• Басты
  • Азаматтық қоғамды қалыптастырудың өзекті мәселелері
8 Маусым, 2020 11:05

Азаматтық қоғамды қалыптастырудың өзекті мәселелері

Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-бабында «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы - адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп жазылған. Бұл ретте, аталған бағыттағы құндылықтарды іске асыру елдегі азаматтық қоғамды дамыту мәселесімен тығыз байланысты.

Азаматтық қоғамды қалыптастырудың өзекті мәселелері

Азаматтық қоғамды қалыптастырудың тарихы ерте заманнан бастау алады. Сарапшылар Платон, Аристотель заманында халықтың билікке белсене араласуын қамтамасыз етуге арналған қадамдар жасалғанын айтып, азаматтық қоғамның бастауын сол кезеңнен іздейді. Шындығында бүгінгі сипаттағы азаматтық қоғамның алғышарттары, азаматтық қоғам жайлы нақты көзқарастар орта ғасырлық Еуропада пайда бола бастады. 

Азаматтық қоғам туралы эмпиризм мен либерализмнің жарқын өкілі, көрнекті ағылшын философы Джон Локк былайша ой қорытады:

Жеке адамдардың мүддесі қоғам мен мемлекеттің мүддесінен жоғары. Бостандық ең маңызды құндылық. Жеке тұлға бостандығының негізі, оның саяси тәуелсіздігінің кепілі – жеке меншік болып табылады. Бостандық жеке адамның өміріне кім-кімнің де қол сұға алмауы. Индивидтер өзара қоғамдық келісімшарттар жасайды. Яғни, азаматтық қоғам құрады. Бұл индивид пен мемлекеттік құрылым арасында қорғаныс құрылымын қалыптастырады.
Сондықтан Джон Локктың пікірінше азаматтық қоғам дегеніміз адамдардың өз еріктерімен әр түрлі топтарға шоғырлануы, мемлекеттің тікелей ықпал етуінен заң арқылы қорғалған өзін-өзі басқару институты. Ал құқықтық мемлекет осы азаматтық қатынастарды реттеуге бағытталған. Егер азаматтық қоғам адам құқығын (өмір сүру, еркіндік, бақытқа ұмтылу құқықтары т.б.) қамтамасыз ететін болса, мемлекет өз кезегінде азаматтың құқығын (саяси құқықты, яғни қоғамды басқару құқығын) қамтамасыз етуі тиіс.

Осы сияқты азаматтық қоғам жайлы айтылған пікірлер мен теориялар аз емес.

Қазақстан да азаматтық қоғам қалыптастыруды өзінің негізгі бағдары ретінде ұстанады. Сондықтан еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін аталған бағыттағы үрдіс айтарлықтай ілгері баса бастады. Еліміздегі азаматтық қоғамды дамыту үдерісін негізінен төрт кезеңге бөліп қарастыруға болады.

Бірінші кезең – 1990-1995 жылдар аралығы. Бұл кезеңде Кеңес дәуірі келмеске кетіп, тәуелсіз мемлекеттер құрылды. Қазақстанда да аталған кезеңде демократиялық үдерісті қалыптастыру саясаты қарқын алды. Сондай-ақ, мемлекеттік емес сектор Қазақстанға енді ғана келіп, өз қызметіне кірісіп жатты.

Екінші кезең – 1995-2003 жылдар аралығы. Бұл кезде қоғамдық ұйымдар нық қалыптасып, көптеген салалар бойынша белсенділік таныта бастады. Бұл кезеңде қоғамдық ұйымдар санының артуы байқалады. Бірінші және екінші кезеңде шет елдік гранттардың үлесі аса жоғары болды.

Үшінші кезең – 2003 жылдан 2019 жылға дейінгі уақыт. Бұл аралықта үкіметтік емес ұйымдар мен мемлекеттік құрылымдардың арасында өзара тиімді қарым-қатынас, байланыс орнығып, маңызды мәселелер бойынша ортақ жұмыстар атқарылып келеді.

