- Басты
- Жаңалықтар
- Азаматтарды әлеуметтік қорғау: Заң жобасына енгізілген өзгерістер мен оның мүмкіндіктері
Азаматтарды әлеуметтік қорғау: Заң жобасына енгізілген өзгерістер мен оның мүмкіндіктері
Бүгін Сенат Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Аталған құжаттың мүмкіндіктері мен ерекшеліктері туралы Strategy2050.kz тілшісінің материалында.

Комитет төрағасы Мұрат Бақтиярұлы Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитеті «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын (бұдан әрі – заң жобасы) Комитеттің 2021 жылғы 14 қыркүйектегі кеңейтілген отырысында заң жобасы бастамашысының және Сенат Аппараты қызметкерлерінің қатысуымен қаралғанын атап өтті.
Оның мәліметінше, аталған заң жобасы Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияның нормаларын қолданыстағы заңнамаға енгізу және Қазақстан Республикасында мүгедек адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және тұрмыс сапасын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі ұлттық жоспарды іске асыру мақсатында әзірленген.
«Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Бюросының 2019 жылғы 4 шілдедегі қаулысымен құрылған Қазақстан Республикасында мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және тұрмыс сапасын жақсарту жөніндегі жұмыс тобының және Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы мүгедектерді әлеуметтік қорғау саласындағы үйлестіру кеңесінің мүшелері тұжырымдаған ұсыныстар заң жобасын әзірлеу үшін негіз болды», - деді комитет төрағасы.
Заң жобасының мақсаты:
- Қазақстан Республикасының мүгедектерді әлеуметтік қорғау
- мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларды қолдау
- мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшерлерін ұлғайту
- зейнетақымен қамсыздандыру мәселелерін жетілдіру
- халықты жұмыспен қамту
- әлеуметтік сақтандыру мәселелері бойынша заңнамасын жетілдіру
«Заң жобасымен 16 заңнамалық актіге, оның ішінде Бюджет және Еңбек кодекстеріне, «Қазақстан Республикасында мүгедектiгi бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша берiлетiн мемлекеттiк әлеуметтiк жәрдемақылар туралы», «Қазақстан Республикасындағы арнаулы мемлекеттік жәрдемақы туралы», «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы», «Қазақстан Республикасында мүгедектердi әлеуметтiк қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңдарына және өзге де заңдарға түзетулер енгізіледі», - деді ол.
Заң жобасының негізгі міндеттері:
- бірінші топтағы мүгедектерге күтімді жүзеге асыратын адамдарға ең төмен күнкөріс деңгейінің 1,40 мөлшерінде жәрдемақы енгізу (2021 жылға ең төмен күнкөріс деңгейі (бұдан әрі – ЕК) – 34302 теңге).
- мүгедектігі бойынша жәрдемақылардың мөлшерін ұлғайта отырып, 7 жастан 18 жасқа дейінгі мүгедек балалар үшін мүгедектік тобын белгілеу (бірінші топтағы мүгедек балаларға – 1,92 ЕК; екінші топтағы мүгедек балаларға – 1,59 ЕК; үшінші топтағы және 7 жасқа дейінгі мүгедек балаларға – 1,40 ЕК);
- мүгедек балаларға мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды бір мезгілде алу құқығын беру;
- он сегіз жасқа толған, 1-2 мүгедектік тобындағы мүгедек баланы тәрбиелеп отырған отбасыларға мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғынжай алуға кезектілігін сақтап қалу;
- аз қамтылған отбасылардың балаларына кепілдік берілген әлеуметтік топтама ұсынуды және арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуді Әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталына көшіру;
- заңнамадағы олқылықтарды жою және 1998 – 2012 жылдар аралығында қызметтен босатылған прокуратура органдары қызметкерлерінің еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерін алуға құқығын қалпына келтіру;
- еңбек биржасында жұмыссыздарды тіркеу және жұмыссыз мәртебесін әрі тиісті жәрдемақыны алу рәсімін жеңілдету;
- әйелдердің еңбегін пайдалануға шектеу қойылатын жұмыстардың тізімін алып тастау.
Заң жобасының мүмкіндіктері
«Мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және олардың тұрмыс сапасын жақсарту, әлеуметтік қамсыздандырудың қолданыстағы жүйесін жетілдіру, мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақылар алушыларға қатысты әлеуметтік әділеттілік орнату, мүгедек балалардың барлық топтары үшін сырқатының ауырлығы деңгейіне қарай жәрдемақы мөлшерлерін үлғайту заң жобасын қабылдаудан күтілетін нәтиже болып табылады», - деп толықтырды сенатор.
