• Басты
  • Жаңалықтар
  • Азық-түлік бағасы: өсу себептері, тұрақтандыру шаралары, елордадағы арзан азық-түлік сататын орындар

Азық-түлік бағасы: өсу себептері, тұрақтандыру шаралары, елордадағы арзан азық-түлік сататын орындар

13 Сәуір, 2021 13:22

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің баспасөз алаңында елордада азық-түлік бағасын реттеу әрі тұрақтандыру шаралары туралы айтылды, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.



Азық-түлік бағасы тағы өсті

Нұр-Сұлтан қаласы Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Гүлмира Ермолдина жыл басталғалы бағаның өскенін айтты. Спикер азық-түлік бағасының қымбаттау себептерін түсіндірді.

«Биыл азық-түлік бағасы біршама қымбаттады. Десе де,  өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бұл 6,2 пайызға төмен. Бағаның өскенін көкөніс, өсімдік майы, жұмыртқа және тауық еті, сондай-ақ бірінші сұрыпты ұнның бағасының көтерілуінен білуге болады», - деді ол.

Бағаның өсуі қаңтар айы мен мамыр айларында байқалады. Мамыр айынан бастап жаңа өнімдердің келуіне байланысты баға төмендейді. Сондай-ақ бағалардың өсуіне өндірушілердің шикізатының қымбаттауы, буып-түю материалдары, көлік шығындарының қымбаттауы, сонымен қатар делдардың әрекеті әсер етеді.

«Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы 5-7 пайызға дейін көтерілді. Бағаны реттеу үшін дәстүрлі жәрмеңкелер өткізіліп тұрады. Биыл да болады. Қазір аймақтармен сөйлесіп жатырмыз. Жәрмеңкелер шілде айынан бастап қарашаға дейін болады», - деді Гүлмира Ермолдина.

Жәрмеңкелер өткізіледі, инвестиция тартылады

Өткен жылы елордада дәстүрлі жәрмеңкелердің өтуіне пандемия әсер еткен болатын.

Спикер атап өткендей, азық-түлік бағасын тұрақты ету үшін инвестиция тарту жұмысы жолға қойылып жатыр. Қазірге дейін 40 млрд теңгені құрайтын инвестиция тартылған. Жоспар бойынша 2022 жылы инвесторлар есебінен қуаттылығы 10 000 тонна болатын жылыжай мен 3 көтерме сауда орталығы салынады. Мемлекеттік бюджеттен пайызсыз несие беру үшін 4 млрд 457 млн теңге бөлініпті. Пайызсыз несие берудегі мақсат – азық түлік бағасын тұрақты ету.

«Қала бойынша бағаны тұрақтандырудың екі тетігі іске асырылуда: біріншісі – тұрақтандыру қорын қалыптастыру, екіншісі – айналым механизміндегі жұмыс. Тұрақтандыру қоры бойынша ұн, күріш, қант сатып алынды. Әкімдік екінші механизмге көп көңіл бөлуде және сауда желілеріне жеңілдетілген несие беріледі. Себебі, өндірушілердің басым бөлігі өңірлерде орналасқан, азық-тұлік өңірлерден әкелінеді. Сол үшін біз халықты баға бойынша жеңілдетілген несиелеумен барынша қамту үшін сауда желісіне басты назар аударамыз», - деді Г. Ермолдина.

Азық-түлік бағасы төмен сауда орындары

Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын ұстап тұру үшін сауда желілері қарыз алады. Нұр-Сұлтан қаласы ӘКК «Астана» азық-түлік қауіпсіздігі департаментінің директоры Ризагүл Мүслімованың айтуынша, әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының тұрақтылығын сақтап қалу үшін 11 несие берілді. Несие алуға ірі сауда желілері қатысты. Олардың ішінде «Magnum», «Мир круп» көтерме сауда компаниясы, «Turkuaz» дистрибьюторлік компания, «Ақмол» дүкендер желісі, картоп өндірушілер одағы атынан қатысушы «А-Агро» компаниялары бар.        

