• Басты
  • БҚО: Ауыл шарушалығы, білім, әлеуметтік қолдау және жұмыспен қамту мәселелері мен өңірдегі эпидахуал

БҚО: Ауыл шарушалығы, білім, әлеуметтік қолдау және жұмыспен қамту мәселелері мен өңірдегі эпидахуал

25 Мамыр, 2021 17:22

Бүгiн Орталық коммуникациялар қызметiнде өткен баспасөз мәжiлiсiнде Батыс Қазақстан облысының әкiмi Ғали Есқалиев Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында Батыс Қазақстан облысының әлеуметтiк-экономикалық дамуы туралы баян еттi. Өңiр басшысының мәлiметiнше, БҚО-да биылғы 4 айда ауыл шаруашылығының жалпы өнiм көлемi 2,7% - ға, тұрғын үйдi пайдалануға беру 3,5% - ға өскен. Сонымен бiрге, 281 га индустриялық аймақтың құрылысы басталған. Биыл қаңтар-сәуiр айларында 6357 жаңа жұмыс орны құрылып, 6690 адам жұмысқа орналасқан. Өңiрдiң әлеуметтiк-экономикалық дамуы туралы толығырақ Strategy2050.kz тiлшiсiнiң материалында.

Ауыл шаруашылығының дамуы

Облыс басшысының мәлiметiнше, президенттiң тапсырмасына сәйкес, соңғы 2 жыл iшiнде 1,2 млн га ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылмайтын жерлер анықталған. Соның iшiнде 574 мың га жердiң пайдаланушылары өз жер телiмдерiн игеруге кiрiсiп, 149 мың га мемлекеттiк меншiкке қайтарылған. Қалған жер пайдаланушылар бойынша заңнамада белгiленген тәртiппен жұмыстар атқарылып жатыр.

«Осы жұмыстардың iске асуы арнайы жасақталған геоақпараттық портал арқылы мүмкiн болды. Қазiргi таңда геопортал орталық мемлекеттiк органдардың базаларымен интеграциялаудан өтуде. Аталған жұмыстар аяқталған соң ауыл шаруашылық жерлерiн беру процесi автоматты түрде берiлетiн болады», - дедi Ғали Есқалиев.

Оның айтуынша, ауыл шаруашылығы жалпы өнiмiнiң көлемi 32,7 млрд теңгенi құраған, бұл мал шаруашылығының 2,7%-ға өсуiне байланысты болып отыр. Ал, өсiмдiк шаруашылығында ауа райы тәуелдiлiгiнен арылу үшiн егiс алқаптары құрылымын әртараптандыру жұмыстары жалғасуда. Облыс басшысының сөзiнше, шаруа қожалықтары күздiк және майлы дақылдар алаңдарын ұлғайтып, жаңа технологияларды қолданып жатыр.

«Мысалы, өткен жылы суарылған 5 мың га астам жердiң 2,5 мың га заманауи жаңбырлатқыш агрегаттары арқылы суарылды. Ал 2021-2024 жылдары 28 шаруашылық заманауи жаңбырлатқыш агрегаттары арқылы суарылатын қосымша 19 мың га астам жердi қосу жоспарланып отыр», - дедi өңiр басшысы.

Сонымен қатар, оның мәлметiнше, қойма және көлiк инфрақұрылымын дамыту мақсатында шұғыл шаралар қабылдау бойынша берiлген Президент тапсырмасы аясында көкөнiс сақтау қоймаларының санын 57-ге дейiн көбейтiлген. Қосымша жалпы қуаты 20 мың тоннадан астам 8 көкөнiс қоймасы салынатын болады. Оған қоса биыл көлемi 16 га құрайтын 2 жылыжай пайдалануға берiлмек.

Сонымен бiрге, облыс басшысы мал шаруашылығында да осы жылдың 4 ай қорытындысы бойынша, өткен жылдың тиiстi кезеңiмен салыстырғанда iрi қара мал басы 9,3%, жылқы – 14,8%, қой мен ешкi - 2,8% өскенiн атап өттi.

«Өңiрiмiз еттi бағыттағы iрi қара мал басынан республикада II орында. Жыл басынан берi 470 тоннаға жуық iрi қара және қой етi мен ет өнiмдерi Ресей, Иран, Әзiрбайжан және басқа елдерге экспортталды», - деп толықтырды ол.

