• Басты
  • Бас қала - егемен еліміздің негізгі әрі аса маңызды жобасы – Қ.Тоқаев
8 Қазан, 2019 12:14

Бас қала - егемен еліміздің негізгі әрі аса маңызды жобасы – Қ.Тоқаев


Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен елорданы одан әрі дамыту мәселелері жөніндегі мәжіліс өтіп жатыр. Жиында қандай маңызды мәселелер айтылғаны  туралы келесі материалдан оқи аласыздар. 
Бас қала - егемен еліміздің негізгі әрі аса маңызды жобасы – Қ.Тоқаев | Strategy2050.kz

Қасым-Жомарт Тоқаев Нұр-Сұлтан - егемен еліміздің негізгі әрі аса маңызды жобасы екенін атап өтті.

«Бүкіл әлемге Назарбаев моделі немесе Қазақстан жолы деп мойындалған стратегия дәл осы шаһардан басталды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен салынған астана жылдан жылға дамып келе жатыр. Бүгінде еуразияның жүрегінде орналасқан елордамыз ірі саяси-экономикалық, мәдени және білім орталығы болып қалыптасты. Нұр-Сұлтан қаласын әрі қарай дамытып, жаңа белестерге шығару алдағы негізгі міндеттердің бірі. Осы мәселелерді бүгін талқылайтын боламыз», - деді Президент.

 Мемлекет басшысы қаланы дамыту шараларына көшпес бұрын, қаланың жетістіктеріне тоқталды.

«Алдымен бас қаламыздың бірқатар жетістігіне тоқталайын. Елордамыздың экономикасы соңғы жылдарда ойдағыдай дамығанын атап өту қажет. 21 жыл ішінде ішкі өңірлік өнім шамамен 5,5 есеге өсті. Бұған құрылысты күшейту, бизнесті дамыту және инвестия тартудың арқасында қол жеткізілді. Қала экономикасына 9 трлн теңгеден астам инвестиция құйылып, 2018 жылы бюджетке 1,1 трлн теңге түсті. Шағын және орта бизнес халықтың әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік берді», - деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ, Қ.Тоқаев қала инфрақұрылымы қарқынды дамып келе жатқанына тоқталды.

 «Астанамыз өмір сүруге қолайлы болуы үшін жан-жақты абаттандарылды. Тұрғын үй және жол құрылысы, әлеуметтік сала инфрақұрылымы айтарлықтай дамыды. Нұр-Сұлтан қаласы мәдени әрі зияткерлік орталыққа айналды. Біз осы даму қарқынын бәсеңдетпеуіміз және де ары қарай күшейтуіміз керек», - деді Мемлекет басшысы.

 Қ.Тоқаев елордада маңызды халықаралық шаралар мен кездесулер өткізіліп тұратындығын айтты.

 «Бұл үлкен жетістік. ЕҚЫҰ саммиті, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездері, халықаралық ЭКСПО көрмесі, жыл сайынғы Астана экономикалық форумы және журыда өткен жаһандық инновациялық саммит соның айқын дәлелі. Нұр-Сұлтан қаласын халықаралық орталық ретінде әрі қарай дамыта беретін боламыз. Көп жұмыс атқарылды, бірақ, мұнымен шектеліп қалмауымыз керек. Біз үшін маңызды мақсат - елордамыздың дамуын барлық бағыттар бойынша жаңа сапалы деңгейге көтеру», - деді ҚР Президенті. 

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы елорда барлық уақытта инвестиция тартудан көшбасшы болғанын тілге тиек етіп, осы жұмысты әрі қарай жалғастыру қажеттігін айтты.

 « Мынадай мәселелерді шешуге баса мән беруміз керек: Нұр-Сұлтан қолайлы эконмикалық, бизнес ортасы бар қала болып қала беруі тиіс. Ең негізгі басым міндеттердің бірі - қалаға инвестиция тарту. Елорда барлық уақытта да инвестиция тартуда көшбасшы болды. Солай болып қала беруі де тиіс. Жыл сайын қалада халықаралық, инвестициялық, экономикалық форумдар өтіп жатады», - деді Мемлекет басшысы.

