• Басты
  • Бауыржан Қарағызұлы, ақын: Абай күні – ақыл күні

Бауыржан Қарағызұлы, ақын: Абай күні – ақыл күні

10 Тамыз, 2020 17:34

10 тамыз - Абай күні. 2020 жыл - Абай Құнанбаевтың туылғанына 175 жыл. Айтулы күнге орай ақын Бауыржан Қарағызұлы Абай күні туралы пікір білдірді.

Ақынның жазуынша, қазақ баладай қуанса да, данадай қамықса да ұлы Абайдың шынайы сөздеріне жолығады.

Шындық пен шынайылық дауысынан өзінің жан-дүниесінің есімін естиді. Біз сондықтан ұлы Абайды ұстат тұтамыз, сондықтан қадір-қасиетімізге балаймыз. Әулие тұтамыз! Шынын айтайын, айналаңды аты жаман дерт үрейімен үркіткен уақытта, ел Президеті Үкіметке тапсырма беріп 10 тамыз – «Абай күні» деп белгілетіп, мерекелер тізбесіне қосып, ұлттық идеологияның алтын ұстыны ретінде бағалап, бірнеше рет арнайы мақала жазып, мемлекеттік деңгейде ғұламаны әлемге таныту жолында нақты қадамдар жасап жатқаны қарапайым қазақ ретінде, ақын ретінде мені шын қуантады, - деді ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.

 Қазақты әр нәрсеге абай болуға шақырып, Абайдың ұлағатын естен шығармау керектігін айтады.

 Қай уақытта да айғай сөзден ақыл сөз артық. Жан-жағыңды бажайлайсың, мынау аласапыран заманға байыппен қарайсың. Абай бізді ұрыншақ ұраннан құтқарады, сабырлы ақылға жүгіндіреді. Абай ұлттың ұлы ақыны, кемеңгер ойшылы ғана емес, біздің әділ, шынайы, күретамырымыздан жақын сыншымыз. Хәкім уақыттан тәуелсіз тұлға. Уақыттың қай нүктесінде де біздің қасымызда. Абай тек қазаққа ғана тиеселі данышпан емес, ол әлемдік деңгейдегі данышпан.

 Бүгін – Абай күні! Бүгін – ақыл күні! Бүгін өзіміздің рухани келбетімізге шынайы көзбен қарау күні! Кемшілігімізді мойындайтын күн. Кетігімізді толтыратын күн! Абайдың туған күні Рухымызға дем берсін, дәтімізге қуат берсін! Сөзімізге дес берсін, Ес берсін! Абай күні құтты болсын, - деп Бауыржан Қарағызұлы оқырмандарын құттықтады.

 Бауыржан Қарағызұлының «АБАЙ. МЕН. ДИОЛОГ.» топтамасынан

– Жүректе қайрат болмаса

Ұйықтаған ойды кім түртпек?

Ақылға сәуле қонбаса,

Қайуанша жүріп күнелтпек.

– Сөзбенен өзін алдаса,

Ол да бір хайуан жайылған.

Жүрегі таза болмаса,

Білімнен қандай қайыр бар?

– Аспаса ақыл қайраттан,

Тереңге бармас, үстірттер.

Қартыңның ойы шар тартқан,

Әдеті жеңіп күңгірттер.

– Асқазан үшін ақылы,

Аспандап кеткен пенденің.

Ар үшін әділет шақырып,

Аһ ұраған жанды көрмедім.

– Тән сүйгенін бермесе,

Жан шыдамас жаны ашып,

Бере берсең бер десе,

Үміт етер таласып.

– Рух пен Жаның бір емес,

екеуі бөлек, Тән – басқа.

Өмірдің нәпсі гүлі емес,

Тірлігің үшін алжасқан.

– Малда да бар Жан мен Тән,

Ақыл, сезім болмаса.

Тіршіліктің несі сән,

Тереңге бет қоймаса?

– Иманның нұры, қарашы,

Өмір мен Өлім арасы.

Ақыл мен Сезім – Рухым,

жүректің шексіз данасы!

– Атымды адам қойған соң,

Қайтіп надан болайын?

Халқым надан болған соң,

Қайда барып оңайын?!

Барлық жаңалықтар