• Басты
  • Б.Асылова: Білім басқармасы басшыларын тағайындау және босату тәртібі өзгерді
21 Қаңтар, 2020 12:59

Б.Асылова: Білім басқармасы басшыларын тағайындау және босату тәртібі өзгерді

2020 жылдан бастап білім басқармасы басшыларын тағайындау және босату тәртібі өзгертілді. Бұл туралы  "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне ҚР әкімшілік-аумақтық құрылысы, мемлекеттік басқару жүйесін, бюджетаралық қатынастарды жетілдіру, кредиттеу және білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңының нормаларын түсіндіру жөнінде өткен баспасөз мәжілісінде ҚР Білім және ғылым экономика вице-министрі Бибігүл Асылова айтты, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

Б.Асылова: Білім басқармасы басшыларын тағайындау және босату тәртібі өзгерді

Вице-министрдің айтуынша, аудандық және қалалық білім бөлімдері облыстарға берілмек. Сонымен қатар, ол атап өткендей білім беру бөлімдерін беру заңды тұлғаның мәртебесін сақтай отырып жүзеге асырылады. Бұл ретте білім бөлімдері білім басқармаларының бақылауында болатынын атап өтті ол. Сондай-ақ оның айтуы бойынша, білім беру саласына бөлінетін бюджет қаражаты облыс деңгейінде шоғырланатын болады.

"Білім басқармасы органдарының басшыларын тағайындау және босату тәртібі өзгертілді. Биылдан бастап басшыларды тағайындау және босату Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің келісімі бойынша жүзеге асырылатын болады. Өз кезегінде білім басқармалары Министрліктің келісімі бойынша білім бөлімдерінің бірінші басшыларын тағайындайды және қызметтен босатады", - деді Бибігүл Асылова.

Сонымен бірге вице-министрдің сөзіне сүйенсек, аудан әкімдігіне де бірқатар құзырет беріледі. Атап айтқанда, аудан әкімдігі жетім балаларды міндетті түрде жұмысқа орналастыру және тұрғын үймен қамтамасыз ету, түлектерді жұмысқа орналастыруға көмектесу, ауылдарда білім беру ұйымдарына жұмысқа келген жас мамандардың тұрғын үй-тұрмыстық жағдайын қамтамасыз етуге жәрдем беру және де оқушылардың қоғамдық көлікте жеңілдікпен жол жүру мәселесін қарастыру шаралары кіреді.

Сондай-ақ вице-министр өз баяндамасында білім беруді басқару жүйесіндегі өзгерістер нәтижесінде қандай шараларға өзгерістер енгізілетіне тоқталып өтті.

"Білім беруді басқару жүйесіндегі өзгерістер нәтижесінде қаржы ресурстарын әр ауданның қажеттіліктеріне сәйкес бөлу, мемлекеттік саясатты іске асыруда бірдей көзқарасты ұстану, түсінікті әрі толық ақпаратпен қамтамасыз ету, заңды түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Сонымен қатар білім беру саласындағы мемлекеттік қызметкерлердің сапасын арттыру мәселесі қолға алынып отыр", - деді ол.

Бұдан басқа оның айтуы бойынша, жеке меншік мектептерде мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру рәсімі өзгермек.

"Атап айтқанда, мемлекеттік тапсырысты орналастыру әкімдіктерден "Қаржы орталығы" АҚ-дан берілетін болады. Сонымен бірге комиссиялық шешім қабылдау болмайды және құжаттар пакеті қысқартылады. Сондай-ақ айта кету керек, бұл өз кезегінде мемлекеттік органдар тарапынан ұйымдарға қатысты таңдау мен сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға мүмкіндік береді. Өйткені таңдау ата-анаға тиесілі болмақ", - деді вице-министр.

Сонымен қатар вице-министрдің айтуы бойынша, қазіргі таңда елімізде жеке мектептерді дамыту қажеттілігі туындап отыр. Себебі апаттық жағдайда тұрған оқу орындары мен үш ауысымда оқытатын оқу орындары бар. Ал жеке меншік мектептер бұл мәселені реттейтінін атап өтті. 

"Өткен жылдың өзінде жеке меншік мектептер саны 70-ке артты. Нәтижесінде бұл 21 мың орынды енгізуге мүмкіндік берді. Болашақта 53 мың орыннан асатын жеке мектептер ашу бойынша 106 жоба бар", - деді Бибігүл Асылова.

Назерке Сүйіндік

Барлық жаңалықтар