• Главная
  • Қазақ тілін IT жобалар арқылы үйренудің жолдары қандай
3 сентября, 2020 15:58

Қазақ тілін IT жобалар арқылы үйренудің жолдары қандай

Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі елімізде тіл саясатын іске асыру, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту мақсатында бірқатар IT жобаланы әзірледі, деп хабарлайды Strategy2050.kz тілшісі.


Қазақ тілін IT жобалар арқылы үйренудің жолдары қандай

Қазіргі таңда білім беру мен білім алу ақпараттық және телекоммуникациялық технологияларсыз жүзеге аспайды. Оқыту әдістемесінде анимация, бейнежазба және аудио материалдарды пайдалану тіл үйренушінің сөйлеу әрекетін, зейінін дамытуда маңызды орын алады. Сондықтан сабақ барысында интербелсенді және ақпараттық-коммуникативтік технологияларды жиі қолданып оқытудың қажеттілігіоқыту сапасының артуына зор ықпалын тигізеді.

Шайсұлтан Шаяхметов атындығы «Тіл-Қазына» ұлттық-практикалық орталығы бірнеше мобильді қосымшаны әзірледі. Барлық мобильді қосымша Android немесе iOS арқылы телефонға жүктеуге болады. Олар –Sozdikqor.kz, Tilmedia, Qujat.kz, Atau.kz, Emle.kz, Termincom.kz, ILES, Zerek bala, Sózdi tap, Jasyryn sóz веб-сервистері. Аталған жобаларға қысқаша тоқталып көрейік.

Tilalemi.kz – еліміздегі қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейту мен тілдік контенттің артуына ықпал ететін негізгі портал. Порталда тіл саласындағы жаңалықтармен, ғылыми, публицистикалық, көркем әдебиеттермен, сөздіктермен және мультимедиалық бағдарламалар жарияланып отырады.

Qazlatyn.kz – мәтіндерді кирилден латынға және төте жазуға онлайн түрде сәйкестендіретін көпфункционалды конвертер және Қазақстандағы латын графикасына көшу үдерісін сүйемелдейтін негізгі ұлттық портал. Конвертер бағдарламасының Windows-қа арналған offline-нұсқасын, MS Office пакетіне арналған қосымшаларды, плагиндерді және Android, iOS платформаларына арналған мобильді қосымшаларын жүктеп алуға болады.

Atau.kz – ономастика саласына арналған негізгі сайт. Сайттың мақсаты -елдімекен, Астана, Алматы, Шымкент қалаларындағы және облыс орталықтарындағы көше, мәдени мекемелер мен түрлі нысандарға берілген атауларды жинақтап, ономастикалық атауларды біріздендіру.

Termincom.kz – терминология саласына арналған негізгі сайт. Сайтта бекітілген, қолданыстағы терминдердің қазақ және орыс тіліндегі нұсқалары мен салалық терминдер, терминология саласында жарық көрген әдебиеттер мен сөздіктер берілген. Сондай-ақ, байланыстың электрондық арнасы арқылы сала мамандары мен жұртшылықтың арасындағы қарым-қатынасты қамтамасыз ететін «Қазақ терминологиясының мазмұны мен құрылымы» атты электрондық алаң орналасқан.

Emle.kz – қазақ тілінің емлесіне арналған негізгі сайт. Қазақ тілінің қолданыстағы бекітілген орфографиялық сөздігі, орфографиялық ережелер, жаңа әліпби емле ережелері, осы салаға байланысты ғылыми еңбектер берілген.

Tilmedia.kz сайты қызықты және тиімді тәсілдер арқылы мемлекеттік тілді үйретіп, қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде ақпарат таратады. Бұл сайттың басты ерекшелігі – тілді оқытудың әдіс-тәсілдері аудио және видео контент негізінде берілген.

