• Басты
  • «Балалар үйде дегенмен, балалар – желіде» Қазақстанда отбасылық зорлық-зомбылық, кибербуллинг мәселелері шешім тапты ма?
13 Тамыз, 2020 17:52

«Балалар үйде дегенмен, балалар – желіде» Қазақстанда отбасылық зорлық-зомбылық, кибербуллинг мәселелері шешім тапты ма?

«Expo and Women» халықаралық ұйымының ұйымдастыруымен өткен онлайн семинарда қоғамдағы отбасылық зорлық-зомбылық мәселесі қызу талқыланды. Балалар психологиясы, әйел психологиясы, құқық қорғау саласының эксперттерінің тұрмыстық зорлық- зомбылық жайлы көтерген мәселелері Strategy2050.kz тілшісінің материалында.

 

«Балалар үйде дегенмен, балалар – желіде» Қазақстанда отбасылық зорлық-зомбылық, кибербуллинг мәселелері шешім тапты ма?

Дәл қазіргі қоғам үшін адамның құқықтарын білу, балалардың құқығын қорғау, оларды буллинг пен кибербуллингтен сақтау өте маңызды. Отбасылық зорлық-зомбылықты тудыратын себеп көп. Зардап шегетін көп жағдайда әйелдер мен балалар.

 БҰҰ «Әйелдер, әлем және қауіпсіздік» Резолюциясы

Онлайн жиында алғаш болып сөз алған «EXPO & WOMEN» басқарма төрайымы Ләззат Асқарова БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі қабылдаған резолюцияға тоқталды. Оның айтуынша, енді отбасылық конфликттер мен зорлық экстремизмді жоюға кез келген адам қатыса алатын болды. 2000 жылдан 2015 жылға дейін БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесі «Әйелдер, бейбітшілік және қауіпсіздік» күн тәртібі бойын­ша бүгінгі күні гендерлік теңдікті және әйелдердің рөлін нығайтуды, сондай-ақ дау-дамайлық жағдайларда олардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған іс-әрекеттердің негізін құрайтын сегіз резолюция қабылдады. Асқарова басшылық ететін ұйым тұрғындар арасында анкетирование өткізген. Нәтижесінде адамдардың көпшілігі өз құқықтарын білмейтін болып шыққан.

 Кибербуллингтен хабарымыз бар ма?

 Киббербуллинг – адамды интернетте, оның ішінде әлеуметтік желілерде қорлау.

Егер де интернет қолданушы зұлым, ренішті хабарламалар, смс немесе электронды хаттар, комментарийлер алса, өзін қорлайтын бейнероликтер, суреттер, өсек немесе жалған сөздерді көрсе, әлеуметтік желілерде оның атынан жалған аккаунттар ашылып, онда ерсi фотосуреттерді орналастырса, әдепсіз сөздер жазып, қоқан-лоқы хабарлама жайса, онда ол кибербуллингке тап болды.

Қазіргі таңда кез келген адам интернетті еркін және ашық түрде қолданады. Тіпті балалар да. Осы мәселе төңірегінде «Әкелер Одағы» қоғамдық ұйымының басшысы Мақсұтбек Аймағамбетов сөз алды. Оның айтуынша, біз балалар үйде, қасымызда отыр деп ойлағанымызбен, олар желіде. Балалар ата-ана тәрбиесінен гөрі ғаламтордағы тәрбиені көбірек алып жатыр. Әлемдік статистика бойынша адам күніне 6-7 сағат ғаламторда отырады. Әрине, ғаламтор жаңа білім үйрену үшін, өзіңді өзің дамыту үшін жақсы. Алайда интернетте негатив көп. Балалардың агрессияға ұшырауына, мінезінінің өзгеруіне интернет ойындардың, видеолардың әсері көп. Әлемдегі барлық адамның 60%-дан астамында ғаламтор бар.

Біз екі әлемде өмір сүреміз. Бірі – осы сәт, екіншісі – онлайн әлем. Балалардың смартфондарына қарап қою керек. Өйткені, олар психологиялық соққы алатын дүниелерді көрді, тіпті порнографиялық материалдарды ашады.

Кез келген адамның кибербуллинге ұшырауы мүмкін. Буллинг шындап адамға зиянын тигізеді, оның үмітсіздік пен шарасыздық күйге түсуіне себеп болады. Кей кездері буллингтің кесірінен адамдар өзін-өзі өлтіру жайында ойлап, өзіне қол жұмсауы мүмкін. Сондықтан кез келген бала, әйел адам өзіне, өзінің өміріне қауіп төнгенін байқаса, арнайы орындарға хабарласып, көмек сұрауға толық құқылы.

Мәселен, «Синий кит», «Розовый сон» деген сияқты балаларды өлімге итермелеген ойындар қаптады. «Синий китті» қазақшаға аударған жас жеткіншек ұсталды. Ол «Жұмаққа жетудің 50 жолы» атты бағдарлама жазып, таратқан. Мұндай қауіпті платформаларды Қазақстан ақпарат министрлігі бірден бұғаттап отырады. Ата-аналар күндіз-түні смартфонға байланған балаларының кіретін сайттарын тексеріп отыру керек.

