• Басты
  • Бас онколог: Әрбір қазақстандық тегін скринингтен өте алады
15 Маусым, 2020 18:05

Бас онколог: Әрбір қазақстандық тегін скринингтен өте алады

Жыл сайын 35 мыңға жуық қазақстандықтың онкологиялық ауруға шалдыққаны анықталады және жалпы 15 мыңдай қазақстандық аталмыш қауіпті дерттен қайтыс болады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 2030 жылға қарай онкологиялық аурумен тіркелгендер саны 23 миллионға дейін жететінін болжап отыр. Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының басқарма төрайымы Диляра Қайдарова ауруды дер кезінде анықтағанда қайғылы жағдайды болдырмаудың мүмкіндігі туралы айтып, ҚР ДСМ-нің әлеуметтік желідегі жеке парақшасында халықтың сұрақтарына жауап берді, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі. 

Бас онколог: Әрбір қазақстандық тегін скринингтен өте алады

Бас онкологтың пікірінше, әрбір қазақстандық жұмыс берушісінен екі күнге сұранып, тегін скринингтен өтуіне мүмкіндігі бар. Бұл онкологиялық аурудың алдын алу үшін өте қажетті қадам. Скрининг – адам денсаулығының бірнеше көрсеткішін бірден анықтайды. Сәйкесінше, тексерілуге келген адам екі күннің ішінде өзінің денсаулығы туралы мәліметті толықтай ала алады.

«Скринингтер онкологиялық аурулармен қатар, қант диабеті, гипертония және холестеринді анықтауға мүмкіндік береді. Өткен жылы біздер қазақстандықтарға әлеуметтік демалыс беру туралы бастама көтеріп, онымыз үкіметтен қолдау тапқан болатын. Қазақстан азаматтарының денсаулығы туралы жаңа кодексте аталған шаралар қарастырылған. Дегенмен, тексерістен өту көп уақыт алмайды. Екі күн жеткілікті. Отандастарымыз жүрек қантамырлары аурулары мен қатерлі ісікті ерте анықтауға мүмкіндік алады», - деді бас онколог. 

Бас онколог Диляра Қайдарова әр емханада жұмыс істеп тұрған профилактикалық кабинетке жазылып, тегін скринингтен өтуге болатынын хабарлады. Карантинге байланысты мұндай тексерулерді өткізу тәртібі уақытша өзгерген болуы да мүмкін, сондықтан, алдын ала хабарласып білуге болады. Мамандардың болжамына сәйкес, скринингтен өтетін екі күн ішінде қатерлік ісікпен қатар қандағы холестерин, қанттың деңгейі де тексеріліп, артериялық қысымды да анықтау маңызды. 


Қазір елімізде бірінші орында, жүрек қантамырлары ауруларынан қайтыс болатындар тұрса, екінші, көлік апатынан көз жұмғандар тұр. Ал, онкологиялық аурумен ауыратындар қайтыс болатындар саны бойынша үшінші орында.

Барлық жаңалықтар