• Басты
  • Бақыт Сұлтанов азық-түлік бағаларының өсу себебін айтты

Бақыт Сұлтанов азық-түлік бағаларының өсу себебін айтты

11 Наурыз, 2021 12:20

Бүгін ҚР Үкімет үйінде Премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен  өткен жиында ҚР сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов елдегі азық-түлік тауарлары бағасының өсуіне түсінік берді, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.


2021 жыл басталғалы осы күнге дейін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағалары 2,6%-ке өскен. Жылдық мәнде олар 13,2%-ке қымбаттады.

Бақыт Сұлтанов өсім ең жоғары қалаларды атады.
«Ең жоғарғы өсім, яғни 3,3%, Батыс Қазақстан облысы және Шымкент қаласында тіркелді. Олардан кейін тағы 8 өңірлерде еліміздегі тіркелген орташа деңгейінен жоғары, яғни 2,7%-тен 2,9%-ке дейін бағаның өсіміне жол берілді», - деді ол.

Сауда министрінің айтуынша, импортқа тәуелді өнімдер, маусымдық азық-түліктер, оның ішінде көкөністер, экспорттық сұранысқа ие тауарлар бағасы тағы өскен.

Жұмыртқа өндірісі 8,4%-ке қысқарды, жем мен пестицидтердің 25 пайызға қымбаттады, оның үстіне өткен жылдың соңына қарай тараған құс тұмауы жұмыртқа мен тауық етінің бағасының өсуіне алып келді. Бақыт Сұлтановтың айтуынша, күнбағыс майы мен қанттың бағаларының өсіміне әлемдегі бағаларының өсуі, көрші елдердегі егіс алқаптарын қысқаруы және экспорттық өнімнің қымбаттуы себеп болды. Министр өндіріс көлемін арттыруға назар аудару керектігін айтты.
«Осыған орай, ауыл шаруашылығы министрлігі аймақтардағы атқарушы органдармен бірлесіп, импортқа тәуелді тауарлар бойынша ғана емес, сондай-ақ экспорттың жоғары үлесі байқалатын өнімдер бойынша да өндірісті барынша ұлғайтуы қажет», - деді ол жиында сөйлеген сөзінде.

Премьер-министр сауда министрлігіне бағаны тұрақтандыру бойынша ауыл шаруашылығы министрлігі және Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен бірлесіп бағаларды тұрақтандыру бойынша Жол картасын әзірлеуді тапсырған болатын. Бақыт Сұлтанов бұл құжаттың әзірленгенін хабарлады.
«Құжат 44 нақты шарадан тұрады. Әр шара бойынша нақты орындау мерзімі мен жауапты тұлғалар бекітіледі. Олар наурыз айынан бастап іске асырылады», - деді.

Бақыт Сұлтанов бұл шараларды 4 бағытқа бөліп көрсетті:

1-бағыт. Тексерулер мен комплаенс. Мемлекеттік органдар тарапынан бағаны негізсіз көтерген нарық субъектілеріне бақылауды күшейтіп, тексеру нәтижелерін БАҚ пен әлеуметтік желілерде жариялау.
«Атап айтқанда, монополияға қарсы шаралардың өткізілуі және сауда желілерінде сауда үстемесінің көтерілмеуі көзделеді. Тексерудің бәрі мораторийге кірмейді. Себебі халықтың өмірі мен денсаулығына қатер төндіреді. Осыған шекті бағаларды белгілеумен қатар жергілікті атқарушы, монополияға қарсы және фискалды органдар бірлесіп тексерулер жүргізеді», - деп түсіндірді Бақыт Сұлтанов.
«Атап айтқанда, монополияға қарсы шаралардың өткізілуі және сауда желілерінде сауда үстемесінің көтерілмеуі көзделеді. Тексерудің бәрі мораторийге кірмейді. Себебі халықтың өмірі мен денсаулығына қатер төндіреді. Осыған шекті бағаларды белгілеумен қатар жергілікті атқарушы, монополияға қарсы және фискалды органдар бірлесіп тексерулер жүргізеді», - деп түсіндірді Бақыт Сұлтанов.

2-бағыт. Сауда шаралары. Қолданыстағы тетіктерді жетілдіруді көздейді.

Осы шараларды орындау үшін әкімдіктер сауда саясатын іске асыру жұмысын және бақылау функцияларын күшейтуі қажет. Оның ішінде шекті бағаларды белгілеу, нарық субъектілерімен шарттар жасасу, «айналым схемасын» ұлғайту ұсынылады. Бұған қоса, экспорттық тауарлар мен шикізатқа квоталарды орнату қарастырылған.

3-бағыт. Өндірісті ұлғайту және кәсіпорындарды қолдау. Іс-шаралар кәсіпорындардың өндірістік қуаттарын ұлғайтуға, шығындарды өтеу және қолданыстағы субсидияларды қайта қарау арқылы ынталандыруға бағытталған.

Әлеуметтік маңызы бар тауарлар өндірушілері үшін электр энергиясы тарифтерін бір қалыпта ұстау көзделген.Бұдан басқа, импортқа жоғары тәуелді тауарларға бағдарлана отырып, тұрақтандыру қорлары қайта қаралатын болады.

Ауыл шаруашылығы министрлігі Азық-түлік келісім шарт корпорациясымен бірлесіп көктемгі егіс жұмыстары кезінде форвардтық келісімшарттарды ұлғайту жөніндегі жұмысты күшейтеді.

4-бағыт. Заңнамалық өзгерістер. Бұл бағытта мемлекеттік сатып алудың конкурстық рәсімдерін оңайлату, шекті бағаларды белгілеу туралы қаулыларды келісу мерзімдерін қысқарту, бағаларды болжау тетігін енгізу сияқты түбегейлі өзгерістер қарастырылған.
«Қазақстан Президентінің халыққа арналған Жолдауында тапсырылған, Ұлттық тауар өткізу жүйесі мен әлеуметтік әмиянын жедел ретінде іске қосу бір жағынан бағаны тұрақтандарады, екінші жағынан отандық тауар өндірушілер үшін өнімдерін сату нарығына және олар үшін экономиканың айналымындағы қаржы ресурстарының қол жетімділігін арттыруға мүмкіндік береді», - деп қосты министр.

Сөз соңында ол Жол картасын сапалы орындау мақсатында Үкіметтің жанынан мониторингтік орталық құрып, оны орындаушы органдардың жауапкершіліктерін бекітуді ұсынды. Бағаны тұрақтандыруға арналған Жол картасы осы айдан бастап жүзеге асып, алдағы уақытта нәтижелерін көрсетіп қалады.

Барлық жаңалықтар