Азық-түлік бағасының тұрақтылығын сақтау және қаржы нарығын дамыту

2 Қыркүйек, 2021 09:33

ҚР үкімет отырысына Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев Мемлекет басшысының биылғы Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру мақсатында Ұлттық Банк Үкіметпен бірлесіп 2022 жылы инфляцияны 4-6% нысаналы дәлізге қайтаруға айрықша көңіл бөлетінін айтып өтті. Оның дерегінше, 8 айда ішкі өндіріс қажеттілігінің ресми жабылуына қарамастан, жекелеген нарықтардағы тұрақты теңгерімсіздік нәтижесінде азық-түлік инфляциясының өсуі 11,4%-ды құраған. Толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің материалында.

Азық-түлік инфляциясының өсуі

Мемлекет басшысы жолдауда монетарлық емес факторлар әсерінің ұлғаюын, әсіресе азық-түлік бағасының өскенін атап өткен болатын. Ұлттық банк төрағасы биылғы 8 айдың қорытындысы бойынша, ішкі өндіріс қажеттілігінің ресми жабылуына қарамастан, жекелеген нарықтардағы тұрақты теңгерімсіздік нәтижесінде азық-түлік инфляциясының өсуі 11,4%-ды құрағанын атап өтті. Мәселен, маусымаралық кезеңде картоп пен сәбіздің бақылаусыз экспортына байланысты олардың жазғы айларға тән бағасының күрт өсуі және соның салдарынан ішкі нарықта дефицит пайда болған.

«Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру үшін азық-түлік бағасының өсуіне қарсы күресте Үкімет пен әкімдердің негізгі күш-жігерін тауар өндірісінің, экспорт пен импорт балансын ескере отырып, ішкі нарықты жан-жақты толықтыруға жұмсау керек», - дедi Ұлттық банк төрағасы.

Оның мәлімдеуінше, инфляцияны 2022 жылы нысаналы дәлізге қайтару бойынша жолдауда қойылған міндеттерді тиімді түрде шешу үшін 2021-2023 жылдарға арналған инфляцияға қарсы әрекет ету шараларының кешені әзірленген.

Микроқаржы ұйымдарының мүмкіндіктерін кеңейту

Ұлттық банк төрағасы макроэкономикалық саясатты үйлестіру жөніндегі
2021-2023 жылдарға арналған келісім инфляцияның азық-түлікке жататын және азық-түлікке жатпайтын бөліктерінің монетарлық емес факторларын айтарлықтай төмендетуді қамтамасыз етуге тиіс екенін мәлімдеді. Оның сөзінше, орта мерзімді негізде болжамды және теңгерімді тарифтік саясатты қамтамасыз ету керек.

Мемлекет басшысы өз жолдауында қаржылық тұрақтылық қорының шексіз емес екендігін атап өткен болатын. Осы орайда, Ерболат Досаев бүгінгі күні бюджет тапшылығын және Ұлттық қордан берілетін трансферттерді арттыру есебінен өсуі толықтырылып отыратын мемлекеттік шығыстардың айтарлықтай ұлғаюы проинфляциялық қысымның қосымша көзі болып табылатынын жеткізді. Оның мәлімдеуінше, осыған байланысты тапсырмаға сәйкес Ұлттық қордан берілетін трансферттердің көлемін және мемлекеттік шығыстардың өсу қарқынын шектейтін контрциклдық бюджеттік қағида енгізіледі.

«Үкімет ұлттық банкпен бірлесіп бюджет кодексіне енгізілетін түзетулерді әзірлейді және тиісті тәсілдер Мемлекеттік қаржыны басқару тұжырымдамасында бекітіледі. Сондай-ақ, биылғы жылғы қыркүйекте «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы 2022 жылдың соңына дейін ұзартылады», - дедi Ерболат Досаев.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту

Сондай-ақ ол кәсіпкерлікті соның ішінде ауылдағы кәсіпкерлікті кредиттеуді одан әрі дамыту үшін қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп ағымдағы жылдың соңына дейін микроқаржы ұйымдарының мүмкіндіктерін кеңейтуге қажетті шешімдер топтамасы дайындалатынын атап өтті. Осы орайда Ерболат Досаев инфляцияны нысаналы дәлізге қайтару және ақша-кредит саясатының тиімділігін арттыру бойынша мемлекет басшысы қойған міндеттерді сапалы түрде іске асыру мақсатында ұлттық банк баға тұрақтылығын қамтамасыз етуге қажетті шараларды қабылдауға ниеттені екенін жеткізді.

Барлық жаңалықтар