• Басты
  • Балалар үлкендерді мейірімді әрі қамқоршы болуға шақырды

Балалар үлкендерді мейірімді әрі қамқоршы болуға шақырды

1 Маусым, 2020 12:14

Балалардың республикалық «Жануарлар – менің достарым» сурет конкурсына Қазақстанның 3 000 астам баласы өтініш жіберді. Жас таланттар сурет салып қана қоймай, сүйікті жануарымен таныстырып, эссе жазып, видео түсіріп, үлкендерді жануарларға қамқорлық көрсетуге, мейірімділік танытуға және оларды жақсы көруге шақырды, деп хабарлады Strategy2050.kz.

1 сәуірде басталған конкурс, маусым айының соңына дейін жалғасады. Шараға еліміздің түкпір-түкпірінен балалар қатысып жатыр. Біреуі үйіндегі сүйікті жануарын фотоға түсірсе, енді біреулер сынып болып өтініш жіберген. Байқау шарты бойынша бейнематериал түсіру міндетті емес, соған қарамастан қиялына ерік берген кішкентайлар жер ана мен жыбырлаған жануарды қорғау керектігін шырылдап тұрып жеткізген. Эсселер ішінде аңшылықты сынға алған да бала бар. Бір сөзбен, жас ұрпақ тірі жанға қиянат жасауға болмайды деп дабыл қағады.

"Үп-үлкен және есті адамдар кішкентай ғана әлсіз төрт аяқтыларды қалайша қаңғытып жіберетіні менің миыма сыймайды, - деп Сарыөзектің оқушысы Ақжан Қайырбекқызы эссесінде жазыпты. – Тым болмаса оларды иесі жоқ жануарларға арналған орталыққа өткізуге болады ғой. Адамгершілігімізді жоғалтпайықшы, үй жануары мен жер бетіндегі барлық жануарды қорғайықшы. Және өтінерім, үйсіз қалған жануардың жылы ұя, сүйікті қожайын табуына көмектесейік".  


Ал Семей қаласындағы № 7 ЖОББМ-лицейінің Жекенов Досжан есімді оқушысы мысықты жақсы көретінін жазып, сүйікті мысығының суретін салған.

"Жер бетінде адамнан басқа жаратылыстар өте көп. Олардың өз пайдасы, міндеті, қызметі бар. Мен жан-жануарлардың барлығын ұнатамын. Әсіресе, мысықты ерекше жақсы көремін. Менің туған күніме анам маған мысықтың баласын марғауды әкеп берді.Туылғанына бір ай ғана өткен болар. Өзі сүйкімді, жұп-жұмсақ. Бір алақаныма сыйып кететін. Күндіз ойнап, сүтін беремін. Ол маған үйренісіп, еркелей бастады. Жатар уақытта өзіне арнайы орын дайындап қойсам да, жүгіріп келіп қойныма жатады. Көрпе астында, құшағымда алақандай ғана жаратылыс қамсыз ұйықтап жатады. Уақыт өткен сайын ол да өсіп келеді", - деп жазады Досжан Жекенов.


Конкурс Қазақстан Президентінің қамқорлығымен, БҰҰ қоршаған ортаны қорғау бағдарламасының Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні аясында, Білім және ғылым министрлігі, Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен, «Балалар  Әлемді Бейнелейді» Қоғамдық Қоры, бас серіктес «Edu Stream» компаниясы мен «Настоящий Буратино» серіктесінің қатысуымен өтіп жатыр.

Туындыны түпнұсқада мына пошталық адреске: Қазақстан Республикасы, Алматы қ., 050026, М. Әуезов көш., 14а. «Балалар  Әлемді Бейнелейді» Қоғамдық Қоры, «Жануарлар – менің достарым» байқауына жіберу керек. Сондай-ақ электрондық пошта: alembala.kz@gmail.com. Толық ақпарат www.alembala.kz сайтында. 

Барлық жаңалықтар