 Сондай-ақ, Қ.Тоқаев осындай тәжірибе жалғасатынын жеткізді.

«Бұл тәжірибенің одан ары жалғаса беретіндігі айқын. Өйткені, саяси, қоғам қайраткері немесе инвестор болса да олар бірінші кезекте елордамызға келеді. Сонымен қатар соңғы 10 жылда алғаш рет инвестиция көлемінің төмендеуі байқалады», - деді ҚР Президенті. 

Осыған орай, Мемлекет басшысы ҚР Сыртқы істер министрі мен елорда әкімінің назарын инвестиция тарту көрсеткіштерінің құлдырауына баса назар аударуды тапсырды.

«ҚР Сыртқы істер министрлігі мен қала әкімдігіне бұл бағыттағы жұмысты күшейту, таяу уақытта нақты нәтижелер көрсету тапсырылады», - деді Қасым-Жомарт.

 Сонымен қатар, Қ.Тоқаев тұрғын үйді пайдалануға беру мәселесіне тоқтады.

«Келесі проблема – елордада тұрғын үйді пайдалануға беру қарқыны мен құрылыс жұмыстары көлемінің құлдырауы байқалады», - деді Мемлекет басшысы.

Бұл мәселеге қатысты ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев жауап берді.

Вице-министрдің айтуынша, тұрғын үйді пайдалануға беруде бірнеше проблема бар. Мәселен, бірнеше көпқабатты тұрғын үй салынып, дайын тұрғанымен қажетті инфрақұрылымға қосылмаған.

«Елордамыз Нұр-Сұлтан қаласында тұрғын үйлерді салып, пайдалануға беру бүгінгі күннің өте өзекті мәселесі. Бұл – аса өткір әлеуметтік проблема. Осы тұрғыда қарастыру қажет. Көптеген түсінік беруге болады. Бірақ, жасаңдар!»,- деп ескертті Қазақстан Президенті. Осыдан кейін Мемлекет басшысы қала әкімі Алтай Көлгіновке тұрғын үйді пайдалануға беру қарқыны мен құрылыс жұмыстары көлемін арттыруды тапсырды. «Үлескерлік мәселесі де жедел шешуді қажет етіп отыр. Қалада 49 проблемалық нысан қалып отыр. Олардың құрылысының аяқталуын 13 500 үлескер күтуде. Бұл проблеманы шешуге 2018-2019 жылдары 40 млрд теңге бөлінді. Бірақ, небәрі 4,5 млрд теңгесі ғана игерілген. Бұған қоса, әкімдік қосымша 170 млрд теңге сұрайды», - деді Мемлекет басшысы.

Ал осы мәселеге қатысты түсініктеме берген қала басшысының айтуынша, әрбір проблемалы нысанға қатысты жол картасы әзірленген.

«Оларда жобалық-сметалық құжаттарының болмауы сияқты проблема болды. Көптеген алаяқтар тұрғындарды алдаған. Қазір олар түрмеде отыр және заңға сәйкес жауапкершіліктері бар. Олар құжаттарын жоғалтып алған немесе бермеген. Сондықтан бүкіл жаз бойы құжаттарын әзірлеумен айналыстық, қаржы институттарымен, екінші деңгейлі банктермен, орталық мемлекеттік органдармен жұмыс істедік. Әрқайсысы бойынша нақты жоспарымыз бар. Біз сіздің тапсырмаңызды орындаймыз», - деді Алтай Көлгінов.

Осы орайда Мемлекет басшысы ҚР Бас прокуратурасы мен Ішкі істер министрлігіне бұл мәселемен нақты айналысуды тапсырды.