2003 жылы Елбасының қатысуымен Бірінші Азаматтық форум ұйымдастырылды. Бұл форум әр екі жыл сайын өткізіліп келеді. Азаматтық қоғам институттары мен мемлекеттік құрылымдар арасында өзара байланыс орнату, өзекті мәселелерді бірлесіп шешу мақсатында жер-жерде консультативтік-кеңесші органдар құрылды. Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 25 шілдедегі №154 Жарлығымен «Қазақстан Республикасында азаматтық қоғамды дамытудың 2006-2011 жылдарға арналған тұжырымдамасы» қабылданды.

Төртінші кезең – 2019 жылдан бастап ел президенттігіне Қасым-Жомарт Тоқаевтың келуімен «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы іске қосылып, заңнамада қоғамды демократияландыру бағытында өзгерістер енгізіле бастағанымен ерекшеленуде. Қазіргі таңда «Қазақстан Республикасында 2025 жылға дейінгі азаматтық қоғамды дамытудың тұжырымдамасы» дайындалуда.


Еліміздегі азаматтық қоғам институттарының жай-күйі туралы.

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің дерегінше елімізде тіркелген ҮЕҰ саны – 22 763. Минитрлікке өзінің қызмет атқаратындығы жөнінде ақпарат енгізген қоғамдық ұйымдар саны – 5031.

Безымянный.png

Елімізде тіркелген үкіметтік емес ұйымдардың сандық көлемі оның сапалық құрамымен сай келе бермейді. Министрлік сайтында келтірілген қызмет атқарушы 15 954 үкіметтік емес қосымша зерделеуді қажет етеді деп санаймын.

Кейбір салалар бойынша қоғамдық ұйымдар санының көп болуы мемлекеттік органдар мен халықаралық ұйымдардың аталған бағыттағы саясатына да байланысты. Мәселен, ең көп ұйымдар тұрғындардың әлеуметтік жағдайын көтеру, жастар саясатын қолдау бағытында тіркелген. Бұл мемлекеттің осы жайтқа көп көңіл бөлетіндігін көрсетеді. Сәйкесінше аталған бағытта мемлекеттік қаржыландыру көлемі де қомақты, қоғамдық ұйымдарға берілетін жобалар саны да көп.

Қоғамдық ұйымдардың қызметі негізінен мемлекеттік және шетелдік гранттарға негізделген. Яғни, грант ұтып алған уақыт белсенді қызмет етсе, қалған уақытта жұмысы көбінесе тоқтайды.

Сондай-ақ, көптеген қоғамдық ұйымдар ресми тіркелгенімен іс жүзінде жұмыс жасамайтындары көп. Кейбір қоғамдық ұйым басшылары өзге елге қоныс аударса, кейбірі қаза тапқан т.б. Яғни, оны таратуға ешкім арыз бермеген. Мемлекеттік құрылымдардың оларды мәжбүрлеп таратуға құқықтары жоқ. Осыған орай, ресми тіркелген ұйымдардың саны уақыт өткен сайын артып отыр. 

Сондай-ақ, белгілі бір мерзім аралығында өзін-өзі таратуға ниет білдірген қоғамдық ұйымдарға мараторий жариялауға болады. Өйткені олардың көпшілігі заңды тұлғаны таратудың ресми тәртібінен қашады. Осы арқылы үкіметтік емес ұйымдардың сандық және сапалық сипатын нақтылауға болады.

Тағы бір көңіл аудара кетерлік мәселе, бүгінде кең қолданысқа ие семинар-тренинг, конференция, «дөңгелек үстел» сынды кездесу форматтарынан алыстаған жөн. Уақытында өзіндік көмегін тигізген бұндай отырыстар бүгінде маңыздылығын азайтып келеді. 

