• Басты
  • Азаматтық авиация: Ұшу қауіпсіздігі, әуежайларды жаңғырту және маман тапшылығы мәселесі

Азаматтық авиация: Ұшу қауіпсіздігі, әуежайларды жаңғырту және маман тапшылығы мәселесі

3 Маусым, 2021 17:18

Азаматтық авиация саласы пандемия әсерінен ең көп зардап шеккен салалардың қатарында. 2020 жылы төтенше жағдай кезінде ішкі және халықаралық рейстер тоқтатылып, тасымалдау көлеміне айтарлықтай әсер еткені белгілі. ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, осы жылдың басынан бастап ұшулар саны біртіндеп қалпына келгеннен кейін ғана негізгі көрсеткіштердің өскені байқалып отыр. Азаматтық авиация саласының проблемалары мен қазіргі атқарылып жатқан жұмыстар туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловтың айтып берді, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

Министрдің мәліметінше, 2021 жылдың 4 айында тасымалданған жолаушылар саны 47%-ға артқан. Сондай-ақ, әуежайлардағы қызмет көрсетілген жолаушылар саны да 39% -ға көбейген.

«Бүгінгі таңда ішкі рейстер толығымен қалпына келтірілді. Аптасына 574 рейс жиілігімен 47 маршрут жүреді. Сондай-ақ, 14 елмен халықаралық рейстер аптасына 123 рейстен тұратын 43 маршрут қайта қалпына келтірілді. Эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, әуе қатынасын одан әрі қалпына келтіру бойынша шаралар қабылдануда», - деді Бейбіт Атамқұлов.

Инфрақұрылымды жаңғырту

Оның айтуынша, әуе көлігі инфрақұрылымын жаңғырту жұмысы жалғасуда. Өткен жылы Түркі әлемінің рухани орталығы – Түркістан қаласының жаңа әуежайы іске қосылған болатын. Туризмді дамыту үшін әуежайда "ашық аспан" режимі енгізілген. Бүгінде әуежай күн сайын Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларынан, сондай-ақ Стамбул мен Бішкектен халықаралық рейстерді қабылдайды.

Министрдің мәліметінше, ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ішкі туризмді дамыту үшін Үржар және Үшарал қалаларында жергілікті атқарушы органдар ұшу-қону жолақтарын реконструкциялау бойынша жұмыстарды бастаған.

«Жөндеу жолаушылар үшін қолайсыздық туғызатынын түсінеміз, бірақ қайта құру аяқталғаннан кейін бұл әуежайлар заманауи Boeing және Airbus реактивті ұшақтарын қабылдай алады. Бұл келесі жаз мезгілдерінде туристер ағынын арттырады. Алакөл көлінің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін әуежайларды реконструкциялау кезеңінде автобус және теміржол қатынасы ұлғайтылатын болады», - деді ол.

Cондай-ақ, министр «Fly Arystan» лоукостерінің маршруттық желісін кеңейту және рейстерді субсидиялау арқылы әуе тасымалдарын адамдар үшін қолжетімді етеміз деп сендірді. Басты назар Балқаш, Алакөл, Көкшетау сияқты танымал туристік бағыттарға аударылып отыр екен. Оның айтуынша, бұл мақсатқа 2,4 млрд теңге бөлінген. Бүгінгі таңда кейбір бағыттар бойынша ұшу құны теміржол көлігімен жүруден арзан екенін атап өтті.

Әуе көлігіндегі бақылау мен қадағалау

Минстрдің айтуынша, бүгінде Қазақстанда 55 авиакомпания жұмыс істейді, оның ішінде 7 авиакомпания (Эйр Астана, Fly Arystan, Скат, Qazaq Air, Южное небо, Жетісу Авиа, Жезқазған Эйр) 75 заманауи авиалайнерлерде тұрақты тасымалдарды орындайды. Ұзақмерзімді перспективада авиакомпаниялар 2031 жылға дейін 39 қазіргі заманғы әуе кемелерін сатып алуды жоспарлап отырғанын атап өтті.

Оның пайымынша, басты мақсат - ұшу қауіпсіздігі саласында өңірлік көшбасшыға айналу. Сол үшін қазірдің өзінде азаматтық авиацияны бақылау және қадағалау бөлігінде еуропалық озық тәсілді енгізгенін тілге тиек етті. Түрлі пікірталастар мен сындарға қарамастан, авиация әкімшілігі өз жұмысын атқарып, өзінің өміршеңдігін дәлелдеген. Сондай-ақ, жетекші ретінде тәуелсіз және объективті бақылауды қамтамасыз ететін тәжірибелі шетелдік мамандар тартылған.

