Сараптама

Қазақстанда қылмыспен күресу қалай жүзеге асырылады

Эксклюзив
Қазақстанда қоғамдық талқылау тудырған қылмыстардың барлығы елдің ғана емес, халықаралық қауымдастықтың да назарын аудартатыны сөзсіз.Аталмыш оқиғалар халықаралық беделі нығайып келе жатқан мемлекеттің сыртқы имиджіне әсер ететіні анық. Бұл қылмыстың себебін анықтап, салдарымен күресуде бірқатар қордаланған мәселенің бар екенін көрсетеді.
Астана қаласы30 Шілде , 10:51

Құқық қорғаудың реформасы

Еліміздің әлеуметтік-экономикалық жаңғыру  жағдайында оның мемлекеттік-құқықтық құрылысын жаңа сапалық деңгейге көтеру процесі қатар жүреді. Қалыпты дамуды қамтамасыз етуде мемлекеттік органдардың қызметіне көңіл аударамыз. Құқық қорғау органдарының тиімді жұмысы экономика мен ішкі саяси тұрақтылықты қамтамасыз етеді. Сондықтан құқық қорғау жүйесін уақытқа сай реформалап отыру қажет. «100 нақты қадам» Ұлт жоспары – кәсіби мемлекеттік аппаратты орнатудағы жетістіктің бірі деп есептейміз.       

Атап айтқанда, «28 қадамда» полиция қызметкерлерін тестілеудің арнайы жүйесін енгізу көрсетілген. 2016 жылдан бастап құқық қорғау органдарына алғаш орналасқан азаматтар ҚР заңнамасы бойынша үш бағдарлама негізінде тест тапсыруда. Оның бірінші кезеңі нормативтік-құқықтық актілерді білуге арналса, екінші кезеңде жеке қасиеттерін бағалау сұрақтарына жауап береді. Жаңа іріктеу жүйесі үміткердің бастамашылық, коммуникативтілік, сараптамалық, әдептілік, жемқорлыққа шыдамау деңгейін анықтауға мүмкіндік береді. Бұл Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайына бейімделу, полиция құрамының сапасын арттыруда аса қажетті шаруа.   

Қазақстан полициясы 25 жылдық мерзімде үлкен даму кезеңінен өтті. Заңнама қабылданды, полицияның саны артты, материалдық-техникалық базасы жасақталды. Ұлт жоспарының 14, 29-32 қадамдарында көрсетілген құқық қорғау органдарын мемлекеттік қызмет жүйесіне қосу, Жергілікті полиция қызметін құру, Қоғамдық кеңестер, «Қылмыстық құқық бұзу картасын» құру міндеттері құптарлық деп есептейміз.(http://adilet.zan.kz/kaz/docs/K1500000100) Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың шешімімен 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап полиция қызметкерлерінің жалақысы 25%-ға артты, біліктілігі үшін берілетін үстеме ақы 10-на 30%-ға дейін көтерілді.(https://www.zakon.kz) Соңғы реформа полиция қызметін транспарентті және тиімді қылуға септігін тигізуде. Десек те, мемлекеттік қызметті реформалаудың құжаттық-нормативтік негізі нық қалыптасқанымен, оны іске асыруда, қылмыстың алдын алу мен күресуде проблемалар бар.      

Сандар сөйлесін

ҚР Статистика агентігінің ресми сайтындағы деректерге жүгінсек, ең алдымен,  соңғы онжылдықта(2007-2017 жж.) Қазақстанда тіркелген қылмыс саны 2,5 есе артқан. 2017 жылғы көрсеткіш бойынша тіркелген қылмыс алдымен Алматы қаласында – 63 797(4,3 есе көбейген), одан кейін Астана – 33 276(7,9 есе), Оңтүстік Қазақстан – 32 057(3,5 есе), Алматы облысы – 25 931(3 есе), Шығыс Қазақстан – 24 433(1,3 есе), Қарағанды – 23 660(2 есе) облыстары тұр. Қылмыс көрсеткіші ең төменгі облыстар: Атырау – 8 392 және Солтүстік Қазақстан облысы – 7 528. Аталған онжылдықта тіркелген қылмыс саны көбейгенімен, 2015 жылдан бері еліміздің барлық аймақтарында көрсеткіш төмендеп келеді. Оны келесі кестеден көруге болады.   