«Алаяқтар түрмеде отыруы тиіс. Өйткені, олар өздерінің іс-әрекеттерімен азаматтарымыздың негіз құраушы құқықтарына қастандық жасап отыр. Азаматтарымызды алдап, оларды далада қалтырады. Мұндай жағдайда мемлекет те араласпай қалмауы керек. Әрекет етіңдер де, баяндаңдар!», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ, өз кезегінде Алтай Көлгінов қала тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға басымдық беріліп отырғанын жеткізді.

«Нұр-Сұлтан қаласын Еуразияның іскер, мәдени және ғылыми орталығы ете отырып, жастарды, кәсіпкерлер мен туристерді тарту біздің негізгі темірқазығымыз. Қасым-Жомарт Кемелұлы, Сіздің сайлауалды бағдарламаңыз бен Қазақстан халқына Жолдауыңызда қойылған негізгі міндеттер елордамызды экономикалық және әлеуметтік бастамалар жүзеге асыруына мүмкіншілік ашып отыр. Негізгі басымдық қала тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға, азаматтармен тиімді кері қатынас пен тығыз байланыс орнатуға берілуде», - деді елорда әкімі. 

Оның айтуынша, Нұр-Сұлтан қаласында халық санының тұрақты өсуі байқалады. Елорданы көшірген сәттен бастап халық саны 280 мыңнан 1 млн 100 мыңға адамға артты. Тұрғындардың дені 35 жасқа дейінгі азаматтарды құрайды.

 «Халық санының қарқынды өсуі алдымызға бірқатар маңызды міндетті қойып отыр. Атап айтқанда - әлеуметтік инфрақұрылымға салмақ түсу, қаланың шетіндегі елді мекендерді дамыту, сапалы жұмыс орнына деген қажеттілк және басқалары. Тұрғын үй мәселесіне келсек, қолжетімді баспана басты мәселе болып отыр. Жүргізілген сауалнамаға қатысқан қала тұрғындарының тең жартысы баспананы негізгі мәселе деп атап өтті», - деді ол.

Оның айтуынша, қазіргі таңда үй кезегінде 47 600 адам тұр. Олардың көбі түрлі әлеуметтік топтарға жататындар.

  «Сіздің тапсырмаңызға сәйкес, қолжетімді баспана құрылысын үш есеге дейін арттыруға дайындық жұмыстарын бастап кеттік. 2019 жылдың қорытындысы бойынша бюджет қаржысы есебінен 190 мың шаршы метр болатын 2400 пәтер тапсырылады. Ал келесі жылы жеткілікті қаражат қарастырылған жағдайда ауданы 550 мың шаршы метр болатын 7 мыңға жуық пәтер салуды көздеп отырмыз», - деді қала басшысы.

Қ.Тоқаев елордада энергетика нысандары құрылысының дер уақытында аяқталмау проблемасы байқалып отырғанын айтты.

   «Құрылысы 2010 жылы басталған 3-Жылу электр стансасы осы жылы пайдалануға берілуі тиіс болатын. Бірақ, пайдалануға беру мерзімі бірнеше рет кейінге шегерілді. Демек, жоба тағы бір жылға шегерілмек. Енді жобалық-сметалық құжаты алдан шықты. Оны түзету қажет. Жоба 1,5 есе қымбаттады. Бұған қоса, сомасы аз емес – 40 млрд теңгеден асып жығылады. Қаладағы жылу энергиясының тапшылығы аясында үшінші жылу электр стансасының дер уақытында пайдалануға берілмеуі бизнес дамуын баяулатады. Әкімдік мемлекеттік бюджет есебінен жүзеге асырылып жатқан жобаларды дер уақытында аяқтауы тиіс», - деп ескертті Қазақстан Президенті.

  Мемлекет басшысы қаланың энергетикалық жүйесін «Сарыарқа» газ құбырына қосуға дайын болмауы да проблема екендігін баса айтты.

