Азаматтық бастамаларды қолдау бағытында қолға алынған шаралар

22 Сәуір, 2021 14:19

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында «Азаматтық бастамаларды қолдау және дамыту мәселелері» тақырыбында брифинг өтті, Жиынға Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Болат Тлепов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Вера Ким, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы»  басқармасының төрайымы Лима Диас қатысты, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

Қоғамдық ұйымдар саны 22 мыңға жетті

Вице-министрдің мәліметінше, тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде үкіметтік емес ұйымдар саны 100-ден 22 мыңға дейін артқан. Сондай-ақ, Болат Тлепов министрлік тарапынан мемлекет пен үкіметтік емес ұйымдардың өзара іс-қимылын дамыту бойынша жүргізіліп жатқан жұмысы туралы егжей-тегжейлі айтып өтті.

«Өркениетті елдерде халықтың әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани және саяси-құқықтық жағдайын жақсарту ісі – тек мемлекеттің міндеті емес. Бұл тұтас азаматтық қоғамның да басты әрі нақты мүддесі. Мәселе тек оның бұл іске араласуына қажет мүмкіндіктерді жасауда. Сондықтан да, президент алғаш күннен-ақ азаматтардың мемлекетке деген сенімін арттырып, ісіне тарту үшін «Халық үніне құлақ асатын мемлекетті» қалыптастыру міндеттерін алға қойды», - деді вице-министр Болат Тлепов.

Сондай-ақ, брифингте мемлекет пен үкіметтік емес сектор арасындағы диалогты жетілдіру шаралары, волонтерлік және қайырымдылық қызметті дамыту, мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты қалыптастыру және гранттық қаржыландыру мәселелері бойынша заңнамаға әзірленетін түзетулер туралы баяндалды.

Волонтерлікті дамыту «Жол картасы»

Сонымен қатар, вице-министр министрліктің волонтерлікті дамытудың 2021-2023 жылдарға арналған «Жол картасы» әзірленгенін атап өтті. Ол волонтерлік бастамаларды одан әрі дамытуға ықпал етіп, азаматтардың волонтерлік қызметке қатысуын жандандыруға, волонтерлік мәдениетті одан әрі нығайту үшін жағдай жасауға мүмкіндік береді.

Қоғамдық кеңестер туралы заңдағы өзгерістер

Бұдан бөлек вице-министр 2021 жылдың басынан қоғамдық кеңестер туралы қолданыстағы заңнамаға түзетулер күшіне енгенін еске салды.

«Осы жылдан бастап елімізде жұмыс істеп жатқан 237 және оған қосымша құрылатын 13 қоғамдық кеңестердің өкілетін едәуір арттыратын заңнамалық өзгерістер күшіне енді. Атап айтсақ, ендігі жерде қоғамдық кеңестердің 70%-нан кем емес құрамы байқау арқылы сайланатын үкіметтік емес ұйым өкілдерінен тұратын болады», - деді вице-министр.

Жаңа өзгерістерге сәйкес, қоғамдық кеңестердің сапалық және сандық құрамын қалыптастыру, қоғамдық кеңестердің өкілеттіктерін, құқықтары мен міндеттерін кеңейту, сондай-ақ қоғамдық бақылау нысандарын регламенттеу жөніндегі шаралар көзделеді.

Болат Тлеповтың өз сөзінде заңды іске асыру үшін министрлік «Қоғамдық кеңес туралы» үлгілік ережені және қоғамдық бақылауды ұйымдастыру және жүргізу қағидаларын әзірлеп, бекітілгенін атап өтті.

«Қоғамдық кеңестер саласындағы негізгі жаңалықтардың бірі квазимемлекеттік сектор субъектілерінде Қоғамдық кеңестер құру болып табылады. Қазіргі уақытта Министрлік квазимемлекеттік сектордың 13 ұйымында Қоғамдық кеңестер құру бойынша әдістемелік жұмыс жүргізуде», -деді вице-министр.

Сондай-ақ, вице-министрдің сөзіне сүйенсек, бұл олардың қызметінің қоғамға ашықтығы мен айқындығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Мемлекет басшысына жыл сайынғы негізде қабылданған түзетулерді ескерте отырып, қоғамдық кеңестердің қызметі туралы Ұлттық баяндама енгізіледі екен.

Қоғамдық ұйымдарға берілетін грант мүмкіндіктері

Бұдан бөлек, жиынға қатысқан Лима Диас "Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының" бастамалары туралы баяндап берді. Ол ҮЕҰ-ға өңірлік гранттар бөлу үшін жергілікті атқарушы органдарды тарту бойынша жұмыстар жүргізілетінін атап өтті.

«Бұл бастама жергілікті ҮЕҰ-ны өңірлік деңгейдегі өзекті мәселелерді шешуге тартуға мүмкіндік береді, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытуда ауылдық ҮЕҰ-ның рөлі мен әлеуетін арттырады деп болжануда»- деді Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы" басқарма төрайымы Лима Диас.

Волонтерлік ұйымдар саны 3 есеге артты

Сонымен қатар, брифинг барысында спикерлер Мемлекет басшысы бастамашылық еткен Волонтер жылы аясында және басқа да жүйелі шаралардың арқасында еліміздің барлық өңірлерінде волонтерлік ұйымдардың да, волонтерлердің де өсу қарқыны байқалатынын атап өтті. Соның ішінде волонтерлік ұйымдардың саны 3 есеге, ал тұрақты волонтерлер 4 есеге өскен. Бүгінде Қазақстанда 600 волонтерлік ұйым жұмыс істейді, оларға 200 мың белсенді азамат тартылған.

Брифинг барысында Министрлік қоғам өкілдерімен бірлесіп волонтерлік және қайырымдылық қызметті одан әрі дамыту үшін қолданыстағы заңнамаға бірқатар түзетулер әзірлегені атап өтілді.

Осылайша, түзетулер жобасы мыналарды қамтиды: волонтерлердің, қайырымдылық жасаушылардың жоғары, арнаулы орта оқу орындарына, сондай-ақ азаматтық және мемлекеттік қызметке оқуға түсу кезінде артықшылық алу бөлігінде құқықтарын кеңейту; волонтерлер мен қайырымдылық ұйымдарына мемлекеттік мүлікті жеңілдікті шарттармен ұсыну мүмкіндігі.

Сондай-ақ, спикерлер ҮЕҰ-ны қолдаудың мемлекеттік тетіктерін жетілдіру бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті. Бұл мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс пен гранттық қаржыландыруға қатысты. Осылайша, олар гранттық тетіктің ашықтығы, тақырыптарды қалыптастыру рәсімін қайта қарау, градуирленген гранттар жүйесін енгізу және олардың тиімділігін бағалау бөлігінде жетілдіру бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті.

Венера Жоламанқызы

Барлық жаңалықтар