• Басты
  • «Бастау Бизнеске» 5 жыл: Жоба түлектері тәжірибесімен бөлісті

«Бастау Бизнеске» 5 жыл: Жоба түлектері тәжірибесімен бөлісті

22 Қыркүйек, 2021 15:54

Бүгін «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Бастау Бизнес» жобасының 5 жылдағы жұмысын қорытындылады. Нұр-Сұлтан қаласында жоба түлектерінің өнімдерінен көрме ұйымдастырылып, және онлайн-форум өтіп жатыр. Сонымен қатар, форум аясында кәсіпкерлер мен олардың бизнес-тренерлері шеберлік сабағын өткізуде. Жалпы, осы уақыт ішінде 185 мыңға жуық қазақстандық кәсіпкерлік негіздерін оқыған. Жиынға қатысқан жоба түлектері өздерінің бизнесі туралы, сондай-ақ кәсіпті қалай бастағаны жөнінде тәжірибесімен бөлісті. Толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің материалынан оқиы аласыздар.

Жиын басында экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бейнеүндеуі көрсетілді. Ол өз сөзінде «Бастау Бизнес» бағдарламасының 5 жылда атқарған жұмысын жоғары бағалап, жобаны Қазақстан бойынша жалғастыру қажеттігін атап өтті.

«Баршаңызға мәлім, шағын және орта бизнесті жан-жақты қолдау мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып саналады. Сол үшін біз тиісті заңнаманы жетілдіріп, салық ауыртпалығын азайттық, әкімшілік рәсімдерді қысқартып, кредиттік ресурстарға қолжетімділікті арттырдық. Соның арқасында елімізде шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері жыл санап артып, экономиканың осы секторында еңбек ететін азаматтар көбейді», - деді елбасы өз үндеуінде.

Оның дерегінше, қазіргі таңда шағын және орта бизнес саласында жұмыс істейтін адамдардың саны 4 миллионға, ал оның жалпы ішкі өнімдегі үлесін 35 пайызға жеткізу үшін біраз шаруа атқарылып жатыр. Бұл міндет «Нұр Отан» партиясының «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір» атты бағдарламасында нақты көрініс тапқан.

«2016 жылы мен елімізде жаппай кәсіпкерлікті дамыту жөнінде бастама көтерген болатынмын. Бүгінде бұл бастама осы мақсатқа қол жеткізудің маңызды құралына айналып отыр. Онда ауыл-аймақтар мен шағын қалаларда өз ісін бастаған кәсіпкерлерді қолдауға ерекше көңіл бөлу керегі айтылған. Бастаманың тағы бір негізгі бағыты – жаңадан кәсіп ашқан бизнесмендерді қолдау шараларын қаржылық сауаттылыққа оқыту жүйесін енгізу еді», - деп толықтырды экс-президент.

Ол осылайша, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Бастау Бизнес» жобасын қолға алғанын, жлбаның нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытуға арналған «Еңбек» бағдарламасының маңызды бөлігіне айналғанын тілге тиек етті.

«Оқу аяқталғаннан кейін бизнес-тренерлер жыл бойы кәсіпкерлердің жобаларына жетекшілік етеді. Ісін жаңа бастаған кәсіпкердің проблемасын шешуге көмектеседі. Бұл, әсіресе, бизнеске жаһандық пандемияға байланысты қатты қысым түскен кезде өте қажет. Еліміздің гүлденуі азаматтардың әл-ауқатына тікелей байланысты, сондықтан мен жоғары бағалайтын «Бастау Бизнес» бағдарламасының барлық қатысушысына сәттілік тілеймін. Ел бойынша бұл бағдарламаны жалғастыру керек», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен бірге, төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев қазір өтінімдерді қарау және ақша беру бойынша жұмыс қарқынды жүріп жатқанын еске салып өтті.