Көп жағдайда үйдегі жақындарынан жылулық көрмеген балалар жылуды ғаламтордағы небір қауіпті дүниелерден іздейді. Соңы жақсылыққа апармайды, - деді сарапшылар.

 Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары қандай мекемелерге хабарласа алады?

Семинарға қатысқан «Ана» қоғамдық қорының өкілі Әсел Әбішева шарасыз аналар мен сәбилерінің өмірін сақтауға арналған ұйым жайлы айтты.

Әр түрлі өмірлік жағдайға тап болып, ер азаматқа алданып, аяғы ауыр болып қалған қыздар немесе жас ана күйеуінен зорлық әрекеттерін көріп барар жері болмай қалғанда «Ана үйіне» барып тоқтай алады. «Ана үйінің» Павлодар қаласындағы филиалынының координаторы Әсел Әбішеваның айтуынша, 6 жылдың ішінде Қазақстанның 18 қаласында 150 – ден аса қыз-келіншек пен олардың сәбилерінің өмірін осы фондтың арқасында сақтап қалды. 30 жасқа толмаған қыз-келіншектер жүктіліктің 3 триместрінен бастап немесе 18 айға дейінгі баласы болған жағдайды «Ана үйін» паналай алады. Бұл ұйым елде жасанды түсік жасату жағдайларының азаюына әсер етті. Бұл жерге келген кез келген әйелге тегін тамақ, жататын орын, психологиялық және құқықтық көмек көрсетіледі. Психологтар қиын өмірлік ситуациямен бетпе-бет келген анамен күнделікті жұмыс жүргізу арқылы, оны баласынан бас тартпауға, өмірден түңілмеуге, суидидтік әректтер жасамауына көмектеседі. Ал заңгерлер құжаттар әзірлеуге, әкелік анықтауға, әлеуметтік жәрдемақы алу үшін құжаттар өткізуге, балаға алимент алуға көмектеседі.

Сондай-ақ «Ана» ұйымы төтенше жағдай кезеңінде карантиндік шектеулерге сәйкес үйде отырған әйелдерге зорлық-зомбылық жағдайларына байланысты телефон арқылы психологиялық көмек көрсеткен. Әсел Әбішеваның айтуынша, күніне күйеулерінен қысым көрген әйелдерден 5-6 қоңырау келіп түскен.

«Arasha» деп аталатын тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған баспана Алматыда жұмыс істеп тұр. Қазақстандағы тең құқықтар мен тең мүмкіндіктер институты қоғамдық қорының презденті, «Араша» тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары баспанасының директоры Маргарита Өскенбаеваның айтуынша, тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендер 317 57 17 байланыс нөміріне хабарласып, көмек алуларына болады. Баспанада тұру мерзімі 6 айға дейін. Баспанада жәбірленушілерге әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-құқықтық, әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-экономикалық және әлеуметтік-мәдени қызметтер көрсетіледі. Маргарита Өскенбаева – балалар психологы. Ол кейде тергеу амалдарына да қатысады. Оның тәжірибесінде 13 жасар қыздың үш рет жыныстық зорлық көрген жағдай болған. Үш еркек үш түрлі жағдайда жас қызға зорлық әрекеттер көрсеткен. Алғаш рет қызды үйіне жеткізіп салған әскери қызметкер «тиіскен». Екінші рет зорлық көрген қыз көмек сұрап барған ересек адам да зорлаған болып шықты. Ал үшінші рет қыздың өз туысы зорлық әрекеттерді бірнеше рет көрсеткені белгілі болды. Тергеу нәтижесінде үш азамат та сотталды.

 Еркектерге арналған кризистік орталықтар неге жоқ?

Бірде мынадай жағдай орын алған. Бір жасар баласы бар ана терезеден секіріп кеткен. Себебі, оның күйеуі әйелінің көптен бері таяқ жемегенін ескеріп, себепсіз ұрып-соқпақшы болған. Күйеуі полицияға өзі бірінші болып хабарласқан. Осындай жағдай бола тұра, әйелдердің көбі «тиран» күйеуіне қайта оралады. Қазақстанда әйелдерге арналған кризис орталықтар көп. Ал еркектерге арналған кризис орталықтар жоқ. Қоғамда тұрмыстық-зомбылық деген мәселенің ушығуына себеп болып отырған еркектердің бүлінген психологиясы екенін ескерсек, кризис орталық ең бірінші ерлерге қажет. Маргарита Өкенбаеваның айтуынша, мұндай орталықтар болған. Алайда көмек сұрап келген ер азаматтардың болмауына орай орталықтар жабылған. Зорлық-зомбылықты көретін көп жағдайда әйелдер, көмек сұрайтын да әйелдер. Сондықтан көп жағдайда көмек беретін, қолдайтын ұйымдар әйелдерге арналған. Бүгінгі семинардың модераторы, қарым-қатынас маманы Ержан Мырзабаев әйелдерін қорлайтын еркектерді осындай орталықтарға күштеп жатқызып, емдеу шараларын өткізу керектігін айтты.

