• Басты
  • Бақытжан Сағынтаев: Алматыда эпидемиялық жағдай бақылауда, бірақ күрделі
6 Шілде, 2020 15:44

Бақытжан Сағынтаев: Алматыда эпидемиялық жағдай бақылауда, бірақ күрделі

Бұл туралы Алматы қаласының әкімі бүгін өткен ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында "Алматы қаласындағы КВИ бойынша ағымдағы жағдай" тақырыбында өткен онлайн брифингінде айтты.
Бақытжан Сағынтаев: Алматыда эпидемиялық жағдай бақылауда, бірақ күрделі
Эпидемиялық жағдайға орай, мемлекеттік комиссияның шешіміне сәйкес бірқатар кәсіпорын жұмысын тоқтатты. Оның ішінде шағын және орта бизнес субъектілері. Жалпы, 680 мыңға жуық жұмыс орнының қызметі тоқтатылды. Эпидемилогиялық жағдай күрделі, бірақ бақылауда ұстап отырмыз. Жалпы, өңірде 6202 вирус жұқтыру жағдайы тіркелген. Күнделікті өсім  1,1%, оның ішінде сырқаттанғандардың негізгі бөлігі жұмысқа қабілетті тұрғындарға тиесілі (82%). Індеттен 2485 адам жазылып шықса, 26 адам көз жұмған. 1772 адам инфекциялық стационарда ем-дом шараларын қабылдауда, 1215 науқас провизорлық стационарда емделуде. 6 шілдеде анықталған науқастар саны – 113, реанимацияда 64 науқас жатыр. Аурудың ауырлық дәрежесіне назар салар болсақ, жағдайы аса ауыр науқастар саны 24, 1049 науқастың жағдайы ауыр, 1264 науқастың жағдайы орташа ауыр және 135 науқастың жағдайы қанағаттанарлық деңгейде, - деп баяндады Б.Сағынтаев.

Қала әкімі мегаполистегі стационарлардың жағдайына қатысты мәліметпен бөлісті.
Бүгінде өңірде 4232 төсек-орны бар 19 стационар жұмыс істеп жатыр. Эпидемия басталған уақытпен салыстырғанда бұл көрсеткіш 9 есеге өскен. Айта кету керек, ертең 150 адамға арналған тағы бір стационар ашылғалы отыр. Апта соңына дейін урология ғылыми орталығы базасында тағы 150 адамға арналған стационар ашу жоспарда бар. Сондай-ақ, бұған дейін хабарлағанымыздай, "Халық арена" базасында стационар ашылады. Оның алғашқы 200 төсек-орны осы аптаның соңында пайдалануға берілмек. Стационарарға күнделікті 100 шақты пациент келіп түседі. Бүгінде медициналық мекемелердегі жүктеме деңгейі 85%-ды құрап отыр. 1 қыркүйекке дейін стационарлар мен провизорлардағы төсек-орын санын алты мыңға жеткізу міндеті тұр. Осылайша, Мемлекет басшысының көмек берудің қолжетімділігіне қатысты тапсырмасы орындалмақ, - деді қала басшысы. 

Қала әкімінің мәліметі бойынша, амбулаторлық деңгейде виртуалды инфекциялық ауруханалар да жасақталған.
COVID-19 инфекцясы бар науқастарды емдеу және бақылауға арналған мониторинг орталығы жұмыс істей бастады. Мұндай ситуациялық орталықтар 24/7 режимінде жұмыс істеп, егде жастағы пациенттерді бақылауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, адамдарға психологиялық қолдау білдірумен айналысатын орталық та іске қосылды. Оның жұмысына 50-ден астам денсаулық сақтау және білім беру саласының мамандары жұмылдырылған. Бастапқы медико-санитарлық көмек (БМСК) бағытындағы мобильді бригадалар жұмысын күшейттік. Бүгінде олардың саны 72-ге жетті. Мобильді бригадалар құрамына бөлім меңгерушілері, дәрігерлер, инфекционистер, эпидемиологтар, учаскелік дәрігерлер, медбикелер кіреді. Жалпы, бригада жұмысына 297 БМСК маманы тартылған. Бірыңғай Call-орталық жұмыс істейді, - деп мәлімдеді қала әкімі.
 
Алматы қаласында өкпені жасанды желдету (ӨЖЖ) аппараты тапшылығына қатысты мәселе жоқ. Б. Сағынтаев өкпені желдету аппараттары, рентген, компьютерлік томография құрылғыларының саны жайында да мәлімет берді.
Қалада коронавирус инфекциясын анықтау үшін 28 компьютерлі томография аппараты қолданылып жатқанын айтты. Одан бөлек, халыққа қолжетімді 70 ренгтген құрылғысы жұмыс істеп тұр. 

Алматы қаласы бойынша барлық саны 25 өкпені жасанды желдету (ӨЖЖ) аппараты қолданыста, резервте 24-і тұр Ал, жалпы Алматы қаласында 573 ӨЖЖ аппараты бар. Медициналық ұйымдарды түрлі құрылғылармен қамту жұмыстары жалғаса бермек, - деді әкім.