• Басты
  • Б.Асылова: Педагогтарды ынталандыру үшін жаңа марапат түрі енгізілді
6 Қаңтар, 2020 18:20

Б.Асылова: Педагогтарды ынталандыру үшін жаңа марапат түрі енгізілді

Биыл "Педагог мәртебесі туралы заң" аясында еліміздегі педагогтарды ынталандыру үшін жаңа марапат түрі енгізілді. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова аталмыш заңның ережелері мен ерекшліктеріне қатысты өткен баспасөз мәжілісінде айтты, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

Б.Асылова: Педагогтарды ынталандыру үшін жаңа марапат түрі енгізілді

"Өткен жылы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Педагог мәртебесі туралы" заңға қол қойды. Аталмыш заң аясында педагогтарды ынталандыру мақсатында жаңа марапат түрі енгізілді. Бұдан былай ұстаздарға "Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы" атты Мемлекеттік марапат берілетін болады. Бұл марапат 1000 еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде біржолдық төлем жасауды көздейді", - деді вице-министр.

Сонымен қатар вице-министрдің айтуынша, ауылдық жерлерде жұмыс істеуге және тұруға келген ұстаздарға қолдау көрсету мақсатында көтерме жәрдемақы қарастырылған. Сонымен бірге тұрғын үй алуға не салуға да әлеуметтік қолдау көрсетілмек.

"Ауылда жұмыс істейтін педагогтардың жалақысы 25 пайызға өседі. Сондай-ақ коммуналдық төлемдер мен жанармай сатып алу үшін әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Сонымен қатар ауылдық жерлерде жұмыс істеуге және тұруға келген мұғалімдерге қолдау көрсету мақсатында көтерме жәрдемақы қарастырылып отыр. Сонымен бірге тұрғын үй алуға не салуға да әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Жалпы мемлекет тарапынан мұндай қолдаулар бұған дейін де бар болатын. Алайда олар "Дипломмен - ауылға", "Еңбек" секілді мемлекеттік бағдарламалар аясында жүзеге асып келді. Бұдан былай мұның бәрі аталған заң бойынша реттеліп, бекітіледі", - Бибігүл Асылова.

Сонымен қатар вице-министр сөзіне сүйенсек, аталған заң бойынша елімізде алғаш рет педагогтың жұмыс уақыты мен демалыс уақыты заңмен реттелген. 

"Ел тарихында тұңғыш рет мұғалімнің жұмыс уақыты мен тынығу уақыты заң бойынша реттеліп отыр. Педагогикалық қызметтің мерзімі білім беру саласындағы уәкілетті орган мен еңбек саласындағы уәкілетті органның келісімімен бекітілетін ережелерге байланысты орындалады. Сондай-ақ жаңа заң бойынша ұстаздардың жүктемесі азаймақ. 2021 жылдың қыркүйегінен бастап жалпы білім беретін мектептердегі оқу жүктемесін 18 сағаттан 16 сағатқа дейін төмендету қарастырылып отыр. Ерекше функцияларды орындауға, артық есеп беруге және негізсіз тексерулер жүргізуге тыйым салынады", - деді вице-министр өз сөзінде.

Айта кетейік, "Педагог мәртебесі туралы" заң 21 баптан тұрады. Жаңа заң педагогтың кәсіптік қызметтегі, материалдық қамтамасыз ету, көтермелеу, әлеуметтік кепілдіктерге құқықтарын, педагогтің міндеттерін көздейді.

Назерке Сүйіндік

Барлық жаңалықтар