• Басты
  • Бұл аурудың табиғатын түсінбей жатырмыз - Е.Саиров
2 Шілде, 2020 16:18

Бұл аурудың табиғатын түсінбей жатырмыз - Е.Саиров

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, Еуразиялық интеграция институтының директоры Ерлан Саиров өзінің бірнеше күннен ауырып жатқанын айтып, қазақстандықтарды карантин талаптарын орындап, сабыр сақтауға шақырды. Бұл туралы ол өзінің Фэйсбук парақшасында жазды.

Бұл аурудың табиғатын түсінбей жатырмыз - Е.Саиров
"Ауырып жатқаныма он күннен асты. Бұл аурудың алқымы ауыр. Менің ойымша, адамның санасын улап, күресуге деген демін сұлатуға тырысатын тәрізді. Ал енді, температура көтеріліп, сана уланып қалғанда, етіңді іріп жатса да, адам сүлейсоқ болады екен. Дәрігерлер күні-түні жүріп, дәрісін беріп, уколын салып, ұрсып жүріп, сананы оятып алып шықты. Қазір өз жағдайым қалыпты", - деді саясаттанушы.


Сонымен қатар ол жағдайдың күрделі екенін айтып, азаматтарды мейірімді болуға, өзін және жақындарының денсаулығына мұқият болуға шақырды.

"Жалпы жағдай күрделі деп ойлаймын.  Әлі де күрделене түсуі ықтимал. Бұл аурудың табиғатын түсінбей жатырмыз.  Қоғам қатігездене түссе, жақсыға сенбесе, бұл қызылкөзің өршелене түседі. Мен де бес күнде көрмегенді көрдім, неше түрлі ауыр елес болды. Бір жіпсіз жақсыға деген сенім алып шыққан тәрізді.  Сабырлы болған дұрыс. Бір-бірімізді сыйлап, мейірімділікке баулыған дұрыс. Бұл зұлматты әрқайсысымыз жеке жеңе аламыз. Ол жеңістің аты - сабыр, өзіңді-өзің күту, басқаның денсаулығына зиян жасамау", - деді Ұлттық сенім кеңесінің мүшесі. 


Бұдан бөлек саясаттанушы дәрігерлердің қызметіне ризашылығын білдіріп, алғыс айтты.

"Дәрігерлерге, әсіресе, кіші медицина қызметкерлеріне рахмет! Медбике, санитар  жігіттер нағыз батыр. Күні түні ұйқы жоқ, жүгіріп жүргені. Сонымен бірге барлық достарыма рахмет. Сіздерден өтінші, пиғылды түзейік. Вакцинадан басқа кілтипан да бар. Кілт сол жақта болуы мүмкін... Карантин қажет.... Ұжымдық жауапкершілік және иммунитетті нығайту маңызды", - деп түйіндеді Ерлан Саиров.
Барлық жаңалықтар