• Басты
  • Баяндылық бастауына айналған еңселі елорда
6 Шілде, 2020 08:00

Баяндылық бастауына айналған еңселі елорда

Нұр-Сұлтан қаласы ХХ ғасырдың соңында астана статусын алған, қысқа уақыттың ішіндегі даму қарқыны талайларды тамсандырған заманауи шаһар. Бүгінге дейін шаһардың атауы бірнеше рет өзгерген. Тарихшылар бүгінгі Нұр-Сұлтан қаласының орнында болған ірі өркениет ошағы Бозоқ қалашығы болғанын айтады. Бозоқтан кейінгі қала атауы Ақмола, кейін Целиноград, одан кейін қайтадан Ақмола, Ақмоладан кейін Астана атауы болып, Астана 2019 жылғы наурызда Нұр-Сұлтан қаласы болып өзгергенін айта кеткен жөн.

Баяндылық бастауына айналған еңселі елорда

Қаланың немесе осы жердегі тіршіліктің өркениет ретінде қалыптасуын маман-тарихшылар орта ғасырлық Бозоқ қалашығынан бастайды. Бұған негіз де жоқ емес. Археологиялық қазба жұмыстары аумағы 30 гектарды құрайтын Бозоқ қалашығында сауда-саттық, қолөнер, әскери саласы дамығанын дәлелдейді.

Бозоқ тарихында үш тарихи кезең белгілі.

Бірінші кезең – VIII-IX ғасырлар, ерте ортағасыр. Бұл кезеңге үш ауданнан тұратын мекеннің орталық бөлігі жатады. Сарыарқа қыпшақтардың атамекеніне айналып, Бозоқ қалашығы қыпшақтардың Еуразия кеңістігін жаулау жолындағы алғашқы ордаларының бірі болды. 

Екінші кезең – Х-XII ғасырлар, Қыпшақ хандығының күшею кезеңі. Бұл кезеңде балшықтан құйылған кірпіштерден үйлер, алғашқы кесене мен мұнара салынған. Қаланың айналасына тұрғындардың ойластырылуымен суландыру құрылыстары орнатылған. 

Үшінші кезең – XIII-XIV ғасырлар, Алтын Орда дәуірі.

photo5474529817480244583.jpg
                                                                            Ежелгі Бозоқ қаласы

Тарихи деректер Бозоқ қалашығындағы соңғы жерлеу шаралары XVIII ғасырда болғанын дәлелдейді.

Кейіннен 1830 жылы патшалық Ресей қазақ даласын отарлау саясатын жүргізу барысында бүгінгі Нұр-Сұлтан қаласының орнында Ақмола әскери бекінісін салған. Әскери бекіністі салуға жетекшілік еткен орыс полковнигі Федор Шубин. Бекіністі салу мақсаты «Қазақстанның оңтүстік шекараларын жоңғарлардан қорғау» деп көрсетілген. Ал мұның негізгі себебі қазақ жерін біртіндеп отарлау саясатына әскери тірек қалыптастыру болатын.
Ақмола әскери бекінісінде 1915 жылға қарай 19 мыңға жуық адамның тұрғаны тарихи деректерде айтылады.  Бұдан бөлек бекіністің айналасында бірнеше қазақ ауылдары болған.

1961 жылы жүз мың тұрғыны бар Ақмола қаласы Целиноград деген атты иеленді. Бұл Кеңес Одағы Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Никита Хрущевтің тың игеру саясатына байланысты болатын. «Бос жатқан» жерлерді игеру деген саясатпен Целиноград қаласына Кеңес Одағының өзге өңірлерінен түрлі этнос өкілдері жер аударылды. Бұл өңір халқының этникалық құрамына да өзгерістер алып келді. Қазіргі Нұр-Сұлтан қаласының ескі бөлігі немесе Есілдің оң жаңалауындағы ескі үйлер, өндіріс ошақтары мен мәдениет үйлері негізінен Целиноград кезеңінде салынғанын айта кету керек.

Қазақстан 1991 жылы тәуелсіздік алғаннан кейін 1992 жылы Целиноград қаласы бұрынғы атауы бойынша Ақмола деп қайта аталды. Сол жылы Ақмола қаласы тұрғындарының саны 270 мыңға жуық болатын. Осы Ақмола, бүгінгі Нұр-Сұлтан қаласының тәуелсіздік жылдарғы тарихы үлкен өзгерістер мен маңызды оқиғаларға толы.


