• Басты
  • Қажырлы қаламгер – Қалмұқан Исабаев

Қажырлы қаламгер – Қалмұқан Исабаев

6 Тамыз, 2021 17:33

Соғыста қаруымен, бейбіт күнде қаламымен халқына қызмет еткен тұлғаның бірі - жазушы Қалмұқан Исабаев. Ол он екі жыл өмірін әскерге беріп, соғыстан соңғы жылдарда Ильменау қаласының коменданты қызметін атқарған, қарт қаламгер еді. Ғибратты ғұмыр иесі жайлы ой толғамды сіздермен бөліскенді жөн көріп отырмыз.

Қалмұқан Исабаев 1925 жылы 25 тамызда Баянауылда дүниеге келген. 1943 жылы Совет Армиясы қатарына шақырылады да, онда 1954 жылдың күзіне дейін қызмет етеді. Ұлы Отан соғысына қатысқан. 1954-1955 оқу жылында Алматы қаласының кешкі жастар мектебінде 10-сыныпты бітірісімен, Қазақ мемлекеттік университеті филология факультетіне сырттай түседі. Оны 1961 жылы бітіріп шығады. Оқи жүріп, «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде әдеби қызметкер болып істеген. Алғашқы «Баян» атты әңгімесі 1954 жылы «Әдебиет және искусство» («Жұлдыз») журналына жарияланған. 1961 жылғы «Ертіс – Қарағанды» каналының жобасымен танысады. 1961 жылы болашақ су жолы жүретін жерлермен 500 километр жаяу сапар шегіп, нәтижесінде «Арман арнасымен» атты күнделік кітабы жарық көрді. Он екі жыл бойы құрылыстың жұмысымен танысып, «По руслу мечты», «Подвиг в степи», «На стыке судеб», «Сұңқар самғауы» атты кітаптар, жүзден астам проблемалық очерк пен мақала жазды. 1992 жылы Павлодар облысындағы Ермак қаласына қойылған басқыншы атаманның ескерткішін алуға, қала атын Ақсу деп өзгертуге атсалысты.

«Екiбастұз көмiр кенiн Қосым Пiшенбаев ашты» деген пікірді де мақалалары арқылы орнықтырушы болды. Осы мәселенiң шындығын дәлелдеуде нақты журналистік зерттеулер жүргізді. Қ.Исабаев дәл деректерді анықтайтын дәлелдер іздеді. Верхотурлық 1-гильдиялық көпес – тау-кен кәсiпкерi Александр Бенардакидiң 1867 жылдың 21 маусымында жазған хатында (заявка) сол жылдың 12 маусым күнi Екiбастұз көлiнiң шығысындағы «Қарабидайық» деген жерде Қосым Пiшенбаев бастаған баянауылдық 5 қазақ көмiр кенiн ашқаны баяндалғанын тауып, жарыққа шығарады. Бұл деректі ол Киев қаласының мұрағаттарынан тауып, жариялайды. Осыдан кейін Қосым Пішенбаев жайында көптеген мақалалар, журналистік зерттеулер жүргізді. Сонымен бірге Екібастұз қаласына Қосымның ескертікішін орнатуға атсалысты. Алғашқы кенші туралы деректер мен дәлелдерді нақтылады.

Қалмұқанның бір ерлігі

«Бұл да бiр бiткен iс болды» деп аталатын мақаласында соғыстан кейін Германияның Ильменау қаласында комендент болған кездегі оқиғасы туралы айтылады. Жазушы 1945 жылы Жеңістен кейін Германияда қалдырылып, комендент болып қызмет атқарады. Осы кезде қаладан төрт шақырым жердегi Габелбахта немiстiң ұлы ақыны Гетенiң мұражайына 1979 жылы Абайдың «Қараңғы түнде тау қалғып» өлеңінің аудармасын табыс етедi. Гетеден Лермонтов, одан Абай аударған осы бiр екi шумақ өлеңдi гранит тасқа жаздырып, өзi көтерiп апарып, мұражайдың қабырғасына iлгiзiп, Абайға арналған шағын мүйiс ашқызады. Қазақ жерінде Гете атындағы көшелер пайда болады. Іле-шала Берлин қаласында да Абай атындағы көше пайда болады. Мақала осы туралы. Бұл ұлы ақынның мұрасын насихаттау мен қазақ сынды өнерпаз халықтың мәдениетті дейтін елдерден кем емес, олармен терезесі тең екендігін тағы да бір дәлелдеген Қ.Исабаев ерлігі болды.

