БҒМ: Электронды ҰБТ және мұғалімдерді вакцинациялау мәселелері

8 Сәуір, 2021 13:15

Бұған дейін биылғы ҰБТ электронды форматта өткізілетіні хабарланған еді. Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәжілісіне қатысқан Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов ҰБТ-ның өту барысы мен мұғалімдерді вакцинациялауға қатысты толығырақ айтып берді, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

ҰБТ 15 сәуірде басталады

Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, биыл грантқа түсу үшін компьютермен тапсыратын ҰБТ 15 сәуірде басталып, 30 маусымға дейін жалғасады. Компьютермен тапсыратын ҰБТ-ға өтінішті Ұлттық тестілеу орталығының http://app.testcenter.kz/ сайты арқылы беруге болады.

Сонымен қатар, мемлекеттік білім грантын ұтып алу үшін үміткерлер Ұлттық бірыңғай тестілеуді екі мәрте тапсыруға мүмкіндігі бар. Осылайша, мемлекеттік білім беру грантын алу конкурсына қатысу үшін оқуға түсуші ең жақсы нәтижесі бар сертификатты ұсына алады.

«Тестілеуге 4 сағат (240 минут) беріледі. ҰБТ нәтижесі бойынша талапкерлер ең жоғары 140 балл жинай алады. ҰБТ барысында компьютер экранында калькулятор, Менделеев және тұздардың ерігіштігі кестелері қолжетімді болады», - деді Асхат Аймағамбетов.

Бұдан бөлек, оның айтуынша, тестілеудің 60 минутынан кейін оқушыларға көзге арналған және дене жаттығуларын орындау үшін екі минуттық үзіліс, ал 120 минуттан кейін 15 минуттық үзіліс беріледі. Ал, ҰБТ нәтижелерін тестілеу аяқталғаннан кейін бірден білуге болады. ҰБТ нәтижелерімен келіспеген жағдайда талапкер келесі күнді күтпей-ақ апелляцияға өтініш бере алады.

«ҰБТ ережелерінің сақталуын арнайы компьютерлік бағдарлама бақылайды. Тестілеу процесін қосымша ахуалдық орталық бақылайды. Тестілеу процесі шифрлау элементтері бар арнайы жабық VPN желісі арқылы жүзеге асырылады», - деді министр.

Сонымен қатар, ол тестіленушілерді кіргізу және аудиторияда отырғызу кезінде әлеуметтік қашықтық сақталатынын еске салды.

Сондай-ақ, ведомство басшысы ҰБТ-ның неліктен электронды форматқа көшірілгеніне қатысты пікір білдірді.

«Біз бұл туралы екі жылдан бері айтып келеміз. Сондықтан ата-аналар да, түлектер де алдын-ала дайын болды деп ойлаймыз. Оның үстіне, ҰБТ форматы туралы айтатын болсақ, форматтың өзі өзгермейді. Тек процедура өзгереді. Яғни, егер бұрын ҰБТ қағаз форматындағ яғни оларға кітапшалар беріліп, олар ондағы шеңберлерді бояп, көп уақыт жоғалтса, биылдан бастап бұл формат электронды форматқа ауысқаны дұрыс болады деп ойлаймын», - деді ол.

Оның сөзінше, бұл уақытты үнемдейді, өйткені жауабын да көп күтпейді, дереу шығады.

«Пандемия кезеңінде, мәселен, өткен жылдары 120 мыңға жуық мектеп түлектері 7-10 күн аралығында ҰБТ тапсырды. Бұл балалардың саны өте көп. Биыл ҰБТ үш ай бойы, шағын топтарда талапкерлерге ыңғайлы уақытта өткізіледі», - деп түсіндірді ол.

Мұғалімдерді вакцинациялау

Бұдан бөлек, министр баспасөз мәжілісі барысында мұғалімдерді вакцинациялауға қатысты ойымен бөлісті. Оның мәліметінше, ұстаздар да бұл науқанға белсенді түрде қатысып жатыр.

«Осы жерде айта кету керек, ҚР Денсаулық сақтау министрінің дерегінше, екпе егілгендердің 17%-ы мұғалімдер. Бұл біздің әріптестеріміздің бұл процеске белсенді түрде қатысып жатқандығын көрсетеді», - деді Асхат Аймағамбетов.

Сонымен қоса, ведосмтво басшысы бұған дейін коронавирусқа қарсы вакцина салдырғаны туралы айтып берді.

«Жалпы, мен жыл сайын вакцина алатын адамдар санатына жатамын. Өткен жылы маған бірден үш вакцина алуға тура келді: біріншісі - жазда алынған отандық Казвак, содан кейін мен тұмауға және пневмококкқа қарсы вакцина алдым. Мен вакцинаны адамзат ойлап ең ұлы жетістік деп санаймын. Менің отбасыма келетін болсақ, олар міндетті түрде вакцина алады деп ойлаймын. Олар қазіргі уақытта біздің елдің басқа азаматтары сияқты өз кезектерін күтуде. Уақыты келгенде олар шақырылады», - деп толықтырды министр.

Барлық жаңалықтар