Өткен жылы оның дерегiнше, сала бойынша Орал қаласында «Орал құс фабрикасы» ЖШС жылына 18 млн дана жұмыртқа өндiретiн жаңа цехты, ал «Кублей» ЖШС ауысымына 600 дана мал терiсiн өңдейтiн цехын iске қосқан. Бөрлi ауданында «Аманат» ШҚ жылына 7,7 мың тонна сүт өндiретiн 600 басқа арналған тауарлы-сүт фермасы пайдалануға берiлген.

«Бәйтерек ауданында ұзақ уақыт тоқтап тұрған 8640 басқа арналған бордақылау Кроун Батыс кешенiн қайта iске қосылды. Сонымен бiрге, осы жылы қуаттылығы 54 мың тонна сүт және сүт өнiмдерiн өндiретiн 2 сүт зауыты пайдалануға берiледi», - дедi облыс басшысы.

Сонымен бiрге, облыс әкiмi Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында ауыл шаруашылығы кооперативтерiн құру жұмыстары жүрiп жатқанын тiлге тиек еттi. Оның мәлiметiнше, облыста 242 ауыл шаруашылығы кооперативтерiнде 4 мыңнан астам жеке қосалқы шаруашылық бiрiктi. Өткен жылы ауыл шаруашылығы кооперативтерiмен 843,6 тонна ет, 6302 тонна сүт және 21 тонна жүн өндiрiлген.

«Мал басының басым бөлiгi оңтүстiк аудандарға тиесiлi. Биыл осы аудандарды сумен қамту мақсатында Сарыөзен мен Қараөзен үшiн сатып алынатын Едiл суының көлемiн қосымша 47 млн. текше метрге көбейттiк», - дедi Ғали Есқалиев.

Бұдан бөлек, оның сөзiнше, биыл Жайық өзенi суын қуаңшылық кезiнде пайдалану үшiн қуаты тәулiгiне 1,2 млн. текше метрдi құрайтын су сорғы станциясының құрылысы басталады. Сондай-ақ, Жайық өзенiнiң сол жағалауындағы аудандардың 350 мың га дейiн жайылым жерлерiн суландыруға және Шалқар көлiн қосымша сумен толтыруға мүмкiндiк беретiн үш су каналын реконструкциялау жұмыстары басталады.

Сонымен бiрге, Жайық өзенiнiң мәселесiне тоқталған облыс басшысы Президент тапсырмасы шеңберiнде Жайық трансшекаралық өзенi бассейнiнiң экожүйесiн сақтау жөнiндегi Қазақстан-Ресей ынтымақтастығының 2021-2024 жылдарға арналған арнайы бағдарламасы бекiтiлгенiн атап өттi.

«Бұл мәселе күрделi, бiр жыл iшiнде шешiлетiн iс емес, толық шешiмiн табу үшiн екi елдiн бiрлескен iс-қимылы қажет. Қазiргi уақытта ғалымдар мен сарапшылар Жайық өзенi бассейнiнiң зерттеуiн бастады», - дедi облыс басшысы.

Газбен және сумен қамту

Ғали Есқалиевтiң сөзiнше, биыл 36 ауылды газбен қамту жоспарланған. Нәтижесiнде, облыс тұрғындарын табиғи газбен қамту үлесi 99,5%-ды құрайтын болады.

Сонымен қатар, ол 21 елдiмекендi сумен қамту үшiн 5,3 млрд теңге қаралғанын, жыл аяғына дейiн ауыл тұрғындарын орталықтандырылған сумен қамту 90%-ға дейiн өсетiнiн атап өттi.

Бiлiм беру

Облыс басшысы өскелең ұрпақтың терең бiлiм алуына жағдай жасау үшiн республикалық физика-математика мектебiнiң филиалы 1-2 сынып оқушыларын биылдан бастап қабылдайтынын атап өттi.

«18 арнайы топта 32 инклюзивтi тәрбиелеу кабинетi қызмет көрсететiнiн, балабақшалар 112 арнайы мамандармен және тиiстi құралдармен қамтылып, 1152 бала ерекше тәрбие алуына мүмкiндiк алып отыр», - дедi облыс басшысы.

Өңiрде 3 жастан 6 жасқа дейiнгi балаларды мектепке дейiнгi тәрбиемен қамту 100%, ал 1-6 жастағы балалар 76,3% қамтамасыз етiлген. Колледждердi сенiмгерлiк басқаруға берудi басталып, сервис және жаңа технологиялар колледжi кейiннен сатып алу құқығынсыз 10 жылға сенiмгерлiк басқаруға берiлген.   

