• Басты
  • Жаңалықтар
  • Бақытжан Мәуленбердиев: Құтқарушы ең алдымен ержүрек әрі батыр болу керек

Бақытжан Мәуленбердиев: Құтқарушы ең алдымен ержүрек әрі батыр болу керек

19 Қазан, 2021 18:53

19- қазан құтқарушылардың кәсіби мерекесі. Адамдар өмірін құтқару - жоғары және жауапты қызмет. Осы салада 15 жылға жуық уақыт қызмет етіп жүрген №6 өрт сөндіру бөлімінің бастығы Бақытжан Мәуленбердиев құтқарушылық қызметтің қызығы мен қиындығы туралы Strategy2050.kz тілшісіне берген сұхбатында айтып берді.

Бақытжан Тасқынбекұлы, құтқару қызметіне қалай келдіңіз?

Мен 2005 жылы Көкшетау техникалық инситутына оқуға түстім. 4 жыл білім алып, 2009 жылы қызметімді Нұр-Сұлтан қаласында өрт сөндіруші болып бастадым. Алғашында аға-өрт сөндіруші, кейін инженер, одан соң бөлім бастығының орынбасары қызметін атқардым. Қазіргі таңда бөлім бастығы қызметін атқарудамын.

Сіздің алғашқы қызметтік оқиғаңыз есіңізде ме?

Әрине, ең бірінші шығыс есімде. Ол 2009 жылы болған. Өрт шыққан кезде отбасы тұрғын-үйдің ішінде қалып қойған. Ерлі-зайыптыны алып шықтық алайда, баласын тапқан жоқпыз. Өйткені, баласы туралы ақпарат болмаған еді. Кейін тұрғын үйге екінші рет кіріп төсектің астынды жатқан баланы алып шыққан болатынбыз. Осы есімде қалған ең бірінші оқиға болды.

Адамдарды құтқару үшін жиі өз өміріңізді қатерге тігуге тура келеді. Мұндай сәтте не ойлайсыз?

Біздің міндетіміз- адамдардың өмірін құтқару. Сондықтан бұл сәтте ең алдымен адамдарды аман алып шығуды ойлаймын.

Сіздің қызметіңіздегі ең қиын жағдай есіңізде ме? Дене жарақатын алған кезіңіз болды ма?

Дене жарақатын алған кезім болған жоқ. Бірақ, әр өрттің өз қиындығы болады. Жеңілі жоқ деп ойлаймын.2011 жылы бомба соққысымен өрт болған болатын. Температура өте жоғары болды. Ауа қысымы аппаратын кию арқылы адамды құтқару жұмыстарын жүргіздік. Сол кезде қиындық туындады. Себебі өте жоғарғы температурада жұмыс істедік.

Сіздің қызметіңізге отбасыңыз қалай қарайды?

Отбасы мүшелері түсіністікпен қарайды. Өйткені, осы мамандықтың кәсіби иесі екенімді біледі. Жолдасым да, балаларым да мені қолдайды деп айтсам болады.

Құтқарушы болғысы келетін жастардың бойында қандай қасиет болуы керек екенін ойлайсыз?

Құтқарушы ең алдымен ержүрек әрі батыр болу керек деп санаймын. Ешқашан ештеңеден қорықпау керек. Әрі тез шешім қабылдай алатын тәуекелшіл болу керек. Өрт кезінде әртүрлі жағдайлар орын алуы мүмкін. Көп адамдар дүрбелең салады. Сол үшін ең бастысы психологиялық дайындық мықты болу қажет. Осы тұрғыда, құтқарушыларға қосымша сабақтар оқытылады.

Кәсіби мерекеде әріптестеріңізге қандай тілек айтар едіңіз?

Өз әріптестерімді және ардагерлерді келіп жеткен кәсіби мерекемізбен шын жүректен құттықтаймын. Отбасыларына амандық тілеймін. Еліміз әрқашан тыныш болсын!

Сұхбатыңызға рахмет!

Барлық жаңалықтар