                             Ел астанасын ауыстырудың тарихи себептері мен маңызды қырлары

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін ішкі және сыртқы саясатта, экономикада көптеген өзгерістер орын алды. Осы өзгерістердің бірі – тәуелсіз Қазақстан Республикасының астанасын ауыстыру саясаты деуге болады. 

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаев астананы ауыстыру жайлы өзінің «Тәуелсіздік дәуірі» атты еңбегінде (117-бет) былай келтіреді: «Мемлекет жүрегі оның астанасында соғады. Бұл – бұлжымайтын ақиқат. Жас мемлекетке міндетті түрде жаңа, заманауи астана қажет екенін тәуелсіздіктің бірінші күнінен-ақ ойладым. Осы ойымның дұрыстығына нық  сенімді едім. 1992 жылдың өзінде-ақ Ақмолаға жұмыс сапарымен келгенде, астананы осында ауыстыру туралы ойға келдім.

Қазақстанның жаңа астанасының жобасы кездейсоқ пайда болған жоқ. Тәуелсіздік алған күннен бастап жаңа жағдай, сол жағдай ерекшеліктерін көлденең тартқан мүлде басқа мемлекеттік ахуал қалыптасты. Бір сөзімде атап көрсеткенімдей, қазіргі уақыттың шындығы мен бірқатар геостратегиялық факторлар бізді өз геосаяси кеңістігімізді қайтадан қалыптастыру процесіне жаңа көзқараспен қарауға мәжбүрледі».

Астананы ауыстырудың бірнеше стратегиялық астары бар.

Біріншіден – ел астанасын мемлекеттің оңтүстік-шығыс шекарасынан елдің орталығына көшіру қауіпсіздік, өзге елді-мекендермен байланыс тұрғысынан өзекті. Өйткені жаңа астана еліміздің оңтүстік, солтүстік, шығыс және батыс өңірлерімен бірдей қашықтықта орналасқан болатын. Ел астанасын орталыққа көшіру арқылы мемлекет көлеміндегі инфрақұрылым, логистиканы дамытуға мүмкіндік берілді.

Екінші бір маңыздылығы – қауіпсіздік мәселесі. 

Ел аузындағы аңызға сүйенсек, Қазақ хандығы құрылған сәтте ұлтымыздың игі жақсылары хан ордасына жиналыпты. Асан қайғы бабамыз жиналған жұртқа астарлап жұмбақ жасырыпты. Ол қолындағы қамшысын кілемнің ортасына тастап, «Кім кілемді баспай қамшыны ала алады?» депті. Жұрт қанша тырысса да қамшыны ала алмапты.

Асан қайғы бабамыз «Ханда қырық кісінің ақылы бар» деген. Мүмкін, бұл қамшыны сен аларсың», - деп Жәнібек ханға қарапты. Хан кілемді шетінен бүктей отырып, оны баспай қамшыны алған екен.

Сонда бұл жұмбақтың мағынасын Асан қайғы былайша түсіндіріпті:

- Біз қазір қиын кезеңде тұрмыз. Хандық құрылды, бірақ астана еліміздің іргесінде. Егер мемлекетке қауіп төнсе, жау тез басып алады. Бұл жүрегімізге қанжар сұққанмен бірдей. Өйткені астана – елдің жүрегі. Егер астана орталықта болса, кілемді бүктегендей етіп оған жеткенше біз де қарап қалмаспыз. Сондықтан астананы Түркістаннан елдің орталығына - Ұлытауға көшірген дұрыс» деген екен. 

Алаш партиясының көсемі, белгілі мемлекет қайраткері Әлихан Бөкейхан да өзінің «Григорий Николаевич Потанин» атты мақаласында «Қазақты автономия қылсақ, Қараөткел – Алаштың ортасы, сонда университет салып, қазақтың ұл-қызын оқытсақ «Қозы Көрпеш – Баянды» шығарған Шоқан, Абай, Ахмет, Міржақыпты тапқан қазақтың кім екенін Еуропа сонда білер еді-ау» деген асқақ арманын жазған болатын. Әлихан айтқан Қараөткел бүгінгі Нұр-Сұлтан шаһарына өте жақын орналасқан. Бірақ әр түрлі себепке байланысты бұл идеялар іске аспайды. Сондықтан астананы ауыстыру оқиғасын бабалар аманатының орындалғаны деп те бағалауға болады.

