• Басты
  • Азаматтарымыздың ешқайсысын қиын жағдайда қалдырмаймыз – А.Мамин

Азаматтарымыздың ешқайсысын қиын жағдайда қалдырмаймыз – А.Мамин

10 Наурыз, 2020 09:55

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Үкімет отырысында әлеуметтік шараларды күшейту бойынша бірқатар тапсырмаларды жүктеп, азаматтарымыздың ешқайсысы қиын жағдайда қалмайтынын айтты, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

«Бүгінгі таңда сыртқы экономикалық конъюнктурада теріс динамика байқалып отыр. Бірқатар ірі халықаралық қаржы ұйымдары мен даму институттары биыл әлемдік экономиканың өсу болжамдарының төмендегенін хабарлады. Энергия тасымалдаушыларға бағаның төмендеуінің әсері ОПЕК-тің нарықты тұрақтандыру бойынша үйлестірілген шараларды іске асыруға қатысты келісімге келе алмауы аясында күшейе түсті», — деді Асқар Мамин.

Премьер-Министр Мемлекет басшысы жедел әрекет ету республикалық штабын құрғанын атап өтті.

«Тиісті штабтар барлық өңірлерде құрылған. Үкімет осы жағдайды одан әрі дамытудың бірнеше нұсқаларын пысықтады, олардың әрқайсысы қажетті ресурстармен, оның ішінде қаржылық ресурстармен қамтамасыз етілген. Ұлттық экономикаға теріс сыртқы конъюнктурадан әсерлерді азайтуға бағытталған бірқатар шаралар әзірленді.Аталған шаралардың негізгі мақсаты – халықтың әл-ауқатының сақталуын қамтамасыз ету. Азаматтарымыздың ешқайсысын қиын жағдайда қалдырмаймыз», — деді А. Мамин.

Сонымен қатар, Үкімет басшысы әкімдіктерге әлеуметтік маңызы бар тауарлар бойынша нарықтарда тауар интервенцияларын өткізу үшін тұрақтандыру қорларының тиімді жұмысын қамтамасыз етуді тапсырды.

«Біз отандық кәсіпорындардың тауарлары мен қызметтеріне сұранысты ынталандыру бойынша қолда бар барлық ішкі резервтерді іске қосуымыз керек. Импортты алмастыруды күшейту жөніндегі нақты шаралармен жоспар әзірлеуді тапсырамын», — деп Премьер-Министр.

Премьер-Министр «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-ға, ұлттық басқарушы холдингтерге және Үкіметке есеп беретін басқа да ұйымдарға валюта нарығындағы өз операцияларын Ұлттық Банкпен келісуді тапсырды.

Қаржы министрлігіне мемлекеттік органдармен бірлесіп, бір апта мерзімде басым емес инвестициялық жобаларды іске асыру мерзімін ауыстыра отырып, бюджеттік шығыстардың басымдықтарын қайта қарау жөнінде ұсыныстар енгізу тапсырылды.

Сонымен қатар, А.Мамин Қаржы министрлігіне мемлекеттік органдармен бірлесіп, ұсыныстар жеткізуді тапсырды.

«Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне уақытылы әлеуметтік төлемдерді толық көлемде қамтамасыз етуге және жұмыспен қамтудың жаңа Жол картасын әзірлеу керек, оның аясында инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру, әлеуметтік нысандарды жөндеу және елді мекендерді абаттандыру жөніндегі жұмысты күшейту, сондай-ақ әкімдіктермен бірлесіп азаматтардың еңбек құқықтарының сақталуына қатаң бақылауды қамтамасыз керек», - деді Премьер-Министр.

Сондай-ақ, министр зейнетақылар мен жәрдемақылар толық әрі уақытында төленетінін айтты.

«Біздің ортақ міндетіміз – әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету және жұмыспен қамту. Әрекет етіп тұрған жұмыс орындарын сақтауға және жаңа жұмыс орындарын құруға ерекше назар аудару қажет. Мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемелері орындалатынын атап өткім келеді. Барлық зейнетақы мен жәрдемақы уақытылы әрі толық көлемде төленеді», — деді А. Мамин.

Аягөз Құрмаш  

Барлық жаңалықтар