• Басты
  • Бала құқығын қорғау бойынша заңнамаға енген өзгерістер қандай

Бала құқығын қорғау бойынша заңнамаға енген өзгерістер қандай

2 Наурыз, 2021 18:08

Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Балалар құқығын қорғау бойынша кейбір заңнамалық актілеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар түсіндірілді, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшсі.


Жұмыс тобы қызметінің нәтижелері

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, жұмыс тобының жетекшісі Динара Закиева заң жобасын әзірленуде атқарылған жұмыстармен таныстырды. Бұл заң жобасы аясында жұмыс 2020 жылдың мамыр айында, осыдан 10 ай бұрын басталған болатын. Қазіргі уақытта, Парламент Мәжілісінің VII шақырылымы депутаттарының құрамы мен қоғам белсенділері қатарынан, осы өзгертулер мен толықтыруларды енгізу бойынша жаңа жұмыс тобы құрылды.

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бала құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыруларды енгізу бойынша» нақты түсіндірмелер беріп, оның заңдық тетіктерін жеткізуді жөн көріп отырмыз. Жұмыс тобының құрамы 65 адамнан, олардың ішінде Парламент Мәжілісінің депутаттары, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, психологтар мен педагогтар, мемлекеттік органдардың өкілдері, балалар мен отбасыларға көмек көрсету саласындағы сарапшылар, ғылым докторлары, қоғам белсенділері бар», - деді ол.

Қаңтар айынан бастап, жаңа жұмыс тобымен – 3 отырыс, ал 2020 жылдан бері 13 отырыс өткен. Әрбір жұмыс тобының отырысы Парламент Мәжілісінің «parlam.kz» ресми сайтында ашық көрсетіледі, оны әрбір азамат көре алады.

Заңнамаға енген өзгертулер тәртібі

Қазіргі уақытта, Қазақстан Республикасының 3 Кодексіне және 6 Заңына 35-тен астам түзетулерді енгізу қарастырылу үстінде. Оның ішінде, жетім балалар мен ерекше балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардың тұрғын үй мәселелері бойынша, ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған оңалту орталықтарын ашу, жәбірлеу түсінігін енгізу, әлеуметтік қызмет көрсетуге байланысты және өзге нормалар бар.

Әрбір отырысының алдында депутаттар тарапынан жаңадан келіп түсетін нормаларды енгізу немесе алып тастауды, оларды пысықтау бойынша ескертулердің негізіндегі өзекті кесте жұмыс тобының әрбір мүшесіне және талқылауға қатысушыларға екі тілде жіберіледі.

«Сонымен қатар, жұмыс тобының нәтижелі, әрі сапалы қызмет атқару мақсатында кейбір түзетулерді егжей-тегжейлі талқылау үшін арнайы алаңдар құрылды. Соның ішінде, қоғамда біраз сұрақтар легін тудырып отырған «жәбірлеу» ұғымының редакциясын талқылау үшін арнайы сараптама алаңы жұмысын атқарып келеді», - деді Динара Болатқызы.

Жұмыс тобы шеңберінде талқыланған түзетулер жан-жақты қаралуы мен олардың құқықтық талдауы үшін Үкіметтің қорытындысына жіберіледі.

«Барлығымыз талқылап отырған баланың құқығын қорғау мен оны қолдауға бағытталған заңдарға өзгерістер енгізу бойынша қоғам ішінде түсінбеушіліктер туындап отыр. Оның басты себебі әлеуметтік желі мен ватсап мессенджерлерде зерделенбеген, шынайы емес ақпараттардың таратылуы мен көбінде оның дәлел-дәйексіз халық арасында талқылануы», - деді ол.

«Жәбірлеу» түсінігі

Оның айтуынша, көптеген қоғам белсенділері бұл түсініктің қазақ дәстүріне қарсы, қазақилықты жоюға жұмыс жасау үшін енгізіліп отырған түсінік деп отыр.

«Бұл олай емес. Керісінше, өзге баланың қадірін құрметтеу мен оны сыйлауға бағытталады», - деп қосты спикер.

Білім беру мекемелеріндегі жәбірлеу, қорқыту жағдайын талдау, сарапшы психологтардың ұсыныстары мектепте және басқа да балалар мекемелерінде жалпы білім беру процесінде балаларға қатысты жәбірлеуді болдырмау және оған жауап беру үшін жүйелі шаралар қабылдаудың маңыздылығын көрсетті.

«Мысалы, ҚР Ұлттық Қоғамдық денсаулық сақтау орталығының мәліметінше, еліміздегі оқушылардың 12%-тен астамы жәбірлеуге ұшыраған. Бұл бір. Екіншіден, өткен жылдың өзінде 143 жасөспірім өзіне қол жұмсаған болса, ал 306 жасөспірім бұған әрекеттенген. Әлем бойынша біздің еліміз балалар арасындағы суицидтен алдыңғы қатарда тұр», - деп мысал келтірді ол.