 Кәмелеттік жасқа толмағандарға бейімделу орталықтары керек

Сондай-ақ кәмелеттік жасқа толмағандардың бейімделу орталықтары да болған. Өкінішке орай, жабылып қалған. Маргарита Өскенбаеваның айтуынша, балаларға арналған мұндай орталықтар бізге аурухана сияқты қажет. Себебі осы орталықтар кезінде талай баланы өлімнен құтқарған. Қарапайым отбасылар арасында өгей әкесінен, өгей шешесінен, тіпті туған әке-шешесінен зорлық-зомбылық көретін балалар бар. Сондай балаларға көмектесетін осындай орталықтардың жабылғаны дұрыс болмады, - дейді «Араша» тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары баспанасының директоры Маргарита Өскенбаева.

Жалпы біздің елде құқық қорғау, көмек беру ұйымдары көп. Әрқайсысының қызметтерімен анық танысып, оларға хабарласу нөмірлерін халыққа таратуымыз қажет, - деп есептейді эксперттер.

 Әлемде 650 млн қыз 18-ге толмай тұрмысқа шығады

Бағлан Айдаров – сот және сараптама, криминалогия маманы, Назарбаев университетінің докторанты. Оның айтуынша, ең қажетті ақпараттар ағылшын тілінде шығады. Ақпарат орыс тіліне аударылып, бірнеше уақыттан кейін ғана қазақ тілінде бізге жетеді. Әлем бойынша тұрмыстық зорлық-зомбылық статистикасы көрсетілетін бірнеше сайт бар. Бәрі ағылшын тілінде. Соның бірі – Global citizen ақпарат агенттігі.

Әйелдерге қатысты қылмыс ең көп жасалатын мемлекеттердің көшін Ауғаныстан бастап тұр. Батыс мемлекеттерінде әйелдердің озбырлық көруі сирек кездеседі. Бұл тізімде Қазақстанның индексі 14,2 %. Көрші мемлекеттерде, Қырғызстанда 32,8 %, Өзбекстанда 41,5%, ал Ресейде 23,3% екен. Ал көрсеткіші ең аз мемлекет, бұл – Иордания 1% индексті көрсеткен.

Әйелдерге физикалық қауіп төнетін мемлекеттер Африкада көп. Олардың ежелден келе жатқан салт-дәрстүрлеріне сәйкес, әйелдер қауіпсіздігі деген мәселе мүлдем шешім таппай келе жатыр.

Бағлан Айдаров әлемдегі әйелдердің қауіпсіздігіне қатысты тағы көптеген статистиканы айтты. Мәселен, әлем бойынша жыл сайын 650 млн-ға жуық қыздар кәмелетке толмай тұрмыс құрып кетеді. Көп жағдайда Оңтүстік Азия мен Африка елдерінде қалыптасқан жағдай бойынша қыздар өз еріктерімен емес, әкелерінің айтуымен жас күнінде тұрмысқа беріледі. Соның нәтижесінде көптеген қыздар жұбайлық өмірдің алғашқы айында-ақ көз жұмады. Статистика бойынша әлемдегі әйелдердің 35 % - ы физикалық түрде зардап шеккен, 7% - ы сексуалды зорлық көрген, 38 % әйелдер болса өз күйеулерінен зорлық-зомбылық көрген. Ал Қазақстанда жыл сайын тұрмыстық зорлық-зомбылықтан 400 әйел қайтыс болады. Қазақстандағы тұрмыстық зорлық-зомбылық көретін әйелдерді қолдайтын «Не молчи» қоғамдық ұйымы бар. Инстаграм арқылы Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі қыз-келіншектер осы ұйымға шағымдарын жіберіп, көмек ала алады.

Кейбір қағидалар зорлық-зомбылыққа төзуге шақырады

Қазақ қоғамында ұзатылып әке үйінен кеткен қыз барған жеріне «тастай батып, судай сіңу керек» деген қағида бар. Демек, келін болдың ба, бәріне төзіп, көнуің керек. Осы қағидаға берік талай қазақ қызының денсаулығы мен психологиялық күйі бұзылды. Тағдыры талқандалды. Кеңестік дәуірден қалған «бьет значит любит» деген тым қате түсінік те бар. Осындай отбасында өскен балалар әкенің анаға қол көтеруі қалыпты жағдай деп қабылдап, өсе келе әкесінің әрекетін қайталайды. Мұндай қоғамның «әйелдердің зардап шегуі» деген жарасы жазылмайды.

Қанша ұйымдар құрылып, семинарлар, жиындар өткізіліп, қоғамға небір ұрандар тасталса да, әлемде отбасылық зорлық-зомбылық деген қылмыс әлі азаймай тұр.

Барлық жаңалықтар