Екіншіден, қылмыстылық деңгейінің көрінісі 10 мың адамға шаққанда өзгеше болып шығады. Яғни, мемлекеттік маңызы бар қала немесе облыстағы халық саны мен қылмыс санының қатыстылығына байланысты. Жалпы, Қазақстан бойынша, 2007 жылы қылмыстылық – 83 болса, 2017 жылы – 175-ке жеткен. Аймақтарға қарайтын болсақ, Алматы алдыңғы қатарда – 359, Астана – 331, Қостанай облысы – 202. Ең төменгі деңгей Маңғыстау – 83 мен Қызылордада – 107.

Үшіншіден, қылмыс жасаған тұлғалардың саны 2007 жылы – 79 641, 2017 жылы – 115 682 болды. Оның ішінде кәмелетке толмағандар саны төмендеген: 2007 жылы – 8 344 болса, 2017 жылы – 3 156. Жалпы алғанда,  Алматыда қылмыскер саны жоғары, 2007 жылы – 5 592, 2017 жылы – 11 409.

Себеп қандай?

Жоғарыда көрсетілген тіркелген қылмыс саны, қылмыстылық деңгейі, қылмыс жасағандар саны бойынша Алматы алдыңғы қатарда. Иә, оңтүстік мегаполиске иммиграция үлкен және территориясы жағынан да кеңейіп келеді. Қала басшылығы, құқық қорғау органдары да табанды жұмыс істеуде. 2015-2016 жылдармен салыстырғанда қылмыс саны жыл сайын 5 мыңға төмендеп отыр. Бірақ, тіркелмеген, ашылмаған қылмыстар саны қаншама? Бұрын қылмысты болғандар неге қайта сол қадамға барады? Ауыр қылмыспен абақтыға тоғытылғандарға кешірім берілуі дұрыс па? Алматыдағы  полиция саны қоғамдық тәртіпті сақтауға жеткілікті ме деген сұрақтар туындайды.

Биылғы жартыжылдықта Алматыдағы қылмысқа күдікті саны тағы екіге көбейгені белгілі. Д.Теннің өліміне күдікті ретінде ұсталғандар жастар санатына жатады және бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылған, ресми жұмыссыз болған. ҚР Қылмыстық кодексінің 2 бөлімі 99 бабы бойынша олар қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Оған сәйкес: алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған; қылмыстық топ жасаған адам өлтiру – мүлкi тәркiленіп немесе онсыз, он бес жылдан жиырма жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға не өмiр бойына бас бостандығынан айыруға жазаланады. (http://adilet.zan.kz/kaz/docs/K1400000226)

Осы жағдайдың өзі қоғамдағы қылмыстың бет-бейнесін ашып бергендей. Қылмыстың басым көпшілігіне әлеуметтік жағдайдың төмендігі, қылмыскердің әлеуметтік оқшаулануы,  нашақорлық пен маскүнемдік, білім деңгейінің төмендігі және заңның үстемдік орнатпауы себеп болып отырған. Дәлел ретінде айтар болсақ, 2018 жылдың бірінші жартысында болған қылмыстың 14%-на маскүнемдік түрткі болған.(https://www.inform.kz/) Сонымен қоса, 2017 жылы қылмыс жасаған азаматтардың 35,1% - бұрынғы қылмыс жасағандар, қылмысы анықталған азаматтардың 83,1%-ы жұмыссыз болған. Ресми деректе 2007-2017 жылдары жұмыссыздық деңгейі 7,3%-тен 4,9%-ға дейін төмендеген. Жастар арасындағы (15-28 жас) жұмыссыздық 9,7%-дан – 3,9%-ға түсті дегенмен, олардың қылмысқа қатыстылығы, заң бұзушылық іс-әрекетті қайталауы алаңдатады.(https://abctv.kz/)

Салдары неде?

Ширек ғасырда еліміз қоғамда орнатқан тұрақтылық пен келісім, қалыпты экономикалық даму жағдайында Үшінші жаңғыру кезеңіне келді. Адами капитал, сөзсіз, жаңғыру негізі және ол азаматтардың білімі, денсаулығы, әл-ауқатымен тығыз байланысты. Бірақ, осы мақсаттың барлығына қоғамда тәртіп орнатып, қылмыстылықты төмендетіп, азаматтардың білім алып, спортпен айналысып, жұмыс істеп, кәсіп жүргізуіне қауіпсіз атмосфера қалыптастырмай, қол жеткізу мүмкін емес.

Орталық Азиядағы Ф.Эберт қоры өкілдігінің зерттеу жобасына сәйкес, 14-28 жас аралығындағы жас қазақстандықтардың қоғамдағы мәселелерге көзқарасы қарастырылған. Респонденттердің 20,7 пайызы аса қатты, 43 пайызы кейбір жағдайда қоғамда заңның сақталмайтынына алаңдайтынын көрсеткен. Ал, жауап бергендердің 16,7 пайызы көшедегі криминалдың қаупі аса жоғары, 43,1 пайызы орташа деп есептейді. Бірақ респонденттерді экология мен нашақорлық проблемасы көбірек толғандыратынын аңғаруға болады.    

