• Басты
  • БҒМ: Мектепке жұмысқа тұру тәртібі, тестілеуді электронды форматқа көшіру және дипломды цифрландыру

БҒМ: Мектепке жұмысқа тұру тәртібі, тестілеуді электронды форматқа көшіру және дипломды цифрландыру

8 Маусым, 2021 16:03

AntikorLive жобасының тікелей эфирінде Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов білім саласындағы сыбайлас жемқорлықпен күрес, дипломдарды цифрландыру, мектепке жұмысқа тұру тәртібі, сонымен бірге тестілеуді электронды форматқа көшіру жайында айтып берді, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

«Білім туралы» Заңға арнайы норма дайындалуда

Білім және ғылым министрінің айтуынша, бұл министрлік екі бағытта қызмет етеді. Бірінші бағыт - сыбайлас жемқорлықты болдырмау, алдын алу бағыты болса, екіншісі - балалармен жұмыс істегеннен кейін ағартушылық, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу үшін тиісті мәдениетті қалыптастыру, академиялық адалдықты дамыту. Осы екі маңызды бағыт үлкен маңызға ие.

«Әртүрлі алып-қашпа сөздер бар. Өмірде қандай жағдайлар болып жатқанынан бәріміз білеміз. Ондай мәселелердің, тәуекелдердің барын біз мойындауымыз керек. Осыны шешу үшін заңға арнайы норма дайындап жатырмыз», - деді Асхат Аймағамбетов

Бұл заңнамаға сәйкес, мектепке жұмысқа кімді алу керектігін бұдан былай мектеп директорлары шешпейді. Ендігі кезекте мұғалімдер жұмысқа конкурс арқылы ғана тұра алады. Егер бір жұмыс орны болса, алдын ала ол туралы жарнама беріледі. Сол хабарлама бойынша жалақысы қандай, жұмыс талаптары нақты айтылады. Содан кейін үміткерлер өз құжаттарын тапсырады.

«Алдағы уақытта бұның бәрін электронды форматқа ауыстыру жоспарда бар. Конкурстан өтіп мұғалімнің тиісті біліктілігіне, құзыреттілігіне, кәсібилігіне сәйкес комиссия шешімді ашық әрі жария түрде қабылдап, мектепке қабілетті әрі білімді мұғалімдер келуі назарда болады», - деді министр.

Оның айтуынша, осы норма «Білім туралы» Заңға енгізілді. Енді осы норманы іске асыру үшін министрліктің бұйрығы дайындалуда. Жақын арада бұйрыққа қол қойылып, жүзеге асырылады.

Түлектер үшін мектепке жұмысқа тұру тәртібі күрделенді

Сонымен қатар, биылдан бастап мұғалімдікті оқыған түлектер үшін мектепке жұмысқа тұру тәртіптері өзгерді. Яғни, бұл мамандық иелері сертификаттау тестінен өтсе ғана педагог дәрежесін алып, жұмысқа орналасуға мүмкіндік алады.

«Мұғалімдікті оқып, дипломын алған түлектер бірден мектепке жұмысқа тұра алмайды, олар міндетті түрде сертификаттаудан өтуі керек болады, яғни олар ұлттық біліктілік тестін тапсырады», - деді Асхат Аймағамбетов.

Оның айтуынша, тестен тиісті балл алғандар нәтижесі арқылы жұмысқа тұрғысы келген мектепке барып, ол жерде тәжірибеден өтіп, сабақ жүргізе алатынын мектептегі комиссияға көрсетіп, содан өтсе ғана «педагог» деген дәреже беріледі. Осы этаптардан өткеннен кейін мектепте жұмыс істеуге мүмкіндік туады.

Білім және ғылым министрі өз сөзінде кейбір мектептерде 30 жыл бойы бір адамның директор болып отырғанынан да хабардар екенін атап өтті. Кейбір жағдайда ғана 30 жылдық тәжірибесі бар директорлардың мықты басшы болатыны да кездеседі. Алайда, кадр үнемі жаңарып отыру керек.

«Жаңа ротация туралы сөз қозғағанда, қоғамда «ертеңнен бастап бүкіл елдегі 7500 директор бірден жұмысынан кетеді» деген дүрбелең туып жатыр. Алайда, олай болуы мүмкін емес. Екіншіден, біз мәселен, Павлодар облысында еңбек ететін мектеп директорын Қарағанды облысына жібергелі жатқан жоқпыз. Себебі әлеуметтік пакет, отбасылық жағдай, тұрып жатқан жері – бәрі ескерілуі тиіс. Сондықтан біз бір ғана әлеуметтік территориялық орын туралы сөз қозғап отырмыз. Жаңа мехнизмнің жекелеген мүдделерге жұмыс істеп кетпеуі басты назарда», - дейді ол.

