• Басты
  • Азаматтық қоғамдағы үкіметтік емес сектордың рөлі

Азаматтық қоғамдағы үкіметтік емес сектордың рөлі

27 Ақпан, 2021 16:14

Үкіметтік емес ұйымдар күні 2010 жылы 17 сәуірде Балтық теңізі аймағы елдерінің ҮЕҰ IX форумында ресми түрде өткізіле бастады. ҮЕҰ күнін халықаралық ауқымда 2014 жылы 27 ақпанда Финляндияның СІМ Хельсинки қаласында өткізді. Содан бері халықаралық ҮЕҰ күнін дүниежүзі бойынша түрлі қоғамдастықтар, корпорациялар және көптеген қоғамдық ұйымдар атап өтеді. 6 құрлықтың 89 мемлекеті өз күнтізбесінде 27 ақпанды «Халықаралық ҮЕҰ күні» деп көрсеткен екен.

«Үкіметтік емес ұйым» термині 1945 жылы құрылған Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының 71-бабына алғаш енгізілді. Осы құжат бойынша «мемлекеттің ықпалынан тәуелсіз және коммерциялық емес кез-келген ұйым ҮЕҰ деп аталады». Кейбір деректерге сәйкес бүкіл әлем бойынша 10 миллионнан астам ҮЕҰ бар. Дүниежүзі бойынша ҮЕҰ-ға қаржылай қолдау жасайтын адамдардың саны 2011 жылы 1,2 миллиардтан 2014 жылы 1,4 миллиард адамға дейін көбейген. Ал 2030 жылға қарай олардың саны 2,5 млрд-қа жетуі ықтимал. 3,3 миллионнан астам үкіметтік емес ұйымы бар Үндістанда әрбір 400 адамға шамамен бір ҮЕҰ келеді. Кениядағы ҮЕҰ секторында 290 000 - нан астам штат қызметкерлері мен еріктілер бар, олардың 80%-ы 24 жасқа дейінгі азаматтар. Ал Еуропада 129 000-нан астам қайырымдылық қоры бар. Бұл үкіметтік емес ұйымдар жыл сайын 53 миллиард еуродан астам қаражатты қайырымдылыққа жұмсайды. Қазіргі зерттеушілер ҮЕҰ қалыптасуын төрт кезеңге бөліп қарастырады. Бірінші кезең – XIX ғасырдың ортасынан Бірінші дүниежүзілік соғысқа дейін, екіншісі – екі дүниежүзілік соғыстың арасындағы уақыт, үшіншісі – Екінші дүниежүзілік соғыс пен ХХ ғасырдың 90-жылдарының басына дейінгі аралық. Төртінші кезең – 90-жылдардың ортасынан қазіргі уақытқа дейін. 

Тәуелсіздіктің 30 жылында елімізде үкіметтік емес ұйымдардың берік қоғамдастығы қалыптасты. «Невада – Семей» қозғалысы еліміздегі азаматтық қозғалыстың айқын көрінісі болды. Елбасының 1991 жылғы 29 тамыздағы Жарлығымен Семей ядролық полигонының жабылуы әлемдік қауымдастық тарапынан қолдауға ие болып, Қазақстан жаһандық ядролық қауіпсіздік қозғалысының белді мүшесіне айналды. 2000 жылғы қазандағы «Еркін де еңселі әрі қауіпсіз қоғамға» атты халыққа Жолдауда елімізде екі жарым мыңнан астам ҮЕҰ бар екені, «үкіметтік емес қоғамдық ұйымдар Қазақстанда құқық қорғау қызметін де, халық топтарының айрықша мүдделерін жүзеге асыруда да, қоғамды әлеуметтік тұрақтандыруда да үлкен рөл атқарып отырғаны» айтылды. 2001 жылдың қаңтарында «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» ҚР Заңы қабылданды. Азаматтық сектордың серпінді дамуына Елбасының 2003 жылы 15 қазанда өткен I Азаматтық форумды өткізу туралы бастамасы ықпал етті. Ел тарихындағы алғашқы азаматтық форум мемлекет, бизнес және үкіметтік емес сектордың арасындағы әріптестік қатынастардың жаңа моделін жолға қойды. Бұл бастама ҚР Конституциясында айқындалған құқықтық, демократиялық және әлеуметтік мемлекет құру негіздерін нығайтуға ықпал ететіні сөзсіз еді. Бұл форум билік пен үкіметтік емес сектордың қазірге дейінгі іс-қимылын, кейінгі форумдар, заңнамадағы өзгертулерді белгілеген оқиға болды. ҚР үкіметтік емес секторының дамуын бірнеше кезеңге бөліп қарастыруға болады:

1.     1980 жж. аяғы – 1994 жж. – үкіметтік емес сектордың қалыптасуы.