Ал үшіншісі – жұмыс тобы «жәбірлеу» түсінігін, тек ұғым ретінде енгізуді қарастырып отыр, яғни тек алдын-алу шараларын ұйымдастыру, балалар арасындағы профилактикалық жұмысты жасау үшін қажет.

Төртіншіден, бұл құбылыстың орын алып отырғанын барлығымыз білеміз. Ал бұл мәселені шешуде бірізділіктің жоқтығы, мектептердегі жұмыстың әралуандығына алып келіп отыр. Сондықтан осы құбылысқа әкелетін себептермен айналысу, мектептегі жәбірлеуден (буллингтен) қорғау үшін тұжырымдаманың өзін енгізу қажет.

Бесіншіден, жәбірлеудің жалғасы ретінде кибержәбірлеудің (кибербуллингке) орын алу қаупі жоғары. Баланың психикасына, оның жеке басына байланысты кемсітетін іс-әрекеттерді әлеуметтік желілер, ватсап месенджерлер, жеке смс хаттамалар арқылы көпшілікке тарату.

Алтыншыдан, бұл түсінік бойынша ешқандай да бір әкімшілік немесе қылмыстық іс-әрекеттерді енгізу жоспарланып отырған жоқ, яғни түсіндірме жұмыстарын профилактикалық бағытта (кінәлілерді анықтау қарастырылмаған) жүргізіледі.

Кибербуллингтің алдын алу бойынша шаралар

Мемлекет Басшысы Қ.К. Тоқаев Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында балалардың құқықтарын қорғау, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және буллингтің алдын алу мәселелерін шешу үшін шаралар қабылдау қажет екенін айтты. Сондай-ақ, 2020 жылғы қыркүйекте жарияланған Қазақстан халқына Жолдауында «кибербуллингтың» алдын алу бойынша шаралар қабылдау қажеттігін ерекше атап өтті.

Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев өткен жылы елімізде 143 жасөспірім өзіне қол жұмсағанын айтты. ҚР Қоғамдық денсаулықты сақтау орталығының мәліметінше, еліміздегі оқушылардың 12 пайыздан астам жәбірлеуге ұшырауы мүмкін.

«Өткен жылдың өзінде 143 жасөспірім өзіне қол жұмсаған болса, 306 адам өзіне қол жұмсауға әрекеттенген. Яғни, әлем бойынша еліміз балалар арасындағы суицидтен алдыңғы қатардың бірінде тұр. Бұған қоса көп жағдайда суицидтің не үшін жасалып жатқаны да белгісіз», - деді ол.

Депутат «жәбірлеу» ұғымына тоқталды. Ол алдын алу іс-шараларын ұйымдастыру, балалар арасындағы алдын алу жұмысын жүргізу үшін қажет.

«Бұл құбылыстың орын алып отырғанын бәріміз білеміз. Ал бұл мәселені шешуде бірізділік жоқ. Мектептердегі жұмыстың әралуандығына алып келіп отыр. Жәбірлеудің жалғасы ретінде кибербулингтің орын алу қаупі аса жоғары. Яғни, баланың психикасына, жеке басына байланысты кемсітетін іс-әрекеттерді әлеуметтік желілер, WhatsApp мессенджері, жеке СМС хаттар арқылы көпшілікке тарату орын алу мүмкін. Сонымен қатар бұл түсінік бойынша ешқандай әкімшілік немесе қылмыстық іс-әрекеттерді енгізу жоспарланып отырған жоқ», - деді Елнұр Бейсенбаев.

Бала құқығын қорғайтын заңдар мен құжаттар

ҚР Білім және ғылым вице-министрі Асылова Бибігүл балалардың құқығын қорғайтын негізгі заңдарды атады. Олар: «Бала құқығы» туралы Заңы және «Білім беру» туралы Заңы.

«Жалпы балалардың құқығы мен мүддесін 15 халықаралық құжат пен 4 кодекс, 15 Заң қорғайды. 2020 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігі балалардың құқығын қорғаудағы құзырлы орган ретінде Премеьер-Министрдің 1 Жарлығы, Үкіметтің 5 Қаулысы және министрліктің 12 бұйрығын әзірлеп қабылдады», - деді ведомство өкілі.

2018 жылдың қорытындысы бойынша 11-15 жас аралығындағы жасөспірімдердің 12 пайызы кибербуллингке ұшыраған. 17 пайызы мектепте бір немесе бірнеше рет буллингке тап болған. 20 пайызы айына бір немесе бірнеше рет басқа балалардың буллингіне қатысқан.

«Кибербуллинг» пен «буллинг», «моббинг» ұғымдарының мағынасы бір, ол – қудалау.

«Тәжірибе көрсеткендей мектепте балалардың қудалануы, жәбірленуі жиі орын алады. Бірақ оларға мән берілмейді. Сондықтан буллинг жағдай болып тіркелмейді», - деді Бибігүл Асылова.

Ведомство өкілі ұстаздардың, психологтарды, әлеуметтік педагогтардың тиісті көмек көрсету үшін даңғдыланбағанын айтты.


Барлық жаңалықтар