Сонымен қоса, сенат отырысында сенатор Айгүл Қапбарованың мәліметінше, аталған заң жобасы мемлекеттің базалық әлеуметтік кепілдіктерді қамтамасыз етудің өзекті мәселелерін қамтитынын атап өтті. Оның сөзінше, заң жобасын қабылдау - мүгедек адамдардың өмір сүру сапасын арттыруға, олардың сыртқы көмектен тәуелсіз болуға және әлеуметтік өмірдің түрлі аспектілеріне қосылуға оң ықпал ететін болады. Заң жобасындағы нормалар 2 мыңға жуық адамды оңалту қызметтерімен қамтамасыз етеді.
«Заң жобасында бір мезгілде екі жәрдемақы алу құқығын беру қарастырылып отыр. Яғни, ол мүгедектігі және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша және мүгедек балалары бар отбасыларға қатысты болмақ», - деп толықтырды сенатор.
Оның сөзінше, бұл 7 жастан 16 жасқа дейінгі мүгедек балаларды мүгедектік топтары бойынша бөлу және оңалту іс-шаралары әлеуметтік көмекті саралауға мүмкіндік береді, бұл балалар ауруының дәрежесіне қарай жәрдемақылар мөлшерін арттырмақ.
Сондай-ақ, ол жоба бойынша «ҚР мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» Заңы «жеке көмекші», «оңалту», «ымдау тілі маманы» сияқты жаңа анықтамалармен толықтырылғанын атап өтті. Оның айтуынша, мүгедектерді әлеуметтік қызметтер порталы арқылы сатып алынатын тауарлармен және (немесе) қызметтермен қамтамасыз етуді реттейтін жаңа бап енгізілді.
«Сонымен қатар, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардың бала кәмелетке толғаннан кейін тұрғын үй кезегінде тұру құқығын сақтайды. Бұл норма болжам бойынша 20 мыңнан астам отбасына тұрғын үй кезегін сақтауға мүмкіндік береді», - деді Айгүл Қапарова.
Сонымен бірге «Құқық қорғау қызметі туралы» ҚР Заңына құқық қорғау органдарының қызметкерлерін еңбек өтіліне қарай зейнетақымен қамсыздандыру мәселелеріндегі құқықтық олқылықты жою мақсатында қызметтен шығарылған күнгі зейнетақы төлемдерінің мөлшерін белгілейтін түзетулер енгізіліп отырғанын жеткізді.
Оның пікірінше, заң жобасының қабылдануы мемлекеттік әлеуметтік қамсыздандыру саласын жаңа сапаға көтермек.
Бұдан бөлек, сенатор Нариман Төреғалиев те халықты әлеуметтік қорғау еліміздің өзекті мәселелерінің бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, қаралып отырған Заң жобасына, Сенат жанынан 2019 жылы құрылған Қазақстан Республикасында мүгедек адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі жұмыс тобының шеңберінде берілген ұсыныстар енгізілген.
«Заң жобасында 16 заңнамалық актіге, соның ішінде 2 Кодекске және 14 Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделген», - деді сенатор.
Ол заң жобасын қабылдау - мүгедек адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту, қолданыстағы әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін жетілдіру және мүгедек балалардың барлық топтары үшін аурудың дәрежесіне қарай жәрдемақылар мөлшерін арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.
«Бүгінгі күні, «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңға сәйкес жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау үшiн еңбек өтілін есептеу кезiнде 16 жасқа дейiнгi мүгедек баланы бағып-күткен уақыт есепке алынады. Заң жобасында еңбек өтілін есептеу уақытын 18 жасқа дейін ұзарту көзделген», - деді ол.
Бұл шара, сенатордың сөзінше, зейнеткерлік жасқа келген адамдарға мемлекеттік базалық зейнетақысын және жасына байланысты зейнетақы төлемін алу кезінде еңбек өтілін толық ескеруге мүмкіндік береді.
Сонымен қоса, ол қазіргі уақытта, мүгедек адамдарды техникалық құралдар және қызметтермен қамтамасыз ету Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы жүзеге асырылатынын еске салды. Алайда, оның сөзінше, белгілі себептерге байланысты кей мүгедек адамдардың, портал арқылы өзіне қажетті құралдарын алу мүмкіндігі болмай отыр.
Мысалы:
- көп жағдайда жалғыз басты және денсаулығына байланысты электрондық құралдарын пайдалану мүмкіндігі жоқ адамдар портал арқылы қажетті құралдарын өздігімен ала алмауына;
- бағасы қымбат протездік бұйымдарды заводтар жасап бергенімен, порталда кейбір жекелеген әлеуметтік қызметтерге орташа баға қарастыруға мүмкіндіктің болмауына;
- кейбір ауылдарда әлі де интернеттің жоқтығына және тиісті деңгейде жұмыс жасамауына байланысты.