Оның орнына әлеуметтік мәселелерді шешуге арналған нақты жобаларды қаржыланжыру көлемін ұлғайту керек. Мысалы егер жоба нақты әлеуметтік өткір мәселені шешуге бағытталғанда (жұмыссыздықпен күрес, кедейлікпен күрес, зорлық зомбылықпен күрес, нашақорлықпен күрес т.б.) оның жемісі де болмақ. 

Мысал ретінде, кейбір ұйымдар өз қоғамдастығы жанында арнайы тігін цехын ашып, оған мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа алып отыр. Бұл біріншіден, жаңа жұмыс орындарын ашады, екіншіден, өз өнімдерін сатып, қосымша пайда табу мүмкіндігіне ие болады.

Сондай-ақ, бүгінде бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін ұлғайту да ҮЕҰ-дың қызметі үшін маңызы зор. Бұл мемлекеттік емес ұйымдардың өкіметке емес бизнестің әлеуетіне иек артуына, бизнестің те сол арқылы мемлекеттік деңдейдегі заңнамалар мен шешімдердің бизнеске қолайлы болуына ықпал ете алады.

Қазақстанда үкіметтік емес ұйымдар институт ретінде емес жекелеген адамдардың (яғни, басшыларының) беделі, харизмасы арқылы дамып, танылып отыр. Сондықтан ұйымдардың дербес институт ретіндегі сапасын арттыру маңызды мәселенің бірі.

Қазақстанда азаматтық қоғам институттарының тек әлеуметтік салада ғана емес саяси тұрғыдан да сауатты, білікті және белсенді болғаны елдің дамуына өз ықпалын тигізетіні анық. Кез келген тақырыпқа араласа кететін, қаржы қай салада болса сол салаға мамана салатын ұйымдар саны азайып, белгілі бір тақырыпқа маманданған, өз саласын жетік меңгерген принципшіл ұйымдар мен азаматтардың қатары көбейгені еліміздің болашағы үшін де берері көп болмақ.

Сонымен қатар, соңғы жылдары Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде қоғам тарапынан берілген ұсыныстар негізінде азаматтық қоғамды дамытатын оң шешімдер қабылдануда. Бұл саяси партиялардың тіркелуін жеңілдететін, заңнаманың азаматтарды жазалауға арналған қолданыстағы қатаң талаптарын жеңілдететін, митингке шығу тәртібін оңтайландырған, ұстаздар мен дәрігерлердің жалақасын жақсартатын т.б. өзгерістер орын алуда. Бұл қоғамды либерализациялаған оң қадамдардан болғанын айта кеткен жөн.

Қорытындылай келгенде, кез келген қоғамның дамуы елдің дамуына белсене араласатын белсенді азаматтар мен үкіметтік емес ұйымдардың әлеуетіне тікелей байланысты. Сондықтан мемлекеттік саясат та елдегі белсенді, көзі ашық, білікті азаматтар мен қоғамдық ұйымдардың көбеюіне, мемлекеттік билік пен үкіметтік емес ұйымдардың өзара әріптестікте қызмет етуіне күш сала беруі тиіс.

ҰСЫНЫЛАДЫ
Барлық жаңалықтар
дерекнама 2050

ШОБ ЖІӨ көлемінің 50 пайызынан артығын өндіреді

Еңбек өнімділігі 126 мың долларға дейін көтеріледі 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамту

Қазақстан өз нарығын жаңа экологиялық стандарттарға сай келетін жанар-жағармаймен толықтай қамтамасыз етеді

Жалпы экспорт ішінде шикізат емес экспорттың көлемі екі есеге, 2040 жылы үш есеге артады

Әліпбиімізді латын қарпіне көшіру ісі басталады

Қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін меңгеруі тиіс

15 пайыз егістік алқаптарына суды үнемдеу технологиялары енгізіледі

Халықты ағын сумен қамту мәселесі шешіледі

Адам басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 60 мың долларға көтеріледі

ҚР тұрғындарының үлесі халықтың 70 пайызын құрайды