• Басты
  • Бас мүфти: Жаназаға 30 адамнан артық жиналуға болмайды
3 Шілде, 2020 10:33

Бас мүфти: Жаназаға 30 адамнан артық жиналуға болмайды

Бүгін ҚР Президенті жанындағы «Орталық Коммуникациялар қызметінде» өткен баспасөз конференциясында  ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы  еліміздің мұсылман қауымын көпшілік болып жиналмауға шақырып, Жаназа намазы мен Құдайы астарға қатысудың ережесін сақтауға үндеді, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

Бас мүфти: Жаназаға 30 адамнан артық жиналуға болмайды
Қазақ халқы торқалы той мен топырақты өлімде төбе көрсетуді өзінің міндеті санайды. Тойда тілек айту немесе кісі қайтқанда оған бір уыс топырақ салу – салтымызға сіңген ғұрыптың бірі. 

Алайда адамның ғұмыры – Алланың аманаты. Оған адал болу – адамдық борыш. Немқұрайлы қарау – қауіп пен қатерге апарады. Сондықтан елдегі барша жамағатты осы бір қиын кезеңде барынша сақтануға, жиын-тойлар мен садақа астарға мүмкіндігінше бармауға шақырамын.

Бас мүфти Жаназа намазына қатысты мына талаптардың орындалу керектігін түсіндірді:
– Жаназа намазына бір ғана діни қызметкердің қатысуына;
– Жаназа намазына тек отбасы және жақын тумаларының қатысуына;
– Жаназаға жалпы саны 30 кісіден артық жиналмауға;
– Бойында дене қызуы немесе жөтелі бар кісінің жаназа намазына мүлде қатыспауына;
– Жаназа намазына келуші кісі міндетті түрде санитарлық нормаларды (бетперде тағу, медициналық қолғап кию және екі метрден кем емес арақашықтық) сақтауға шақырамын;

Сондай-ақ, індеттен қайтыс болған мәйітті дәрігердің нұсқаулығына сай жуу керек. Жаназа намазы мен уағыздың жалпы уақытын 5 минуттан асырмау керек. Жаназа намазы барысында қол алысып амандаспау қажет. Жаназа намазының сабын түзегенде кемінде екі метр қашықтықты сақтау керек. Қабір басында мәйіт жер қойнына тапсырылғаннан кейін жамағатты тездетіп қайтару керек. Жасы үлкен кісілер, денсаулығы нашар адамдар (ер мен әйел) және жас балалар жаназа намаздарына қатыспағандары дұрыс. Дәл қазіргі жағдайда қонақ асын өткізбеген дұрыс. Жаназадан кейінгі асты өткізбеуге немесе отбасы мүшелерімен шектелуге міндеттеледі.

Наурызбай қажы Тағанұлы құдайы астарға (жетісі, қырқы, жүзі, жылы және тағы басқа) қатысты талаптарды орындауға:
– Астарды өткізбеуге немесе отбасы мүшелері, жақын тумаларымен шектелуге;
– Бір ғана діни қызметкердің қатысуына;
– Санитарлық нормаларды (бетперде тағу, медициналық қолғап кию және арақашықтық) сақтауға шақырды. 

Мас мүфти мешітке жамағат болып жиналуға да тыйым салынғанын айта кетті.

Мешітте құлшылық ету - сауапты амал саналса, карантин жағдайында өзгелерге қиянат жасамай, үйде оқшауланып, ғибадат ету - ол да үлкен сауап.

ҚМДБ Төрағасы сұрақтарға жауап беру барысында белгілі дін  қайраткері, Сарыағаш медресе колледжінің директоры Әбдіғаппар Смановтың жаназасына жиналған жамағаттың көптігі жайлы айта кетті:

Жаназа намаз барлық адамға парыз емес. Бірнеше адам ғана қатысса да, қалғандарының мойынан бұл жүк түседі. Әбдіғаппар Смановтың алдынан өткен шәкірттері Сарығаш қаласынан және көршілес ауылдардан келіп, оның жаназасына қатысқан. Бәріне мәлім, Әбдіғаппар Смановтың шәкірттері өте көп. Әлеуметтік желілерде таралған видеоларда көрінгендей, жамағат санитарлық талаптарды мүлдем сақтамаған. Қасиетті Құранда Аллаға сыйынуды, Пайғамбарға еруді, басшыға бойұсынуды Алла Тағала бұйырған. ҚМДБ пәтуалары мен баяндамалары Қасиетті Құранға, Пайғамбар сүннетіне және ата-баба дәстүріне сүйене отырып жасалады. Ол ханға да қараға да бірдей. Әрине, жақсы көретін жақындарымыз қайтыс болғанда онымен қоштасып қалғың келеді. Бірақ пәтуа одан жоғары. Оған бағыну қажет. Індет жаппай тарағанда адамдардың қауіпсіздігін бірінші орынға қою керек. Баршаңызды осы Діни басқарманың пәтуаларын орындауға шақырамын.

Діни басқарма өкілдері Карантин кезінде қалыптасқан онлайн садақа беру жүйесінің сақталғанын айтты. Мобильдік қосымшалар арқылы садақа беруге болады.

Айта кетейік, Қазақстанда COVID-19 індетінен бүгінге дейін барлығы 42 574 адам коронавирус жұқтырған. 14 777 науқас аурудан жазылды, ал 188 адам қайтыс болған.

Айнара Байжан
Барлық жаңалықтар