Астананы елдің орталығына көшірудің үшінші бір маңыздылығы ретінде ел азаматтарының өзара тығыз араласуына ықпал еткен факторды атауға болады. Ақмоланың астана статусын алған кездегі тұрғын саны 270 мыңға жуық қана болатын. Ресми деректерге сүйенсек, 23 жыл ішінде елордада халық саны үш есе өсіп, 2020 жылдың мамыр айында 1 149 947 адамға жетті. Осылайша, өсім 849,442 адамды құрады.

Яғни, бүгінге дейін елордаға еліміздің өзге өңірлерінен жұмыс бабымен ағылған және Нұр-Сұлтан қаласының тұрғылықты халқына айналған адамдар саны 850 мыңға жуық. Бұл ел облыстары халқының өзара тығыз араласуына оң ықпал еткен себептердің бірі. Бұл маңызды мәселе. Өйткені түрлі себептермен Қазақстанның өзге өңірлері және сол жерді мекендейтін тұрғындар туралы қалыптасқан мифтік көзқарастар өзгеріп, достық, әріптестік және туыстық (құда-жекжат байланыстар) байланыстар нығая түсті. 

Қала тұрғындары санының өсуімен қалада құрылыс көлемі қде арқынды түрде ұлғаюда. Мысалы 2019 жылы қаңтар-шілде айларында жалпы көлемі 970 622 шаршы метрді құрайтын 11 461 пәтер қолданысқа берілген. Халықтың сұранысына орай қаладағы құрылыс көлемі де жылдан жылға артып келеді. 

Бұл шағын қаланың ауқымды мегаполиске айналуына ықпал етуде.

Ел астанасын ауыстырудың төртінші бір маңызды себебі Қазақстан халқының өңіраралық этникалық біркелкілігін қалыптастыру үрдісі. Яғни, мемлекетіміздің солтүстік және орталық бөлігінде қазақ халқының аз, өзге этникалық топтардың басым бөлікке ие екендігі тәуелсіздіктің алғашқы жылдары көзге анық ұрып тұратын. Бұл ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан тиісті шешім қабылдауды талап етті. Бас қаланы ауыстырудың арқасында бұл кемшіліктің орнын толтыруға мүмкіндік қалыптасты. 

Ел астанасын ауыстырудың бесінші маңыздылығы – бүгінге дейін әбден қалыптасқан, экономикасы, өнеркәсіп саласы қарқындаған және халық саны ұлғайған Алматы мегаполисін халық санының ұлғаюынан, сондай-ақ экологиялық тұрғыдан жақсарту және еліміздің өзге өңірінен жаңа бір гүлденген шаһар қалыптастыру мүмкіндігі деуге де болады.


                                                               Жаңа астанының қалыптасу тарихы

Жоғарыда баяндалғандарды ескере келе, 1997 жылы 20 қазанда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев «Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасы деп жариялау туралы» жарлыққа қол қойды. (1998 жылдың 6 мамырда Елбасының жарлығымен Қазақстан Республикасының астанасы — Астана қаласы болып аталды, ал 20 мамырда «Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. Сол жылғы 10 маусымда тәуелсіз Қазақстанның жаңа астанасының салтанатты ашылу рәсімі болып өтті. 

Бүгінде аталған оқиғалар айтқанға оңай көрінгенімен, ел астанасын ауыстыру идеясы оңайлықпен іске асқан жоқ. Алғашында бұл ойдың іске асуына күмәнмен қарағандар аз болған жоқ. Өйткені тәуелсіздік алып, жұмыссыздық жайлаған, жоқшылық дендеген, экономикасы тұралаған мемлекет үшін су жаңа астана салу утопия іспеттес болғаны жасырын емес. Ел президентінің бұл ұсынысы (өзінің туған күнінде депутаттардың алдына келіп, қолдауға ие болған) депутаттар тарапынан қолдау тапқанымен, астананы ауыстыру жақын арада жүзеге аса қояды дегендер аз болды. 

