• Басты
  • Қазақ тілінде дыбысталған тағы бір фильм отандық кинопрокатқа шықты

Қазақ тілінде дыбысталған тағы бір фильм отандық кинопрокатқа шықты

21 Қаңтар, 2021 12:44

20 қаңтар күні еліміздің бас қаласы мен Алматыда «Pixar» студиясы түсірген «Жан» фильмінің алдын ала көрсетілімі өтті. Аталған фильм қазақ тіліне дыбысталып, офлайн және онлайн отандық кинопрокатқа мемлекеттік тілде шыққан 36-шы кинокартина. Жиынға қатысқан «Болашақ» қоры Қамқоршылар кеңесінің төрайымы Динара Шәйжүнісованың айтуынша, фильмді дубляждауға 53 млн теңге қаражат жұмсалған. Толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің материалында.

«Жан» фильмінің алғашқы көрсетілімі өткен жылы Лондон кинофестивалі аясында өткен болатын. Әлем кино сыншылары «Pixar» студиясының соңғы жылдары түсірген ең жақсы жобаларының бірі деп баға берді.

Аталмыш анимациялық фильм қазақ тіліне дубляждалып, отандық кино нарығына мемлекеттік тілде жол тартқан 36-шы фильм болып отыр. Бұл «Болашақ корпоративтік қоры мен «Меломан» компаниясының бастамасымен қазақ тілінде дыбысталған.

Өткен жылдың желтоқсан айында «Disney» студиясы американдық кинотеатрларды айналып өтіп, аталмыш анимациялық фильмді Disney+ стриминг-қызметінде шығарған болатын. Ал, бұл қызмет қолжетімсіз мемлекеттерде кинотетрларда көрсетілді. Ол елдердің қатарында Қазақстан да бар.

«Бұл біздің қазақ тіліне дубляждаған 36-шы фильм. «Жан», сонымен қатар біздің аударған басқа да картиналарымыз қазақ тілді контентті көбейту мақсатында жасалып жатқан жобалар екенін атап өткен жөн. Бүгінгі көрерменге қазақ тілінде жол тартқалы отырған бұл фильм шетелдік кинокартинаның ана тіліміздегі классикасы болады деп ойлаймын. Аталмыш фильмнің бір артықшылығы – балаларды кішкене кезінен бастап кез келген кішкентай дүниеге қуануға, бақытты болуға үйретеді. Яғни, өмір сүру тек белгілі бір мақсатқа жеткенде ғана бақыттың дәмін сезіну емес, әр сәттің, мәселен, күннің шуағы, жаңбырдың тырсылынан да бақытты болуға болатынын жеткізу.», - деді кеңес төрайымы Динара Шәйжүнісова.


Кеңес төрайымының сөзінше, жалпы бұл фильмді дублядау жұмысына 70-ке жуық маман қатысқан.

«Оның ішінде техникалық, шығармашылық мамандардан құралған топ бар. Шығармашылық топтағы мамандардың саны фильдегі рөлдерге байланысты. Бұған дейін айтқанымдай, біздің мамандардың дауысы «Disney» компаниясына жіберіледі, яғни кімнің қандай кейіпкерді дыбыстайтынын солар бекітеді», - деді ол.

Сонымен қоса, Динара Шәйжүнісова қазақ тіліндегі контентті отандық кинотетрлардан көрсету проблемасы әлі күнге дейін бар екенін атап өтті. Осы орайда, олар кейбір фильмдерді түрлі әлеуметтік желілерде тегін көрсетуді қолға алмақ.

«Қазақ тіліндегі киноны кинотеатрлардан көрсету мәселесі әлі күнге өзекті. Бұл проблеманы біз түрлі жиындарда айтуды, көтеруді одан әрі жалғастыратын боламыз. Біз үшін әр қазақтың баласы қазақ тіліндегі киноға кез келген уақытта барып, тамашалай алғаны маңызды. Қазіргі таңда біз әлемдік басқа да компаниялармен бірігіп жұмыс істеуді қарастырып жатырмыз. Бүгінгі мақсатымыздың бірі – біздің балалардың қазақ тіліндегі контентті түрлі интернет кеңістікте, мысалы, YouTube желісінде тегін көре алуына мүмкіндік жасау болып отыр. Барлық құқықты сақтай отырып, бәріне қолжетімді болуға мүмкіндігі бар фильмдерді биыл тегін көрсетуді қолға алмақпыз», - деді ол.

Сонымен бірге, кеңес төрайымы «Жан» фильмін дубляждауға 53 млн теңге қаражат жұмсалғанын, бұл сома фильмді таңдап, кейіпкерлерді рөлдерге бекіткеннен бастап, барлық техникалық, шығармашылық жұмысына бағытталғанын тілге тиек етті.


Сонымен қоса, ұйымдастырушылардың сөзінше, дыбыстау барысында ағылшын тіліндегі мәтін тек қазақ тіліне жай ғана аударылып қоймайды, ол бейімделеді. Мәселен, түпнұсқадағы кейіпкерлерге тән сөздер, әзілдер сөзбе-сөз емес, жергілікті мәдениеттің ерекшеліктерін ескере отырып аударылады. Мысалы, диалогтардың бірінде кейіпкер АҚШ-тағы әйгілі доктор туралы айтады. Бұл есім біздің көрерменге таныс болмағандықтан, оның есімі белгілі әнші Димаш Құдайбергеннің есімімен алмастырылған.