«Balatili.kz» үш жастан асқан балаларға тілдік, жазу және көркем жазу, оқу дағдыларын қалыптастыруға арналған сайт. Сайтта баланың өзіндік жұмыс істеуіне арналған жеке парақтары, мұғалімдер мен тәрбиешілерге, ата-аналарға арналған әдістеме парағы ұсынылады. Шығарма, эссе, мәтін түзу, мәтінге тақырып қою, жазу әдістері ұсынылады. Балалардың жас ерекшеліктерін ескере отырып, басып шығарып алуға болатын бояуға арналған суреттер, сурет салуды үйретуге арналған материалдар топтастырылады. Олардың мазмұны ұлттық сипатта болады. Қазақтың ұлттық киімдері, үй жабдықтары, этнографиялық атаулар мен ұғымдар, ұлттық ойын түрлері, этникалық сипаттағы ономастикалық атаулар, т.б. тақырыптарын қамтиды.

Жалпы лингвистикалық мәселелерге қатысты, балалардың ой- өрісі мен сөз байлығының дамуына, азамат ретінде қалыптасуына, тәрбиеге қатысты арнайы мамандардың мақалалары, ғылыми еңбектері, сонымен қатар балабақша мен бастауыш сыныбының мұғалімдеріне көмекші құралдар, сабақ жоспарлары жарияланып отырады.

Qujat.kz – күнделікті қолданыста, қоғамның барлық салаларында жиі қолданылатын құжаттардың қазақша-орысша үлгілері мен сауатты толтыру нұсқаулығы берілген электронды база.

Tilqural.kz – мемлекеттік тілді деңгейлеп үйренуге арналған веб-сервис. Сайтта А1, A2, B1 деңгейі бойынша жаңа әліпби мен емле ережелерін жазу, оқуды меңгертуге арналған онлайн курс орналастырылған. «Сәлемдесу», «Танысу», «Менің отбасым», «Неше жастасың?», «Туған күн», «Құттықтау», «Келбет», «Мінез», «Менің мамандығым», «Жұмыс», «Қайда? Неде?», «Апта күндері», «Мекенжай», «Нешінші пәтерде тұрасыз?», «Бос уақыт», «Менің сүйікті ісім», «Ауа райы», «Мезгіл», «Түстер», «Азық-түлік», «Дүкенде», «Асханада», «Киімдер», «Сауда орталығында» лексикалық тақырыптары мен тапсырмалары коммуникативтік білік-дағдыны қалыптастыруға бағытталған. Әр лексикалық тақырыпқа сөздік ұсынылады. Сөздікте коммуникацияда жиі қолданылатын сөздер, фразалар мен сөйлеу клишелері беріледі.

Sozdikqor.kz порталы – қазақ тіліндегі көне және кірме сөздер, жаңа сөздер мен тұрақты сөз тіркестері берілген еліміздегі алғашқы әмбебап платформа. Ол – әртүрлі салалық сөздіктер мен энциклопедиялардағы сөздер мен тұрақты сөз тіркестерін, қазақ тіліндегі көне сөздерді, кірме сөздерді, аймақтық және ақпараттық технологиялардың даму кезеңіндегі жаңа сөздердің мағынасын көруге мүмкіндік беретін платформа. Sozdikqor.kz порталының іздеу жүйесі арқылы сөздердің дефинициясын, синонимін, антонимін, омонимін, фразеологиялық тіркесте немесе контекстегі қолданысын табуға болады. Бұл порталдағы мүмкіндіктерді А2, В1, В2, С1, С2 деңгейлерінде тіл үйренушілердің сөздік қорларын, тілдеріндамыту мақсатында қолдану тиімді.

iOS, Android мобильді қосымшалары - жаңа қазақ әліпбиін үйренуге және сауатты жазуға арналған ойындар. Қосымшалардың екеуі ересектерге арналған («iLES», «Sóz álemi»), үшеуі балаларға арналған («Zerek bala», «Jasyryn sóz» және «Sózdi tap») ойындардан тұрады.

«IQdos» анимациялық фильмі - 5 сериядан тұратын, әр сериясы 3D графикада жасалған, балаларға жаңа әліпбиді таныстыруға және үйретуге арналған анимациялық фильм. Латын әліпбиінің 32 таңбасын балалар 5 серияда толықтай үйренеді. Әр серияның ұзақтығы 5 минут.