Елбасы Н.Ә. Назарбаев өзінің «Тәуелсіздік дәуірі» мемуарлық кітабында (121-бет) былай деп жазған болатын: «1997 жылдың 20 қазанында оқиға барысын жеделдету үшін «Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасы деп жариялау туралы» қаулы мәтінін ауызша айтып жазғыздым және дәл сол күні осы қаулыға қол қойдым. Бұл қаулы «Қазақстан-2030» Жолдауын жария еткеннен кейін тура 10 күн өткен соң қабылданды. Мұның да символдық мәні бар деп білемін. Осы қаулыға сәйкес, Ақмола 1997 жылдың 10 желтоқсанынан бастап республика астанасы болды».

1997 жылдың қысында, яғни дәлірек айтсақ 10 желтоқсанда Алматыдан Ақмола қаласына мемлекеттік қызметкерлердің алғашқы көші басталды. Есіл өзенінің сол жағалауында еңселі ғимараттардың көптеп бой көтере бастағаны мәлім. Мемлекеттік деңгейдегі ірі шаралар, маңызды шешімдер осы Елордада қабылдана бастады. Тұңғыш Президенттің ұйғарымымен ел астанасы – Астана деген ресми атауға ие болды. Еліміздің жаңа астанасы әлемдік картада Қазақстанның бас шаһары ретінде таныла бастады.

945615126648a6503c2a80b66324ff48_XL.jpg

Астана қаласында өнеркәсіп саласы қарқынды дамып, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетілді. 

Нұр-Сұлтан қаласы астана статусын алғаннан жиырма жылға жуық уақыт өткенде дотациялық қаладан республикалық бюджетке донор болатын жағдайға көтерілді. Бүгінде елордада өндірілген өнім еліміздің өзге өңірлеріне, шет мемлекеттерге экспортталып, бас қаламыздың өзі республикалық бюджетке түсім беретін жағдайға жетті.

Нұр-Сұлтан қаласы бірнеше жыл қатарынан еліміз бойынша жұмыссыздық көлемі бойынша ең тиімді көрсеткішке ие, яғни 4 – 4,5 пайыздық жұмыссыздық статистикасын көрсетіп, көшбасшылық танытып келеді. Бұл ішкі миграция есебінен жыл сайын 30-50 мың көлемінде елордаға көшіп келетін азаматтардың болғанына қарамастан жұмыспен қамту мәселесі реттеліп келеді. Мұны жыл өткен сайын шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері санының артуы және жаңа өндіріс орындарының ашылуымен байланыстыруға болады.

2020 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша Нұр-Сұлтан қаласында қызмет ететін шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 136 мыңды құраған. Ал осы осы салада еңбек етуші азаматтардың саны 380 мыңға жуық. 


                                                                   Шағын және орта бизнес

astana.jpg
          Ел астанасындағы шағын және орта бизнес көрсеткіші 


Мемлекеттік саясат Нұр-Сұлтан қаласын заманауи дамыған шаһарға айналдыруға бағытталған. Қазіргі таңда «ақылды қала» тұжырымдамасы, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, туристік секторды нығайту, инвестиция көлемін арттыру, экологиялық ахуалды барынша реттеу, қауіпсіз қала саясаты қарқынды жүргізілуде.

Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласына табиғи газ тарту жұмыстары қызу қарқынмен жүргізілуде. Арқаға газ тарту идеясын Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың пәрменімен іске асырыла бастаған іргелі жоба. Бүгінде табиғи газ Нұр-Сұлтан қаласына жетті. Ендігі кезекті тұрғын үйлер мен ірі кәсіпорындарды газдандыру жұмыстары басталып кетті. 

2020 жылы қаңтар айында Нұр-Сұлтан қаласының әкімі атап өткендей, барлық процедуралық мәселелер шешілді, бірінші кезеңнің барлық іске қосу кешендері бойынша жұмыс белсенді түрде жүргізілуде.

ЖЭО-1 және ЖЭО-2 газға ауыстыру бойынша байқау жарияланды.

Биыл ЖЭО-2-де энергия жабдығын реконструкциялау аяқталады, бұл жылу бойынша 180 Гкал/сағатқа және электр қуаты бойынша 120 МВт өсімге қол жеткізеді. ЖЭО-3 бойынша Энергетика министрлігімен бірлесіп жобаға түзету жүргізілуде.

