• Басты
  • Бәсекеге қабілетті адам болу үшін жайлылық аймағынан жиі шығып тұру керек – О.Сәкенов
24 Қаңтар, 2020 16:00

Бәсекеге қабілетті адам болу үшін жайлылық аймағынан жиі шығып тұру керек – О.Сәкенов

 Президенттік жастар кадрлық резервінің мүшесі Олжас Сәкенов Strategy2050.kz ақпарат агенттігінің тілшісіне  берген сұхбатында өмірлік ұстанымы мен резерв мүшелерінің жоспары туралы айтып берді.

 Бәсекеге қабілетті адам болу үшін жайлылық аймағынан жиі шығып тұру керек – О.Сәкенов

-  Олжас Берлесұлы, жастар кадрлық резервіне өткенге дейінгі жолыңызды айтып берсеңіз. Қай жерде дүниеге келдіңіз, білім алдыңыз, жұмыс істедіңіз?

- Ақмола облысы Көкшетау қаласының тумасымын. Орта мектепті қазақ тілінде тәмамдадым. Кейін Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетін Тарих, экономика және құқық пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша аяқтадым. Оқуымды бітірген соң екі жылдай ұстаздық қызмет атқардым. Елордаға ауысқан соң, маркетинг, адами капиталды дамыту, мемлекеттік жеке меншік әріптестік жобалары бойынша жұмыс істедім. 2018 жылы АҚШ-та магистратура дәрежесін халықаралық білім беруді дамыту мамандығы бойынша иелендім.

- Елге қалай пайдаңызды тигізгіңіз келеді?

-Қазақстан табиғи қазба байлықтарымен танымал. Елдің басты құндылығы – халық. Яғни, адами капитал. Оны дамыту арқылы бәсекеге қабілетті, дамыған елдер қатарына қосылу мүмкіндігі бар. Сондықтан да, білім беру саласында жұмыс істегендіктен, білім саласында ақпараттық технологияларды қолдану, жеке сектордағы бейресми жобалар арқылы білім берудегі әртүрлі шешімдерді құрастырғым келеді.

-Кадрлық резервтің қандай жоспарлары бар? Өзіңіз мемлекеттік қызметте қандай реформа жасағыңыз келеді, бастамаларыңыз бар ма?

-Қазіргі жұмыс барысы аясында бірқатар жобаларды әзірлеп жатырмыз. Оның ішінде қазақтілді аудиторияға ағылшын тілін үйрету, интернет арқылы сабақ беру. Мұғалімдерді «тьютор» ретінде қалыптастыру, сондай-ақ, жас ерекшелігіне қарамай бағдарламалаудың алғашқы деңгейін меңгерту сынды жобалар бар. Олардың кейін жұмысқа орналасып кетуі әбден мүмкін. Себебі, ондай мамандарға қазір сұраныс өте жоғары болып отыр. Сондай-ақ, «Мамандықтардың атласы» деген ірі жоба бар. Ол болашақта қандай мамандықтар болады, еңбек нарығында ақпараттық технологиялар нәтижесінде жаңа істердің пайда болуын болжайтын құрал. «EDU навигатор» жобасы балалардың қандай мамандыққа бейімділігі бар екені бойынша кәсіби бағыт беретін жәрдемші құрал болмақ.


- Жалпы, кадрлық резервке өту жастарға қандай мүмкіндік береді деп ойлайсыз?

-Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтып өткендей, кадрлық резерв әлеуметтік лифтінің бірі болмақ. Осындай жобалардың саны көп болуы керек деп ойлаймын. Әртүрлі әлеуметтік сатыдағы жастар өзінің дарыны мен білімі, тәжірибесіне қарай мемлекеттің көмегімен жоғары лауазымдарда өзінің әлеуетін көрсетуге мүмкіндік алды. Ол мемлекетке де, жастардың тұлға ретінде қалыптасуына да оң әсер етеді.

- Қандай волонтерлік жобаларыңыз бар?

-Мен мастер дәрежесіне алып, Қазақстанға оралғаныма тура бір жыл толды. Өкінішке қарай, волонтерлікпен айналысуға мүмкіндік болған жоқ. Биыл Волонтер жылы болғандықтан, жастар кадрлық резервінің мүшелері осыған қатысты бастамаларды жүзеге асыруға мүдделі.Ұстаз болғандықтан жастар жиналған басқосуларда дәріс беру сабақтарына қатысуға тырысамын. Жастармен өзімнің тәжірибеммен бөлісіп, жинаған білімімді берсем деймін.

-Бес жылдан кейін өзіңізді қалай елестетесіз?

-Бес жылдан кейін мен өзімді адами капиталды дамыту саласында білім беру сарапшысы ретінде елестетемін. Қазіргі заманда «менің білмейтін дүнием» жоқ дейтін адамдар жоқтың қасы. Себебі, күн сайын жаңашылдық, ақпарат ағыны көп, өзгеріс аяқ астынан орын алады. Сондықтан да, кез келген адам өмір бойы оқуды, үйренуді дағдыға айналдыру керек. Мен осындай адамдардың қатарынанмын деп ойлаймын. Тынымсыз даму үстінде болу – басты ұстанымымның бірі. Жинаған тәжірибем мен білімімді әлеуметтік желі не өзге жолдар арқылы өзгелермен бөлісетін сарапшы ретінде қалыптасамын деген ойдамын.

- Осыған дейін біздің агенттік жастар кадрлық резервіне өткен Алмас Сәкеновпен сұхбаттасқан болатын. Сіздің туған ініңіз. Бірігіп құжат тапсыру шешімі қалай қабылданды?

- Отбасында 4 ағайындымыз. Менен кейінгі інім – Алмас. Төртеуіміздің үшеуі «Болашақ» бағдарламасының түлектері. Мен АҚШ-та, інім Ұлыбританияда, үшінші інім Шанхайдың техникалық университетін тәмамдады. Президенттік кадрлық резерві жасақталып жатқаны туралы інім ақпарат жіберді. Екеуміз бірден құжат тапсырамыз деген шешімді қабылдадық. Бұл ойымыз жүзеге аспаса да, қапы қалмайтынымызды түсіндік. Тәуекелге белімізді буып, сынақтан екеуміз де сүрінбей өттік. Осы сынды сынақтардан өту әр адамға пайдалы деп ойлаймын. Бәсекеге қабілетті адам болуың үшін жайлылық аймағынан жиі шығып тұру керек. Сондықтан да, осы сынды жобаларды құптаймын.

- Сұхбаттасқаныңызға рақмет!

Аягөз Құрмаш

Барлық жаңалықтар
66.249.70.92, 192.168.88.100