• Басты
  • ҚазМұнайГаз және Equinor бірлескен зерттеу жұмыстарын жүргізу туралы келісімге қол қойды
24 Қыркүйек, 2019 17:37

ҚазМұнайГаз және Equinor бірлескен зерттеу жұмыстарын жүргізу туралы келісімге қол қойды


«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Алик Айдарбаев Equinor ASA компаниясының барлау бойынша аға вице-президенті Торе Лоземен кездесті, деп хабарлады Strategy2050.kz.
ҚазМұнайГаз және Equinor бірлескен зерттеу жұмыстарын жүргізу туралы келісімге қол қойды

Кездесу барысында қатысушылар Қазақстан мен Норвегияның мұнай-газ саласындағы серіктестігінің маңызын атап өтті және келешекте ықтимал жер қойнауын пайдалану жөнінде келісімшартқа отыру мақсатында Қазақстан Республикасы аумағындағы кейбір мұнай-газ учаскелерінде бірлескен зерттеу жұмыстарын жүргізуге ынта білдірді.

Соған орай, қос компания арасында ұзақ мерзімді және өзара тиімді серіктестік аясында бірлескен зерттеулер жұмыстарын жүргізу туралы Келісімге қол қойылды. Құжатқа ҚМГ Аппарат басшысы – Даму жөніндегі басқарушы директор Дастан Абдулғафаров және Equinor барлау бойынша аға вице-президенті Торе Лозе қол қойды.

Келісім Қазақстан Республикасы аумағында мұнай-газ учаскелерінің көмірсутекті әлеуетін бағалау мақсатында геологиялық және геофизикалық іздестіру жұмыстарын жүргізуді көздейді.

«Келісім келешекте өзара тиімді серіктестіктің негізі болады деп сенеміз. Қос компания да Қазақстанда барлау және өндіру келісімшарттары бойынша Equinor-дың стратегиялық серіктес ретінде қатысуын қарастыруға дайын», - деді А. Айдарбаев.

«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» АҚ – көмірсутектерді барлау, өндіру, қайта өңдеу және тасымалдау бойынша қазақстандық ұлттық оператор.

«ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ акцияларының 90,42%-ы «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-ға және 9,58%-ы Қазақстан Республикасының Ұлттық банкіне тиесілі. «Equinor ASA» - норвегиялық энергетикалық компания.

Норвегиялық құрлықтық қайраңдағы жетекші мұнай-газ операторы. Қызметін әлемнің 30-дан астам мемлекетінде жүзеге асырады. 1972 жылы Den Norske Stats Oljeselskap AS-Statoil атауымен негізі қаланған, 2018 жылы атауы Equinor деп өзгертілді. Мұнай мен газды барлау, өндіру және өңдеу, сонымен қатар жел және күн қуатын дамытумен айналысады.

Барлық жаңалықтар