Бұдан бөлек, алдын ала көрсетілім шарасына қатысқан «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек шығармашылық топты, қаржылық жағынан қолдау көрсеткен кәсіпкерлерді құттықтап, қазақ тіліндегі контентті көбейтуге ат салысып жүргендері үшін алғыс айтты.


«Бүгінде қазақ тіліне дубляждалған 36-шы фильм ұсынылып отыр. «Болашақ» қауымдастығының мүшелері жалпы шетелде білім алып келген жастар. Кейін сол жастар осы қауымдастықты құрып, қазақ тілінде сапалы контент жасауды қолға алды. Кейін «Болашақ» корпоративтік қоры құрылды. Аталған қордың қолдауымен фильмдер дубляждалып жатыр. Осыдан 10 жыл «Болашақ» бағдарламасы аясында «Өзіңнен баста» жобасын жүзеге асыру басталған еді. Осы жылдардың ішінде біздің кәсіпкерлердің қолдауымен 1,4 млрд теңге жұмсалып, осы фильмдер дубляждалып отыр. Осы орайда, кәсіпкерлерге, әсіресе, BI Group компаниясына рахметімді айтқым келеді», - деді Бауыржан Байбек.

Сонымен қоса, бас партия төрағасының бірінші орынбасары болашақта мемлекет осы секілді жобаларды қолдап, қаражат бөлетінін атап өтті.

«Бұған дейін 36 фильге мемлекет тарапынан қаржылай көмек көрсетілген жоқ. Жоғарыда атап өткенімдей, олар жеке кәсіпкерлердің қаражатымен дубляждалып, жарыққа шықты. Бұдан былай мемлекет те қаржылай қолдап, қазақ тіліне дыбысталған фильмдердің қатары көбейетініне сенемін», - деді «Нұр Отан» партиясының өкілі.

Бұдан басқа, жиын барысында фильмнің дубляж режиссері Назерке Лесбекқызы барша қазақ тілінің жанашырларын қазақ тіліндегі туындының шығуымен құттықтады.  


«Сіздер сияқты қазақ тілінің жанашырлары, ана тіліміздегі контентті тамашалайтын жандардың көптігіне біз өте қуаныштымыз. Бұл біздің еңбегіміздің еленіп жатқанының бір дәлелі. Кеезінде менің замандастарым, бізден үлкен аға-буын «Disney» компаниясының фильмдерін қазақ тілінде көруге мүмкіндігіміз болмады. Ал, біздің балалар барлығын қазақ тілінде көруге мүмкіндік алып отыр. Осындай мүмкіндік беріп отырған «Болашақ» корпоративтік қорына, «Aray Media Group» студиясына, шығармашылық, техникалық топқа алғыс», - деді Назерке Лесбекқызы.

Сонымен қоса, BI Group-тың цифрландыру және жаңа технологиялар жөніндегі директоры Асхат Тұрғынбекұлы да компанияның болашақта да осындай жобаларды қолдауға дайын екенін жеткізді.

«Біз бірнеше жыл бойы «Болашақ» корпоративтік қорының қолға алған жобаларын қолдау көрсетіп келеміз. Жобаның басты мақсаты – әлемдік деңгейдегі фильмдерді ана тілімізге аудару. Бұл біздің қуантады. Сондықтан, алдағы уақытта да осындай жобаларды қолдауға дайынбыз», - деді BI Group компаниясының өкілі.


Аталмыш «Жан» фильмінің желісіне тоқталсақ, мектепте музыка пәнiнiң мұғалiмi орта жастағы Джо Гарднер өмiр бойы джаз ансамблiнiң құрамында сахнада өнер көрсетудi армандайды. Бiрде ол әйгiлi клуб әншiсiне тыңдаудан сәттi өтiп, қуанышы қойнына сыймай, үйiне бара жатқанда люкке түсiп, мерт болады. Ендi Джоның алдында бiр ғана жол – «Ұлы кейiнге» апарар жол бар, бiрақ жолда ол мәңгiлiкке апарар эскалатордан қашып, ойда жоқта «Ұлы дейiнге» түседi. Мұнда жаңа жандар өзiн табады, болашақ адамдарда арман мен қызығушылық пайда болады. Джо көптеген ғасырлар бойы өзiнiң ұшқынын таба алмай, Жерге бара алмай жатқан 22 атты қырсық жанның тәлiмгерi болады.

Айта өтейік, «Жан» - басты кейіпкері афроамерикалық болған Pixar-дың алғашқы туындысы. Түпнұсқада басты кейіпкерді «Оскар» және «Алтын глобус» сыйлықтарының иегері Джейми Фокс дыбыстады. Ал, ана тілімізде афроамерикалық актер Дәурен Серғазиннің даусымен сөйледі. Сонымен қатар дубляжға Данияр Сванкулов, Меруерт Ермекбаева, сондай-ақ театр және кино әртісі Майра Омар қатысты.

Барлық жаңалықтар