2.     1994-1997 жж. – үкіметтік емес ұйымдар сапасы мен санының өсімі.

3.     1998-2002 жж. – ҮЕҰ-мен өзара іс-қимыл жөніндегі мемлекеттік тетіктердің әзірленуі.

4.      2003 жылдан – қазіргі уақытқа дейін – мемлекеттік органдар мен ҮЕҰ белсенді ықпалдастығы.(азаматтық форумдар, заңнамалар, тұжырымдамалар). 

ҚР Заңнамасы бойынша, Yкiметтiк емес ұйым - ортақ мақсаттарға қол жеткiзу үшiн азаматтар және (немесе) мемлекеттiк емес заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ерiктi негiзде құрған коммерциялық емес ұйым (саяси партияларды, кәсiптiк одақтарды және дiни бiрлестiктердi қоспағанда).


2020 жылы 17 қарашадағы IX Азаматтық форум

Бүгінде Қазақстанда түрлі бағыттағы 22 мыңнан астам үкіметтік емес ұйым, 3,7 мың діни бірлестік, әртүрлі меншік нысанындағы 3,5 мың БАҚ, 234 қоғамдық кеңес, 36 салалық және 19 аумақтық ұйымдарды қамтитын 3 ірі республикалық деңгейдегі кәсіподақ тіркелген. 2020 жылдың сәуір айында Қазақстанда жұмыс істеп тұрған 16,4 мың ҮЕҰ болды. ҮЕҰ қызметі Қазақстан Республикасының «Қоғамдық бірлестіктер туралы» (1996 ж.), «Коммерциялық емес ұйымдар туралы»(2001 ж.), «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар және сыйлықақылар туралы» (2005 ж.) заңдарымен реттеледі. 2018 жылғы 15 тамыздаМемлекеттік әлеуметтік тапсырысты қалыптастыру, іске асыру мониторингі және оның нәтижелерін бағалау қағидалары бекітілді. Еліміздегі азаматтық сектордың қалыптасуы мен трансформациясы 2006-2011 жылдарға арналған ҚР Азаматтық қоғамды дамытудың алғашқы тұжырымдамасында көрінді.  

Бүгінгі таңда бір ғана Нұр-Сұлтан қаласында 2726 үкіметтік емес ұйым тіркелген. Бұл Қазақстандағы ҮЕҰ жалпы санының 12%-ын құрайды. Құқықтық статусы бойынша «Заңды тұлғалар бірлестігі» - 371 ұйым, «Қоғамдық бірлестіктер» - 1270, «жекеменшік мекемелер» - 276 және «Қорлар» - 809. Елордада белсенді деген үкіметтік емес ұйымдардың саны – 270. Қызмет бағыттары бойынша ұйымдар келесідей топтарға бөлінген: Әлеуметтік қорғауды ұйымдастыру-51, Жастар саясаты мен балалар бастамаларын қолдау – 37, Қоғамдық келісімді нығайту-26, Азаматтардың денсаулығын сақтау, салауатты өмір салтын насихаттау – 24, Гендерлік саясат-18, Демография мәселелерін шешу-16, Мәдениет пен өнерді дамыту-14, Басқа да әлеуметтік маңызды бағыттар-84. Қазақстандағы ең белсенді үкіметтік емес ұйымдар Нұр-Сұлтан қаласында жұмыс істейді деп айтуға негіз бар. Оның басты факторларының бірі ретінде Елордадағы республикалық және халықаралық ұйымдардың, сондай-ақ шетелдік қорлар өкілдіктерінің шоғырлануын айтамыз.