Қаланы газдандыру көпшілікті толғандырған экологиялық мәселелердің оң шешілуіне ықпал етеді деп күтілуде. Бұл ретте, үш кезеңнен тұратын қаланы газдандыру жұмыстары ең әуелі табиғи газды ауаны ластаушы жылу электр орталықтары, жеке сектордағы жер үйлерге жеткізуді көздейді.  

Айта кетерлік мәселе, мамандар қаланы газдандыру қалыптасқан экологиялық проблеманы ең көп дегенде елі пайызға дейін ғана шешетінін айтуда. Бұл ртте, қаладағы көліктерден шығатын атмосфералық газдарды азайту мәселесі де өзекті болып қала бермек. Ол үшін қоғамдық қатынас инфрақұрылымы барынша жетілдіруі қажет. Бұл ретте, көлік инфрақұрылымын дамыту жоспары алдағы уақытта одан әрі жетілдіріле береді деп сенеміз.

Тәуелсіздік жылдары еңселі Елордамызда Қазақстанның белсенді көпвекторлы және бейбітсүйгіш саясаты аясында әлемнің аузын айға білеген саясаткерлерін, мәдени және діни көшбасшыларын, мықты экономистердің және сарапшылардың басын қосқан алқалы диалог алаңдары ұйымдастырылып, әлемді бірлікке, татулыққа шақырған, сондай-ақ ортақ шарттар қабылданған маңызды жиындар ұйымдастырылып келеді. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының саммиті, Әлемдік дін және конфессия көшбасшыларының дәстүрлі съездері, Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңестің алғашқы отырысы, Шанхай ынтымақастық ұйымы лидерлерінің кездесулері, ЭКСПО-2017 халықаралық  мамандандырылған көрмесі, VII қысқы Азия ойындары, Астана экономикалық форумы сияқты ірі халықаралық шаралар осының айқын дәлелі.

Жыл өткен сайын Елорда ажарланып, зәулім ғимараттар, ірі әлеуметтік және өндіріс нысандарының қатары көбейіп келеді. ЭКСПО ғимараты, Қазақ Елі монументі, Астана Опера, Хан Шатыр, Бейбітшілік және келісім сарайы, Ұлтты музей, Бәйтерек монументі, Ботаникалық саябақ тек астаналықтар емес қала қонақтары жиі аялдайтын туристік және көпшілік орындарға айналып үлгерді. 

Елорда бүгінде тек ресми статусы бар шаһар ғана емес зиялы ортасы қалыптасқан, жастар шоғырланған, өнеркәсібі дамыған орталыққа айналды. 

Қорыта келгенде айтпағым, қала да адам организмі іспетті. Ол да үнемі дамып, жаңарып, өзгеріп отыруы тиіс. Елорданың да өзге ірі қалалар сияқты өзіндік проблемалары мен жетістіктері бар. Қаланың экологиялық мәселелері, ағын су канализациясын жетілдіру, қоғамдық көлік, мектеп пен бала бақша тапшылығын шешу, шет аймақтарды дамыту, емхана мен аурухана нысандары санын көбейту және оларды қажетті заманауи құрал-жабдықтармен қамту сияқты т.б. жайттар бүгінде Елорданың күн тәртібінде тұрған және тиісті құрылымдар шешуге әрекет жасап жатқан өзекті мәселелер. Бұл мәселелер Нұр-Сұлтан қаласын 2030 жылға дейінгі дамыту бас жоспарында қарастырылған. Бұдан бөлек аталған жоспарға сәйкес әрбір сала бойынша қаланы дамытудың детальды жоспары жүзеге асырылуда. 

Қаланы дамыту бағдары азаматтар үшін қауіпсіз орта қалыптастыру, тұрғындарға арналған әлеуметтік игіліктердің сапасы  мен тізімін барынша кеңейту, «ашық әкімдік» форматында азаматтардың мұң-мұқтажы мен талап-тілектеріне құлақ түру және «елордалық мәдениет» қалыптастыру, меценаттық және мейірімділік қызметтерін дамытуға арналған. Бұл өз нәтижесін беретін және Әл-Фараби бабамыз өсиет еткен «қайырымды қала» құру идеясының өзегі болып табылады.

Барлық жаңалықтар