Жазушы З.Шашкин туралы

Қ.Исабаев мақалалары ішінде қазақтың талантты ұлы жазушы Зейін Шашкин туралы толғаныс та бар. «Зейін Жүнісбекұлының күн тәртібі қызық болатын: ертеңгілік 8-ден ақ халатын киіп кабинетінде ауруларды қабылдай бастайды. Түсте – бір сағат үзіліс. Содан кешкі 8-ге дейін тағы да ауруларға ем-дом жүргізеді. Түнде терезесінен көрінген жарық сағат 2-3-ке дейін сөнбейді. Артынан білсек, бұл уақытта ол романын жазып жүреді екен... Бір кезде ол дәрігерлік кабинетінен түнде де шықпайтын болды. Сөйтсе, көмей туберкулезін рентген сәулесімен емдеу тәжірибесін 300 рет жасап, қорытындыларын Алматыға, Ғылыми кеңеске жолдап жүреді екен. Мынаны қараңыз, Ғылыми кеңес оның тәжірибе жұмысын жоғары бағалап, осы тәсілмен ем-дом жүргізе беруге сәт тілепті. Бұл өзі Кеңес Одағында өріс алмаған емдеу тәсілі. Тіпті, туберкулезді осылай емдеу Зейін Жүнісбекұлы тапқан тәсіл десе де болғандай. Дәрігеріміз мұндайда аса тасыраңдап қуану дегенді білмейді. Тек жымиып қана, өз ісін біліп жүргені. Зейіннің санаториядағы беделі өте жоғары болды. Басшылық алдында кез-келген мәселені, артық сөзсіз шешіп ала беретін. Бурабайда жүріп мен Мәскеу білім көтеру институтына барып қайттым, бөлім басқарып, бас дәрігердің орынбасарлығына дейін көтерілдім. Осының бәріне қолым Зейін Жүнісбекұлының арқасында жетті», - деп жазады қаламгер.


Мақала емес пьсеса жазды

Журналистің өмірі мен шығармашылығы романтизмге толы. Исабаев 1982 жылы комбайншылар мен еңбек адамдары туралы мақала жазуға тапсырма алады. Сонымен ол екі ай комбайншылармен бірге егіс даласында жұмыс істейді. Сөйтіп мақала емес, «Комбайн» деп аталатын пьеса жазады. Пьеса өз кезінде жоғары бағаланып, Мәдениет министрлігі тарапынан марапатқа да ие болады.

«Комендент» деп аталтын романы 1963 жылы жазылды. Көркем шығарма болғанымен, деректілік басым. Бұл шығарманы деректік мәндегі шығарма жанрына жатқызуға болады.

Әзілге жүйрік жазушы 

Жазушы, көсемсөзші Қалмұқан Исабаевтың есімі даңқты батыр, комендент, іскер басшы ғана емес, өз жолдастары арасында, майдандас достары арасында әзілді айта білетін, қағытпасымен күлдіріп, орта толтыра алатын, қазақы қалжыңның шебері ретінде де мәлім.

Даңқты партизан Қасым Қайсеновтың сыйлас інілерінің бірі – өзі де майдангер жазушы Қалмұқан Исабаев екеуіне қатысты хикая көп. Бір күні Қалекең Қаскеңе сәлем бере келіп, әңгімелесіп отырып қалады. Бір кезде Қаскең:

– Қалмұқан, сен осы соғыста жараландың ба? – деп сұрайды.

– Пәле, жараланғанда қандай, – деп даусын көтере созып, аузын толтыра жауап береді Қалекең.

– Жаралансаң, қай жеріңнен жараландың? – дейді Қаскең.

– Басымнан.

– Ой, сенің басыңда оқ паналайтындай жер жоқ қой, қалай жараланып жүрсің? –дейді ағасы әзілге бұрып, Қалмұқанның тақыр, жалтыр басына көз жүгірте қарап. Әзілге жүйрік Қалекең де іркілместен басын бір сипап өтіп:

– Бәсе, Қаске, немістің оқтары ұшып келіп менің басыма тиюін тиіп жататын да ылғи қасымдағылар не өліп, не жараланып қалушы еді. Сөйтсе менің басымнан тайып кеткен оқтар ылғи соларға тиген екен ғой, - деген екен, майдангер жазушы.