2018 жылы 28 қарашада өткен VIII Азаматтық форум көрінісі 

ҮЕҰ саны өскен сайын оның жұмысын ашық, таза және қоғамға пайдалу қылу міндеті күшейе түседі. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев 2020 жылы 19 тамызда өткен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесте түбегейлі шешімін таппай келе жатқан осы проблемамен күресте қоғамдық бақылауды күшейту қажет деді. Ел Президенті өз сөзінде азаматтардың жоғары оқу орындары, колледждер, тіпті мектептердегі сыбайлас жемқорлыққа шағымданатынын атап өтті. «Сыбайлас жемқорлық біздің қоғамға тереңдеп еніп, үйреншікті құбылысқа айналуы мүмкін. Бұл өте өзекті мәселе. Кәсіпкерлер жер комитеті, өртке қарсы қызмет, салық және кеден органдары сыбайлас жемқорлыққа бейім деп санайды. Жолдардың сапасы да халықтың алаңдаушылығын тудырады» деді Мемлекет басшысы. Сөз соңында ол барлық мәселелер бойынша қоғамдық бақылау тетіктерін жұмыс істетіп, үкіметтік емес ұйымдарды жұмылдырған жөн деп айтты. «Үкіметтік емес ұйымдар осы саладағы нормативтік-құқықтық актілерді сараптауға қатысуы қажет» - деді Қ.Тоқаев. ҮЕҰ қаржылық қызметінің ашықтығы, оны цифрландыру, оңтайландыру туралы Елбасы Н.Назарбаев бірнеше кездесуде айтқан еді. 2006 жылы 3 тамызда Қостанай мемлекеттік университетінде өткен үкіметтік емес ұйым өкілдерімен кездесуде Елбасы Н.Ә. Назарбаев «Сіздер мемлекеттің өміріне белсенді араласуларыңыз қажет» - деген еді. Сонымен қоса Елбасы Қазақстандағы ҮЕҰ-дың  жағдайы жаман емес деп есептейтінін айтты. Үкіметтік емес ұйымдар туралы заң жобасына назар аудара отырып, заңда ҮЕҰ қызметін шектеу туралы сөз жоқ екенін, алайда олардың қызметіндегі қаржы ағыны ашық болуға тиіс екенін айтты. Өйткені кейбір ұйымдар қызметінің көлеңкелі тұстары да бар. 

ҚР Президенті Қ.Тоқаев 2019 жылы 2 қыркүйектегі «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты халыққа Жолдауында «Заман талабына сай тиімді мемлекет» құрудың төрт жолын ұсынды. Соның ішінде төртінші бағыты «Қоғамдық келісімді нығайту» бөлімінде мемлекет құраушы ұлт ретіндегі қазақ халқының орны айқын екенін және этносаралық татулық пен қоғамдық келісімге жағдай жасалатынын ерекше атап өтті. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі мәртебесіне тоқтала келіп, Президент: «Белсенді азаматтық қоғам құру үшін үкіметтік емес ұйымдардың беделін арттыру қажет деп санаймын. Сондықтан, жақын арада Азаматтық қоғамды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасын әзірлеп, қабылдауымыз керек» - деді.

Президенттің осы тапсырмасынан кейін Үкімет Азаматтық қоғамды дамытудың тұжырымдамасын жан-жақты талқылауды ұйымдастырды. ҚР-да азаматтық қоғамды дамыту концепциясының мақсаты – азаматтық қоғамды дамыту үшін қолайлы жағдай жасау және тең құқықты әріптестік негізде азаматтардың мемлекетпен өзара іс-қимылының тиімді жолдарын қамтамасыз ету. Тұжырымдаманың алғашқы нұсқасында екінші басымдық мемлекеттік міндеттерді шешуде ҮЕҰ рөлін күшейту, волонтерлік пен жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытуға бағытталған 3 міндет пен 9 бастамаға арналған. Мұнда үкіметтік емес ұйымдар ұсынатын қызметтердің сапасын арттыр, азаматтардың қатысуымен өзекті мәселелерді шешу жолдары қарастырылған. Концепция аясында әртүрлі әлеуметтік топтар мен индивидтердің қажеттіліктері мен мүдделері отбасы, үкіметтік емес ұйымдар, саяси партиялар, кооперативтер, кәсіптік одақтар, бұқаралық ақпарат құралдары, жергілікті қоғамдастықтар және т. б. азаматтық қоғам институттары арқылы жүзеге асырылады.