«Сондықтан, аталған жағдайларды ескере отырып, қолданыстағы «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңы бойынша жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік сатып алу арқылы әлеуметтік қызметтермен қамтамасыз етуі қажетті қызметтерді алудың балама түрі ретінде қалады», - деді сенатор өз баянында.
Сонымен қатар, ол Заң жобасы шеңберінде бір салада көп жыл жұмыс жасаған, сондай-ақ еңбек қызметінде жоғары жетістіктерге жеткен адамдарды қолдау мақсатында еңбек ардагерлерінің тізімі кеңейтілгенін де тілге тиек етті. Жалпы алғанда, ол Заң жобасы азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселесін жан-жақты қамтитынын атап өтті.
Сонымен бірге, сөз соңында Үкіметтің назарын бірқатар мәселеге аударғысы келетінін жеткізді.
1. Мүгедек адамдарды санаторий-курорттық емдеу қызметтерімен қамтамасыз ету мәселесі.
«Мүгедек адамдардың мемлекет тарыпынан санаторий-курорттық емдеуге арналған бір күндік орташа бағасы (8 700 теңге) бұл санаторий-курорттық емдеу орындары ұсынған бір күндік бағасынан әлде қайда төмен. Сондықтан, санаторий-курорттық емдеуге арналған орташа бағаны ұлғайту мәселесін қарастыру қажет», - деді Нариман Төреғалиев.
2. 2020 жылдың қорытындысы бойынша 72 мың мүгедек азаматтарымыз санаторий-курорттық еммен қамтылуы қажет болған, алайда жергілікті атқарушы органдардың бөлген қаражатының жетіспеушілігіне байланысты аталған еммен мүгедек адамдардың 55%-ы ғана қамтылды.
«Осы ретте, мүгедек адамдарды санаторий-курорттық еммен 100% қамту үшін жергілікті атқарушы органдарға қосымша қаражат бөлу мәселесін шешу қажет», - деп толықтырды сенатор.
3. Қазіргі таңда мүгедек адамдарды жұмыспен қамту мәселесі өзекті болып қалуда.
«Өкінішке орай бүгінгі күні жұмыс берушілер қолданыстағы заңда қарастырылған мүгедектерді жұмысқа орналастыру бойынша белгіленген квотаны тиісті түрде орындамай отыр. Осы себептен, мүгедек адамдарға белгіленген квота шеңберінде жұмыс беруші, мүгедек адамды жұмысқа орналыстырмағаны үшін, жұмыс берушінің есебінен өтемақы төлеу тетігін енгізуді қарау қажет», - деді ол.
Оның пайымынша, аталған Заң жобасы мүгедек адамдардың жағдайын жақсартуға оң әсерін тигізбек.

-
Қазақстан мен әлемдегі эпидемиологиялық жағдай: «Омикрон» штамы әлемнің 20 мемлекетінен табылды
-
ТЖМ: Газ баллондар мен газ жабдықтарын қалай пайдалану керек
-
Инвестициялық саясат: ТШИ, саладағы негізгі трендтер мен өңірлердегі инвестиция тарту мәселесі
-
ЖИТС және АИТВ: Ауруды алдын-алу мен емдеу шаралары
-
Қазақ тілінде дыбысталған тағы бір фильм көрерменге жол тартты
-
Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау бойынша қандай шаралар қолға алынды
-
Жергілікті қамтуды дамыту: Инвестиция қоры, қосылған құн салығы мен мұнай-газ саласы
-
Түркістан облысы: Өңірдегі эпиджағдай, жұмыссыздық мәселесі мен әлеуметтік-экономикалық дамуы
-
Ағзадағы темір тапшылығы: Себептері мен салдары
-
ТДМ: Климаттың өзгеруі, экологиялық сауатталықты арттыру мен қоқыс тастау мәдениетін қалыптастыру мәселелері
-
Ұлттық кеңес: Медицина кадрының жетіспеушілігі, ана мен баланың қауіпсіздігі және білім саласындағы мәселелер
-
ДСМ: 1500-ден астам бала мен жүкті әйел коронавирусқа қарсы вакцина алды
-
ITEC: Оқу бағдарламасының мүмкіндіктері мен ерекшеліктері
-
Ұлттық валюта күні: Теңгенің айналымға ену тарихы мен жеткен жетістіктері
-
Эпидемиолог:Ревакцинацияға азаматтардың қызығушылығы жоғары

