Сараптама

Қазақстан мен Өзбекстан: өзара тиімді әріптестіктің жаңа кезеңі

Эксклюзив
2018 жылдың 15 наурызында Қазақстандағы Өзбекстан жылының ресми ашылу рәсімі өткен болатын. Осы оқиға – қазақ-өзбек қатынастары жаңа белесінің бастауы деуге де болады, себебі бұл екі ел арасындағы достық пен татулықтың дамуының көрсеткіші ғана емес, сонымен қатар бүкіл өңірдің экономикалық және саяси серіктестігін нығайтуға зор үлес қосатын айтулы үдерістің бастамасы.Одан бұрын, 2017 жылдың наурызында Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзеев Астанаға ресми сапармен келсе, қыркүйек айында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік сапармен Ташкентке барып қайтқан болатын. Оған қоса қос астанада бизнес ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған бизнес-форумдар өткізілді. Бұл шаралардың басты мақсаты – екі елдің экспорттық, инвестициялық мүмкіндіктерін пайдалану арқылы экономикалық әріптестікті күшейту.
Астана қаласы12 Шілде , 10:14

Сауда қарым-қатынастары

Соңғы уақытта Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы сауда көрсеткіштері жағымды динамикаға ие. ҚР ҰЭМ Статистика комитетінің ресми деректеріне сәйкес, 2017 жылы екі елдің өзара тауар айналымы 1,99 млрд АҚШ долларын құрады, бұл 2016 жылмен салыстырғанда 31% артық көрсеткіш.

Көп жылдар бойы Қазақстан Өзбекстанмен белсенді экспорттық позицияны сақтап келеді, өткен жылда да бұл үрдіс сақталды. Ортақ тауарайналымның шамамен 63% немесе 1,25 млрд АҚШ доллары қазақстандық экспорттық тауарларға тиесілі болса, қалған 37% немесе 735 млн АҚШ доллары Өзбекстанның импортына келеді. 2017 жылдың нәтижелері бойынша Қазақстаннан Өзбекстанға тасымалданатын экспорт көлемі 2016 жылмен салыстырғанда натуралды түрде 13%, ал ақшалай түрде 35% өскен болатын.

Қазақстандық экспорттың құрылымын алып қарасақ, оның едәуір бөлігін өнеркәсіптік тауарлар құрайтынын аңғарамыз. Солардың ішінде, әсіресе, темір немесе қоспасыз болаттан жасалған жартылай фабрикаттар (138 млн АҚШ доллары), мұнайлы газдар мен көмірсутектер (118 млн АҚШ доллары), металдардан дайындалатын тегіс прокаттар, алюминий және т.б. Өнеркәсіптік тауарлардан басқа, ауылшаруашылық өнімдеріне деген сұраныс та жоғары. Мәселен, қазіргі уақытта қазақстандық бидай әлемнің 35 еліне экспортталса, соның негізгі тұтынушысының бірі – шекаралас өзбек елі болып қала береді. Сонымен бірге, 2017 жылы Қазақстаннан әкелінетін қартоп көлемі 2016 жылмен салыстырғанда ақшалай түрде 6 есеге ұлғайды.



Өзбекстаннан Қазақстанға келетін импортты талдап қарайтын болсақ, 2017 жылы импорт 2016 жылмен салыстырғанда ақшалай түрде 25% артса, натуралды түрде 6% кеміді. Көрші елден көбінесе ауылшаруашылық өнімдері жеткізіледі: жүзім (83,5 млн АҚШ доллары – бір жыл ішінде 10% артқан), өріктер (82,4 млн АҚШ), жаңа піскен басқа да жемістер (33,6 млн АҚШ доллары – + 8,6%), кептірілген жемістер (27,8,5 млн АҚШ доллары – + 31,6%).

Оған қоса негізгі импорттық позициялар мұнайлы газдар мен көмірсутектерге, этилен полимерлеріне, өңделмеген мырышқа тиесілі. Өзбекстанан әкелінетін жеңіл автомобильдердің импорты 27 млн АҚШ долларын құрап, 10,3 есеге ұлғайды.

Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директор орынбасары Санат Көшкімбаевтың пайымдауына сәйкес, екі ел ауылшаруашылық саласында өз әріптестіктерін одан сайын ұлғайтуға толық негіз бар: «Өзбекстанның климаттық жағдайлары жемістер мен көкіністерді жыл бойы өсіруге мүмкіндік береді. Ал біз Қазақстанның солтүстік облыстарынан құрамында желімшесі жоғары бидайдың қатты сорттарын жеткізе аламыз».

Бірнеше жылғы уақыт аралығын талдайтын болсақ, экспорттық-импорттық операциялардың көрсеткіштерінде 2015-2016 жылдары едәуір төмендеу байқалды. Аталған жылдары Өзбекстаннан тасымалданатын импорттың көлемі ақшалай және натуралды түрде кеміді. Ал қазақстандық экспорттық тауарлардың көлемі ақшалай түрде төмендесе де, натуралды көлемі артып отырды. Екі ел арасындағы экономикалық қарым-қатынастардың соңғы жылы нығаю түсуі тауар айналым динамикасына өз жағымды әсерін тигізді, нәтижесінде экспорттық-импорттық көрсеткіштер де біртіндеп көтеріле бастады.

Алайда, экспорттық-импорттық операциялар көрсеткіштерінің өсу үрдісіне қарамастан, Қазақстанның басқа мемлекеттермен жүзеге асыратын жалпы тауарайналым құрылымында Өзбекстанның үлесі небәрі 2,6% (2016 жылы – 2,4%).