  «Бұл – мүлдем түсініксіз мәселе. Қалай орын алған? Осы жылға көзделген 2,7 млрд теңге басқа өңірлердің арасында қайта бөлінеді. Оған қоса, біз ең бірінші кезекте, дәл осы елорданы газдандыру жайында ойлауымыз керек еді. Өйткені, қыста не орын алатынын жақсы білесіздер: қала түтінге оралып, ең алдымен, тұрғындардың, сондай-ақ дипломатиялық корпус алдында ыңғайсыздық туындайды», - деді Тоқаев.

  Сондай-ақ, Мемлекет басшысы ЛРТ құрылысына қатысты өз ойын білдірді.

«ЛРТ ұзақтығы 22,5 шақырмды құрайды, 18 станса жоспарланған. Тыңдаңыздаршы, сіздер марафон жарысында 22 шақырымнан да көп жүгіресіздер. 18 станса, демек жолдың бір бөлігі бір шақырымнан сәл ғана асады. Біз жаяу одан да көп жүреміз», - деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті мұндай жобаның бастапқы кезден-ақ мақсатқа сай болмағандығын атап өтті.

 «Мұндай жобаны қалай жүзеге асыруға рұқсат берілгендігін мүлдем түсінбеймін. Үкімет пен әкімдікке ЛРТ бірінші кезеңін аяқтаудың нақты мерзімін, екінші кезеңін аяқтаудың кестесі мен тетіктерін анықтауды тапсырамын. Амал жоқ», - деді Қ.Тоқаев.
  Сондай-ақ Мемлекет басшысы Үкімет пен әкімдікке көшелердегі көлік кептелісін азайту мақсатында қаланың интеллектуалдық көлік жүйесінің тиімділігін қамтамасыз ететін шаралар қабылдауды тапсырды. Нақты айтқанда, Қасым-Жомарт Тоқаев Сарайшық және Сарыарқа көшелеріндегі кептелісті азайту үшін Есіл өзені арқылы Тәуелсіздік даңғылына дейін көпір салуды ұсынды.  

Президент Нұр-Сұлтан ағылшын тілінде қызмет көрсететін халықаралық орталық ретінде дами беруі керек деді.

«Шетелдік сарапшылар мен инвесторларға ағылшын тілінде «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсетуді ұйымдастыру керек. Ол үшін қала әкімдігі «Астана» халықаралық қаржы орталығы Экспат орталығының мүмкіндігі мен тәжірибесін пайдалануы тиіс»,– деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Елорданың қарқынды дамуы үшін  тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі де өзекті екенін айтты.

«Жыл басынан бері балалардың терезелерден, балконнан құлау салдарынан 14 тосын жағдай тіркелді. Құрылыс нормаларында қауіпсіздіктің нақты параметрлерін күшейту қажет деп санаймын»,– деді Президент.

Мемлекет басшысы қаланың бірқатар проблемаларына тоқталып, оларды шешу жөнінде нақты тапсырма берді. 

Аягөз Құрмаш 

ҰСЫНЫЛАДЫ
Барлық жаңалықтар
дерекнама 2050

ШОБ ЖІӨ көлемінің 50 пайызынан артығын өндіреді

Еңбек өнімділігі 126 мың долларға дейін көтеріледі 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамту

Қазақстан өз нарығын жаңа экологиялық стандарттарға сай келетін жанар-жағармаймен толықтай қамтамасыз етеді

Жалпы экспорт ішінде шикізат емес экспорттың көлемі екі есеге, 2040 жылы үш есеге артады

Әліпбиімізді латын қарпіне көшіру ісі басталады

Қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін меңгеруі тиіс

15 пайыз егістік алқаптарына суды үнемдеу технологиялары енгізіледі

Халықты ағын сумен қамту мәселесі шешіледі

Адам басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 60 мың долларға көтеріледі

ҚР тұрғындарының үлесі халықтың 70 пайызын құрайды