұсынысымызды ескерсе екен дейміз. Үйдегі жиынға тек бір отбасы мүшелері ғана қатыса алады», - деді Бекшин.

Алматыда зообақ мұражайларына жұмыс істеуге мүмкіндік берілді. Себебі тергеу нәтижелері осы нысандарда ауру жұқтыру тіркелмегенін көрсетті. Ал азық-түлік және азық-түлік емес дүкендер үшін шараларды жеңілдету болмайды. Әмбебап және жабық азық-түлік базарларына келетін болсақ, оларға жұмыс істеуге рұқсат етілді. Бірақ демалыс күндері рұқсат етілмейді. Балаларға арналған, ересектерге арналған білім беру орталықтарының қызметіне тыйым салынған болатын. Алайда, ауру жұқтыруға жүргізілген талдау нәтижесі бұл объектілерде жұқтырғандар жоқ деп көреткен.

«10 адамнан аспайтын жағдайда олар жұмыс істей алады, Бір адамға алдын ала келісім бойынша, кемінде 4 шаршы метр. Толық тыйым салу не берді? Мұғалімдер санитарлық талаптарды сақтамай, үйде қабылдай бастады", – деді санитар дәрігер.

Қаланың бас санитар дәрігерінің жаңа қаулысына сәйкес, сауда ойын-сауық орталықтары жұмыс күндері ашық болады. Азық-түлік дүкендері 06.00-ден 00.00-ге дейін жұмыс істейді. Азық-түлік сатпайтын дүкендер кешкі сегізге дейін жұмыс істейді.



Барлық жаңалықтар