2018 жылдың қаңтар-наурыз айларында ортақ тауар айналым 543 млн АҚШ долларын құрады, оның ішінде экспорт – 399,9 млн АҚШ доллары, ал импорт – 143,2 млн АҚШ доллары. Өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштерімен салыстырғанда жалпы тауар айналым 46%-ға, экспорт 55%-ға, импорт 25,6%-ға ұлғайды. Оған қоса, екі ел сауда-экономикалық ынтымақтастықтың даму қарқынын ескере отырып, өзара сауда қарым-қатынастарын нығайту мақсатында 2018 жылдың нәтижесі бойынша тауарайналым көлемін 3 млрд АҚШ долларына, ал 2020 жылға 5 млрд АҚШ долларына дейін жеткізуді жоспарлайды. Егер бұл үрдіс ұзақ мерзімде жалғасатын болса, біртіндеп көрші елмен жүргізілетін сауда үлесінің біршама артуын да күтуге болады.

Бірлескен жобалар және екіжақты инвестициялар

Сауда қарым-қатынастарының оң динамикасымен бірге инвестициялық әріптестікті, бірлескен жобаларды жүзеге асыруды дамыту екі елдің мемлекеттік органдарымен және бизнес өкілдерімен қолға алынып келеді. Соның бірден бір дәлелі – 2017 жылы екі ірі бизнес-форумның өткізілуі, бұл шаралар барысында 1 млрд АҚШ долларынан  асатын сомаға келісімдерге қол қойылды.

Мәселен, «Өзавтосаноат» АҚ және «СарыарқаАвтоӨнеркәсіп» ЖШС арасындағы ұзақмерзімді ынтымақтастық туралы Келісім аясында экспорттық өнімдерді сыртқы нарықтарға, соның ішінде EAЭО нарығына шығару бойынша бірлескен жоба жүзеге асырылуда. Азық-түлік өнімдерін жеткізу, мұнай химиясы және химия салаларында бірлескен кәсіпорындар (төрт сауда үйі) жұмыс істейді. Оған қоса, басқа салаларда да өндірістік кооперация бойынша бірлескен жобаларды жүзеге асыру жоспарлануда. Басымдық химия, агрохимия, құрылыс материалдарын өндіру, тоқыма өнеркәсібі салаларына беріледі. Өзбек саясаттанушысы Бахтиер Эргашевтің пікірі бойынша, ортақ жобаларды іске асыру бұл екі ел үшін де тиімді. Өйткені, екі ел экономикалары көп салаларда бір-бірімен бәсекеге түспейді, керісінше, толықтырып отырады. Бұл өзара бірлескен шикізаттық емес өндірістерді құруға мүмкіндік береді. Мұндай жобалар көбірек жүзеге асатын болса, бұл үдеріс Қазақстан мен Өзбекстанның сыртқы саудасының құрылымын әртараптандыруға жағдай жасайды.

Аймақтық байланыстар белсенді дамуына да назар аударылады. Осы орайда өзбек тарапы Өңіраралық ынтымақтастық форумын тұрақты негізде өткізу туралы Қазақстан бастамасын қолдаған болатын. Қазақстан мен Өзбекстанның шекаралас аудандарында Халықаралық шекара маңы ынтымақтастығы орталығын, көліктік-логистикалық орталықты (Құрғақ порт) құру мүмкіндіктерін қарастыруға келісімін берді. Бұл кезекте қазақстандық саясаттанушы Ирина Черных  шекара маңындағы серіктестіктің маңыздылығына ерекше назар аударады: «Интенсивті өзара әрекет ету тек қана орталық деңгейде ғана емес, сонымен қатар, біздің елдеріміздің шекара маңындағы облыстарда да дами бастады. Сырдария облысы хокимияты мен Түркістан облысы (бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы) әкімшілігі, Ташкент облысы хокимияты мен Түркістан облысы әкімшілігі, Науаи облысы хокимияты мен Қызылорда облысы әкімшілігі хокимияты арасындағы сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық әріптестік жөніндегі меморандумдары бұған дәлел».


Екіжақты әріптестіктің нәтижелегін инвестиция саласындағы көрсеткіштер растайды. 2017 жылы Қазақстанға Өзбекстаннан келетін тікелей инвестициялардың жалпы ағыны 14,4 млн АҚШ долларын құрады. Бұл 2016 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 9,4 млн АҚШ долларына немесе 2,88 есеге артты. Өз кезегінде Өзбекстанға Қазақстаннан келетін тікелей инвестициялар да оң динамиканы көрсетті. 2017 жылы тікелей инвестициялардың жалпы ағыны 10,4 млн АҚШ долларына дейін жетіп, оның алдындағы 2016 жылмен салыстырғанда 6 млн АҚШ долларына немесе 1,93 есеге өсті.

Осылайша, жүргізілген қысқаша талдау негізінде сонғы екі жылда көршілес және бауырлас екі ел арасындағы экономикалық әріптестіктің күшейе түскенін аңғаруға болады. Қол жеткізілген келісімдер, алда іске асыралатын экономикалық шаралар келесі оңжылдықтарда Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ынтымақтастықтың одан әрі нығаюына күш салатынын растайды. Ендігі мақсат – экономикалық әріптестікті сандық жағынан ғана емес, сонымен қатар сауда қарым-қатынастарын көпсалалы деңгейде ілгерілету, бірлескен бизнес жүргізу үшін қолайлы шарттарды пайдалану нәтижесінде өндірістік жобаларды арттыру арқылы сапалық жағынан дамыту.

Найля Әлмұхамедова 




Яндекс.Метрика