Мектеп құрылысын бақылауға мүмкіндік беретін портал

Министр өз сөзінде халыққа мектептердің құрылысы мен жөндеу жұмыстарының барысын және сапасын бақылауға мүмкіндік беретін портал әзірленіп жатқанын айтты. Жақын арада әкімдіктер осы құрылыс алаңдарында камералар орнатып, жұмсалған қаржының игерілуін бақылауда ұстауға мүмкіндік туады деп күтілуде.

Сондай-ақ, министрлік тағы бір арнайы "Седа" порталын құрып, оның көмегімен оқу орындарын, ондағы мұғалімдер саны, олардың санаттары туралы ақпарат алу мүмкін болатынын да атап өтті.

«Онда педагогтердің аты-жөні мен жеке деректері болмайтыны түсінікті, бірақ онда әрбір оқу орны бойынша жанама ақпарат қолжетімді», - деді министр.

Оның айтуынша, бұл шаралардың барлығы елдегі оқу орындары туралы ақпараттың ашықтығын, қолжетімділігін қамтамасыз етеді.

Дипломдарды цифрландыру

Министр жоғары оқу орындары мен министрлікке дипломдардың түпнұсқалығы туралы сұраныстар жиі түсетінін атап өтті. Жұмыста дипломын ұсынып, алайда шын мәнінде еш жерде оқымаған жағдайлар кездескен. Осыған байланысты, министрлік мұндай жағдайлардың алдын алу бойынша белсенді жұмыс жүргізуде.

«Бізде электронды дипломдар бар. Электронды портал арқылы жұмыс берушілер белгілі бір нөмірді енгізіп, дипломның қашан берілгенін және оның қаншалықты шынайы екендігін тексеруге болады», - деді Аймағабетов.

Сондай-ақ, министрлік дипломдардың тарихи деректерін қалпына келтіру үшін жұмыс істеуде. Қазіргі таңда шамамен 10-15 жыл цифрландырылған. Енді белгілі бір уақытқа дейін жұмыс беруші қызметкердің оқығаны немесе оқымағаны туралы ақпаратты толық ала алады.

Грантта оқитын студенттердің жауапкершілігі маңызды

Сондай-ақ оның айтуынша, мемлекеттік грантқа түсетін студенттердың психологиясын өзгертуге және жауапкершілігін арттыруға арналған пилоттық жоба әзірленуде. Ол жобада грантқа түскен студенттердің жауапкершілігі басты назарға ілігеді. Яғни, гранттың ақшасын студенттің есепшотына аударылады. Ол өз кезегінде емтихандарды тапсырған сайын жоғары оқу орнына ақшаны өзі төлеп тұрады. Қаржы оқудан басқа ешқайда жұмсауға болмайды. Оқымаған студенттің ақшасы бюджетке қайтарылады.

«Мысалы, мен өзім грантта оқыдым. Бізбен бірге ақылы бөлімде оқыған балалар да болды. Олар жарты жыл сайын ақша төлеу керектігін білді. Біз болсақ, ақшаны мемлекет төлейді деп алаңдаған да жоқпыз. Соған үйреніп кеттік. Себебі, тәртіп бойынша жоғары оқу орны министрлікке грантқа түскендердің тізімін жіберіп, сол негізде ақша аударылып отырады», - деді Аймағамбетов.

Оның айтуынша, 2020 жылдан бастап Қазақстанда мемлекеттік гранттың құны көтерілген. Мәселен, мемлекеттік жоғары оқу орындарына берілетін бір гранттың құны 342 мың теңгеден 956 мың теңгеге дейін өссе, ұлттық университеттерде 635 мыңнан 1 082 600 теңгеге дейін көтерілген.

Қазіргі кезде осы бастама пилоттық жоба ретінде қолға алынған. Тәжірибе кезінде артықшылықтары мен кемшіліктері де анықталған. Сол үшін арнайы ақпараттық жүйе де әзірленуде.

Тестілеуді электронды форматқа көшіру

Министрдің айтуынша, докторантура мен магистратураға түсу үшін емтихандарды өткізу рәсіміне және басқа да іріктеу шараларына да өзгерістер енген. Докторантураға түсушілер үшін емтихан ҰБТ сияқты электронды форматта өтетін болады. Емтихан тапсырушыларды арнайы комиссия мен бейнекамералар бақылайды. Өткен жылы алғаш рет пилоттық режимде магистратураға түсудің электронды форматы сынақтан өткен. Биыл мұндай форматты тұрақты негізде енгізу жоспарлануда.

«Осылайша біз бағалаудың әділдігін қамтамасыз етеміз. Біз ашықтықты, нақты бәсекелестікті қамтамасыз етіп, сондай-ақ сенімді арттырамыз. Әділдік, ашықтық, академиялық адалдық – бұл біздің жұмысымыздың негізі», - деп қорытындылады Асхат Аймағанбетов.

Барлық жаңалықтар