«Атамекен» микроқаржы ұйымдарына 2 мыңға жуық өтінім түсті. Берілген микронесиелердің нәтижесі бойынша бес мыңнан аса кәсіпорын мен кемінде он мың жұмыс орнының ашылуы, сондай-ақ бюджетке төленетін салық төлемінің ұлғаюы күтілуде. Бес жыл ішінде «Бастау Бизнес» нағыз халықтың жобасына айналды, әсіресе, ауылдық жерлерде жүздеген мың қазақстандықтың өмірін өзгертуге мүмкіндік берді деп сеніммен айта аламыз. Елді мекендерде жобаға деген сұраныс жоғары», – деді Тимур Құлыбаев.

Аталған көрмеде «Бастау Бизнес» түлектері өздері өндірген өнім және көрсететін қызмет түрлерін, атап айтқанда азық-түлік, ұлттық тоқыма бұйымдар мен әшекейден бастап, құрылыс жабдықтары және түзету кабинеттерінің қызметіне дейін ұсынып жатыр. Ал, шеберлік сабағында түлектер кәсіпкер болу жолы туралы айтып, жобаларын таныстырды.

2021 жылы бағдарлама бойынша «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 30 мың қазақстандық білім алды. Сондай түлектің бірі - 2019 жылы «Бастау Бизнес» жобасы бойынша «Кәсіпкерлік негіздері» курсын өтіп, лимон өсіру шаруашылығымен айналысытан жылыжай кәсібін ашқан Данияр Әбдіразақ. Ол Жамбыл облысы, Мерке ауданының тумасы. Өзінің айтуынша, Оңтүстік Кореяда 7 ай болып келген соң, үлкен қалаға кетпей, туып өскен ауылында қалып, Кореяда көрген жылыжайда лимон өсіру шаруашылығын «Бастау Бизнестің» сабақтарында колдана отырып, іске асыруды жөн санаған.

«Жобаның тиімділігін есептеулер көрсетті. Технологиясын Жамбыл облысының «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған семинарда зерттедім, онда сарапшы өз тәжірибесін айтып, осы істің ерекшеліктерін түсіндірді. Сол жылы «Лимон өсіру» жобамен «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы бойынша инновациялық гранттар байқауына қатысып, 2,5 млн теңге көлемінде грант ұтып алдым», - деді ол ағынан жарылып.

Өзінің айтуынша, биыл жылыжайда лимон ағаштары жеміс берген. Мәселен, әр ағаш 15 кг дейін жеміс беріп тұр.

«Енді Мерке ауданының тұрғындары өз ауданынан шыққан лимонды тамаққа пайдаланады. Алдағы 2-3 жыл мерзімінде лимонариумды 3 гектарға дейін үлкейтуді көздеп отырмын. Сонымен қоса, қосымша асыл тұқымды гиссар қой шаруашылығын дамыту үшін «Атамекен -Тараз» микро қаржалық ұйымынан 4 млн теңге несие де алдым», - деді Данияр Әбдіразақ.

Сонымен бірге, ол өз кәсібін ашып жүзеге асыруға себепші болған «Бастау Бизнес» жобасына, бизнес-тренерлергеге, «Атамекен» Кәсіпкерлер палатасы көрсеткен көмегі үшін алғыс білдірді.

Бұдан бөлек, Атырау облысының тумасы Бөлекбай Қуанышқалиев те осы жобаның түлегі екенін мақтан етінін айтып, жобаға қыту арқылы ұлттық бұйымдар шеберханасын қалай ашқаны туралы айтып берді.     

«Бала кезімнен ұсталықпен айналыстым. Бүгінде менің қолымнан шыққан туындылар домбырадан бастап ер тоқымға дейін Қазақстанның түкпір түкпірінде жүр. Биыл мамыр айында Бастау жобасын аяқтап, грант ұтып алдым. Бастауға келгенге дейін ұсталықты тек сүйікті ісім ретінде ғана қарайтынмын. Сүйікті ісімді бизнеске айналдырамын деген ойым да болған жоқ. Бизнес жасауға құрал жағы да тапшы болатын. Бастауға келіп менде бір сенім пайда болды», - деді ол.