«Нәтижесiнде 10 жыл iшiнде жөнделуiне жұмсалатын 52 млн теңге бюджет қаражаты үнемделiп, мемлекеттiк бюджеттiң шығындары азайтылды. Сондай-ақ, колледждiң материалдық техникалық базасы еңбек нарығының сұранысына сай жаңартылатын болады. Қазiргi таңда оқушылардың қауiпсiздiгi мақсатында өңiрдiң 385 мектебiнде 11 587 дана бейнекамера орнатылған. Бiрқатар мектептер арнайы қауiпсiздiк компаниялармен келiсiмшарт жасасқан», - дедi Ғали Есқалиев.

Әлеуметтiк қолдау және жұмыспен қамту

Облыс басшысының мәлiметiнше, елдегi пандемияға байланысты облыс тұрғындарына мемлекет және демеушiлер тарапынан 17 млрд теңгеге жуық әлеуметтiк қолдау көрсетiлген. Оған қоса 5 мыңнан астам отбасыға атаулы әлеуметтiк көмек (АСП) берiлген.

Пандемия кезiнде Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асқан «Жұмыспен қамту жол картасы» аясында өткен жылы 8 мыңға жуық адам жұмысқа тартылып, 242 тұрақты жұмыс орны құрылды.

Осы жылы «Еңбек» мемлекеттiк бағдарламасы аясында:

- 32 адам қысқа мерзiмдi кәсiптiк оқуға жолданды;

- әртүрлi санаттағы адамдар 46 кредитке қол жеткiздi;

- 184 адам жаңа бизнес-идеяларға гранттар алды;

- 623 адам әлеуметтiк жұмыс орындарына, 251 жас жастар практикасына, 3359 азамат қоғамдық жұмысқа жолданған..

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, бүгiнгi таңда 11 183 жұмысшы шаруа қожалықтарына ресми түрде тiркелiп, еңбек қатынастарын заңдастырды», - дедi ол.

Оның айтуынша, «Менiң аулам – менiң бағым» атты өңiрлiк акция жасақталған. Науқанның басты мақсаты - мемлекеттiк «Еңбек» бағдарламасы арқылы жұмыссыз және аз қамтылған отбасыларына көшеттер мен қажеттi құралдарды алып, өсiрген жемiс-жидектер мен одан дайындалатын өнiмдердi сату арқылы пайда көру. Акция аясында 52 азаматқа гранттар берiлдi. 1152 адам өз еркiмен 8320 теректердi егiп, 396 әлеуметтiк нысанда 8426 көшеттер отырғызылды. 

«Аталған шаралардың нәтижесiнде 2021 жылдың басында өзiн-өзi жұмыспен қамтыған тұрғындардың саны 117,4 мың адамнан 89 мыңға дейiн азайтылды», - деп толықтырды ол.

Жол мен пәтер мәселесi

Сонымен қоса, облыс басшысы өткен жылы 436 км жол жөнделсе, 2021 жылы 35,1 млрд теңгеге шамамен 300 км жолды жөндеу жоспарланғанын тiлге тиек еттi. Оның мәлiметiнше, 2021 жылы БҚО-да кезекте тұрғандар үшiн Орал және Ақсай қалаларында 324 пәтер, ауылдарда 139 пәтер салу жоспарланған. Сондай-ақ, өңiрде 10 мектеп, 7 дене шынықтыру-сауықтыру кешендерi салынуда. 900 орындық көпфункционалды мәдениет үйiнiң құрылысы жүргiзiлiп жатыр.

Өңiрдегi эпидемиологиялық жағдай

Бұдан бөлек, облыс басшысы өңiрдегi эпидемиологиялық жағдай бақылауда екенiн атап өттi. Оның дерегiнше, соңғы аптада 658 жаңа жағдай анықталған. Алдыңғы аптамен салыстырғанда ауру саны 8,9%-ға төмендеген.

«Облыс орталығының «қызыл» аймақта екенiн ескере отырып, 1 мамырдан бастап 14 күн бойына Орал мен «қызыл» зонада орналасқан 6 аудан арасындағы бақылау-өткiзу пункттерi ұйымдастырылған. Бұл шаралар тұрғындардың облыс орталығына келуiн 35%-ға азайтып, сондай-ақ бұқаралық iс-шаралардың өткiзiлуiнiң алдын алуға мүмкiндiк бердi», - дедi облыс әкiмi.

Нәтижесiнде, тәулiгiне жұқтырғандар саны сәуiрде 200-250-ден ағымдағы жылдың мамыр айында 90-100 жағдайға дейiн төмендеген.

Сонымен қоса, 1 мамырдан бастап мониторингтiк топтар 179 рейд жүргiзiп, 965 нысанға тексерiс жұмыстарын жүргiзген.

Барлық жаңалықтар