«Селтең сері» анимациялық фильмі (70 мин). Қазақ тілінде дубляждалған, латын негізіндегі қазақ әліпбиімен субтитрленген, мазмұнына сәйкес сапалы музыкамен сүйемелденген, 3D форматтағы алғашқы отандық анимациялық фильм. Көрермен анимациялық фильмді қарай отырып, жаңа әліпбимен жазуды да меңгере алады.

Латыннегізді қазақ әліпбиін насихаттауға арналған бейнематериалдар қазақ әліпбиінің түрлі тарихи кезеңдеріндегі өзгерістерді, олардың себебі мен салдарын баяндайды. Қоғам қайраткерлері, саясаткерлер, ғалымдар мен ІТ мамандар жаңа әліпбидің маңызы туралы сөз етеді.

Сондай-ақ, биыл «Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы қазақ тілін насихаттауға бағытталған «1 минут» танымдық тележобасын әзірлеп, экранға шығарды. онлайн 

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін» деген болатын.Қазақстан халқы тілдері күні мерекесіне орай көрсетілетін жобаның еліміздің мәдени өмірінде елеулі оқиға болатынына тоқталды.

«Халқымыздың бойындағы асыл қасиеттердің алтын ұясы – ана тіліміз. Бүгінгі шара  – қазақ тіліне деген қамқорлықтың белгісі. «Жалғыздың үні, жаяудың шаңы шықпайды» деп жатамыз, керісінше, тіл майданында аймақтардағы Тіл басқармалары, тіл патриоттары, тілі үшін шырылдап жүрген жеке тұлғалар үлкен рөл атқарады. Көрерменге жол тартып бара жатқан бұл жобаның басы-қасында болған барша әріптестеріме алғыс айтамын», – деді Тіл комитеті төрағасының орынбасары Әділбек Қаба.

Астана телеарнасынан көрсетілетін «1 минут» хабарының таныстырылымына арналған жиынды жүргізіп отырған Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының атқарушы директоры, белгілі ғалым Ербол Тілешов «Жобаның мақсаты – кейбір сөздердің дұрыс айтылып, дұрыс жазылуына көңіл аударту, жалпы қазақ тілінде сауатты жазуға, сөйлеуге машықтандыру, тіл мәртебесін көтеру» екенін атап өтті.

Шоу туралы жоба жетекшісі, белгілі журналист Нартай Аралбайұлы ақпарат  берді: «Қай елді қарасаң да, журналистік шоу жақсы дамыған, бізде неге жоқ деген сұрақ көптен көкейімізде жүруші еді. Тіл саясаты комитеті мен «Тіл-Қазына» орталығының бастамасы барша тіл жанашырларын қуантып тастады. Дүниежүзіндегі осы мазмұндас бағдарламалардың біразын шолып шықтық. Әрине, көзсіз көшіре салуға болмайды ғой, брейн-ринг ойыны тәсілін таңдадық. Атау қояр кезде поэтикалық атаулардан саналы түрде бас тартып, ел ішінде «1 минуттан кейін келемін» деген секілді жиі қайталанып айтылып жүрген сөзге тоқтам жасадық».

37c234c7-8788-441d-84fe-d73d2382e603.jpg

5166d024-28aa-4ad9-8a21-8a755c22ae8a.jpg

cba3f90e-0a41-460c-9537-4c41ac817e78.jpg

a7af8186-8fd5-4fff-9446-4b0527e72169.jpg

e1d28e25-d890-4914-a310-671bdc68fdd9.jpg

27360487-4f3f-447b-b7f8-5f3c3c44bf28.jpg

77103e4a-42b5-4e13-82c1-7af0b1c29298.jpg

f225b8f2-51d4-46dd-8b46-8daaf73a14aa.jpg

«1 минут» танымдық тележобасы қыркүйек айының алғашқы сенбі-жексенбі күндерінен бастап «Астана» телеарнасынан көрсетіле бастайды.

Фото: Бауыржан Жуасбаев