Барлық деңгейде талқыланып, Президенттің жарлығымен бекітілген соң, Тұжырымдамаға енгізілген шаралар кешені 2030 жылға дейін кезең-кезеңімен орындалады. Оның алғашқы кезеңі 2020-2025 жылдардың аралығында іске асырылса, екінші кезеңі 2026-2030 жылдарға жоспарланған. Тұжырымдаманы орындау жұмысы жүйелілік, дәйектілік және ведомствоаралық іс-қимыл қағидаттарына негізделген. Қазіргі уақытта ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі тұжырымдаманы іске асыру жөніндегі жоспарын дайындады. Азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасында 5 негізгі бағыт белгіленген. Азаматтық қоғам мен оның институттарын, оның ішінде қоғамдық-саяси саланы дамыту үшін қолайлы жағдай жасау – тұжырымдаманың басты бағытының бірі. Бұл жерде қолайлы жағдай деп ҮЕҰ қызметін заңнамалық қамтуды айтады. Тұжырымдамада ҮЕҰ жұмысына қатысты көрсетілген негізгі проблемалар: халықтың үкіметтік емес сектордың жұмысына және волонтерлік қозғалысқа тартылуының төмен болуы; ҮЕҰ-ның мемлекеттік қаржыландыруға тәуелділігі, қаражаттың түсу көздерін әртараптандырудың болмауы; үкіметтік емес сектор ұйымдарындағы кадр тапшылығы; елдің экономикалық және әлеуметтік дамуына үкіметтік емес сектордың қосқан үлесін есепке алу жүйесінің болмауы.   

ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры З.Шаукенованың пікірінше, Қазақстанның конституциялық даму перспективасы үкіметтік емес ұйымдардың рөлін тереңдетумен тығыз байланысты. Мемлекет үшін қоғамның тыныс-тіршілігін қамтамасыз етудің базалық факторлары мен көрсеткіштері, яғни қауіпсіздік, ішкі саяси тұрақтылық, қоғамның әлеуметтік осал топтарын қорғау, қылмысқа қарсы күрес, құқық тәртібі, қорғаныс қабілеттілігі сақталуға тиіс. Қалғанының бәріне азаматтық қоғам қатысуы тиіс. «Конституцияны мемлекет қана емес, азаматтық қоғам да, ең алдымен ҮЕҰ да қорғауы керек. Үкіметтік емес сектор, оның ішінде ҮЕҰ, кәсіподақтар, жеке БАҚ, саяси партиялар, діни бірлестіктер, әртүрлі жеке және қоғамдық бастамалар – мұның бәрі жаңа экономиканың құрамдас бөлігі» дейді сарапшы. Олар тек идеяларды ғана әкеліп, азаматтардың мүдделерін қорғап қана қоймай, оларды ілгерілетуге атсалысып, насихаттауы керек. Соның нәтижесінде жаңа әлеуметтік экономика қалыптасады. Азаматтық қоғамның дамыған институттары – мемлекетті ары қарай саяси модернизациялаудың төте жолы. Осыған байланысты Қазақстандағы конституциялық даму перспективасы – ҮЕҰ рөлін тереңдету арқылы іске аспақ.

ҚР Президентінің 2019 жылғы Қазақстан халқына Жолдауы азаматтық қоғам мен үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын дамытуға тың серпіліс берді. Осы Жолдауда ел экономикасының жалғасты түрде дамуы үшін саяси модернизация үрдісін азаматтық қоғамды жұмылдыра отырып жүргізу туралы айтылды. Әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосылу үшін экономикадағы мемлекеттің үлесін бүгінгі 60-80%-дан азайтып, жеке секторға, азаматтардың белсенділігіне жол ашу қажет. Сондықтан қазақстандықтардың әлеуметтік-экономикалық сұрақтардағы белсенділігін арттырып, проблемаларын шешуге мүмкіндік беретін азаматтық қоғам институттарының рөлі артып келеді. Жоғарыда Жолдауда айтылғандай, мемлекет өміріндегі тіл, дін, ұлт пен мәдениет мәселесінде үкіметтік емес ұйымдар қоғамдық байланыстың қайнар көзі, ұйыстырушы құралы болмақ. Енді азаматтық секторды дамыту үшін ҮЕҰ қызметін кәсібилендіру және бәсекеге қабілетін нығайту, мемлекеттің кейбір функцияларын жеке секторға беру, үкіметтік емес ұйымның жұмысын нығайтатын заңнаманы жетілдіру, осы секторға қаржы бөлу жүйесін барынша ашық және әділетті қылу міндеттері тұр. 

Барлық жаңалықтар