«Авиакәсіпорындарды инспекциялық тексеру қорытындысы бойынша Bek Air, Sigma Airlines, Jet Airlines, JENIS AIR, Phoenix, Qazaq Helicopters, AZEE AIR, MS air KZ сияқты 8 авиакомпанияның қызметі тоқтатылды. Жақын арада біз Bek Air әуекомпаниясымен Алматыда болған әуе апатын тергеу бойынша қорытындыны күтеміз. Өкінішке орай, бұл қайғылы оқиға авиакомпанияның қауіпсіздік стандарттарын сақтауда елеулі бұзушылықтарға жол бергенін көрсетті», - деді министр.

Оның айтуынша, пандемия шектеулеріне байланысты тергеу ұзаққа созылған. Халықаралық сарапшылар Қазақстанға жұмысқа уақытында келе алмағанын айтқан. Сондай-ақ, әділ және объективті тексеру мақсатында, халықаралық тәжірибеге сәйкес, құзыретті органдар қорытынды бергенше, апатты тергеу барысына түсініктеме беруге құқығы жоқ екенін айтып өтті.

Өңірлердегі әуежайлардың жай-күйі

Министрдің мәліметінше, ұшу қауіпсіздігі үшін жерүсті инфрақұрылымының сапасы маңызды. Бүгінгі күні республикада 20 әуежай жұмыс істейді, оның ішінде 12 әуежай мемлекеттік меншікте, атап айтқанда Нұр-сұлтан, Атырау, Ақтөбе, Көкшетау, Павлодар, Өскемен, Семей, Қостанай, Талдықорған, Қызылорда, Шымкент, Петропавл, ал 6 әуежай жеке меншікте, олардың қатыранда Алматы, Қарағанды, Тараз, Орал, Балқаш, Жезқазған бар. Сондай-ақ, 2 әуежай сенімгерлік басқаруда, олар - Ақтау және Түркістан. Сонымен қатар, астаналық әуежай өзінің стратегиялық мәртебесіне байланысты мемлекетке тиесілі екен, қалған мемлекеттік әуежайлар жергілікті атқарушы органдардың қарамағына берілген.

«Қазіргі уақытта Шымкент әуежайының жаңа терминалының құрылысы, Орал әуежайының терминалы мен Өскемен әуежайының ұшу-қону жолағын қайта жаңарту жүргізілуде. Туындаған қиындықтарға қарамастан, бірқатар әуежайлар 2020 жылды оң көрсеткіштермен аяқтады», - деді министр.

Сонымен қатар оның айтуынша, ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету деңгейін арттыруды талап ететін әуежайлар да бар. Мысалы, авиациялық әкімшіліктің тексеру қорытындысы бойынша Петропавл қаласының әуежайына бұзушылықтар анықталған, бұл оның үздіксіз жұмысына әсер еткен. Қазіргі уақытта әуежай әкімдікпен бірлесіп анықталған бұзушылықтарды жою бойынша жұмыс жүргізіп жатқанын жеткізді.

Министр Шымкент әуежайын жаңғырту мәселелері бар екенін де айтып өтті. Оның сөзінше, жергілікті атқарушы орган инвестормен проблемалық мәселелер бойынша, оның ішінде жер учаскесін беруге қатысты белсенді жұмыс жүргізіп жатқан жоқ. Бұл жаңа жолаушылар терминалын пайдалануға беру мерзімі кешіктіріліп, салдарынан жолаушы зардап шегеді.

Сондай-ақ, Батыс Қазақстан облысында әкімдік, ӘКК және Орал қаласының әуежайы арасында облыс орталығының аэровокзал кешенін реконструкциялау бойынша үйлестіру мәселелері бар екенін айтты. Оның сөзінше, бұл белгіленген мерзімнің өзгеруіне және жобаның қымбаттауына әкеліп соққан.

Маман тапшылығы

«Саланы сапалы кадрмен қамтамасыз ету бойынша күрделі проблемалар бар. Елдің жетекші авиакәсіпорындары қызметкерлердің дербес оқуын және олардың біліктілігін арттыруды қамтамасыз етеді», - деді ол.

Министр авиация мамандарын даярлау жөніндегі жалғыз бейінді ЖОО-азаматтық авиация академиясы қазіргі уақытта жаңа заманғы талаптарға сәйкес келетін мамандарды даярламайтынын тілге тиек етті. Оның сөзінше, ахуалды жақсарту үшін жоғары оқу орнын жетекші әлемдік стандарттар бойынша сертификаттауды көздейтін академияның ұзақ мерзімді даму бағдарламасын әзірленіп жатыр.

Барлық жаңалықтар