Ол кәсіпкерлікпен айналысуға ынтасы мен талабы бар кез келген адам қабілетті екенін ұққанын жеткізді. 21 күндік курс кезінде кәсіпкерліктің қыр сырын ұғып, соның арқасында грант ұтып, кәсібін бастағанын айтты. Енді жеңілдетілген несиеге құжат жинап жатыр екен.

«Мен сияқты батыл қадам жасауға жүрексініп, кәсібін бастай алмай жүрген жандарға айтарым – қорықпаңыздар. Бүгінде кәсібін ашам деген жандарға мемлекеттің тарапынан қолдау көп. Қазір екі шәкіртім Атырау қаласында ағаш жөндеу цехын ашып отыр. Ал менің асыл арманым – ағаш бұйымдарын жасап қою ғана емес, ата-баба үрдісін жалғастыратын қолөнершілер мектебін ашу. Тағы бір мақсат - халқымыздың өнері мен мәдениетінде өз қолтаңбамды қалдыру. Бастауға келіп көп мақсаттарымды жүзеге асырып жатырмын. Мүмкіндіктерге қол жеткіздім», - деді Бөлекбай Қуанышқалиев.

Сондай-ақ, Қостанай облысының тұрғыны Алмат Нұрмаханов деген азамат та өз тәжірибесімен бөлісті. Ол түйе өсіру фермасын ашқан.

«Осыдан 5 жыл бұрын «Бастау Бизнес» жобасында оқып, соның аясында түйе фермасын аштым. Мен түйелерді жеңілдетілген несиеге сатып алдым. Бұл қаражат менің бизнесіме жақсы серпін берді, ал 2 жылдан кейін мен тағы да қосымша 5 миллион теңге несие алдым. Қостанай облысында түйелер өте сирек кездеседі, сондықтан бәсекелестік жоқ. Осының арқасында біздің шұбат тез танымал болды. Бүгінде ферманың мал басы 30 түйені құрап отыр», - деді ол.

Сонымен бірге, ол осы жылы жұбайы екеуі бизнестерін кеңейту мақсатында Қостанай облысында киіз үйде әзірленген алғашқы этнокафе ашқанын, онда қонақтарға шұбат және басқа да ұлттық сусындар мен тағамдар ұсынылатынын жеткізді.

«Бірақ біз мұнымен тоқтап қалғымыз келмейді. Алдағы уақытта фермада толыққанды туристік база ашуды жоспарлап отырмыз, онда түйелерге мініп, киіз үйде демалып, ұлттық тағамдардан ләззат алуға болады. Менің ойымша, қазір Қазақстанда ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер үшін барлық жағдай жасалған. Мемлекет бізге білім беріп қана қоймай, бастапқы капиталды да алуға мүмкіндік береді. Ең бастысы-еңбек ету, өз мақсатыңды берік ұстану және әрі қарай дами беру», - деп түйіндеді ол сөзін.

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, бес жылда 185 мыңға жуық адам кәсіпкерлік негіздерін оқыған. Олар 53 мың бизнес-жобаны іс жүзіне асырған. «Бастау Бизнес» жобасының әр үшінші түлегі кәсібін бастады. Жоба түлектері 70 мыңға жуық жұмыс орнын ашып, 1,4 млрд теңгеден аса салық төлеген. «Бастау Бизнес» жобасы нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатыр.

Еске салайық, «Бастау Бизнес» жобасының тарихы 2016 жылы басталды. Пилоттық жоба Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданында, Жаңаөзенде және Ақтөбе облысының Темір ауданында іске қосылды. Тура бір жылдан кейін «Бастау Бизнес» Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының екінші бағытын оқыту форматы ретінде қабылданды. 2017 жылы 80 ауданның ауылдарындағы 15 мың тұрғын оқып, әрбір бесінші азамат (3 314 немесе 22%) жобасын іске асырды.

Барлық жаңалықтар