«Осы алынған несиелер негізінде кейбір сауда орындарында азық-түлік бағасы тұрақты. Олар: «Magnum», «Астықжан», «Кеңмарт», «Вкусмарт» «Ақмол» дүкендер желісі, «Анвар», «Аян», «Шапагат» тұрмыстық базары. Тауарлар бағасы арнайы комиссияның шешімімен бекітіледі. Мұнымен қоса, бізтағы да несиелер беруді жоспарлап отырмыз. Қазір өзге сауда желілерімен келіссөздер жүргізіліп жатыр», - деді Ризагүл Мүслімова.

Несие беру келісімшартына сәйкесі «Магнум» және «Ақмол» дүкендері жылдың соңына дейін бағаның тұрақтылығын қаматамасыз етулері қажет.

Баға тұрақтылығын қамтамасыз етуге бөлінген қаржы

Департамент басшысының айтуына қарағанда, 2017-2020 жылдар кезеңінде ӘКК-ге бюджеттен 4 450 000 000 теңге бөлінді. 2020 жылы екінші тетік шеңберінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 18 атауына бағаны тұрақтандыру үшін барлығы 4 593 687 935 теңге сомасына 11 қарыз берілді. Қарызды жоғарыда көрсеткен сауда желілері мен дүкендер пайдаланып отыр. Бұл несиелер бағаның қарыштап өсіп кетуінің алдын алып отыр.

Күнбағыс майы тағы қымбаттай ма?

«Күнбағыс майының бағасының өсіп кетпеуі республика бойынша қадағаланып жатыр. Күнбағыс майын өндіруге арналған шикізаттың жетіспеушілігінен тек Қазақстанда ғана емес, көрші мемлекеттерде де баға өсіп жатыр.  Бұл ретте біз өткен жылдан бері фьючерлік келісім-шарттар жасап жатырмыз. Күнбағыс майын жеткізушілердің бірі литрін 460 теңгеге әкеледі. Баға көтеріліп жатқан кезде бұл – өте тиімді баға болып саналады. Алайда бұл жеткізуші тек қана кейбір сауда орындарына әкелетін болғандықтан, барлық жерде бірдей баға бола алмайды. Сондықтан статистика органдары ортақ бағаны шығарады», - деп қосты Нұр-Сұлтан қаласы Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Гүлмира Ермолдина.

Азық-түлік бағасының өсуіне жол берген әкімдерге сөгіс

Кеше өткен Үкімет отырысында сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік 3,2 пайызға өскенін айтқан болатын. Өткен жылы азық-түлік бағасы 4,8 пайызға өскен еді. Көп себептің бірі пандемия мен карантиндік шектеулер болған. Бақыт Сұлтанов есеп беру кезінде ол басқарып отырған ведомствоның дер кезінде қабылдаған шаралары нәтижесінде баға тұрақтылығына қол жеткізілген.

«Соңғы үш аптада баға 0,2 пайызға артты, былтыр баға 3,5 пайызға өскен. Сонымен қатар, кейбір өңірлерде жоғары өсім байқалады. 6 сәуірдегі жағдай бойынша ең жоғарғы баға Жамбыл облысында - 4,2 пайыз, Атырау облысында - 3,8 пайыз, ең аз өсім 2,9 пайыз - ШҚО мен Ақмола облысында тіркелген», - деді министр.

ҚР Президенті Қ.Тоқаев әлеуметтік азық түлік бағасының өсуіне жол бермеуді тапсырған еді. Осы орайда бағаның тұрақтылығын қамтамасыз ете алмаған облыс әкімдеріне сөгіс жарияланатын болды. Премьер-министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов қай өңірлер әкімінің орынбасарына қатаң сөгіс жариялау керектігін айтты.

Ішкі саудадағы проблемалар

Азық-түлік бағасының жылдан жылға өсуіне ішкі саудадағы бірнеше фактор әсер етеді. Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, ішкі саудада түйіні шешілмей отырған үш негізгі проблема бар. Ол проблемалар:

-         заманауи сауда форматтарының аздығы;

-         сауда алаңдарының жетіспеушілігі;

-         тиімді қойма орындарының шектеулігі.

Сауда Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің 17%-ын құрайды. Қазақстанның сыртқы сауда айналымы 2020 жылы 13% -ға төмендеді. Биылғы көрсеткіш жыл соңында белгілі болады.

Барлық жаңалықтар