• Басты
  • Қазыбек Иса: Латын әліпбиі орыстілді және қазақтілді жастар арасындағы алшақтықты жояды

Қазыбек Иса: Латын әліпбиі орыстілді және қазақтілді жастар арасындағы алшақтықты жояды

15 Ақпан, 2021 16:01

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ақын, қоғам қайраткері Қазыбек Иса латын әліпбиіне көшу мен әліпбидің жаңа нұсқасы туралы Strategy2050.kz тілшісіне сұхбат берді.


Қазыбек Жарылқасынұлы, латын әліпбиінің жаңа нұсқасы шығыпты. Бұл нұсқаға көңіліңіз тола ма? Әлде тағы ескертулеріңіз бар ма?

Жақында ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин өткізген Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия отырысы өтті. Сонда жетілдірілген жаңа латын әліпбиінің соңғы нұсқасы таныстырылды. Біздің көңілімізден шықты. Өйткені, Ұлттық кеңестегі біздің ұсынысымыз ескеріліпті. Біз мына ескертулерді айтқан едік: екі диграф әріпті алып тастау, «ш»-ны диакритикалық таңбамен беру, «ч» әрпін мүлде алып тастау және қазақтың «і» әрпін қайтару. Біздің осы сұрауымыздың бәрі орындалыпты. Сондықтан соңғы нұсқаға көзқарасым жақсы. Тек біздің ұсынғанымыздай «і» әріптерін бұрын біз басындағы нүктесімен жазып келдік, сол күйі сақталуы үшін соңғы нұсқадан «і» мен «и» әріптері таңбаларының орнын ауыстыру керек. Енді «і» әрпі бұрынғыдай төбесіндегі нүктелерімен, ал «й», «и» әріптері нүктесіз болады.

Соңғы нұсқадағы латын әліпбиінің мазмұндық ерекшеліктеріне толық тоқталып өтсеңіз?

Жаңа нұсқадағы әліпби «бір дыбыс-бір таңба» принципіне толық сәйкес келеді. Мұнда төрт диакритикалық белгі бар, олар: умлаут, макрон, бревис, седиль. Умлаутпен жіңішке дауысты дыбыстар – «Ää», «Öö», «Üü» (Әә, Өө, Үү), макронмен жуан дауысты дыбыс Ūū (Ұұ), бревиспен ұяң дауыссыз Ğğ (Ғғ), седильмен ызың дауыссыз «Şş» (Шш) беріледі. Халықаралық транскрипцияда Ы дыбысы Ү әрпімен жазылатындықтан, «ы» әрпіне осы таңба алынды. «Ы» дыбысына түрік әліпбиіндегі «Iı» таңбасын алу керек деген пікірлер айтылды. Бүгінгі таныстырылған жетілдірілген әліпбиде бұдан бұрынғы 32 әріптен біз айтқан «Ч» әрпін алып тастап, 31 әріп қалыпты. Әліпби тек латын әліпбиі базалық жүйесі таңбаларынан құралған. Бұл әліпбиде қазақ тілінің 28 дыбысы толық қамтылған. Қазіргі ә(ä), ө(ö), ү(ü), ұ(ū) және ғ(ğ), ш(ş) қазақ әріптері диакритикалық таңбалармен берілген. Жаңа әліпбиге кезең-кезеңімен көшу 2023 жылдан бастап 2031 жыл аралығында жоспарланып отыр. Осы жиында Маминнің өзі жаңа әліпбиді қолданысқа енгізу асықпай, кезең-кезеңімен жүргізілу керек деген тапсырма айтқан болатын.

2018082710195015.jpg

«Жетілдірілген әліпби нұсқасы қазақ тілінің дамуына жаңа серпін беріп, оның заманауи үрдістерге сай жаңғыруына ықпал етеді. Алдағы уақытта қазақ тілін латын графикалы әліпбиге кезең-кезеңімен көшіру бағытында қарқынды жұмыс жүргізу керек», - деді А. Мамин.

Латын әліпбиін үйренуге, қабылдауға не кедергі деп ойлайсыз?

1940 жылы қазақ халқынан бір ауыз сұрамай-ақ бір күннің ішінде қабылданған кириллица бұғауынан 77 жылда әрең босағалы жатырмыз. Ұлттың рухани отарсыздануы латын әліпбиіне көшуден басталады. Қазір кез келген жерде латын әліпбиімен қазақша, кириллицамен орысша, екі нұсқа жазулы тұрады. Көпшілік әрине оңай жолын және үйреншіктіні таңдап, кириллица нұсқасын оқиды. Бұл қазақтілділердің де латын әліпбиін үйренуге кері әсерін тигізіп, кедергі келтіруде. Осы мәселе шешілуі тиіс. Қазіргі уақытта жастардың ұялы телефонында латын әліпбиі қолданылатыны белгілі. Сондықтан латынға көшу көп қиындық туғызбайды. Әрі латын әліпбиі  орыстілді және қазақтілді жастар арасындағы алшақтықты жояды. Өйткені, орыс мектебін бітірген балалалар қазақша жазғанда қиналса, қазақ мектебін аяқтаған балалар да дәл сол күйді басынан өткереді.

jpg.jpg

Латын әліпбиіне көшудің пайдалы жақтары қандай?

Бұл тарихи оқиға әрі күрделі процесс. 1929 жылмен 1940 жылдар аралығында қазақтар латын әрпімен жазып, оқыған. Тек ол кезде қазіргідей сауат ашу, әріп тану, мектепте оқу бәріне бірдей қолжетімді болмаған. Бұған дейін айтып та жазып та жүрмін, латын әліпбиіне көшу арқылы қазақтар рухани азаттыққа қол жеткізеді. Ең ірі пайдасы осы!

Латын әліпбиіне ресми түрде көшсек, қазақ тіліндегі көркем әдебиет, том-том кітаптардың бәрін латын әліпбиімен қайта басып шығару мемлекет үшін шығын болмай ма?

Біз асыға күткен тарихи сәтке енді қол жеткізіп отырғанда, шығын шығармай, құрбандық шалмай толыққанды іске асыру мүмкін емес. Егер конвертер арқылы аударатын болса, көп шығын кетпейді. Тек қағазға төлесе жеткілікті. Мұның бәрі бір күнде бітетін шаруа емес, уақыт қажет. Рухани азаттыққа қол жеткізу үшін мұндай шығынға жолу беру әбестік емес.

Латын әліпбиіне көшу халық үшін қаншалықты қиын болуы мүмкін?

Қазір адамдардың бәрі смартфонды қолданады. Хат, хабарлама жазуда, оқуда латын әріптерін пайдаланады. Демек, халықтың басым бөлігі латын әліпбиімен таныс. Меніңше, көп қиындық тудырмауы тиіс. Жастар, жасөспірімдер мен балалар ағылшын тілін еркін меңгеруге ұмтылған. Оларға мүлдем қиын болмас. Тек емле ережелеріндегі өзгерістерді меңгеріп алса болғаны. Оны үйрету үшін арнайы оқыту курстары ұйымдастырылатын болады. Оқыту курстарында ең алдымен тренерлер, яғни латын әліпбиі мен емле ережелерін үйрететін мамандар даярланатын болады.

Әңгімелескеніңізге рақмет! Сәттілік тілеймін!


Барлық жаңалықтар