• Басты
  • Бас мүфти мешіттер қалай жұмыс істейтінін түсіндірді
15 Мамыр, 2020 16:46

Бас мүфти мешіттер қалай жұмыс істейтінін түсіндірді

18 мамырда мешіттер ашылады. Алайда, карантиндік шаралар сақталады. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы ОКҚ-да өткен баспасөз конференциясында  Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай Қажы Тағанұлы мәлімдеді.
 Бас мүфти мешіттер қалай жұмыс істейтінін түсіндірді
«18 мамырда жеке құлшылық жасап, Құран оқытып, неке қидыруға ниет білдірген азаматтар үшін мешіттерімізді ашамыз.Бұл – еліміздегі барлық мешіттің есіктері ашылады деген сөз емес. Өйткені, әрбір облыстағы карантинтік жағдай деңгейі әртүрлі. Бас санитарлық дәрігердің карантиндік режимнің кезеңдік талаптарын сақтау бойынша қаулысын ұстанудамыз. Сонымен қатар, өңірлердің коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу жөніндегі жедел штабтың қаулысына сәйкес жұмыс жүргіземіз. Осыған орай, облыстағы мешіттеріміздің ашылуы сол өңірлердегі коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу жөніндегі жедел штабтың қаулысына сәйкес жүзеге асырылады.Ал карантин талаптарын сақтау үшін жамағатпен оқылатын бес уақыт, жұма, тарауық намаздарына қатысты қойған уақытша шектеуді өз күшінде қалдырып отырмыз. Жамағатпен оқылатын намаздардың мерзімін алдағы уақытта қосымша хабарлаймыз», - деді

 Ол атағандай, елімізде төтенше жағдай мерзімі аяқталып, халқымыз қалыпты өмір тіршілігіне ауыса бастады.

«Алайда карантин режимінің талаптарын қатаң сақтап, сақтық шараларына аса мән беруіміз қажет.Осы ретте, келесідей талаптарды орындауға шақырамын:

- мешітке келуші барша жамағатты медициналық маска және қолғап киіп келуге; 

- антисептик құрылғысын жиі қолдануға; 

- жеке құлшылық жасау кезінде бір жарым метр арақашықтықты сақтауға;

- Құран оқитын бөлмеге бір жарым метр арақашықтықты сақтай отырып, 10 адамнан артық кірмеуге;

- неке қидыратын бөлмеге 4 адамнан артық кірмеуге», - деді Бас мүфти.

 Ол мешіт имамдарының кеңесіне құлақ асып, мешітке         лек-легімен кезекпен кіруге, мешітте 15 минуттан артық болмауға кеңес береді.

 «Бұл мешіт ауасын әр 3 сағат сайын таза ауамен алмастырып отыруға мүмкіндік береді. Осы ретте биыл Қадір түні мамыр айының 19-нан 20-на қараған түнге сәйкес келіп отыр, бұл түнді үйде қарсы алу қажеттігін баса айтқым келеді. Жоғарыда атап өткенімдей, елімізде төтенше жағдай мерзімі аяқталғанымен, жұқпалы індеттің қаупі толық сейілген жоқ.Биыл қасиетті Рамазан айының карантин жағдайында өтіп жатқанын өздеріңіз көріп отырсыздар. Бұл жағдай сауапты амалдар мен игі шараларға кедергі келтірмеді. Мешіт тарапынан 100 мыңға жуық көмекке мұқтаж отбасыларға қайырымдылық жасалды», - деді ол. 4

Бас мүфти ауызашар асы әлі күнге дейін тегін таратылып жатқанын айтты.

  «Сауаптар еселеніп жазылатын берекелі айда игі іске атсалысқан барша азаматқа айрықша алғысымды білдіремін. «Қайырымдылық жасасаң – қайырын өзің көресің» деп халқымыз айтқандай, игі амалдың сауабы еселініп, қайырын өздеріңіз көріңіздер деп тілеймін.Біз осынау игі жұмыстармен шектелмей, Мақтаарал ауданындағы жерлестерімізге әр облыстағы мешіттердің қолдауымен азық-түлік тиелген жүк көліктерін жібердік. Қаржылай да қолдау көрсеттік.Біз бүгін «Зекет» қорының ұйымдастыруымен, облыстағы мешіттердің атсалысуымен 10 миллион теңге қаржылай көмекті «Түркістан корпоративтік әлеуметтік даму қорына» аудардық. Сонымен қатар 30 тонна ұн жеткізетін боламыз.  18 мамырда Мақтаарал ауданындағы баспанаға аса зәру екі отбасыға екі үйдің кілтін табыстаймыз. «Зекет» қорының «Ел үлесі – пәтерге» жобасы аясында жүзеге асатын қайырымдылық шарасына, Алла бұйырса өзім де қатысамын. Сондай-ақ Төлеби ауданындағы тасқын судан зардап шеккен жерлестерімізге де қайырымдылық көмек беруді жоспарлап қойдық», - деді ол.

 

Барлық жаңалықтар
34.200.252.156, 192.168.88.100