• Басты
  • Бас мүфти: Қазақстанда Рамазан айы 24 сәуірде басталады
14 Сәуір, 2020 15:21

Бас мүфти: Қазақстанда Рамазан айы 24 сәуірде басталады

Биыл Қазақстанда Рамазан айы 24 сәуірде басталады. Бұл туралы төтенше жағдай кезінде діни іс-шараларды өткізу туралы өткен онлайн баспасөз маслихатында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай Қажы Тағанұлы айтты, деп хабарлады Strategy2050.kz тішлісі.

Бас мүфти: Қазақстанда Рамазан айы 24 сәуірде басталады

Наурызбай Қажы Тағанұлының сөзінше, Қазақстан мұсылмандар басқармасы ғылыми орталықтың мәліметі мен көрші елдердегі мұсылмандар діни басқармаларымен келісе отырып, осындай шешімге келген.


"Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы еліміздегі іргелі зерттеу орталықтарының бірі болып табылатын Фесенков атындағы ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығының ғылыми мәліметіне сүйеніп, сондай-ақ көрші Өзбекстан, Қырғызстан діни басқармаларымен кеңесіп, Рамазан айының басталатын күні белгіленді. Шариғат үкімі мен ғылыми зерттеу жұмысының қорытындысына сәйкес мұсылмандар асыға күтетін рамазан айы биыл елімізде 24 сәуір күні басталатын болды", - деді ол.

Сонымен қатар Бас мүфти шариғатқа сәйкес, кімдердің қасиетті Рамазан айында кімдердің ораза ұстап, кімдердің оразаны кейінге қалдыруға болатынын атап өтті.


"Шариғат бойынша балиғат жасына толған, ақыл-есі дұрыс әрбір мұсылманға рамазан айында ораза ұстау парыз. Алайда, жолаушыларға, сырқаттанған, денсаулығы нашар адамдарға, ауруының асқынуынан қауіптенсе және сенімді дәрігер ұзақ уақыт бойы ашығудан денсаулығы күрт нашарлап кетуі мүмкін деген шешім қабылдаса, сондай-ақ жүкті немесе омырауда баласы бар әйелдерге ораза тұтуды кейінге қалдыруға шариғат рұқсат етеді", - деді Бас мүфти. 

Сонымен қоса Наурызбай Қажы Тағанұлы өз сөзінде тарауық намазды үйде оқуға кеңес берді. 


"Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы еліміздегі төтенше жағдайларға байланысты қасиетті Рамазан айында індеттің таралуын алдын алу мақсатында карантин мерзімінде тарауық намазын мешіттерде жамағатпен оқылмайтынын мәлімдейді. Әркім тарауық намазын өз шаңырағында отбасы мүшелерімен оқуға кеңес береміз. Біз осылай оқшаулану арқылы бұл індетті жеңеміз, Алла қаласа", - деді ол.

Сонымен бірге Бас мүфти қазақстандықтарды ауызашар кезінде жиналмауға шақырып, әркім өз обасымен ауыз ашу керектігін баса айтты.


"Жұқпалы індеттің таралуының алдын алу мақсатында мешіттерде, дәмханаларда, қоғамдық орындарда, тағы басқа мекемелерде жиналып ауызашар беруді уақытша тоқтатуға шақырамыз. Сондықтан карантин күндері әркім өз шаңырағында отбасы мүшелерімен ауызашар өткізуге, көпшілік орындарда дәмхана, мейрамхана секілді орындарда жиналмауға үндейміз", - деді Наурызбай Қажы Тағанұлы.

Бұдан бөлек ол қазіргі жағдайға қарай ораза ұстаған адамдарға ауызашар беруде қандай қайырлы амалдарды жүзеге асыруға болатынына тоқталды. 


"Мейрамханаларға тапсырыс беріп, аузы берік адамдарға тамақ тарату, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға азық-түлік тарату арқылы ауыз аштыру, ауызашарға жұмсалатын шығындарды ораза ұстаған адамдарға қаржылай беру. Басқалай мүмкіндіктеріңіз болса, Рамазан айында сауап істеуге шақырамыз", - деді Бас мүфти.  

Бұдан бөлек Бас мүфти қайтыс болған адамдардың асын төтенше жағдай кезінде қалай берілетінін жөнінде айтып өтті. 


"Біздің елде адам қайтыс болғаннан кейін оның жетісін, қырқын беру, жылын беру секілді дәстүрі бар. Бірақ бұл шарағат бекіткен міндетті құлшылық емес, бұл сауапты іс-шаралардың бірі. Шариғатымызда төтенше жағдай кезінде мұндай шараларды кейінге қалдыруға рұқсат етеді. Яғни, төтенше жағдай аяқталғаннан кейін Алла қаласа қайтыс болған адамның қырқы сияқты астарды беруге болады", - деді Наурызбай Қажы Тағанұлы.


Бұған қоса Бас мүфти карантин кезінде діни мекемелердің істеген қайырымдылық жұмыстарына тоқталды. Оның сөзінше, дін қызметкерлері 18 мыңға жуық обасыға көмек көрсеткен.


"Діни басқарманың негізгі жұмыс бағыттарының бірі - қайырымдылық жасау. Мен бұған дейін жұртымызға жолдаған үндеуімде карантин кезінде үмітсіздікке бойы алдырмай, сауапты амалдар мен қайырымдылық шараларына үлес шақырдым. Осы үндеуден кейін дін қызметкерлері карантин кезінде 17 643 отбасыға көмек көрсетті. Сонымен қатар жұқпалы індеттік алдын алу мақсатында халыққа карантин кезінде 47 821 дана бетперде тараттық. Бетперде мешіттеріміздегі тегін шеберханаларда тігілді. Қалған бөлігі демеушілердің көмегімен жеткізілді", - деді Бас мүфти. 


Осы орайда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы игі бастамаға үлес қосқан барша дін қызметкерлері мен демеуші азамттарға риясыз ризашылығын білдірді. 

Назерке Сүйіндік

ҰСЫНЫЛАДЫ
Барлық жаңалықтар
дерекнама 2050

ШОБ ЖІӨ көлемінің 50 пайызынан артығын өндіреді

Еңбек өнімділігі 126 мың долларға дейін көтеріледі 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамту

Қазақстан өз нарығын жаңа экологиялық стандарттарға сай келетін жанар-жағармаймен толықтай қамтамасыз етеді

Жалпы экспорт ішінде шикізат емес экспорттың көлемі екі есеге, 2040 жылы үш есеге артады

Әліпбиімізді латын қарпіне көшіру ісі басталады

Қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін меңгеруі тиіс

15 пайыз егістік алқаптарына суды үнемдеу технологиялары енгізіледі

Халықты ағын сумен қамту мәселесі шешіледі

Адам басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 60 мың долларға көтеріледі

ҚР тұрғындарының үлесі халықтың 70 пайызын құрайды