  


Екінші кестеден байқайтынымыз, жастардың орталық мемлекеттік органдарға сенімі жоғары, ал жергілікті атқарушы орган мен полицияға сенімі орташа. «Сіз төменде көрсетілген ұйымдарға қаншалықты сенім артасыз?» деген сұрақтың «Мүлдем сенбеймін», «Аздап» жауап қатарында полиция органдары алда тұр. Жауап берушілердің 40,7 пайызы «кейбір жағдайда» полицияға сенетінін айтады, ал 20-ға жуық пайызы «толық сенемін» деп жауап береді. 2017 жылы қылмыс жасаған азаматтардың 1,7% - шенеуніктер, нақты қылмыстық жауапкершілікке тартылғандар саны – 50 379 адам (қылмыс жасағандар 115 682 адам). Шенеуніктердің, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қатысуымен болатын қылмыстар қоғам тарапынан сенімсіздік тудыратыны рас.

Жалпы қазақстандық жастар мемлекеттің даму бағыты мен экономикалық-әлеуметтік жағдайын, мемлекеттік басқару жүйесіне жоғары баға береді. Жастардың қазіргі классификациядағы «x» және «y» буындарының, оның ішінде әлеуметтік жағдайы, жасы, ұлты, жынысы, дініне қатысты көзқарастары әрқилы болуы ықтимал. Әлеуметтік сауалнама да шындықтың шыңы деп есептемейміз. Дегенмен, бұл көрсеткіштер де тиісті шешімдер қабылдауда қолданылуы қажет.

Ұсыныс мынадай:

Тәуелсіздік алған уақыттан бастап еліміз ядролық қарусыздану бағдарламасын қабылдап, көп векторлы сыртқы саясат ұстанып, алыс-жақын мемлекеттермен мықты әріптестік қарым-қатынас орнатуда. Қазақстан жоғарғы дәрежедегі мемлекет басшылары жүздесіп, халықаралық ұйымдар тоғысатын, маңызды спорттық-мәдени шаралар өткен, «Астана процесінде» қарсыласушы тараптар бетпе-бет бір үстелдің басында келіссөз жүргізетін, бітімгершіліктің, ынтымақтастық пен диалогтың алаңына айналып отыр. Сондай-ақ, халықаралық мамандандырылған «ЭКСПО-2017» көрмесін табысты өткізген мемлекет үшін көшедегі қылмыс жағдайлары имидждік тұрғыда кері әсерін тигізеді. Қылмыстың еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына, адами капиталдың жетілуіне және халықаралық бедел-биігіне ықпалы үлкен. Жоғарыда айтылған сұрақтарды ескере отырып, қылмыстың профилактикасы, құқық қорғау саласын жетілдіру мақсатында келесідей шаралар қолдану қажет деп есептейміз:

 - Қылмыстың алдын-алу, қоғамды тәртіпті нығайту, адами капиталды арттыру бойынша ведомствоаралық, атқарушы орган мен қоғамдық ұйымдар арасындағы бірлескен іс-қимылды күшейту қажет;  

- Жастардың қылмысқа баруының бір себебі әлеуметтік жағдай екенін ескерсек, жұмыссыз жастарды тәжірибеге тарту, қосымша оқыту, кәсіпкерлікпен айналысу, жастардың полициядағы волонтерлық жұмыс мүмкіндігін кеңейту қажет. Тегін кәсіптік білім беру және «Президенттің бес бастамасы» осы бағытта тиімді болмақ.    

- Астана қаласының үлгісінде аймақтардағы қала көшелері мен аулалардың бейне-бақылау камераларымен жабдықтау, «Ақылды қала» жүйесін құруды жалғастыру қажет.

- Бас бостандығынан айыру орнынан босаған және сынақтан өту қызметіне тіркелген азаматтарды әлеуметтік оңалтудың тиімді жүйесін қалыпқа келтіру қажет. Қылмысты болған азаматты қоғамға бейімдеу, жұмыспен қамту, оқыту мәселесін шешу тиіс.

- Ауыр және аса ауыр қылмыс жасағандардың жазасын жеңілдету, амнистия жариялау мәселесі нақты шешімін табу қажет. Жемқорлыққа, қоғамдық тәртіпті бұзу, қала тазалығын сақтамауға нөлдік төзімділік қалыптастыру керек.

Олжас Бейсенбаев 




Яндекс.Метрика