• Басты
  • Бас санитар дәрігер карантин талаптары жиі бұзылатын аймақтарды атады

Бас санитар дәрігер карантин талаптары жиі бұзылатын аймақтарды атады

23 Шілде, 2020 13:53

5 шілдеден бастап елімізде карантин енгізілгенімен, кей облыстарда карантин талаптары сақталмай келеді. Бұл туралы елордада карантиндік шараларды сақтау және олардың аралық нәтижелері жөнінде өткен баспасөз мәжілісінде ҚР бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова айтты, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

Айжан Есмағамбетова санитарлық-эпидемиологиялық органдар жоспардан тыс тексеру жұмысын жүргізетінін атап өтті. Оның сөзіне сүйенсек, қазіргі таңда 270 нысан тексеріліп, барлық бұзушылықтар анықталған. Осы орайда тексеру нәтижелері бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы 1036 хаттама толтырылды. 202 бұйрық шығарылып, 23 бизнес нысанының қызметі тоқтатылған.

«Тексерулер мен рейдтер барысында анықталған заңды бұзғаны үшін 457 лауазымды тұлға 65 миллион теңгеден астам сомаға жауапкершілікке тартылды. Бүгінгі таңда карантин талаптарын бұзған адамдарға қатысты әкімшілік шаралар қолданылып жатқандығына сіздердің назарларыңызды аударғым келеді. 5 шілдеден бастап 495 тұлғаға 20 миллион теңгеден астам айыппұл салынды. Карантин талаптары Алматы мен Түркістан облысында жиі бұзылады», - деді Айжан Есмағамбетова.

Сонымен қатар бас санитар дәрігер Қазақстан бойынша 640 аймақтық мониторинг жасайтын топ жасақталғанын айтып өтті. Оның сөзінше, бұл мониторинг жасайтын топ өңірлердегі әкімдіктердің жанынан құрылды. Оның құрамына жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, жергілікті полиция қызметі кіреді. Айжан Есмағамбетованың айтуынша, арнайы мониторинг тобы 5 шілдеден бастап карантин кезінде жұмысын жалғастырып жатқан 25 438 нысанды аралап шықты. Тексеріс барысында 3 мыңнан астам нысан карантин талаптарын сақтамағаны анықталды. Айта кететін бір жай, карантиннің алғашқы аптасында арнайы мониторинг тобы карантин режимін сақтамағандарды жауапкершілікке тартқан жоқ. Көп жағдайда түсіндірме жұмысын жүргізді.

«Рейд барысында тұрғындарға 16 мыңнан астам ұсыным берілді. Ал 742 нысан өздігінен жұмысын тоқтатты. Арнайы мониторинг тобы жұмысының нәтижесіне сүйенсек, рейд кезінде маска режимін сақтамау, әлеуметтік қашықтық, карантинде жұмыс істеуге тыйым салынған объектілердің жұмысын жалғастыруы, маскалармен, антисептиктермен қамтылмауы, сондай-ақ төтенше жағдай басталғаннан бері тыйым салынған іс-шараларды ұйымдастыру секілді бұзушылықтар кіреді», - деді бас санитар дәрігер.

Бұдан бөлек Айжан Есмағамбетова соңғы 20 күнде 63 491 адам ауруханаға жеткізілгенін тілге тиек етті. Бүгінде 45 мың пациент стационарларда ем алуда. Ал жыл басынан бері елімізде 234 187 адам пневмонияның түрлі түрімен ауырған. Тәулігіне ауру деңгейі 1600-1700 деңгейінде сақталып отыр. 5 шілдеден бастап қатаң шектеу шаралары енгізілгеннен бастап екі аптаның ішінде республикада 21 532 жағдай тіркелген.

Сондай-ақ бас санитар дәрігер 76 794 жағдай тіркелгенін атап өтті. Оның ішінде 48 200 науқас немесе 63 пайызы емделіп шыққан. Алдыңғы екі аптамен салыстырғанда сырқаттану бір деңігейде қалып отыр. Маусым айында сырқаттанудың апталық өсу қарқыны 1,3-тен екі есеге дейін өскен.

«Қатаң шектеу шаралары енгізілгеннен бастап сырқаттану деңгейінің өспегені байқалып отыр. 5 шілдеден бастап республика бойынша қатаң карантиндік шектеу шаралары енгізілді және коронавирустық инфекцияның одан әрі таралуын алдын алу мақсатында денсаулық сақтау министрлігі халықтық карантиндік талаптарды сақтауды қамтамасыз етуге бірқатар ұйымдастыру және құқықтық шараларды қабылдады», - деді Айжан Есмағамбетова.


Айта кету керек, коронавирус инфекциясы созылмалы инфекциялық ауруы бар адамдар үшін аса қауіпті екені бұған дейін де айтылды. Айжан Асмағамбетованың сөзінше, елімізде созылмалы ауры бар 319 адам коронавирус инфекциясын жұқтыруы салдарынан көз жұмған. Оның сөзіне сенсек, олар өзінің созылмалы ауры болғаны себепті қайтыс болды.

Сонымен қатар бас санитар дәрігер карантин жағдайында үйде де, сыртта да бетперде кию міндетті екенін атап өтті. Оның сөзінше, бұл ескеріліп, талаптар қойылады және осы талаптарды орындамаған Қазақстан азаматтары жауапқа тартылмақ.

«Бұл масканың инфекцияның таралуынан шынымен қорғайтындығы дәлелденген. Коронавирус әуе тамшыларымен өтеді. Вирустың тез жұғатыны бұған дейін де айтылған», - деді бас санитар дәрігер.

Бұдан бөлек Айжан Есмағамбетова карантин талаптарын орындамаған қазақтандықтар 425-cтатья бойынша әімшілік-құқықтық жауапкершілікке тартылатынын еске салды.

Барлық жаңалықтар