Дерекке ерекше маңыз берген 

Қ.Исабаевтың «Шоң би романында 18-19-ғасырлардағы қазақ даласының тарихы туралы айтылады. Роман кейіпкері қазақтың атақты биі – Шоң биі. Шоң бидің даналығы мен кемеңгерлігі, ел басқарудағы іскерлігі мен шешендігі туралы оқиғалар арқылы қазақ халқының тарихы баяндалады.

Жазушының «Даладағы ерлік», «Тағдырлар тоғысқанда», «Құмдағы шағала», «Көгілдір қазына» деп аталатын еңбектері бар. Қазақ тарихын баяндайтын «Шоң би», «Серт», «Айқыз» деп аталтын шығармаларын көркем әдебиет жанры дегенімізбен де деректік маңызы ерекше. Жазушы нені жазса да, нақты дерек негізін назарға алады. Сондықтан да қаламынан туған әрбір шығармасының тағылымдық, танымдық мәні зор. Қаламгер әрбір деректі зерттеп, ақиқатына көз жүгіртіп алады.

Жер-су атауларын терең түйсінген

Қаламгер өмірінің соңғы жылдарындағы басты мақсаты – қажылыққа барған қазақтардың аттарын жазып қалдыру болатын. Қажылыққа бару – биік мәдениет пен ірі өренің жемісі болатын. Сондықтан да Қ.Исабаев осындай жандарды іздестіріп, олар туралы зерттеу жасаған. Бұл жазушы еңбегіндегі этнографтық еңбек десе де болғандай.

Қалмұқан Исабаевтың этнографтық еңбегінің, зерттеулерінің біріне – Екібастұз атауының аты жайында сөз қозғайды. «Екібастұз – екі көлдің атауы» атты мақаласын жатқызуға болады. Бұған дейін Екібастұз атауы туралы көп деректер, ақпараттар айтылатын. Солардың барлығына Қ.Исабаев нүкте қойды. Қаламгер Екібастұз атауын оның маңындағы екі тұзды көлге қатысты екенін дәлелдеп береді. Шынында да, Павлолар маңында тұзды көлдер көп. Сондықтан да оның атауы да жер мен елді мекен атауында қалатыны белгілі.


Тарихи тұлғаларды қадірлеген

Қазақ әдебиетіндегі өз орны бар майдангер жазушы Қалмұқан Исабавтың шығармаларының тақырыбы да, кейіпкерлері де кең. Қаламгер қазақ топырағындағы қадірлі жандарды үлгі етеді. Олардың тарихтағы істерін кейінгі ұрпаққа жеткізеді. Сондай үлгі етер ортасы да әр түрлі Қ.Сәтбаев сынды ғалым, Шоң бидей алып тұлға және еңбек иесі – комбайншы, комендент Төлеген болып кете береді. Барлығы да елін сүйетін, елдің әр кезінде халыққа қызмет етуді ғана мақсат еткен жандар. Сол бейнелердің барлығын жинасақ, Қ. Исабаевтың өз бейнесі шығады. Ұзақ жасаған майдангер қаламгердің адал, шыншыл, туралықпен өткен ғұмыры көз алдыңызға келеді.                  

Қаламгер Қалмұқан Исабаев шығармашылығы туралы айтқанда бүгінгі жас ұрпаққа тынбай еңбек еткен жан екеніне куә боламыз. Қалмұқан Исабаенвтың Қазақстанда ғана емес, соғыстан кейінгі жылдары Германияда қызмет еткендігін еске алсақ, терең білімді, әрі өз ісіне тиянақты, іскер басшын болғанын көреміз. Қаламгердің Германия жерінде қазақ жерінің мәртебесін көтеріп, Абай есімін танытуының өзі де үлгі болатын іс екені белгілі. Мағыналы ғұмырында жас ұрпаққа өмірімен өнеге берген Қалмұқан Исабаевтың шығармаларындағы елдік пен азаматтық, рухы биік кейіпкерлер де тәрбие мектебі екені белгілі.

   

Азира ҚОЖАХМЕТ,

Баянауыл ауданы

Барлық жаңалықтар